- Ақпарат
- 26 Қыркүйек, 2024
ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТТЫ
1989 жылғы 22 қыркүйекте қабылданған «Қазақ КСР-дегі тілдер туралы Заңның» тарихи маңызы зор. Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстан үшін бұл заң қазақ тілін мемлекеттік деңгейге көтерудің тұңғыш қадамы болды. Ұзақ жыл бойы қазақ тілі мәртебесінен айырылып, күнделікті өмірде қолданылу аясы тарылып, орыс тілінің басымдығы орнаған кезде бұл заң тілдің қайта түлеуіне жол ашып, ұлттық болмысты сақтап қалуға бағытталды. Бұл заң қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін айқындаудың, оның қоғамдағы орнын нығайтутың негізі еді. Қабылданған заң негізінде қазақ тілін дамыту, қоғамның барлық саласында қолдану мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Дөңгелек үстел барысында осы заңның тарихи орны мен тілдің қоғамдағы рөлі талқыланып, қазіргі қазақ тілінің жай-күйі мен болашағы жөнінде пікірлер ортаға салынды.
– «Тілдер туралы Заңның» тарихы маңызы қандай? Басты артықшылығы не? Кемшілігін де атап өтсеңіз.
Аман МӘДЕЛХАНҰЛЫ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, социолингвист-ғалым:
– Бұрынғы КСРО-ның 1989–1991 жылдары қабылданған Тіл туралы заңдарында республикаға аты берілген халықтардың тілі жаппай мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Мұның алдында, 1978 жылғы одақтас республикалар конституцияларында мұндай мәртебені тек әзербайжан, армян, грузин және абхаз тілдері иеленген еді. КСРО-ның ыдырауы алдында ұлттық тілдерге мемлекеттік мәртебе беру қозғалысын Балтық жағалауындағы республикалар бастады. Тіл туралы алғашқы заң Эстонияда (1989 жылғы қаңтар айы), одан соң Литвада, Латвияда, 1989 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда, қазанында Украинада, 1990 жылдың қаңтарында Белоруссияда қабылданды.
Бұл қабылданған заңдар басынан бастап оны жасаушылардың ойлауымен және солардың көзқарасына сәйкес, сол уақыттағы КСРО-дағы іске асырылып отырған тіл саясатының органикалық компоненті ретінде қарастырылды. Оны тіпті аз мөлшерде де өзгертпеуді көздеді. Бұл заңдар ұлттық тілдерге «мемлекеттік тіл» деген жалған мәртебе мен жасанды терминді енгізіп, шатастырушылық туғызды. Сөйтіп, бір мемлекет аумағында синоним ретінде қолданылатын «ресми тіл» және «мемлекеттік тіл» терминдерінің аражігін ашып, орыс тіліне ресми қолданылатын тіл деген мәртебе беруді көздеді. Орыс тілінің осы заңсыз «ресми тіл» деп танылуы кейінгі кезеңдерде де тәуелсіз мемлекеттердің, соның ішінде біздің еліміздің де Конституциясынан бастап барлық құжатында әлі де қолданыстан қалмай келеді.
Кез келген мәселені ғылыми тұрғыдан қарастырғанда, әуелі негізгі ұғымды анықтап алған жөн. Өйткені күнделікті өмірде адамның сол сөзді қайта қолданғанда оны мүлде басқаша мағынада түсінетіні жиі кездеседі. Бұл жердегі әңгіме жоғарыда айтып өткен Кеңес дәуіріндегі «мемлекеттік тіл» және «ресми тіл» терминдерінің қолдану барысындағы келеңсіздіктер туралы болып отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасының соңғы Конституциясының 7-бабында, Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заңының 4-бабында:
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп айқын да анық жазылған. Ал орыс тілі жөнінде: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады (5-бап)» делінген. Осыған қарап, оны ресми тіл деп танысақ, бұл жөнсіз әрі кереғарлық болады.
Шындығында, қазақ тілінің мемлекеттік тіл екеніне дау жоқ. Ал орыс тілінің Қазақстанда ресми тіл болуы екіталай. Өйткені Конституцияда, Тіл туралы заңда да қазақ тілінің мәртебесі сияқты орыс тілінің өзіндік мәртебесі көрсетілмеген (оның тек қолданылу аясы ғана анықталған). Демек, Қазақстанның ресми тілі – орыс тілі деп көрсетілмеген соң, оны ресми тіл деп тану қалай болғанда да заңсыз әрекет. Егер байыбына барсақ, ол – Қазақстандағы көптеген этностың біреуінің ғана тілі.
Жалпы, әлемдегі тілдік процеске назар аударсақ, онда «мемлекеттік тіл» және «ресми тіл» дегендер өзара синоним сөздер екенін аңғаруға болады. Бұл екеуінің бір мемлекет аумағындағы мәртебесінде ешқандай айырмашылық жоқ. Сондықтан «Мемлекеттік тіл туралы» заңның орнына «Қазақстан Республикасындағы ресми тіл туралы» заңды түбегейлі қабылдау қажет. Сонда бір оқпен екі қоянды аламыз: қазақ тілі – ресми тіл деп аталған соң, орыс тілі екінші ресми тіл не мемлекеттік тіл бола алмайды.
Айгүл ІСІМАҚОВА, филология ғылымының докторы, профессор:
– Совет кезінің соңғы күндері Алаштың саяси, ғылыми элитасы: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайлар ақталған уақыттарда, 1989 жылғы 22 қыркүйекте қабылданған «Тілдер туралы Заң» сол кез үшін өте маңызды болды. Қазақ тілінде сөйлеуді қатардан шығарған әуелі патша, кейін кеңестік билік ана тілімізді қорлаудың шегіне жеткен кез еді. Ресми билік бастаған атқамінерлер орысша сөйлейтін. Қорғалатын ғылыми диссертациялар орысшаға аударылған жағдайда ғана Мәскеуде бекітілетін. Алаш саяси элитасының ақталған кездегі рухымен ана тілінің мерейі үстем болғаны әлі де таңғалдырады. Ол кезде Салық Зиманов, Рахманқұл Бердібаев, Кеңес Нұрпейісов, Манаш Қозыбаев, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Рәбиға Сыздық, Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбаевтар бастаған ресми билікке сөзі өтетін біраз ұлтшыл ғалымдар болғандықтан да шығар.
Бұл заңға дейін қазақ тілі ауылдағы қазақтың ғана тілі болып келді. Алматыда автобуста қазақша сөз естілмейтін. Ресми жиын тек ресми тілде орысша ғана өтетін. Орысша сөйлегендердің ғана билікке баруына есік ашық. Сол кездегі астанамызда қазақ тіліндегі мектептің ашылуы үлкен тарихи оқиға болатын. Рахманқұл Бердібаев бастаған ғалымдар қазақ тілінде ғана сөйлеп, ана тілі қажет дегендері үшін «националист» деп аталды. Орыс тілін білмегендерді орыстілді қазақтың өзі тыңдамай өте шығатын заман еді. Мені таңғалдырғаны, сол кездегі Алматының жергілікті жастары қазақша сөйлейтіндерден өздерін жоғары санайтын, ауылдан келген өз қазағын «мәмбет» дейтін. Бұл кеңестік режімнің бір қазақты екі тілде сөйлейтін етіп, біріне-бірін қарсы қою саясатының салдары еді. Мәскеуден орысша оқып келген бұл жылдары мен қазақша ғылым тілін меңгеруді өзіме басты мақсат еткен едім. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қазақ тілінің майын тамызып сөйлейтін академиялық ортаға қызметке келіп, сол жерден қазақша сөйлеп, қазақша жазуды меңгердім.
Қуатбек ДҮЙСЕН, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері:
– Бірінші факт, Қазақ КСР Тіл туралы заңын қазақ тілінде әзірлемеген. Бұл заң қазақ тілінің қолдану аясын шектеулі түрде кеңейтті. Осы заң мәтінінде Желтоқсан оқиғасының тікелей ықпалы жатыр. 1989 жылғы Тіл туралы заңның мәнін ұғыну үшін 1989 жылға дейінгі қазақ тілінің қолданылуына назар аударуымыз керек. 1989 жылға дейін қазақ тілі ауыл тілі болып келді. Қазақ тілі ауылда оқытылды, ауылдық жерде орналасқан мекеменің тілі болды. Қалада қазақ тілі қолданыста емес еді. Бұл жағдайда қалаға жоғары білім алу үшін барған ауыл жастарына бейімделу қиын болды. Себебі қала қолайсыз ортаға айналған. Қалада тілге, этносқа байланысты қақтығыс жиі болып тұрған секілді. Қазақ тілі әлеуметтік статусы төмен адамды білдіретін индикаторға айналғандай. Желтоқсан оқиғасынан кейін әлеуметтік қақтығыс үдейе түсті. Осы жағдайда Қазақ КСР басшылығы кризистік шешім ретінде Тіл туралы заң қабылдаған. Заңда қазақ тілінің қолданысын мемлекеттік органдарда және көпшілік қарым-қатынаста реттеуге тырысқан. Ішкі істер және сот органдарына азаматтың өтініш беру тіліне қарай, түсінетін тілде іс жүргізу міндеттелген. Азамат құқықтары мен міндеттерін қазақ тілінде түсіндіруге, ал заң шығару органдары заң мәтіндерін қазақ тілінде жариялауға міндетті болды. Осыдан кейін заңдар екі тілде қатар жариялана бастады. Ең бастысы, 1989 жылғы Тіл туралы заң қазақ тіліне алғаш рет мемлекеттік тіл статусын берді. Қазақ тілінің Қазақстан аумағында орыс тілімен қатар қолданысын бекітті. Тіл саясатындағы келесі өзгеріс 1997 жылы болды. Тәуелсіз Қазақстанның Тіл туралы заңын қабылдады. 1989 жылғы Тіл туралы заңда Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі ұлтаралық тіл деп бекітілді. Алайда 1997 жылы қабылданған Тіл туралы заңда бұл бап алынып тасталды. 1989 жылы күшіне енген тіл туралы заң казақтілді және қостілді азаматтардың мемлекеттік органдар, соның ішінде заң шығару, сот, ішкі істер, орталық және жергілікті атқарушы органдарға жұмысқа тұруына көп әсер етті. Тіл туралы заң ауыл тұрғындарының қалаға қоныстануына мүмкіндік ашты. Өйткені ауыл мен қала тұрғындарының тіл құқықтарын теңестірді. Яғни ауыл тұрғындары қалаға қоныстанып, өзіне қолайлы тілде қызмет алу құқығына ие болды. Мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста тіл шекарасы жойылды. Қалада оқып жүрген ауыл жастарының көбіне қалада қалып, заңды еңбек етуіне мүмкіндік ашылды. Сол кезде қалада оқып жүрген ауыл жастарының мүмкіндікті пайдаланып, қала тұрғындарының жаңа легін құрды.
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін этнос өкілдерінің ана тілдері күнімен теңестіру қаншалықты дұрыс?
Бижомарт ҚАПАЛБЕК, филология ғылымының кандидаты, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры:
– 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні ме, ұлт ұстазының туған күні ме? 1989 жылғы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданды. Ал Тілдер мерекесінің өзі 1998 жылдан атала бастады. Сол жылы Президенттің жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды.
КСРО-ның кезінен бастап «Тілдер туралы заң», «Тілдер мерекесі», «Қазақстан халқы тілдерІ күні» болып отыз бес жыл айнымай, Мемлекеттік тіл күні деп айта алмай келеміз. Бұдан өткен жалпақшешейлік бола ма?
Қадірлі Ақаңның туған күні мен қазақ жерінде тұратын этнос өкілдерінің ана тілдері күні сәйкес пе, тең бе? Ұлы адамның, қазақтың біртуар ұлының туған күнін мұндай саяси іс-шараларға жабыстыру дұрыс па? Бүгін не мектепте, не басқа оқу орындарында айтылмай жүрген Ақаңның қырларын түгендеп, тұлғаны ардақтайтын, ісінен үлгі алатын күн емес пе бұл? Бізде Ақаңа деген ресми көзқарас әлі жылы емес, шенділер түсінбейді, түйсінбейді. Біз сенімдіміз: ол ұмытылмайды, ардақталады. Бірақ оны енді қанша күту керек? Тағы отыз бес жыл ма?
Ал бізге бүгін бастауыштағы оқу жүйесін дұрыстау үшін Ақаң керек. Әліпбиіміз өзіміздікі болуы үшін Ақаң керек, жазуымыз қазақша болуы үшін Ақаң керек. Академиялық жазылымға термин керек, терминді ұлттық жолға салу үшін Ақаң керек. Ұлтқа қызмет істеудің үлгісін көру үшін Ақаң керек. Ақаң өткен ғасырда қалып қойған жоқ. Ол еуроөзектен құтылу үшін бүгін керек, ұлттық мәдениетті, білімді, руханиятты, кодты, құндылықты мәңгілік сақтау үшін бәрімізге қазір Ақаң керек.
– Қазіргі замандағы қазақ тілінің ахуалын қалай бағамдайсыз? Тілдің дамуы үшін не істемек қажет? Қандай шаралар қолдануға болады?
Аман МӘДЕЛХАНҰЛЫ:
– Тіл мәртебелерінің ішіндегі ең маңыздысы – ресми тіл. Қандай да бір тілдің ел аумағында ресми тіл болып танылуы үшін ол барынша дамыған тіл болуы керек. Тілдің дамығанының деңгейі мынадай үш түрлі белгіге ие болуымен анықталады:
1. Графикаланған, яғни жазу жүйесі жасалған тіл.
2. Жүйеленген, яғни ауызша және жазбаша формалары нормаланған тіл.
3. Жаңарып жетілген, яғни лексикалық, синтаксистік және стилистикалық жағынан жетілген, терминологиясы бай, осы заманғы ғылыми-техникалық прогресс пен саяси өмірді қамтамасыз етуге жарамды тіл болуы керек. Міне, қазақ тілінің осы деңгейлерін үздіксіз зерттеп, толықтырып, дамытып отыру қажет.
Кез келген тілдің тағдыры оны жаратқан халықтың қолында десек те, көптілділік жағдайында бұл мемлекет жүргізіп отырған тіл саясатына тәуелді болмақ. Сондықтан мұндайда халықтың соңғы сенері – заң, соңғы сүйенері – заңның күші. Қазақ тілін барлық ауыртпалықтан тек қана заң жолымен құтқара аламыз. Сондықтан Тіл туралы заңның орындалуына тікелей жауап беретін, заң бұзушылықты үнемі бақылап отыратын арнайы заңдастырылған орган болмаса, ол заң қағаз жүзінде жай декларацияға айналуы мүмкін. Демек, Тіл туралы заңның 25-бабында көрсетілген Уәкілетті орган өз мәртебесіне сай жұмыс істеуге тиіс:
1. Тіл қорғау комиссиясы құрылып, тіл саясатымен айналысатын ғалымдармен бірге тілдік дамуды жоспарлауды үйлестіруі керек.
2. Елдегі тілдік ахуалға әлеуметтік лингвистикалық зерттеу және оның нәтижелері бойынша үкіметке қажетті бағытта ұсыныс жасау керек.
3. Тіл туралы заңның орындалу барысына бақылау мен талдау жасау және оны жетілдіру бойынша жаңа талаптар дайындауға тиіс.
4. Терминологияны дамыту мен оған бақылау жүргізуде термин жасаушыларды, оларды тіркеушілерді, геральдикалар мен символдарды, тідлік безендірулерді қадағалайтын комиссия, орталықтар құрылуы керек.
5. Тіл үйрену және оқыту орталықтарын құру, тіл меңгерудің әдіс-тәсілдерін жетілдіру керек.
6. Ісқағаздарын жүргізу бойынша қажетті анықтамалық құралдар мен сөздіктер шығаруға бақылау жасап, тапсырыстар беруі керек т.б.
Қорыта келе, лингвистикалық, социолингвистикалық белгілеріне қарағанда, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуі орынды және бұл қызметін ол абыроймен атқара алады. Ең бастысы, жасанды түрде ұйымдастырылған көпэтностық жағдайы жергілікті ұлт тілінің өз этностық отанында, өзін туғызған халықтың қажеттілігін өтеуіне кеселдік келтірмеуге тиіс.
– Ана тілі – қазақ тілінің жағдайына қандай баға бересіз? Қазақ тілінің дамуын тежеп тұрған факторлар қандай? Осы мәселенің шешімі не болмақ?
Айгүл ІСІМАҚОВА:
– Алаш Арысы Жүсіпбек Аймауытұлы айтқандай: «Адам қай тілде сөйлесе, сол тілге қызмет етеді!» Алаш саяси, ғылыми элитасы: «Қазақ тілін еркін білген мемлекет қызметкері ғана отаншыл, ұлтшыл бола алады!» – деген. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш партиясының «Тәуелсіз ел болуымыз үшін мемлекеттік тіл қазақ тілі ғана болуы қажет» деген ұстанымы тектен-тек емес. Себебі біз сан ғасырлық солтүстік көршінің отарлауында болып, кейін оның мұрагері болған советтік биліктің де орыстілді қыспағына ұшыраған елміз. Қазір мемлекеттік тіл қазақ тілі болып саналғанымен, оған қоса тең дәрежеде ресми екінші тіл бірге ілесіп келеді. Шерхан Мұртаза күйініп айтқандай, қос тіл тек жыланда ғана бар. Қазіргі жағдайда әр қазақтың, оның ішінде өзіміздің орыстілділердің қазақ тіліне деген қажеттілігін арттыру керек. Мұның тетіктерін ресми билік білмейді емес, біледі. Басқа ұлт өкілдері де қазақ тілін меңгеруге қарсы емес: қажеттілік жоқ болғандықтан, асықпайды.
Қазір Алаш ғалымдарының ғылыми дискурсы сабағын оқытамын. Студенттер «Ғылымның әр саласында пән сөздері терминологиясы осыдан жүз жыл бұрын қазақша қалыптасқан ғой, неге қазіргі мектепте оқытылмайды?» деп таңғалады. Көбі ауылдың қазақ мектебінен шыққан ұрпақ, олар болашақ ғылыми, саяси элитамыз. Мен осы жастарға сенемін: бұлардың заманы ана тілінің мерейі үстем болатын кез болар.
– Алаш арыстарының еңбектеріндегі терминдерді қазіргі қазақ тіліне енгізу тіл білімін қалай жақсартады?
Орынай ЖҰБАЙ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымының докторы, профессор:
– Рухымызды көтереміз десек, осы Алаш арыстарының дерегін қайта қарауымыз керек. Қазіргі тіл білімі саласындағы кемшін мәселе – әдістемелік құралдардың жоқтығы. Көбінесе ағылшын тілінің үлгісімен сөз жаттатамыз. Лексикалық минумум дейміз. XX ғасырдың басындағы Алаш арыстарының деректеріне қарасақ, мәселен, Қошке Кемеңгерұлының еңбектері. Тіл білімінің қалыптасып, дамуына үлес қосқан ғалымдардың бірі – Қ.Кемеңгерұлы. Дарынды жазушы, ақын, драматург, дәрігер, химия, ауыл шаруашылығы, қазақ тілі оқулықтарының авторы, аудармашы, қазақ халқының бірегей ұлдарының бірі – Қошмұхамбет Кемеңгерұлы Тіл білімі және оқулық саласында 2 кітаптан тұратын «Оқу құралын» жазды. Кітапта «тақта», «бор» деген айналадағы жалпылама объектілерді тұтас ана тілде таныстырып бастайды, соңына қарай ол кітапты оқыған бала газет-журнал оқитын деңгейге жетеді. Автор қазақ тіліндегі қосымшалардың мағынасын жете түсіндірген. Қазір кейбір қазақ тілін оқығысы келмейтін не түсінбейтін, үйренгісі келетін адам: «Түсінбеймін, бара жатқан адам, қалай «жатады». Келе жатқан адам қалай «жатады» деп айтады. Ал осы таңда туындап жатқан сұрақтың бәріне Алаш арыстары XX ғасырдың басында-ақ жауап берді ғой. Бұл тұста «жатыр» сөзінің мағынасы негізгі емес, оның алдында «бар», «кел», «жұмыс істеп» деген сөздер негізгі мағынаға ие болатынын, «жатыр» сөзінің қимылдың созылыңқы мағына беретінін түсіндіруіміз керек. Тағы бір ескеретін маңызды мәселе, біз Еуропаның сөздерін, халықаралық терминдерді қолдануға әуеспіз. Ал сол халықаралық терминдердің баламасы Алаш арыстарының еңбегінде көрсетіліп қойған. Мысалы, біз қазір атом сөзін қолданамыз. Бұл сөзге XX ғасырдың басында «зәре» деп анықтама берілген. Сол сияқты «грамм» сөзін қолданып жүрміз. Бұл сөз XX ғасырдың басындағы сөздіктерде «мысқал» деп беріледі. Қазақта «ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады» деген сөз бар. «Мысқалдай салмағың жоқ» деген сөздің мағынасы да осында оратылады. Қаныш Сәтбаев «Алгебра» оқулығын шығарған кезде «хорданы» – керме, «биссектрисаны» – жарма, «формуланы» – өрнек, «трапецияны» – қостабан деп береді. Мінеки, халықаралық терминдердің қазаққа жатық әрі түсінікті, ойға қонымды балама сөздері бар. 1926 жылғы А.Үмбетбайұлының құрастыруымен шыққан «Орысша-қазақша әскерлік атаулар» еңбегінде «авангардты» – алғы әскер, «пулеметті» – оқшашар деп береді. Қандай керемет қазақша балама сөздер дерсіз. Яғни біз сол кездегі еңбектерді жинап, сол кездегі терминдерді біріздендіріп, қазіргі қолданыстағы тіл біліміне енгізетін болсақ, өте жақсы іс болар еді. Халықаралық терминдерді ана тіліне аударып, өзімізге бейімдеп алсақ, оның несі айып?
– Қазақ жазуының тарихында не себепті араб, латын және орыс графикаларының үш түрлі жүйесі қолданылды?
Бижомарт ҚАПАЛБЕК:
– Қазақ тілі аз ғана уақытта жазудың үш түрлі жүйесін басынан өткізді. Қазақ жазуы 30-жылдарға дейін араб графикасын пайдаланып келді де, 1929 жылғы шілденің 25-інде Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің «Қазақтың жаңа емлесі туралы декреті» жарияланғаннан кейін латын графикасына көшті. Жаңа алфавитте 29 әріп болды. Көп ұзамай, 1940 жылы, орыс графикасына негізделген жазуға көшу туралы заң қабылданды, соның нәтижесінде қазіргі жазуға ұрындық. Алғашқы алфавитте 41 әріп болды. Алфавиттік қатарда алдымен орыс тіліне тән әріптер, содан соң орыста жоқ, қазақ тіліне ғана тән әріптер тұрды. Бұл тәртіп 1957 жылы өзгеріп, қазіргідей күйге келді. Сөйтіп, қазіргі қазақ алфавиті 42 әріп болды. Оның 33-і орыс таңбасы.
Бізде төл жиырма сегіз дыбыс бар. Оны кезінде бізге ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы анықтап берген. Жиырма сегіздің жиырма сегіз-ақ суреті (әрпі) болуы керек: 42-28=14. Әліпбиімізде он төрт таңба артық. Бұл байлық емес, қасірет.
Орыстың дыбыстарын ғана таңбалайтындарын бөтен таңба әліпбиден шығару керек. Соны тазалап алу үшін әліпби ауыстырмақ болып жатырмыз ғой. Оны жай адам немесе бас шұлғығыш шенеунік тұрмақ, қағаз тырнағандардың көбі-ақ түсінбейді. Осы науқан басталғалы басы-қасында жүрген тілші-ғалымдардан құралған орпотоптың өзі түсінбей жүр. Яғни әліпби мен емле жөнінен бүгінге жеткен сорлы күнімізге солар да кінәлі...
«Тілдер туралы заң» қазақ халқының тарихи санасын жаңғырту, Тәуелсіздік жолындағы күресті күшейту және болашаққа бағытталған тіл саясатының алғашқы сатысы ретінде үлкен маңызға ие. Бүгінгі тілдік реформалар мен қазақ тілінің қоғамдағы орнын нығайту сол 1989 жылғы заңнан бастау алады. Анығында, тілдің мәртебесін, қолданыс аясын кеңейтетін де өзімізбіз. Мемлекеттік тараптан қолдаудың да қажеті шамалы. Қазақ тілі қазақ ұлтына ғана керек. Ұлт болып қалыптасудың негізгі жолы – ана тілінде.
– Сауалға ашық жауап бергендеріңізге көп рақмет!
Дөңгелек үстелді жүргізген
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
563 рет
көрсетілді0
пікір