- Ақпарат
- 03 Қазан, 2024
Елдік мүдде тұрғысынан қарасақ...

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Достық үйінде «Ұлттық ономастика: ізденіс пен тәжірибе» атты республикалық семинар өтті. Іс-шараның мақсаты – еліміздегі ұлттық ономастика саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және осы бағыттағы өңірлердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Семинар жұмысына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, тиісті орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, республикалық және Алматы қаласы ономастика комиссияларының мүшелері қатысты. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен ономастика мәселесіне жауапты лауазымды тұлғалар келді. Сонымен қатар семинарға қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен зиялы қауым өкілдері де шақырылды.
Жиында «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдері және өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар», өңірлердегі ономастикалық ахуал, атаулары идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022–2025 жылдарға арналған жол картасының іске асырылуы тағы да басқа маңызды мәселелер қаралды.
Семинарда елді мекендердің және олардың құрамдас бөліктерінің байырғы тарихи атауларын ғылыми-зерттеу мәселелері, бұған қоса халық арасында ономастика саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған іс-шаралар да талқыланды.
Ербол ШЫМКЕНТБАЙҰЛЫ, Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
Мамандар ғылыми зерттерулерді негізге алады
«2024–2028 жылдарға арналған жол картасының жобасын талқыладық. Тарихи сананы қалыптастыру, елді мекендердің тарихи жер-су атауларын қалпына келтіру негізінде зерттеу жұмыстарын, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу негізінде министрлік 2024 жылдың сәуірінде Түркістан қаласында, мамыр-тамыз айларында Қарағанды, Ақтөбе қалаларында республикалық семинар өткізді. Білім беру мекемелеріне елімізге белгілі тұлғалардың есімін беру арқылы келер ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелейміз. Министрлік елді мекендердің байырғы атауларын зерттеп, тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіріп, үлкен жобаны қолға алды. Жобаның мақсаты – ономастикалық атауларды ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, жер-су атауларындағы тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи-ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру. Қазір ел аумағындағы топонимдердің электрондық 3D, 5D форматындағы картасын әзірлеу арқылы олардың өзгеру динамикасын көрсету әрі біріздендіру де жоспарда бар. Осы жоба министрліктің ономастикалық және геральдикалық қызметті дамыту бойынша Орталық Мемлекеттік архив мекемесі арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жоба барысында Латвия, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Монғолия, Қытай елдерінің архивтері мен кітапханаларына барып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, байырғы тарихи атауларын анықтау бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жоба аясында 2024–2026 жылдар аралығында барлық өңірде кездесетін, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды, байырғы тарихи атауларды зерттеу жұмысы жоспарланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда Атырау қаласында өткізген Ұлттық құрылтайда: «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды. Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек», – деп мәлімдеді. Ономастикалық атаулар жершілдіктен, рушылдықтан, атақ жарыстырудан алшақ тұрып, елдік мүдде тұрғысынан қарастырылуы аса қажет. Қазір антропонимика мәселесі де өзекті. Қазақ азаматтарының аты-жөнінің жазу мәселесі қолданыстағы ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселені шешу керек. Қазір ұлты қазақ азаматтардың есімін жазу, рәсімдеу барысында көптеген өрескелдік пен қателік жиі кездеседі. Мәселен, қыз баланың ата-анасы «Айгерім» деген есімді беруді қаласа, қазақ тілінің ережесіне сәйкес бұл есім «Әйгерім» болып жазылуға тиіс. Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары ұлттық антропонимика мәселесін ғылыми-практикалық және әдістемелік тұрғыдан дамыту жұмысына кірісті. Министрлік Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен бірлесіп, Қазақстан азаматтары аты-жөнінің игі ережелерін әзірлеу бойынша тиісті шаралар қабылдау жоспарланып отыр.
Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты, Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі:
Тұлғалардың аты-жөнін біріздендірейік
«Жер-судың аты – тарихтың хаты» деп бекер айтылмаған. Ономастика комиссия мүшелерінің ғана емес, тарихшылардың, халықтың, тұтас ұлттың мәселесі. Аймақтардағы, облыстардағы карталарды біріздендіріп алудың да маңызы зор болып тұр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдерімен бірлесе отырып, жер-су, елді мекендердің, көшелердің атауын ғарыштан түсірілетін картаграфикалық жүйеге енгізу, оны сауатты түрде мемлекеттік тілде анық енгізу бүгінде өзекті мәселе. Қазақтың төл 9 әрпі бар ғой. Қандай да бір елді мекенге бағытталған адам қазақша әріптері бар жерді қондырғылардың іздеу жүйесінен таба алмайды. Қазақша әріптер іздеу базасына енгізілмеген. Барлығы орыс тілінде жүргізіледі немесе латын қарпіндегі атаулар кіргізіледі. Бұл – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы 11-баптың 4-тармағында «Тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде облыстық маңызы бар қалалардың қаладағы аудандарына, құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді шешеді» және 14-1-баптың екінші тармақшасында «Тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қорытындылары бойынша жергілікті өкілді және атқарушы органдар бірлескен шешіммен әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі ұсыныстарды тиісті ономастика комиссияларының қарауына енгізеді» деп жазылған. Осы бапты ұлттық мүддеміз тұрғысынан қайта қарастыру қажет.
Солтүстік Қазақстан облысының жерлерін байырғы тарихи атауына ауыстыру жөнінде ұсыныс айтып, аумақ тұрғындарының пікірін сұрап көріңіз. Бәрі түсінікті болады. Кеңестік кезеңде қаншама елді мекеннің атауы қазақ халқынан сұрау салынбастан өзгертілді. Бір қазақтың келісімін алды ма? Мұның барлығы қоғамның тарихи-мәдени, әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекше идентификаторы ретінде қарастырылуы керек. Сонда ғана тілдік бейнеміз, ұлттық ономастикамыз айқындалады. Еуропаның 12 мемлекеті еркін сыйып кететін Қазақстандағы жер-су атауларының жалпы саны 3 миллиондай екен. Ел аумағынан 85 мыңдай өзен ағады, 50 мыңнан аса көл бар. Санатқа кірмеген жер-су атауларын да ұмытпайық. Тәуелсіздік – сол атауларды ұлт жадында қайта жаңғырту.
Адам аты мен тегінің дұрыс жазылу емлесі, нұсқасы, үлгісі де дайындалуға тиіс. Аты-жөнді тіркеу бөлімдерінің өкілі сол үлгінің негізінде ғана аты-жөнді қоюды талап етуі керек. Әйтпесе аты-жөндегі бірізділік те айдан-айға, жылдан-жылға ушығып кете беретін түрі бар. Шымкент қаласында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университетте болдым. Сондағы атауы – «Өзбекәлі Жәнібеков». Бірақ Өзбекәлі ағамыз қайтыс боларының алдында төлқұжатын «Өзбекәлі Жәнібек» деп өзгертіп кеткен екен. Сол сияқты бір өлкеде «Ә.Бөкейхан», «М.Жұмабай» көшесі болса, енді бір жерде «Ә.Бөкейханов», «М.Жұмабаев» көшесі деп беріледі. Осы мәселелер де өткір қозғалып, шешімін табуға тиіс.
Болат КЕРІМБЕК, Мәжіліс депутаты:
Қазақша жарнама тілін реттейік
Ономастика – өте нәзік, күрделі сала. 2010 жылға дейін белден басып, қолы жеткендердің атасына, әжесіне, құдасына да көше аты беріліп кеткен кездер болды. Бірақ 2013 жылы бұл мәселелер реттелді. Тарихи тұлғалардың тізімі тарихи сананы жаңғырту есебінде жасалады. Бірақ сол тізімнің өзіне де сын айтылып жүр. Басында өңірлерден 1 500-ге жуық тарихи тұлғалардың тізімі келді, оны 300-ге дейін қысқарттық. Бірінші мәселе, Тарихи тізімге кіру үшін де тұлға сол деңгейге лайық болуы керек қой. Қазір бұл тізім үш сүзгіден өтеді:
1. Тарихта шынымен есімі қалған тұлға болуы қажет;
2. Республикалық ономастика комиссиясының тексерісінен өтуі керек;
3. Президент аппаратында идеологияға жауапты ішкі саясат бөлімінің сүзгісінен өтуге тиіс.
Екінші мәселе – ұлттық сананы қалыптастыру үшін, Абай, Жамбыл есімі ол тұлғалардың туған жерінде ғана емес, мемлекеттің әрбір төңірегінде ұлықталуға тиіс. Рулық, тайпалық санадан әлі аса алмай отырмыз. Бұл азаматтар мемлекетіне, еліне еңбегі сіңген ерен, біртуар тұлғалар. Халық осыны түсіне бермейді.
Үшінші мәселе – калька аудармалары бар жарнамаларды еш жерде ілмеу. Ендігіде жарнамалар Тіл бөлімі орталықтары мақұлдаған соң ілінеді.. Жаңа ашылып жатқан тұрғын үй кешендеріне шетелдік атауларды беру трендке айналып кетті. Осы мәселені депутаттық сауалымда көтерген едім және бұл мәселені аяғына дейін апарамын.
Елерке ТӨРЕХАН, Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Ономастика басқармасының басшысы:
Заңдарға да өзгертулер енгізілді
Ономастиканың басқа салалардан айырмашылығы – ұлттық сипаты мен тарихи коды. Біз атау беру арқылы келер ұрпаққа халқымыздың тарихы мен мәдениетін жеткіземіз. Сондай-ақ тұлғалардың есімін беру арқылы оларға зор құрмет көрсететінімізді ескергеніміз абзал. Ономастика саласын реттейтін 2 заңымыз бар. Біріншісі – Тіл туралы заң, екіншісі – Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заң. Заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардағы көшелер бұған дейін облыстық ономастика комиссиясының құзырында болса, жаңа өзгерістерге сәйкес, саладағы бақылауды күшейту және орталықтандыру мақсатында республикалық ономастика комиссиясының келісімімен жүзеге асырылады. Тіл туралы Заңның 25-1-бабында республикалық ономастика комиссиясының құзыретіне: облыстық ономастика комиссияларының ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту жөніндегі қорытындыларын келісу: Облыстық ономастикалық комиссиясының құзыретіне: 1) Республикалық ономастика комиссиясымен келісілгеннен кейін ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру; 2) Республикалық ономастика комиссиясымен келісілгеннен кейін аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің құрамдас бөлiктерiне атау беру, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру жатады. Сол сияқты «Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға тиісті өзгерістер енді. Олар:
11-бап. Облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың өкiлеттiктерiнің 4-тармақшасы: тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының ұсынуы бойынша Республикалық ономастика комиссиясымен келісілген облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді шешеді.
12-бап. Аудандық өкiлдi және атқарушы органдардың өкiлеттiктерiнің 5-1-тармақшасы: тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, Республикалық ономастика комиссиясымен келісілген облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде аудандық маңызы бар қаланың құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді шешеді.
Былтыр бір жол бойы тарихи тұлғалар тізімі жинақталып, ауқымды зерттеу жұмыстары атқарылды. Барлық өңір негізінде 697 тарихи тұлғаны ұсындық. 234-і – өңірлік деңгейде ұлықталатын тізім, 468-і республикалық деңгейде ұлықталатын тізім. Тізімді жеке-жеке категорияға бөлді: Алаш қайраткерлері; батырлар, билер, хандар, жыраулар; мемлекет және қоғам қайраткерлері; денсаулық сақтау саласынң өкілдері.
Қыздархан РЫСБЕРГЕН, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ономастика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор:
Ұлттық есімдердің табиғаты бұзылып барады
Қазіргі, әсіресе қалалық жерлерде «сюцай» деп аталатын ағым белең алып жатыр. Мұнда адамның туған күні, жылының сандары, есім әріптерінің энергетикалық мәні бойынша қазақ есімдерін бұрмалау, әріп қосу сияқты үрдістер байқалып жатыр. Бұл – біздің мәдениетімізге жат, бөтен құбылыс. Жастарды осындай ықпалдан сақтандыру қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар қазіргі уақытта қазақ халқының есім қою дәстүрінде діни есімдер қолданысы кеңейіп келеді. Зайырлы мемлекет болғандықтан, діни сана-сезімнің және қоғамның ашықтығының арқасында дінге байланысты еркіндік бар. Сондықтан қазір Ибраһим, Мұстафа, Мұхаммед, Әбілмансұр, Фахреддин, Файзулла сынды Алланың 99 көркем есімі жиі қойылып жатыр. Мұхаммед пайғамбардың есімін қазақша Махамбет, Мұхамбет деп атаған. Ал осындай есімдерге ие азаматтар өз есімін Құран Кәрімде жазылған түпнұсқа атауымен рәсімдеп беруді сұрайды. «Неке және отбасы» кодексіне сәйкес, кәмелет жасына толған бала өзінің есімін қалай жазғысы келсе, еркіндік беріледі. Сондықтан қарсы болмай, азаматтың өтініші негізінде рәсімдеп беруге тырысамыз. Дегенмен жаңа туған нәрестеге есім беру кезінде араб тіліндегі «әбу», «ибн» сияқты артиклдерді қосып жазғысы келетін ата-аналар да бар. Бұл әрекетті ұлттық есімдеріміздің табиғатын бұзып, араб тілінің ықпалына еліктеу деп бағалаймыз.
Сәуле ҚҰРМАНБАЙҚЫЗЫ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры:
Бөріқазған – Бөрқазған; Құтырған – Қутұрған болып кеткен
5 облыс бойынша кестелі сөздікті әзірлеу үшін жұмыс тобы әр облыс бойынша 8 күндік тарихи-танымдық экспедицияларға шықты. Менің назар аударғым келетіні – 30 жылдай ресми түрде орындалмай тоқтап қалған аса қажетті шарт – экспедицияның осы жоба аясында жандануы.
Экспедиция барысында атаулардың бұрынырақта әзірленген нұсқаулыққа сай рәсімделуіндегі қателерді ғана емес, жергілікті тұрғындар қолданысындағы, католог және карталардағы атаулардың сәйкессіздігін анықтадық. Мәселен: Бөріқазған – Бөрқазған; Құтырған – Қутұрған болып кеткен. Топонимика тек елді мекен емес, сонымен бірге өзен, көл, жол, тау, жота, батпақ, арық, мұздық т.б атауларын қарастыруы да қажет. Ал бізде ол назардан тыс қалып отыр. Мәселен: Батрацкий (Алматы обл., арық), Оголек (Павлодар обл., тау), Белая (Абай обл., тау), Сапожников (Жетісу обл., мұздық). Алматы тауларында Жер шарының ең әсем тұстарының бірі болып есептелетін осы уақытқа дейін «Богданович мұздығы» деп аталып жүрген мұздық, туристерді табиғи сұлулығымен елітіп алатын, Октябрь үңгірі (Алматы облысында, Іле Алатауы жотасының солтүстік беткейінде, Богданович мұздығында, Шымбұлақ тау шаңғысы базасынан үш шақырым жерде орналасқан үңгір) бар екен. Яғни бұл жерлер әлемдік деңгейде белгіленген табиғи нысандар. Кестелі сөздіктің қосымшасы ретінде өңірлік суретті анықтамалықтар әзірленіп жатқанын хабарлаймын. Мысалы: «Екіаша – өзен, Алматы шыңынан солтүстік-батысқа қарай ағынсыз арна. Қаскелең қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай; Қарасай ауданы. Бұған қоса, тарихи-танымдық экспедициялар нәтижесі ретінде танымдық видеофильмдер жасалып жатыр. Осы жоба бойынша топонимдерді жинап, зерделеу барысында ұлттық танымдағы, жер бедерінен ақпарат беретін атаулардан айырылып қалғанымызға көзіміз жетті. Сонымен қатар ауыстыруға мүлде атау таппаған кезде қазақ тілінен орыс тіліне калька ретінде аударылған атаулар да қалыптасқан. Мысалы: Қамысты – Камышовый, Родник – Бұлақ, Өртең – Горелый т.б. Осындай атауларды қалпына келтіру және ауыстыруға ыңғайлау мақсатында облыстар бойынша калька атаулар тізімі жасалып, бекіту үшін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына сараптамаға жіберілді. Тарихи-танымдық экспедиция тобы сөздік түзуде, оның электронды нұсақаларын сақтауда тәжірибе алмасу үшін Рига (Латвия), Ыстанбұл (Түркия) қалаларындағы кітапхана, ЖОО, архивтерге барып жұмыс істедік.
Мәулен ТОҒЫС, География және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері:
Сарқан ба, Сарқанд па?
Жаз айында Жетісу, Алматы, Павлодар, Абай және ШҚО-да далалық экспедициялық жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде тарихи-танымдық экспедицияны жүргізу бойынша Жетісу, Алматы, Павлодар, Абай және ШҚО облыстары аумағының маршрут сұлбасы дайындалды. Әр үлгіде аймақтың қандай бөлігінде қанша шақырыммен өткеніміз белгіленген. Мәселен, Жетісу аумағында біз шамамен 32 локацияны барлағанымыз көрсетілген. Еліміздің Сарқан ауданы ресми осылай аталғанымен, карта беттерінде «Сарқанд» деп жүр. Өкінішке қарай, қай нұсқаның дұрыс екенін көпшілік біле бермейді, байыбына бармайды. Ұлттық ономастиканың алдында тұрған күрделі ғылыми мәселелердің санатында орыс тіліне (жазылуына) басымдылық беріліп келген экзонимдік атауларды (шетел атаулары) қайтадан қазақша таңбалауда түпнұсқаға барынша жақын тұлғада транслитерациялау мәселесі тұр (Москва – Мәскеу, Алжир – әл-Жазира, Түркия – Түркие, Каир – Қайыр, Тегеран – Теһран, Баку – Бақы, Пекин – Бейжің т.б.). Сарқан ауданында географиялық аймағына, пішініне, орналасқан жеріне қарай аталған Черкасское ауылы бар. Бұл жерлерге тарихи атауларды қайтаруымыз керек.
Әзірлеген
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

1212 рет
көрсетілді0
пікір