- Ақпарат
- 03 Қазан, 2024
Мейірім мекені

Қарагөз СІМӘДІЛ,
«Ana tili»
Бүгінгі кейіпкеріміздің 1992 жылдың мамыр айында «Ақ желкен» журналына «Әже қасіреті» деген әңгімесі жарық көрген. Қатыгезденіп бара жатқан қоғамда мейірім керек екенін әже мен немере арасындағы жылылық арқылы көрсетуге ұмтылған шығарма авторы әрі қарай жаза түссе, қаламы қарымды жазушы да атанар ма еді, кім білсін? Бірақ кейіпкеріміз жазушылық жолды таңдамапты. Бірақ ол жолдан алысқа да ұзай қоймағандай. Ол енді жазушы мен оқырманның арасын байланыстырар кітапханашы деген қадірлі мамандықты асқақтатып жүрген жан. Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы.
Қайырымды қала кітапханадан басталады
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында кемел қала – қайырымды қала деп көрсетіледі. Ойшылдың пікірінше, ізгі қала бес түрлі адамнан құралады: ең құрметті адамдар, шешендер, өлшеушілер, жауынгерлер және байлар. Ең құрметті жандар санатына даналар, пайымдағыш адамдар, маңызды істе беделді адамдар жатады. Бұл қатарда сөз шеберлері, ақындар, музыканттар да бар. «Отырар кітапханасы» секілді теңдессіз кітап қоры бай өлкенің перзенті әл-Фараби мұндай ізгі қасиеттердің басын қосатын орын қайырымды қала ғана емес, кітапхана да екенін білгендей.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де қоғамды ізгілендіруге өз қабілет-қарымы жеткенше үлес қосып келеді. Оның пайымы – «Қайырымды қала ізгі кітапханадан басталады». Ғазиза Құдайбергенқызының ең негізгі ұстанымы – кітапхананың қаңырап қалмауы. Әуелде Жамбыл кітапханасында кездесіп, танысып, ой-пікіріміз жарасып кеткен шақтардан-ақ «Кітапхана – ізгілікті өзіне тартар мекен» деген әңгімесін талай-талай талқыларда естіген едік. Оның ойынша, кітапханашы – қайырымды қаладағы күллі ізгіліктің бастауы. Адамның асқақ армандары мен ұшқыр қиялдарын осы кітапханалар жалғап әкетеріне бек сенімді.
Оның қайырымды қаласы – кітапханадан басталады. Қазіргі қызмет орны Академиялық ұлттық кітапханада да осындай ізгі бастамаларымен салқындау астанаға жылылық сыйлап жібергендей. Әсіресе кітапханаға бара сала кіре берістегі бұрышқа үстел қойып, кітаптар шығарып, оқырманды сонда да отырғыза салып еді, мұп-мұздай кітапханаға әр кіріп, жайнап кеткендей болды. Бұрын да асқақ әрі айбынды ғаламат ғимараттың сыртынан тамсанып өтетіндер, енді үстелде кітап оқып отырған жандарды көріп, қызығып, кітапханаға бас сұғушылардың қатарын тіпті көбейтті.
Оның ұстанымы – «Кітапханашыны жұрт қадірлеуі үшін, ең бірінші, ол өзін қадірлеуі керек». Шынында да, Ғазиза Құдайбергенқызының кітапханасына барсаң, өзін де, мамандығын да құрметтейтін кітапханашыларға тап боласың. Олар ұдайы жымиып қарсы алады, дөрекі сөйлемейді. Сонысына қарап олардың жұмысы жеңілдеу ме деген ой билесе, оны кері ысырыңыз. Дәл қазір Академиялық ұлттық кітапхана атқарып жатқан жұмыстың бір ғана парасын санамалап өтелік: Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» (Шығыстың бес елінің тарихы) атты шығармасының үшінші томының сөздігін дайындап, қолжазбасын зерттеп жатыр. «Сирек қордағы араб графикасымен жазылған 400-ден аса құнды кітаптар мен қолжазбаларға» да талдау-өңдеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Қазақстан тарихы туралы төрт мыңнан аса сирек кітаптардың мәтіндері зерттеліп жатыр. «Қаламгер қолтаңбасы» жобасы аясында 300-ден аса дереккөз оқырманға ұсынылады. 100-ден аса төте жазулы дереккөздер (кітаптар мен мерзімді басылымдар) оқырманға жеткен. Жеке дәптерлер, қайта жазылған араб мәтінді дәптерлерді цифрландыру және орналастыру үшін «Белгісіз қолжазбалар» жинағын құру туралы шешім қабылданған. Қайталап айтайық, бұл Ғазиза Құдайбергенқызы басқаратын кітапхана қызметкерлері жұмысының бір парасы ғана.
Айналаның бәрі кітапхана
Иә, Ғазиза Құдайбергенқызы оқырманды кітапханаға келген оқырман, кітапханаға келмеген оқырман деп бөліп-жарған емес. Ол үшін оқырман көшеде, үйіне асыға басып кетіп бара жатса да, оқырман. Тоқтатып, кітап ұсынып, ізгіліктің дәнін жүрегіне егіп жібереді.
Мәселен, бірде ұшақта отырып, «осы жерде де кітапхана болса, қанекей» деген ой жетегіне ереді. Жай еріп қана қоймай, Air Astana-мен бірлесіп жоба жасауға кіріскен. Әуе компаниясына хат жазып, 50 контент ұсынады. Компания оның 25-ін таңдап алған. Соның нәтижесі: медиақұрылғыға аудиокітап, жыр-дастан, ауыз әдебиетін жүктейді. Иә, бұл шығармалар «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан, көпшілікке таныс дүние. Ендігіде сол таңғажайып жыр-дастандарды, ауыз әдебиеті үлгілерін ұшақта отырып алып, құлаққаппен тыңдауға болады.
Тағы бірде саябақта қыдырыстап келе жатып «Осындай тамылжыған бақта отырып алып, кітап оқығанға не жетсін!» дейді. Ойлап қана қоймайды. Ол ойдың нәтижесі – енді саябақтарда штрих-код арқылы кітап оқу жобасы дайындалып жатыр. Яғни саябақтарда түрлі жанрдағы кітаптардың штрих-коды орнатылады, оқырман сол штрих-код арқылы өзі қалаған кітабын оқи/тыңдай алады.
Алдыңғы екі мысал Академиялық ұлттық кітапханада жүргенде істеген игі бастамалары. Сөз орайы келгенде Жамбылдағы оқырман тартудың жолдарын айта кетсек дейміз.
«Бұрындары суретші, сәулетші, ақын, жазушы, әнші – бір үйдің баласындай қатар жүріп, өнер атты таңғажайыпты көркейте түсер еді. Қазір ше? Қазір де солай істеуге не кедергі? Кітапханамыздан орын берейік. Ақын келіп өлеңін оқысын, әнші келіп әнін айтсын, суретші көрмесін өткізсін», – дер еді ол. Шынында да, осы сөзі сөз-ақ екен. Жамбыл кітапханасы күллі өнер адамдарының асыға жиналар, бір-біріне жылы сөзін арнар орынға айналып шыға келді. Алматы қаласына қарағанымен, Ғазиза Құдайбергенқызы басқарған кітапхананың құшағына күллі қазақ даласы сыйып кетті. Ендігіде еліміздің қай түкпірінде де ақын-жазушының кітабы шықса болды, Жамбыл кітапханасына әкеліп таныстыру арнайы бір міндетке айналып кеткендей еді.
Бұл кітапханада өтіп жатқан түрлі әдеби-мәдени басқосуларға қарап, шулы әрі думанды ортадан оқырман бас тартты деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Керісінше, кітапханаға оқырман сыймай қалғанына талай рет куә болдық. Ондайда Ғазиза Құдайбергенқызы абдырап та қалған емес. «Алматының кеші жылы ғой. Есік алдына әдемі үстелді шығарып, кітаптың мәзірін әзірлейік», – деп тосын ой айтады. «Кітаптың мәзірі несі?» – дейміз таңғалып. «Жұмыстан соң кітапханаға келіңіздер, кітап мәзірімен таныстырамын», – дейді жұмбақтап. Жып-жылы Алматының жұмсақ кешінде Жамбыл кітапханасы жаққа тартамыз. Барсақ, қымбат мейрамханадағылардай әдемі үстелдер қойылған. Әдемі құмырада әдемі гүл де тұр. Кітап мәзірі де әртүрлі: «Махаббат хикаясы» топтамасына мынадай кітаптарды оқуға ұсынамыз», «Психология топтамасына» мынадай кітаптарды оқуға ұсынамыз»...
Біраздан соң үйіне асыға кетіп бара жатқан қалалықтар әдемі үстел мен таңғажайып топтамаларға қайырылып, кітапхана маңы әсем күлкі мен сыбырласа сөйлескен сыңғыр әңгімеге толып-ақ қалады.
Кітап іздеп жүрсеңіз...
Ғазиза Құдайбергенқызының тағы бір мінезі – кітап іздеген оқырманның сұрағанын тауып бергенше тоқтамайды. Себебі кітапты іздеген оқырман оны оқуға тиіс. Талай-талай кітаптардың дерегін таппай қиналғанда Алматы мен Астанадағы қос кітапхана қызметкерлерінің көмегіне жүгінетініміз рас қой.
Осындайда кітапханашы деген – ғимараттар ішінде отырып алып, кітапты әкеліп берер мамандық шегіндегі, біздің тар ойлауымыз аясындағы қызметкер емес екеніне көзіміз жете түседі. Кітапханашы – асқақ арманын кітаптардан іздеп келген әртүрлі оқырманның басын бір кітапта түйістірер қадірлі мамандық. Кітапханашы – әлденені іздеген жандардың толассыз сұрағына жауап жазылған құжатты, кітапты алдыңа әкеліп берер сүйікті қызметкер.
Кітапханашы деген таңғажайып мамандықтың даңқын асқақтатып жүрген хас маманның бірі – Ғазиза Құдайбергенқызының бір әңгімесі туралы сөзімізді бастап едік қой. Міне, сол әңгімеде адамдар арасындағы мейірім туралы айтылады. Сол мейірім мекенін ол кітапханаларда жасап, үлгі қылып көрсетіп кеткені де үлгі етуге тұрарлық игі іс.

385 рет
көрсетілді0
пікір