• Ақпарат
  • 26 Қыркүйек, 2024

Тіл қадірі артуы үшін...

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»

 

Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңы қазақ мемлекеттілігінің, тілі мен ділінің, тарихының тағдыршешті кезеңі болған еді. Желтоқсанда жаны жаураған қазақтың ендігі кері шегінер жері де жоғын түсінген шақ сол уақыт болатын. Қалай дегенмен, 1980 жылдардың соңында қазақ болашағына қатысты салмақты тарихи қадамдар жасала бастады: Алаш арыстары, сталиндік қуғын-сүргін құрбандары ақталды, осы күні Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деп аталған іргесі мығым ұйым құрылды, Тіл туралы заң қабылданып, ендігіде мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені тайға таңба басқандай жазылды...
 

Ұлтқа аяулы да қадірлі кезеңде шешім шығарар сәтте бұқпантайлап қалмайтын тұлғалардың кесімді сөзі өте қажет еді. Елі сенген тұлғалар сол сөзді айта алды. Қастерлі қадамды именбей жасады. Сондықтан 35 жыл бұрын қазақ тілі мемлекеттік тіл болып тарихта таңбаланды. Отыз бес жыл бұрын, тоталитарлық режімді ту еткен империяның соңғы демі жақындаса да, жыланды үш кессең де, кесірткедей қауқары барын айқындап, соңғы тұяқ серпуін жасап қалуға жанталасып баққан қандықол биліктің дегені жүріп-ақ тұрған еді. Түптің түбінде, тәуелсіздіктің асқақ әні шырқаларын сезген, үміт еткен тұлғалар қандай жағдайда да ұлттың болашағына көлеңке түсірмейтін шешімді сөз айтуға тырысты. Биліктің тегершігі қолында бар адамдар қатысқан жиындарда тайсалмай сөйлеуге ұмтылды, газет-журналдарда қазақтың жоғын жоқтар аманатты жеткізді. Сондай қас­терлі сөздің бірі «Қазақ мемлекетінде жалғыз мемлекеттік тіл болады» деген академик Әбуәли Қайдардың қайсарлығы туралы осы нөмірімізде айтып өттік. Ал тағы бір академик Рәбиға Сыздық сол уақытта «Қазақстан әйелдері» журналына сұқбат берсе, Шора Сарыбаев «Лениншіл жас» газетіне пікір айтып, мемлекеттік тіл статусы туралы талдап берген. «Соңғы елу-алпыс жылда «мемлекеттік тіл» терминін ауызға алмай кеттік. Қазір ұлт республикалары өз ана тілінің мемлекеттік статусын алып жатыр. Қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп алу жөніндегі заң бізде жарық көріп, өз күшіне енгенде, халықты рухани байытатын мөлдір бұлақтардың көзі ашыла бермек. Соның бірнешеуін айтсақ: ең алдымен, ана тіліміздің өрісі кеңейеді, қолданылатын ауқымы ұлғаяды. Бұрын тек көркем әдебиет, баспасөз, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының тілі ғана болып келген ол енді ісқағаздарды жүргізу, жоғары оқу орны мен ғылымның сан саласының тіліне айналады. Педагогикалық институттарды қоспағанда, республикада қазақ тілінде оқытатын жоғары оқу орындарының болмауы ата-аналардың ана тілі мүмкіндігіне сенімсіздігін туғызған, тіл беделін түсірген фактор еді. Ал диссертацияларды тек орыс тілінде жазу талап етілуі ізденгіш жастарымыздың ғылымға келуін жеті-сегіз жылға кідіртеді», – депті Р.Сыз­дық. 
КСРО ҒА Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қыз­меткері Кеңесбай Мұсаев Мәс­кеуден «Мәдениет және тұрмыс» журналына хат жазып: «Совет одағында бесінші орында тұрған 7–8 миллион қазақтың тілінің жағдайын дүниедегі басқа тілдермен салыстырып көрсек, артта қалғанымыз айқындала түседі. Үндістандағы халықтардың тілінде көптомдық энциклопедия­лар ел азаттық алғаннан кейін 10–15 жыл ішінде жасалады. Қазақ-Совет энциклопедиясы Октябрьден кейін алпыс жылдан кейін басылып шықты. Он миллион португалдар, чехтар, мадиярларды, 8 миллион швед пен болгар, 5 миллион даниялық, 4 миллион норвег пен фин, 2 миллион албанның тілі өмірдің барлық саласында қолданылуда, екі миллионға жетпейтін монғол халқы ұлттық терминдердің 143 саласында сөздік түзіп, өз тілін дамытып жатыр. Әрі бармай-ақ қояйық, 1 020 000 эстонда (өз республикасында – 984 000) тіл туралы үш журнал шығып тұрады – бұл халықтың рухани дамуының көрсеткіші, қазақта бірде-бір журнал жоқ, ана тілі қалай қадірлі болсын?» – дейді 1989 жылғы шілдеде жарық көрген санында.
Осы мақала жарық көрген соң, арада бір жылға жетер-жетпес уақыт өткенде, 1990 жылдың 22 наурызында «Ана тілі» жарық көре бастаған. Қазіргінің тілімен айтсақ, «иек астындағы» 1989 жылдары тіл мен ділдің майданында ұлт ұтылып қалмас үшін тұлғалар осылай еңбек еткен, кесімді сөз айтқан. 

 

822 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы