- Ақпарат
- 26 Қыркүйек, 2024
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БІРЕУ ҒАНА – ҚАЗАҚ ТІЛІ
Элеонора Әзіржан,
«Ana tili»
«Біздің елде мемлекеттік тіл біреу ғана – қазақ тілі». Академик Әбдуәли Қайдардың осы сөзі қазақ тілінің болашағын айқындап бергендей. Сын сағатта осындай кесімді сөз айтылғанда ғана мемлекеттің, тілдің, елдің болашағына деген сенім нығая түсері анық.
Осыдан 35 жыл бұрын, яғни 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Кейбір деректерге қарасақ, «Ана тілі» қоғамы, кейбір деректерге қарасақ, «Қазақ тілі» қоғамы деп жазылған. Осы мәселенің жай-жапсарын білу үшін бірнеше газет-журналдың архивтегі тігіндісін ақтардық. Сөйтіп, «Жас Алаштың» («Лениншіл жас». – Ред.) 1989 жылғы 21 қазандағы №204-нөміріне жарияланған Шора Сарыбаевтың сұқбатына кезіктік. Шора Сарыбаев құрылтайдың 21 қазанда өткенін айтады.
Марат ТОҚАШБАЕВ, қоғам қайраткері, жазушы-публицист:
Қоғам құрылуының басы-қасында ұлтшыл азаматтар жүрді
1989 жылы 21 қазанда Республикалық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Алғашқы құрылтайы М.Әуезов атындағы театрда өтті. Оның құрылуының басы-қасында Мырзатай Жолдасбеков жүрді. Мұхтар Әуезов театрына елдің белгілі азаматтарымен қатар, аузы-мұрнынан шығып, халық өте көп жиналды. Жиын ұзаққа созылса да, біраз адам басынан-аяқ түрегеп тұрып қатысты. Патриоттық сондай деңгейде еді. Басқосуда біраз мәселе талқыланды. Соның бірі – атауында. «Ана тілі» қоғамы деп құрайық деген ұсыныс көп болды. Бірқатар жерлерде соған дейін «Ана тілі» қоғамы деп жазылып та жүрді. Республикалық қоғам құрылғанға дейін жер-жерлерде аудандық қоғам, облыстық қоғамдар құрылып жатты. Бірақ Республикалық ұйым кейінірек 20 қазанда өз жұмысын бастады. Сондай 1–2 ауданның, қалалық «Қазақ тілі» қоғамдарының жарғысын жасауға өзімнің де атсалысқаным есімде. Мысалы, Алматы облыстық «Қазақ тілі» қоғамының жарғысын жазуға Рысбек Сәрсенбайдың көмектескені, араласқаны есімде. Айтқандай, басында қоғамның атына байланысты бірыңғай пікір болмады. Біраз адам «Ана тілі» деп, одан да көп жұрт «Қазақ тілі» қоғамы деп аталуын жақтап жатты. Соған байланысты егер «Ана тілі» деп қойсақ, Қытайда, Түркияда басқа мемлекеттерде ол қалай естіліп, қалай ұғылады? Кішкене түсініксіздеу көрінетін сияқты болды. Сондықтан бұл қоғам өзінің атын өзі сөйлеп тұратын ұйым болуы керек деп, жиналғандар дауысқа салып, «Қазақ тілі» деген атауға тоқтады. Одан кейін өткен екінші құрылтайында «халықаралық» деген мәртебе беріліп, «халықаралық» анықтауышы қосылды. «Қазақ тілі» қоғамы солай құрылды. Алғашқы құрылтайда қоғамның жұмыс жоспары, бағдарламасы жасалды, жарғысы, басшылық құрамы бекітілді. Ұйым төрағасы болып сол кездегі Қазақстанның Ғылым академиясының Тіл білімі институтының директоры болып жүрген Әбдуәли Қайдаров, оның орынбасары болып Өмірзақ Айтбайұлы сайланды, әр жерлерде басқарма мүшелері қабылданды. Ұйымға қажеттінің барлығы алғашқы құрылтайда жасақталды. Әрі қарай жұмыс істеуінің барлық құқықтық негізі қаланды деуге болады. «Қазақ тілі» қоғамының мен білетін ең басты міндеті – Қазақстанда мемлекеттік органдардың, билік органдарының, жалпы, халықтың қазақша сөйлеуіне ықпал ету, соған көмектесу. Бұл міндеттерге белгілі бір дәрежеде қол жеткізілді. Ал, тұтастай алғанда, елімізде қазақ тілінің шынайы, мемлекеттік тіл болып кету үдерісі әлі күнге дейін толықтай жүзеге асқан жоқ, мұны мойындауымыз қажет.
Енді осы «Қазақ тілі» қоғамы құрылған кезде Қазақстанда жағдай қандай еді? Ол кезде әлі күнге дейін партиялық билік үстемдік құрып тұрды. Мұндай ұлт мүддесін көздейтін ұйымдардың құрылуы шектен шығып кеткен сұмдық оқиға сияқты қабылданатын. Өйткені аз уақыт бұрынғы Желтоқсан көтерілісінің жарасы тарқамаған уақыт.
Ол жылдары қазақ қоғамында бірнеше маңызды оқиға болды. Соның бірі – Тіл туралы заңның қабылдануы. Құрамында 26 адамы бар комиссия құрылды. Колбин «Қане, жолдастар! Не істейміз, қалай шешеміз?» дегенде бір ақсақал академик солқылдақтық танытып, «Қазақстанда орыс тілі қазақ тілімен қатар, мемлекеттік тіл болуы керек» деген пікір айтып қалады. Айтуын айтқанымен, өзіне-өзі сенімсіз, дұрыс айттым ба, бұрыс айттым ба деп жалтақтаған күйде болды. Колбин Тіл білімі институты директорына мойнын бұрып, «Қайдаров жолдас, сіз қалай ойлайсыз? Қазақ КСР-інде мемлекеттік тіл қай тіл болуы керек?» деп сауал қойды. Әбекең «Алла өзі берген жанын өзі алады, жалтақтамай шындықты айтуым керек» деген принциппен «Қазақстанда мемлекеттік тіл дүбәрә екі тіл болмауы қажет, тек қана бір тіл, яғни тек қазақ тілі болуға тиіс» деп төбеден найзағай ойнатқандай пікірін айтты. Колбин не істерін білмей отырып қалады. Комиссия құрамындағы 26 адамның барлығы үн-түнсіз. Әбекең үйіне келген соң бәйбішесіне: «Әй, осы ертең мені орнымнан алып тастайды-ау», – депті. Жұбайы Шекер Исақызы: «Ой, Әбеке, бізге сенің бар болғаның, денсаулығың керек. Қызмет деген қолдың кірі емес пе, оны уайымдама», – деген екен. Сонымен, Әбдуәли Қайдаров ертеңіне жұмысқа келіп: «Енді мені алып тастайды ғой» деп үстелінің үстін тазалап, кетуге дайындалып отырады. Жалпы, Әбекең табиғатынан өте сабырлы, қаһарман адам, ештеңеден айылын жимайды. Сол сәттің өзінде «алса, ала берсін, халқымның алдында менің арым таза» деген асқақ оймен қызметінен кетуге ыңғайланған. Бірақ ол күні де, ертесіне де, ол аптада да ешкім келмейді, ол кісіні ешкім орнынан алмайды. Бұл Колбиннің, биліктің қазақ тілінің қазақ жерінде басым болуының міндетті екенін мойындағанының дәлелі болып шықты. Тіл мәселесінде бұл сөз Әбдуәли Қайдаровтың ғана емес, бүкіл қазақтың жеңісіне айналды.
Енді сол жылы қабылданған Тіл туралы заңға қатысты пікірімді айта кетейін. Тіл туралы заңның арқасында Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР-інің Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы қабылданған Конституциялық заңда «Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген бап қосылды. Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданды. Осы Конституцияда да қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп көрсетілді. Бұл қағида 1995 жылы референдум арқылы қабылданған Қазақстанның қазіргі қолданыстағы Ата Заңына енгізілді. Өзіңіз де білесіз, қазіргі қолданыстағы Конституцияның 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Дәл осы қағида еш талқылауды қажет етпейді. Ол жерде қазақ тілімен қоса, орыс тілі де мемлекеттік тіл деген сөз жоқ. Онда тек қазақ тілі ғана көрсетілген. Бүкіл мемлекет осы қағиданы жүзеге асыруға тиіс еді. Қазақ тілі Конституциялық кеңістікке ие бола алмай отырғандықтан, кейбір депутаттар Конституцияның 7-бабының 2-тармағын мүлде алып тастайық немесе тіліміздің мәртебесі жөнінде бап қосайық деген ұсыныс айтылды. Менің ойымша, ондай ештеңенің қажеті жоқ, тек Конституцияны орындау керек. Оны орындайтын тетік жасалуы қажет.
Өткен жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы өтті. Рауан Кенжеханұлы деген жас жігіт ұйымның төрағасы болып сайланды. Кез келген қоғамның қаражаты болмаса, жұмыс істей алмайтыны бесенеден белгілі. Президент қазақ тілінің жұмысын жандандыруға байланысты ізгі тілегін білдірді. Мемлекет басшысы осы ұйымды қолдау үшін өз қаржысынан 7 миллион теңге беретінін айтты. Сол жерде бірнеше кәсіпкер қазақ тіліне жанашырлық көрсетіп, ұйымның қорына 100 миллион теңге аударды. Бірақ бұл қаржы тікелей бірден қолға алуға жарамайды. Олар банктерге депозитке қойылады да, содан түскен пайызын ғана пайдаланады. Негізгі қаражат сол қалпында қала береді. Дегенмен қазақ тілінің өте дамып кетуіне көмегін жасай алмайды. Өйткені болмашы қаржы. IT технология заманынында Рауан ініміз қарым-қатынасты, экономиканы басқарудың саласын, бәрін мемлекеттік тілмен байланыстыратын жобалар жасап жатқан сияқты. Жүзеге асса, онда кез келген шенеунік қазақ тілін үйренуге мәжбүр болады. Қазақ тілін білмесе, ол бағдарламаны ашып, онымен жұмыс істей алмайды.
Бірақ, әрине, қазақ тілінің өркендеуі мемлекеттің, билік өкілдерінің қолында. Парламент қазақша сөйлеуі керек, заң жобалары қазақша жасалуы қажет. Мемлекет басшысы халықпен тікелей кездесіп, топ-топ журналиспен қазақ тілінде сұқбаттасып, халықтың мұңын қозғайтын, тағдырына әсер ететін түрлі сұрағына тікелей жауап беріп отырса, Президенттің де беделі артады және қазақ тілі де көркейе түседі.
Мақсат Дүйісмағамбетов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі:
Бала қазақ тілінде сөйлесе,өзгелер таңданатын да уақыт болған
Осыдан 35 жыл бұрын «Ана тілі» қоғамы құрылды. Сол тұста филология ғылымының докторы, академик Рәбиға Сыздықтан сұқбат алғаным есімде. Ол кісі: «Ана тілі» қоғамының мақсаты – елдің елдігін ойлайтын саналы азаматтарды ой бірлігінен іс-қимыл бірлігіне ынтымақтастыру, ана тілінің беделін көтеру, әлеуметтік қызмет аясын кеңейту, сол үшін ана тіліндегі балабақша мен мектептерді көптеп ашу жолында қайрат таныту», – деген болатын.
Одан бергі уақытта, әрине, біраз оң өзгерістер болды. Әлі есімде. Алматыға көшіп келген жылдарымыз. Үлкен баламыз ауылда, ата-әжесінің қолында қалған. Екінші ұлымыз дүниеге келді. Бар арманым – оны қазақ балабақшасына беру. Бұл 1984 жылдар болатын. Алматыда жалғыз ғана қазақ балабақшасы бар. Ол уақытта Салық Зиманов сынды еліміздің зиялы адамдары немерелерін сол балабақшаға апаратын. Дәл сол кезде «Қазақстан мектебі» журналында қызмет істейтінмін. Бас редакторымыз Мұқаш Сәрсекеевтің көмегімен баламды сол №204 қазақ балабақшасына орналастырдым. Қала шетіндегі жаңадан салынған «Айнабұлақ» шағынауданында тұрамыз. Күн сайын бір жарым жастағы баламды автобуспен орталықтағы балабақшаға тасимын. Балам жылап қалмасын деп жол бойы көңілін аулап, әңгімеге тартамын . Екеуміз сөйлесіп келе жатамыз. Сонда автобуста отырған адамның көбі «Ана балаға қараңдаршы, қазақша сөйлеп отыр» деп, бір-бірін түртіп отыратын. Міне, осылай қазақ баласының ана тілінде сөйлегеніне ел таңғалатын кез болған. Ал қазір, шүкір, қазақ балабақшасы, мектебі көбейді, ешкім көшеде «әні, қазақша сөйлеп жатыр» деп, қазақ баласының қазақша сөйлегеніне таңғалмайды. Рәбиға апамыз айтқандай, ойы мен ісі бір жерден шығатын азаматтардың араласуымен қазақ мектебі мен балабақшасы көбейе бастады. Ол жылдармен салыстырғанда қазір көп ілгерілеу бар. Соған қуанамын. Мәселен, сол жылдары бүкіл интеллигенцияның топтасқан, ұйысқан жері Алматының өзінде тек екі ғана қазақ мектебі болды. №12 және №86 мектептер. Одан соң «Орбита» шағынауданынан №145 мектеп ашылды. Содан кейін қазақ мектептері біртіндеп көбейе берді.
«Ана тілі» қоғамының құрылуына байланысты алған сұқбат материалы әбден дайын болған соң Рәбиға апайдың үйіне барып, өзіне оқыттым. Апай кезінде біраз уақыт «Мектеп» баспасында редактор болып қызмет атқарған екен. «Жақсы әдет пе, жаман әдет пе – білмеймін, мейлі кітап, мейлі газет болсын, көрген жерімде қателерін редакциялап, түзетіп отырып оқитын әдетім бар. Бірақ сенің мақалаңды түзеткен жоқпын, сол күйінде өзіңе қайтарамын», – деп, қолын қойып берді. Апайдың сол сөзі маған берген үлкен баға, кәсіби бағыт секілді көрінді. Сол кездесудегі Рәбиға апайдың тағы бір сөзі әлі күнге дейін есімнен кетпейді. «Мен ет асып, сорпа сапырып тұрып та, жазатын мақаламның сұлбасын ойлап тұрамын», – деп еді. Бұл бар ойы, бүкіл ниеті ғылымның үстінде болған, ойсыз уақыты жоқ жанның сөзі еді. Өмірлік қағидасы сынды дағдысы еді. Сол сәтте «Бұл бір ғылым жолында жүрген, қолына қалам ұстаған жанға, кез келген саланың маманына қажет дағды болуға тиіс екен» деген ой түйгенмін.
Рауан Кенжеханұлы, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті:
Алда атқарылар жоспар көп
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алдына қойған негізгі үш бағыты бар.
Біріншісі, білім беру жүйесіне, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсету. Осы бағытта биыл он шақты аймақта қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің форумын өткіздік. Форумда тілші және әдебиетші ұстаздарға мектепте, сыныпта өз жұмысын тиімді ұйымдастыруға арналған түрлі әдістемелік жаңалықтар, көрнекі құралдар, сөздіктер мен оқытушылар жұмысын ілгерілетуге көмектесетін шешімдер таныстырылды. Соның ішінде, оқу сауаттылығын арттыру, жазу мәдениетін қалыптастыруға арналған жобалар ұсынылды. Қазір осы бағытта бірқатар шаруалар істеліп жатыр. Бұдан бөлек, биыл оқушылар арасында «Жарқын болашақ» деп аталатын олимпиада өткіздік. Келесі жылы осы олимпиаданы мүлде басқа деңгейде, мазмұнын өзгеше форматта құрастыру үшін Білім инновациялық лицейлері жүйесімен бірге үлкен жоба дайындап жатырмыз. Мазмұны, құрылымы, олимпиада ережелері, жүлде қоры – барлығы бөлек дайындалады. Жеңімпаз балалар беделді оқу орындарына түсіп, болашақ тілші, әдебиетші, зиялы ортаға тірек бола алатын маман тәрбиелеп, баулуға көмектесетін үлкен қозғалысқа айналады деп сенеміз.
Екіншісі – мазмұн. Мазмұн бағытында түрлі жанрда кітаптар аударып, таныстырып жатырмыз. Балалар әдебиеті, көркем әдебиет, ғылыми әдебиет, қазіргі дүние жүзінде оқылып, талқыланып жатқан түрлі кітаптардың аудармалары, одан кейін мультфильмдер, кино релиздері, соның ішінде Disney, Pixar студияларының танымал фильмдері қазақ тіліне аударылып, үлкен экраннан көрсетіліп жатыр. Биыл маусым айында біздің ұсынысымызбен Disney-дің «Ойжұмбақ – 2» фильмі қазақ тіліне аударылып, көрсетілді. Алдағы қарашада «Моана – 2», желтоқсанда «Муфаса. Арыстан патша» секілді фильмдер қазақ тілінде ұсынылады. Бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жүріп жатыр. Сонымен қатар тіл дамыту жұмыстарында технологиялық шешімдерді де ұмытымды қолдануға тырысамыз. Тіл үйренуге арналған QazaqLingo мобильді қосымшасын дайындап жатырмыз. Бұған дейін қазақ тіліндегі әдебиетті толық қамтитын, аудио және электронды кітаптардың ең үлкен қоры – KITAP қолданбасын жасағанбыз. Қазір платформаның 400 мыңдай қолданушысы бар.
Үшіншісі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тіл жанашырларын біріктіріп, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, мүмкіндігін арттыру бағытында жұмыс істейді. Биыл ұйымның құрылғанына 35 жылдан асты. Бұл аралықта заман да, технология да, мүмкіндіктер де өзгерді. Сондықтан тура сол кезеңдерде қолға алынған жобаларды дәл қазір жалғастырып кету қиындық тудырады. Біз осы заманға лайық, қазіргі тіл қолданысының ерекшеліктеріне сәйкес келетін және сол ортаның қажеттілігіне икемделген бастамаларды жүзеге асырамыз.
Алдағы жоспарға келер болсақ, ұйым ретінде тиімділігімізді арттыратын жұмыстарды жалғастырамыз. Қазір еліміздің барлық аймағында 135 филиалымыз бар. Бірақ көп жағдайда сан мен сапа сәйкес келе бермейді. Сондықтан ұйым құрылымын, жұмыс істеу тетіктерін, ережелерді, жарғыны қайта қарастыру керек деп ойлаймын. Оны да заманға лайық, қазіргі технологияға сәйкес ықшамдап, икемдеп, жылдам шешім қабылдауға, жоспар құруға, ол жоспарды іске асыруға қажет тетіктерді көбейтуіміз керек. Екіншіден, бұл тілді дамыту, қолдау шарасына, мейлінше, кәсіпкерлер қауымын кеңінен тартып, Қоғам әлеуетін күшейтуді көздейміз. Қазір Qazaq Tili Endowment Qory-на 600 миллион теңгедей қаражат жиналды. Сол қаражатты көбейтсек дейміз. Өйткені, бәріңіз білесіздер, көп мәселе қаражатқа келіп тіреледі. Тіл жанашырлары тарапынан ұсынылып жатқан бастама көп. Оның бәрін жүзеге асыру үшін бізге тағы да қаражат керек. Мазмұн, білім беру жүйесі, технологиялық шешімдерді көбейту бағыттарында атқарылуға тиіс жұмыс ұшан-теңіз. Сондықтан жоғарыда аталған мәселелерді жылдам шешіп, мүмкіндіктерді арттыруға тырысамыз.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының арнайы бағдарламасының тезірек қолданысқа енгенін күтеміз. Өйткені «Балық басынан...», «Арбаның алдыңғы дөңгелегі» дегенді тағы да алға тартамыз. «Қол сынса жең ішінде» деп емес, «Ауруын жасырған өледі» деп жанталаса қимылдайтын сәт келген секілді.
462 рет
көрсетілді0
пікір