• Ақпарат
  • 26 Қыркүйек, 2024

Сауатты боламын десең, сөздігіңді түзе

Қазақ орфографиясының қалыптасуына Рәбиға Сыздық һәм өзге де мүйізі қарағайдай ғалымдар емле ережелерін жасауға көп еңбек сіңіргені мәлім. Ол кісілерге алғысымыз шексіз. Бүгінге дейін сол ғалымдар қалыптастырған ереже-қағидаларды қолданып келеміз. 
Қазір Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфографиялық сөздік негізінде әзірлеген «Emle.kz» сайты ел игілігіне айналып, емлемізді біріздендіруге көп жәрдемдесіп отырғанын атап өтуіміз керек. 
Дегенмен осы кезге дейін қолданылып келе жатқан емле ережелері Кеңес Одағы тұсында орыс емлесінің жетегінде қалыптасқаны шындық. Мұның оң әрі теріс жақтары болғаны мәлім. Көп жағдайда тіліміздің табиғаты ескеріле бермеген бұл үдеріс ұлттық емлемізге едәуір зардап тигізгенін жоққа шығара алмаймыз. Демек, бүгін тә­уелсіз ұлт емлесіне тәуелсіз пайыммен қайта қарайтын кез жетті. 
Бұл жөніндегі аз-кем ой-пікірлер 2018 жылы «Ана тілі» газетіне басылған «Емле ережелеріне бірізділік қажет» деген мақаламызда берілген еді. Одан бері біраз жыл өткенін ескеріп, емлеге қатысты кейбір ұсыным-пікірді көзі қарақты жұрт қаперіне ұсынуды жөн көрдік.

 

Кей кездері ресми сайттарда, БАҚ-тарда «Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі», «Түркияның Қазақстандағы Елшісі» деп, «елшілік», «елші» сөздері бас әріппен жазылып жүр. Олар мұнысын «орыс тілінде «Посольство», «Посол» сөздері бас әріппен жазылады» деп түсіндіреді, бірақ оның себебіне үңілмейді. Мәселен, «Министерство иностранных дел», «Министр юстиции» тіркестерінде «Министерство», «Министр» сөздері тіркестердің басында келгендіктен, алғашқы әріптері бас әріппен жазылып тұр. Қазақшада «Сыртқы істер министрлігі», «Әділет министрі» деп, «министрлік» пен «министр» сөздерін кіші әріппен жазамыз. Сол сияқты, «Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі», «Түркияның Қазақстандағы елшісі» тіркестерінде де «елшілік» пен «елші» сөздерін кіші әріппен жазу керектігін емле ережесіне қосқан жөн болар.
Жазу қағидаларын түзу барысында үндестік заңын үнемі ескеріп отыру қажеттігін тілші-ғалымдар, қаламгерлер айтып жүр. Бұл орайда, жазушы Б.Нұржекеұлының 2018 жылы 18 қазанда «Ана тіліне» шыққан мақаласындағы: «Жалпы үндестік заңын өшіру – қазақ тілінің үнін өшіруге апаратын жол» деген жанайғайына терең үңілуге міндеттіміз.
БАҚ-тарда жазылған «Татарстан раи­сы» деген тіркестегі «раис» сөзі ерсі көрінді. Радио-теледидарда да дикторлар солай оқып жатыр. Мұнда сөздің орысша нұсқасы негізге алынғаны көрініп тұр. Әсілі, «Татарстан рәйісі» деп жазу керек. «Рәйіс» (басшы, төраға) – араб сөзі. Қазақ есімдерінде кездеседі. Ақын Шәді Жәңгіровтің бір дастаны «Дәуіт уақытындағы рәйіс» деп аталады екен. 
Басқа да араб сөздері сияқты, «рәйіс» сөзі түрік тілдеріне парсы тілі арқылы жеткен. Парсы жұрты да осылай айтып, жазады. Татар бауырларымыздың өздері республика басшылығының ресми сайтында, өз БАҚ-тарында «Татарстан рәисе» деп «ә» әрпімен жазған. Мұны қазақ тілінің үндестік заңына бейімдеп, орфография­лық сөздікте «рәйіс» деп бекіткен орынды болар еді.
2007 жылы шыққан Орфографиялық сөздікте «елбасына» деп жалғау жалғап көрсетіліпті. Сөздікке сүйенген Emle.kz-те де «елбасына», «отбасына» деп септеп, үлгі етіп қойылған. 
Қисындысы – «елбасыға», отбасыға» деп септеу. Себебін түсіндіріп көрейік. «Елбасы» сөзіне құрылымы жағынан ұқсас «Ордабасы» деген сөз бар. Бір футбол командасы да осылай аталады. Біз «Ордабасыға бардық», «Орбасыдан басым түсті» деп айтамыз. Көрдіңіз бе, «Ордабасына», «Ордабасынан» демейміз. «Елбасы» да «Түрікменбашыға» ұқсас. «Түрікменбашыға», «Түрікменбашыдан» дейміз. «Түрікменбашына», «Түрікменбашынан» деп айтпаймыз. Неге? Енді соның сырына үңілелік. 
Рас, «Ордабасы» деген біріккен сөз «орда» және «басы» деген екі сөзден құралып тұр. Егер «Орда басы» деп, осы екі сөзді бөлек жазып, сөз тіркесі ретінде қарастырсақ, онда «Орда(ның) басына», «Орда(ның) басынан» деп айтуымызға болады. Себебі синтаксистік байланыста екі сөз матасу тәсілімен байланысып, бірінші сөзден кейін ілік септігінің жалғауы жасырын тұрса, екінші сөз тәуелдік жалғауының үшінші жағының жекеше түрінің жалғауын керек етеді. «Орда» мен «басы» сөздері – мағыналық тұрғыдан өзара тіркесу нәтижесінде синтаксистік қызметте жұмсалып отырған сөйлемнің екі дербес бөлшегі. 
Ал тұтасып кеткен «Ордабасы» біріккен сөзі бір ғана морфологиялық форма болады. Демек, бұл жерде біріккен сөздің ішіндегі сөздердің матаса байланысуы әрі тәуелденуі жөнінде сөз болмауға тиіс. 
Синтаксистік қатынас тұрғысынан, «Орда басы» (бөлек жазылған) деген сөз тіркесіндегі екі сөз екі түрлі қызметте (мысалы, «орда» анықтауыш, «басы» бастауыш қызметте) болса, «Ордабасы» деген біріккен сөз бір ғана синтаксистік қызмет атқарады. Сол себепті «Ордабасыға», «Ордабасыдан» деуіміз заңды. 
Қысқасы, бөлек жазылған «ел басы» – екі сөз, сөйлемде екі түрлі қызмет атқарады. Ал қосылып жазылған «елбасы» – бір сөз, сөйлемде бір ғана қызмет атқармақ.
Бұл ретте, кейбір тіл мамандарының сөз тіркесі мен біріккен сөзден кейін қосымша жалғау тәртібі мен ерекшелігін шатастырмағаны абзал болар еді. 
Осы баяндалғандар тұрғысынан сараптасақ, «елбасыға», «елбасыдан», «отбасыға», «отбасыдан», «Қозыбасыға», «Қозыбасыдан», «Момышұлыға», «Момышұлыдан», «қонақасыға», «қонақасыдан», «құсбегіге», «құсбегіден» деп айтуымыз және жазуымыз орынды деп санаймыз. 
Көптен бері дау тудырып жүрген осы жағдайды Орфография комиссиясында қарап, емле ережесіне кіргізу қажет деп пайымдаймыз.
Орыстың «-ин» жұрнағына қатысты екіұдай ой туындап жүргені рас. Қазіргі емлеге сәйкес кісілердің аты-жөндерінің соңына жалғанатын орыстың «-ов» пен «-ев» жұрнақтарынан кейін жалғанатын қосымшалар қазақша түбір-сөздің жуан-­жіңішкелігіне қарай жуан я жіңішке болатыны мәлім. Ал «-ин» жұрнағы үшін ерекше ереже жасалған. Оған жалғанған жалғау-жұрнақтың бәрі жіңішке болуы керек. Сонда «-ин» жұрнағының басқа орыс жұрнақтарынан не артықшылығы бар? Мұндай «алалаушылықтың» себебін ешкім түсіндіріп бере алмайды. Емлені қисынсыз күрделендіруден арылту – маңызды мәселе.
Қазақ есіміне орыс жалғауының кез келгені – «-ев» те, «-ин» де жалғана беруі мүмкін. Мысалы, Сарин – Сариев, Мамин – Мамиев, Мәмин – Мәмиев, Қарин – Қариев сияқты тектерге қосымша жалғанғанда, «Саринға» – «Сариевқа», «Маминға» – «Мамиевқа», «Мәминге» – «Мәмиевке», «Қаринға» – «Қариевқа» болып түрленбегі шүбәсіз.
Осыны ескеріп, орыстың «-ов», «-ев» және «-ин» жұрнақтарына қатысты бір ғана ереже қалыптастырған жөн болар. 
Бұл жөнінде 2019 жылы тіл білімімен айналысатын әлдебір институтқа хат жазып едік. Олардан: «Қазақ ешқашан «Маминға» деп айтпаған, қазақ әрқашан «Маминге» деп айтқан» деген сыңайда жауап келді. Негізі, «-ин» жұрнағы «-ов», «-ев» жұрнақтары сияқты бұрын қазақта болмағаны, орыстан келгені белгілі ғой. Жауап иесі «-инді» қазақтың өз жұрнағындай қабылдап отырғанын көрдік. 
Мұндай синдромның сыры неде? «Интернационализм» деп ұрандап, бір ғана үстем тілді дәріптеп, есесіне қазақ тілін және өзге де ұлт тілдерін ашық та астыртын тұқырту саясаты жүрген заманда бұратана халықтар әліпбиін, емлесін, грамматикасын, жалпы тілі мен дінін бұзу ісі біртіндеп жүргізілгенін байқаймыз. Орыстың осы «-ин» жұрнағы қазақ емлесінің өзіне тән заңдылығын бұзу үшін қағылған «сынадай» көрінеді. Сол кездері жат элементтерді күштеп енгізу арқылы осыған бұратана бұқараның бойын үйрету тәжірибесі (эксперимент) жүрді. Жат дүниені сол халықтың өзінікіндей етіп қабылдатуға тырысты. Қазір өзгенің танымын өзіміздікіндей қабылдап, ал өзіміздің құндылықтарды өзгенікіндей жат көріп жүргеніміз – бір кезгі ұлтсыздандыру саясатының бір бөлігінің іске асқанының көрінісі. Енді емле жүйесін отарлану зардаптарынан арылту саясатын азат ойлы мамандар жүргізеді деп үміттенеміз. 
Қысқарған сөздерден кейін қосымшалар жалғау да қалыптасып келеді. Мәселен, БАҚ-тың, АҚ-ның деп септеліп жүр. Бір әріп айырмашылығына қарамастан, екі біріккен сөздің дыбысталуы, осыларға жалғау-жұрнақ жалғануы да өзгеше болады екен. Мұны тіл мамандары қысқарған сөздің бітеу яки тұйық буын болуымен байланыстырады. Олардың айтуынша, «БАҚ» (бітеу буын) дыбысталуы [бақ] ([ба-қы] емес), ал «АҚ» (тұйық буын) дыбысталуы [а-қы] ([ақ] емес) болады. Көп жағдайларда Еуразиялық экономикалық комиссияның қысқарған түрі «ЕЭК-тің» деген түрде септелген. Мұнда қысқарған сөздің [ейэк] түрінде дыбысталуындағы соңғы бітеу буын ескерілсе керек. 
Сондай-ақ «Үкіметаралық комиссия» тіркесінің қысқарған түрі – ҮАК. Соңғы дыбысының әрдайым жіңішке естілетін дауыссыз болғандықтан, оған қосымшалар «ҮАК-тің», «ҮАК-ке» түрінде жалғанады екен. Мұны көпшілік біле бермейді.
Міне, осы жайлар да емле ережесіне енгізілсе, бұл жөнінде жалпы жұрт хабардар болар еді. Оқуға ыңғайсыз біріккен сөздер кездеседі.
Емледегі ретсіздікке тоқталған ф.ғ.д. 
С.Бизақов былай деп ағынан жарылған екен: «...Жарыспа тұлғалардың қайсысы әдеби норма екенін есте сақтау қиын болғандықтан, мектеп оқушыларын айт­пағанда, тіпті тіл мамандарының өзі де орфографиялық сөздіктен қайталап қарау­ға мәжбүр болып жүр. Мұның өзі – қазақ тілінің емле сөздігінің ғылыми принципі әлі де болса жүйеленіп, жете зерттеле қоймағанының бір айғағы». Осы тұрғыда, қазіргі кезде емле ережелерін біріздендіру үшін көп күш-жігер жұмсау қажет болып отыр.
«Қыркүйек пе» әлде «қыргүйек пе» деген сауал жыл сайын туындап, мәселенің көп жылдан бері нақты шешілмеуі жұртшылықтың реніш-ызасын тудырып келеді. Емле сөздігінде «қыргүйек» деп белгіленген. Оқулықтарда солай жазылған. Алайда көпшілік бұқара санасында осыған ұқсас сөздер бұған дейін шыққан кейбір сөздіктер негізінде «қыркүйек», «шекара», «көкөніс» түрінде орнығып қалған. Ақ Ордадан бастап қара базарға дейінгі аралықта «қыркүйек», «көкөніс» деп жазып жүр. Сол себепті көпшілік қауым оқулықтардағы бұл сөздің «қыргүйек» деп жазылған түрін жатсынатыны байқалады. 
Тіл мамандарының «шегара» деп жазу қадамына сөздің әдемі айтылуын сақтау үшін барып отырғанын түсінеміз. Дегенмен халықтың да пікірімен санасып, аталған сөздерді мүмкін болса орфографияда «к» әрпімен белгілеген жөн болар. Мұндай сөздерді дауыстап оқығанда орфоэпия заңдылығына сәйкес «кі» дыбысы «гі» дыбысына өзгеріп айтылатынын мектептен бастап, университетке дейін оқытса, радио-теледидардағы дикторлар орфоэпия ережелерін бұзбай сөйлесе, бәрі орнына келер деген үміт басым. 
Жалпы, орфографиямыз бен орфо­эпия­мыздың арасында сондай бір алшақтық байқалмайды. Кейбір шет тілдерде бұл алшақтық жер мен көктей. Ілгеріде ағылшын тілін үйреніп жүрген бір досымыз ағылшын сөзін жазу мен айту арасындағы үлкен парыққа таңғалып: «Е, мына жұрт «мысық» деп жазып алып, «ит» деп оқиды екен ғой», – деп әзілдегені бар еді. Мұндағы назар аудартқымыз келгені, айтылу мен жазылудың екі түрлі, тіпті бір-бірінен мүлде алшақ болуы – әлем тілдерінде кездесетін қалыпты жағдай. Жазудағы дәстүршілдікті бұзбау мақсаты – сөздің түп төркінін ашып көрсету. Демек, «шекара» деп жазып, «шегара» деп оқи беруге әбден болады. Мұндай жағдайда мың жылдан кейінгі алыс буын үшін де сөздің түбір-төркіні анық байқалып тұрмақ.
«Қолхат», «сенімхат», «алғысхат», «кепілхат» сөздері сияқты «шақырухат» (бұрынғы орф. сөздікте осы нұсқа берілген, бірақ кейін emle.kz-ке енбепті), «құттықтаухат» сөздері де бірге жазылса керек. Соңғы екі сөз де емле ережесінде нақты көрсетілсе екен деген өтінішіміз бар. 
«Қонақүй», «қонақжай», «асүй», «тұрғынжай» сөздері сөздікте қосылып жазылған да, «тұрғын үй» сөзі бөлек берілген. Алдыңғыларындай соңғы сөз де қосылып жазылуға тиіс. Сондай-ақ «киіз үй» бөлек, ал «киізкітап» қосылып жазылған. Егер бұл сөздерге қатысты өзгеше ереже бар болған жағдайда, оны тіл мамандары түсіндірсе, қабыл алар едік.
Орфографиялық сөздікте «ауылшаруашылық», «ауылшаруашылығы», «теміржол» деп берілген, бірақ тиісті министрлік пен ұлттық компанияның сайттары мен бланкілерінде бұл сөздер «Ауыл шаруашылығы министрлігі», «Қазақстан темір жолы» деп бөлек жазылып жүр. Мұндай мәселені шешу үшін арнайы мекемелерге (бәлкім, Тіл комитетіне) бұрыс жазуларды түзеу үшін ерекше құзырет беру керек. Сонда Астана төріндегі бір дәмхана маңдайшасындағы «VZлетный» сияқты жазу да түзеліп қалар еді. 
«Іссапар», «ісқағаз» сөздері қосылып, «іс-шара», «іс-әрекет» сөздері қосарланып жазылады. Морфологиялық құрамы ұқсас, жасалу жолдары бірдей мұндай сөздерді әртүрлі етіп жазып, емлені қиындатқаннан ұтарымыз аз. Болашақта реті келіп жатса, осындай сөздерді де біріздендіру құба-құп болар еді. 
Тілтанушы-ғалымдар сөзді емле ережесінде қалай белгілеп берсе, халық солай жазады. Дегенмен ережелері бір-біріне қайшы келетін орфографиялық сөздіктер жұртты шатастырып келеді. Мәселен, 2005–2013 жылдар аралығында 5 бірдей орфографиялық сөздік шығарылған екен. Осы сөздіктердің біркелкі болмауы жазу қағидаларын сақтауға кері әсер еткені шындық.
Жақында Үкімет Орфографиялық комиссия құратынын хабарлады. Енді сол Комиссия жұмысына зор үміт артылмақ. Емлемізге қатысты жоғарыда баяндалған және өзге де мәселелер тезірек шешімін тапса, ана тіліміздің бедел-абыройы арта түспегі кәміл. 
 Емле ережелері қайта қаралып, бекітілерде қазақ емлесі үшін орыс орфографикасын бұрынғыдай «құбылаға айналдыру» әрдайым тиімді бола бермейтіні, емле ережелерінде бірізділік қағидатын сақтау әрі оларды қисынсыз күрделендірмеу маңыздылығы ескерілсе екен деген тілегіміз бар. 

Дәуірбек ДҮЙСЕБАЙ,
шығыстанушы,
филология ғылымының
кандидаты

 

756 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы