- Ақпарат
- 26 Қыркүйек, 2024
Әсеткүл Сариева, дәрігер: ҚАУІП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫЗ
Қазір елде, одан қала берді, әлемде белең алып тұрған проблеманың бірі – энергетикалық сусындар. Жастар мен жұмысқа қабілетті кез келген адамды денсаулығына нұқсан келтіріп, әл-қуатын нашарлатып жатқан бұл өнімнің зияндылығын үнемі айтып отыруымыз қажет. Өйткені залалы туралы күнде айтылып жатса да, оны тұтынатындардың саны азаймай отыр. Шын мәнінде, бұл – алаңдатарлық нәрсе. Бірақ мәселенің алдын алуда әлі де болса көп жұмыс істеуіміз қажет. Ал бұған қатысты мамандар не дейді?
– Мені соңғы уақытта жастардың энергетикалық сусындарды көп тұтынатыны қатты алаңдатып жүр. Бір ғана мысал, оқуды енді бітірген, жасы 20–25 аралығындағы сәулетші жігіт мамандығы бойынша жұмыс істеп, түнімен отырып сызба сызады. Ұйықтап қалмас үшін күніне энергетикалық сусынның екі-үшеуін ішеді. Қазір мұндай сусындар өте көп. Ал қабылдауыма келген сол жігіт бас-аяғы бір жарым айдың ішінде қандай күйге түскенін білесіз бе? Басында ол Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында жатты. Түнімен ұйықтай алмай, ауырып шығады. Содан кейін дәрігерлер оның талдамасын алып, онкологиялық сараптамаға жібереді. Белгілі болғандай, бауыр, асқазан, ішектің ішкі қыртыстарының бәрін энергетикалық сусынның зәрлі қуаты алып кеткен. Бір жарым айдың ішінде осындай қиын күйге түскен. Өлуге жақын қалған жігіттің өмірі үшін арпалыстық.
Жалпы, жастар, оның ішінде үлкен кісілер де осындай сусындардың адам ағзасына зиян екенін біле тұра ішеді. Мұндай жағдайлар өмірімде көп кездесті. Ауырып, жаны сыздағанда ғана дәрігерге келеді. Оған дейін елең қылмай жүре береді. Менің алдыма Сoca-cola сусынын көп ішетін жігіт келді. Емделгесі келеді. Тамаққа тәбеті жоқ, не ішсе де, шөлі қанбайды, түнімен аяқ-қолы сыздап, ұйықтай алмай шығады және аяқ тізеге дейін ісіп кеткен. Жігітте артрит, артроз сырқатының белгілері жоқ, ол үнемі отырып жұмыс істейді. Қимылы көп емес, жүріс жоқ, не тамақ ішсе де, артынан тұрақты түрде Сoca-cola ішеді. Бізге көрінуге келгенде тіпті терісі иістеніп кеткен екен. Мамандар қараған соң, ішкі ағзасын екі-үш реттен тазаладық. Нақты айтсақ, зиянды қоспалар адам ағзасындағы ұйқы безін, бауырды, бүйректі оңай бүлдіреді. Бұл сусындар түрлі химиялық жолмен жасалады. Мысалы, қазір көп жастар көлік айдап, адам тасып ақша табуға тырысады. Не болмаса түні бойы компьютерде отырып жұмыс істейді. «Ұйықтамау қажет» деп тағы да энергетикалық сусын ішеді. Ал оның зияны мынада: мұндай қуатты залалды сусындар алдымен миды улайды, есте сақтау қабілеті жоғалады, адам үнемі шаршап жүреді, жүректің соғуын нашарлатады, тіпті кейбіреуінің тілі күрмелетін жағдайға жетеді. Сондықтан мұндай зияны көп сусынды ішуден бас тартқан дұрыс.
Ал оның орнына не ішуге болады? Қарапайым ғана тәсіл, күнделікті қолданатын жай су ішу керек. Ол үшін суды фильтрленген құбырдан алып, мұздатқышқа салып қойыңыз. Мұз болып қатады, сонан соң мұздатқыштан шығарып қойыңыз. Бөлме температурасында ішіндегі мұз ериді. Мінекей, сол суды ішсеңіз, өте пайдалы. Біз қауіп еткеннен айтамыз. Адам баласы, әсіресе жастар осыны назарда ұстап, үнемі ескерсе екен».
Расында, маман дәрігерлердің пікіріне құлақ асқан жөн. Адамның денсаулығы, ең алдымен, оның өзіне, бала-шағасына керек. Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі. Сондықтан ата-бабамыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Сондықтан әрбір адам денсаулықтың маңызын, қадірін ерекше ұғынғаны дұрыс деп ойлаймыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, түрлі сырқаттың алдын ертерек алған абзал. Дұрыс тамақтану мен дәрумендерді ұтымды пайдалану да ағзаның сыр бермеуіне ықпал етеді. Кез келген елдің ең басты байлығы – ұлт саулығы екені сөзсіз. Сондықтан энергетикалық сусындардан аулақ болған жөн.
Әзірлеген
Элеонора Әзіржан
415 рет
көрсетілді0
пікір