• Ақпарат
  • 03 Қазан, 2024

Мәзір тілі мәз емес

Бағдагүл Балаубай,

«Ana tili»
 

Қоғамдық тамақтану терминдері туралы не білесіз? Олардың атауында бірізділік сақталған ба? Бұл мәселені біз неге қозғап отырмыз? Себебі соңғы кездері асханадағы даяшылар қазақ тіліндегі мәзірді түсінбей, қайталап сұрайтынын көз көріп жүр. Сондықтан Алматы қаласындағы қарапайым жұртқа бағасы қолжетімді асхананың біріне кіріп, даяшыдан таңғы асқа ботқа сұрадық. 
– Ботқа бар ма? 
Қызмет ұсынып тұрған әдемі қыз бала кібіртіктеп, ар жағындағы даяшы жігіт жалт қарады. Ұзақ ойланып барып:
– Каша ма? – деді.
– Иә. Қандай ботқа бар?
– Күріш, геркулес, гречкамен бар.

...Түскі ас уақыты. Жұмысқа жақын маңдағы асханаға барып, кезекте тұрған тұтынушының тапсырысына құлақ салып, тыңдап көрдік. Бірінен кейін бірі «рис пен котлет беріңізші», «жаркое бар ма», «спагетти бар ма», «полный чечевичный суп берсеңіз», «полный порцы рассольник», «үлкен ыдысқа қуырдақ салып беріңіз» деп осылай кете береді. Біз күнделікті тамақтану орнында осылай сөйлесіп жүрміз. Асханадағы қазақ қай тілде сөйлейді, тамақ атауларын өз атымен атай ма, термин сөздердің қолданыс аясын зерттеп көрмекке бекіндік. 
Әдеттегідей кітапханаға барып, қажетті кітаптарды алып, Абай даңғылы бойынан автобусқа мінгенбіз. Қолымыз­дағы энциклопедия, ғылыми терминдік сөздік, анықтамалықтар, ұзын-ырғасы 5–6 кітапты көрген жанымдағы жолау­шы сөзге тартты. «Тамақтану саласында жұмыс істейсіз бе? Менің қоржынымда 1956 жылы баспаханадан шыққан кітап бар, ішінде барлығы анық жазылған. Кейде соған қарап тамақ пісіремін» деп әңгімені әріден бастады. Бұрын су шаруа­шылығында қызмет істегенін, қазір экология саласында, жеке кәсібі бар екенін айтты. Сөздің төркіні тамақтану орындарындағы дастарқан мәзіріне, тапсырысқа, термин сөздерге, ұлттық тағамдарға ойыс­ты. Мұрат Бейсенқұловтың айтуынша, мейрамхана, асханаларда қазақ тілінде тапсырыс берсе, көбі түсінбейді, мәзірді тезірек әкелуі үшін орысша айтуға тура келеді. 
«Жазда Грузияда, Бұқара, Ташкентте болдым. Ол елдерде грузин-ағылшын, өзбек-ағылшын тілінде ғана тапсырыс бересіз. Жастары орыс тілін мүлде түсінбейді. Қазақстанда қазақша-орысша сөйлейді. Бірақ тағам атауларының қазақша нұсқасын айтқанда кідіріп қалады. Өткенде мейрамханаға барып бекіре сұрадық, көзі жыпылықтап тұрған соң: «осетрина красный» дедік, сонда ғана түсінді. Уақытты үнемдеу үшін амалсыздан оларға қолайлы тілге көшесің. Кейде саусағыңның ұшын шошайтып, жазуды қолыңмен көрсетуге тура келеді. Бізде еуропалық асхананың мәзірі көп, олар қазақшаланбаған. Мысалы, суп, оның қазақшасы не? Гороховой супты – бұршақ сорпасы дейміз, жарайды. Уха дейміз, уха – ортақ термин сөз, қазақша да, орысша да бірдей» деген Мұрат ағамызға «суп – сорпа, уха – балықтың сорпасы» екенін түсіндіргендей болдық. Уханы шын мәнінде білмегенін, айналасындағы жолдастарының бәрі орысша сөйлейтінін, кезінде қазақ мектебінде оқығанымен, ортасы орыстілді болып кеткенін жасырмады. Қазақпен қазақша, орыспен орысша сөйлесетінін айтып, телефонындағы қазақша жазылған хабарламаны көрсетіп жатты.  
Иә, бәрін де жоққа шығаруға болмас. Елімізде ұлттық тағамды дәріптейтін, мәзірді де, түбіртекті де мемлекеттік тілде жазатын, тұтынушының алғысына бөленіп жүрген үлкенді-кішілі мейрамхана-дәмханалар және ұлтжанды азаматтар бар. Бірақ олардың саны аз. Ал терминкомда бекітілгенімен, көпшілік баратын асхана желісіндегі даяшылар тағамның қазақша атауын біле бермейді. 
Біз барған Алматы қаласындағы «Орбита» ықшамауданындағы «Тағам» асханасында ірі жазумен науалар – подносы, сорпалар – супы, қою тамақтар – второе, гарнирлер – гарниры, шайлар – чай, нан өнімдері – выпечка, салаттар – салаты, тәттілер – десерты деп жеке-жеке жазып, көрнекілеп іліп қойыпты. 
Бірінші тамаққа, яғни сорпалар бөліміне өтелік. «Ауылдың сорпасы – суп деревенский», «рассольник», «жасымық сорпасы – суп чечевичный», «жасыл қырыққабат сорпасы – щи зеленый», «борщ», «тауық етінен сорпа – шорпа из курицы», «кеспе көже – суп с лапшой», «харчо сорпасы – харчо суп», «қой етінен сорпа – шорпа из баранина», «ақсерке сор­пасы – уха из семги», «тұшпара – пельмени», «асқабақ сорпасы – суп тыквенный...» Бәрі анық, айқын жазылған. Бірақ тамаққа тапсырыс бергенде байқағанымыздай, тұтынушының көбі мәзірді орысша айтып жатты. 
Аталған асханада жұмыс істейтін жастардың бірі Осман Ерболұлымен жолықтық. Осман аспаз мамандығын таңдапты, университеттің не бары бірінші курсында оқитын ол сабағын тәжірибемен ұштастыруды жөн көріп, сабақтан бос уақытында осында жұмысқа тұрған. 
– Мамандығым – аспаз. Бұл асханаға Сингапур, Үндістан, Түркия, Араб елдерінен адам көп келеді. Олардың жанында аудармашы болады, бізде де үш тілді білетін жастар жұмыс істейді. Тағам атауларының бәрі екі тілде жазылған. Тұтынушының сұранысына қарай қызмет көрсетеміз. Шетелдіктер көбінесе тамақтың түріне қарап таңдап алады. Елдегі тұтынушылар қазақша-орысша араластырып сөйлейді, оның себебі бізде тағам атауларының орысшасы көп қолданылады. Өзге елден енген термин сөздер болғандықтан, орысша атымен атаған оңай, жеңіл естіледі. Тағамның қазақша атауы жазылып тұрғанымен оған аса мән бермейді. Бір жағынан, айналасы, ортасы, жастайынан алған тәлім-тәрбиесі әсер етеді деп ойлаймын. Мысалы, мен қазақ болғаныммен, қазақша сөздерді толықтай жақсы білмеймін. Қазақ тілінде көп сөйлеуге тырысамын. Әкем қазақ тілін өте жақсы біледі. Бірде үйде «тұшпара пісірейік» деді. «Әке, тұшпара дейтін жоқ еді ғой» десем, «есіңе түсір» дейді. Интернеттен, гуглден іздесем, пельмень деп шықты. Адам бала кезінен не естиді, не көреді, санасында сол сөз қалыптасады. Анам үйде «бешбармак» дейтін, негізі оның ет асу екенін білемін. 
Шынтуайтына келгенде, тұтынушылардың біразы тамақтың қазақша атауын білмейді, орысша үйренген. Заман өзгерген сайын, қазақ тағамдарының атауы ұмытылып жатыр. Қазақша көп айтылмағандықтан, орысша атауы кең тарап кеткен. Мәселен, түтікшені білмейді екенмін, сізден бірінші рет естіп отырмын. Біз бала кезден «трубочка» деп өстік, бәлкім, ауылда түтікше дейтін болар, білмедім. Тұтынушы қалай айтады, біз соған қарай бейімделеміз, тұтынушының тілінде сөйлейміз, – деді Осман Ерболұлы. Ол сөздік қорына түтікше қосылғанын қуана жеткізді.
Елімізге тәттілерімен танымал «Kulikov» кондитерлік үйінің Жандосов көшесінің бойындағы тіскебасар бөлімшесіне барып, арқан балық қосылған круассан мен көк шайға тапсырыс бердік. Қызмет көрсетуші Ақниет Бақытқызының айтуынша, тапсырыс берушінің көпшілігі таза қазақ тілінде тапсырыс бермейді. Мәселен, күркетауық еті қосылған емес, «с индейкой», арқан балық қосылған круассан емес, «с лососем», зімбір шайы емес, «имбирный», таңқурайлы мандарин шайы емес, «малиново-мандариновый», тропикалық mix емес, «смузи тропический mix» деп тапсырыс береді екен. «Амандасу, сәлемдесу қазақ тілінде, дастарқан мәзірін сұрағанда орысша айтады. Арқан балық атауын мәзірге қосқан кезде өзіміз де бірінші рет естігенбіз. Лосось – балықтың аты, бірақ арқан балық деп ешкім айтпайды, меніңше, тікелей аудара салған сияқты. Бірақ сәтсіз аударылған деп есептеймін. Сондықтан бізге үйреніп қалғандықтан, лосось деп айтқан оңай, арқан балық десеңіз, ешкім түсінбейді» деді. 
Жылдам тамақтану дүкендерінің дүниежүзіндегі ірі желісі McDonald’s Corporation аталатын америкалық корпорацияның Алматыдағы бөлімшесінде жұмыс істеген Ұлпан Нағашбектің айтуынша, мейрамхананың өзінің заңдылықтары, ішкі ережелері бар. Ол ереженің бәрі екі тілде, қазақша да, орысша да жазылған. Бірақ көбінесе орыс тілі қолданылады. «Асүйдегі қолданатын заттар: булочка, котлета, фритюрница, жаречная поверхность, наггетс, холодильник, мойка, поднос, стакан, крышка, мороженое, напиток, фри, соль, сондай-ақ сборка, драйв... секілді сөздердің бәрін жұмыс барысында орысша айтатынбыз. Ал тұтынушылар өзара сөйлескенде қазақша сөйлеседі, себебі жұмыс істейтіндердің бәрі қазақ», – дейді Ұлпан Нағашбек. 
Рас, біздің ойға түйгеніміз, қазақтың ұлттық тағам атауларының ежелден қалыптасқан, қолданыстағы термин атауы бар. Мәселен, әсіп, борша (көбінесе ірі қара етінен дайындайтын кәуаптың бір түрі), жал-жая, қазы-қарта, жаубүйрек, қарын бөртпе, қимай, құйрық-бауыр, ми палау, үлпершек, шұжық, қымыз, шұбат, айран, балқаймақ, кілегей, қатық, қойыртпақ, қорықтық, құрт секілді қазақтың ұлттық тағамдарының атауы жаныңа жылылық сыйлайды. Алайда бұл атаулардың күнделікті қолданыс аясы тарылып бара жатқаны анық. Тамақтану орнына барған әр тағамды қазақша атап, тапсырысты өз тілімізде берген дұрыс. Бірақ немқұрайдылыққа салынамыз, мән бермейміз, назар аудармаймыз. Әр тағамды ұлттық атауымен атайық. Сонда ғана құлаққа сіңісті болып, тамақ ішуге келген әр тұтынушы да, даяшы да бұдан хабардар болады. 

Кесте:

 

Termincom сайтындағы қазақша атаулар

Termincom сайтындағы орысша атаулар

Сала мамандары қолданып жүрген қолданыстағы атаулар

аспаз

повар

аспаз

асхана

столовая

асхана

поднос

поднос

поднос

сорпа

сорпа, бульон, шурпа

сорпа

гарнир

гарнир

гарнир

сорпалы тұшпара

пельмени с бульоном

тұшпара

сүйек сорпасы

бульонкостный

бульон костный

құрт қосылған сорпа

сорпа с куртом

құрт қосылған сорпа

балық сорпасы

рыбный суп

балық сорпасы

рассольник

рассольник

рассольник

жасымық крем-көжесі

крем-суп чечевичный

чечевичный суп

быламық/ботқа

каша

каша

қарақұмық

гречка

гречка

күріш

рис

күріш

ет (қазақша ет)

мясо

бешбармак

сүбе

филе

сүбе

әсіп

асип

әсіп

піспенан

печенье

печенье

қаусырма

пирог

пирог

ақмарқа

жерех

ақмарқа

ақшабақ

снеток

ақшабақ

алабұға

окунь

алабұға

албырт/арқан балық

лосось

лосось

бақтақ

форель

форель

бекіре балықтар

осетровые рыбы

бекіре балықтар

 

жайын

сом

жайын

көксерке

судак

көксерке

май балық

маслянная рыба

маслянная рыба

май шабақ

сельдь

сельдь

балық сорпасы

уха

уха

майшабақ

иваси

майшабақ

қожакей, қарабүлдірген, қожақат

ежевика

ежевика

7301 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы