• Ақпарат
  • 03 Қазан, 2024

Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ, «

Ana tili»
 

 «Мұғалім мәртебесі қандай?» деген сұраққа жауапты «Педагог мәртебесі туралы» Заңнан табамыз. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. Педагогикалық жоғары оқу орнында оқитын болашақ мұғалімдер педагогиканың дипломатияға ұқсас екенін алға тартады. Өйткені мұғалім оқушымен ортақ тіл табысып, бір толқында болып қана қоймай, сонымен бірге олардың алдында құрмет пен беделді жоғалтпауы керек деп есептейді.
 

Бір жылдары «Балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орны» жүйесінде мемлекеттік тілді деңгейлеп үздіксіз оқыту стандарты бекітілгені белгілі. Осыдан кейін мектепке дейінгі ұйымдарда да қазақ тілі оқытылып, баланы мектепке алдын ала дайындайтын жүйелер қалыптасты. Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері де белгіленген тәртіп бойынша мемлекеттік тілді балаларға оқытып, белгілі бір бағдарламамен жұмыс істеп отырған көрінеді. 
– Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға үлкен мән берілгені белгілі. Жас ұрпаққа мемлекеттік тілді жақсы меңгерту үшін балабақшадан бастап тиімді жұмыстар ұйымдас­тыру қажет. Баланың оқу тілін таңдау – ата-ананың еркіндегі іс. Ата-аналардың өтініш-тілектері ескеріліп, соңғы жылдары қазақ мектептерінің, қазақ сыныптарының саны артып жатыр. Тіл үйрену мектеп жасына дейінгі кезеңнен басталады. Бұл жастағы балалар тілді үйренуге бейім, ересектерге еліктейді. Мектепке дейінгі балалық шақта мемлекеттік тілді ерте үйрену баланың жеке басының үйлесімді дамуына ықпал етеді. Тілдерді ерте жастан үйрету баланың зияткерлік қабілетін дамытуға, сонымен қатар балаларды мемлекеттік тілге және өз елінің мәдениетіне баулуға мүмкіндік береді. 
Әдістемелік ұсынымдардың мақсаты – мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне мемлекеттік тілді меңгерту мәселелері бойынша педагогтерге әдістемелік көмек көрсету. Мектепке дейінгі ұйымдарда қазақ тілін оқытудың міндеттері балалардың мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылығын ояту, қазақ тілінде қарапайым ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру (түсіну және сөйлеу), балалардың лингвистикалық білім алуына ықпал ету, бастапқы қарым-қатынас дағдыларын игеруге жағдай жасау, қарапайым қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, қазақ халқының ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына қызығушылық тудыру, оларды құрметтеуге тәрбиелеу және әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларының дамуын қолдау. Елімізде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты балаларға 3 жастан бастап қазақ тілін оқытуды көздейді, – дейді Алматы қаласы КМҰК «166 бөбекжай-балабақшасының» әдіскері Айымхан Әмірбекқызы. 
«Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында» алға қойылған міндеттерді шешуде білім беру жүйесіне ерекше рөл беріліп, бұл негізгі басымдықтардың бірі ретінде атап көрсетілген. Ал оның негізгі тұлғасы мен «қозғаушы күшіне» қатысты «Педагог кадрлардың тапшылығынан мұғалім орнына бәсекелестікке дейін» деген талап алға қойылды. Бұл, өз кезегінде, мемлекет пен қоғамның осы кәсіптің беделін және оның қазақстандықтар алдындағы тартымдылығын арттыру бойынша одан әрі күш салуын болжайды. Алматы қаласы №172 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Жадыра Кенжебекованың айтуынша, мұғалімнің миссиясы әрқашан және барлық жерде ерекше маңызды және құрметті деп саналды. Өйткені кез келген мамандық, мейлі ол ғарыш пен жоғары технология­ларға, адамдарды емдеуге, құрылысқа немесе тамақ өндірісін ұйымдастыруға қатысты болсын, мектеп мұғалімдері, содан кейін орта арнаулы және жоғары оқу орындарының оқытушылары бекітетін қажетті білім қорын қажет етеді.
– Мұғалім өз пәніне үлкен қызығушылық тудыруы керек. Менің ойым­ша, қазіргі мұғалім соңғы технологиямен, «цифрмен» және байланысты болғаны тиімді, әрине, виртуалды әлем тартымды, бірақ ол шынайы әлемді алмастыра алмайды.
Сондай-ақ, менің ойымша, мұғалім балаларға өмірде өз жолын таңдауға, өз пәніне құмарлықты табуға көмектесуі керек, егер бұл бұрыннан бар болса, оны одан әрі дамыту қажет. Маған мұғалімнің әзілқой, мәдениетті болғаны және сабақта қиын жағдай туындаса, оны жеңе алатыны ұнайды. Біз, болашақ мұғалімдер, конструктивті диалог жүргізуді, баламен қарым-қатынас орнатуды толық мегеруіміз керек.
Мейірім, жұмсақтық, достық, әзіл өз алдына, мұғалім керек кезде қатал әрі әділ де болуы керек деп есептейтін болашақ мамандар да бар. Олардың пікірінше, әркімнің өз орны болғаны дұрыс. Мұғалім мәртебесі сонда ғана құрметпен сақталады.
Оқушылар ұстаздарының әрқашан мейрімді болғанын қалауы мүмкін. Дегенмен мұғалім қатал болып, үй тапсырмасын, тестерін әділ бағалауы керек. Егер бала мұғаліммен арасында ыңғайсыздықты байқаса, оны сезілмейтін жағдайда жоюға болады. Мұғалім оқушыларға ашық болса, сыныптағы атмосфера еркін болады.
Мұғалім – шәкірттерімен бір толқында жүретін адам. Сырттай қарағанда, ол кез келген нәрсеге ұқсауы мүмкін. Заманауи мұғалім гаджеттерді түсінуі керек және жалпы оқушылармен өмір сүретін барлық нәрселерден хабардар болуы қажет, әсіресе олар жоғары сынып оқушылары болса. Әйт­песе мұғалім авторитет болмайды. Ол сондай-ақ қазіргі оқиғалар немесе өзіңіздің қандай да бір мәселеңіз туралы сұрап, жауап ала алатын адам болуы керек. Яғни ол өз пәнінен тыс сауатты адам болғаны жөн, – дейді №172 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Жадыра Тұрдықұлқызы. 
«Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдерге серпіліс әкелді. «Мұғалімнің құқы арнайы заңмен қорғалатын болды» деген ақпарат мұғалімнің қоғам алдындағы еңсесін бір көтеріп тастағаны анық. Астана қаласы, М.Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназия­сының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім Ташметова заңда көрсетілген мұғалімнің құқығы «Білім туралы заңда», «Еңбек кодексінде» тағы басқа заңдарда да бұрыннан бар екенін айтатды. Оның сөзінше, «Педагог мәртебесі туралы» заң да жұмыс істеп тұруы үшін мұғалім өз құқығын заңмен қорғай білуі маңызды. Ол үшін мұғалім мектептегі басты тұлғаға айналып, оның оқушыға сапалы білім беруіне барлық жағдай жасалуға тиіс.
– Ұстаз мәртебесі – астары тереңде жатқан қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анықтайтын өлшем. Педагог тұғыры – қоғам мен мемлекет тұғыры. Қай мемлекет ұстаздарына қатысты қандай саясат ұстанса, мемлекеттің беделі де соған сай қалыптасады. Сондықтан еліміздегі мұғалім беделін арттыра түскен заң жобасының қабылдануы ұстаздар мерейін өсіре түсті. «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – ұстаздікі» деген халқымызда ұстазды қадірлеуге байланысты тамаша дәстүр бар.
Әрине, білім саласының өзіндік, кәсіби тұрғыда қиындықтары жетерлік. Нағыз ұстаз шәкірттерінің алдында ешқашан да жалған, жасанды, жүйесіз әрекетке бармайды. Жалпы, әділдік пен тазалықтың бастауы – мектеп. Осы тетік ұмытылмаса, қоғам қай жағынан да көштен қалмайды.
Балалардың сабаққа, тіл үйренуге деген ынтасы жақсы. Өз ойын толық қазақ тілінде жеткізеді деп айтсам, артық болар, дегенмен барынша ауызекі стильде сөйлеп, ойын жеткізуге тырысады. Диктант жазуда қазақ тіліне тән дыбыстар қиындық тудырады, десе де балалардың талпынысына қарап қуанамыз. Қалада жүргенде дүкеннен, автобустан қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін кездестіріп қаламыз. Менің ойымша, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, сол кісілерге қазақ тілін үйреткен, сөйлеу деңгейіне жеткізген – білімді де талапшыл ұстаздары. Өзім білім беретін орыс тіліндегі мектептің түлектері сұрақты түсініп, жауап беруге ынталы. Ал қазақ тілін оқыту – машақаты мен қызығы аралас өте күрделі процесс. Біздің тіліміз әуезді, төл дыбыстарымызды ажырату қиын әрі оқушылардың көбінің орфоэпиялық тұрғыда қиналатыны тағы бар. Қарапайым әріптерді дұрыс айтуды үйретудің өзі бірнеше сабақты қамтиды. Сол себепті, ұстаздың ерен еңбегі мен шәкірттің талпынысы бәрін жеңеді деп айта аламын. Оқулықтың тіл дамытуға ықпалы орасан зор. Бала күнделікті суретке қарап әңгіме құрай отырып сөздік қорын молайтады. Ережені жаттап отырып, тапсырманы өз бетінше орындайды. Жаңа сөздерді жаттап, мәтінді оқиды. Оқулықтың да, қосымша реквизиттің де тіл дамытуда алатын орны ерекше, – дейді М.Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әйгерім Мырзаханқызы. 
Қазір мектепте функционалды білім, функционалды сауаттылық деген ұғымды жиі айтамыз. Ол не? Ол – оқушының келешегіне жарамды, былайғы өміріне қолдана алатын білім. Ақаң оны жалпыға бірдей тегіс керек білім дейді. Мектептегі қазақ тілі пәні – нағыз сондай пән. Қазіргі тілмен айтқанда, нағыз функцио­налды сауаттылыққа үйрететін пән. Бұл өмірде жазбайтын, сөйлемейтін адам жоқ. Тілші, әдебиетші, журналист қана жазбайды, бәріміз жазамыз, бәріміз сөйлейміз. Әрине, мектептегі барлық пәндер баланың болашағына керек білімді үйретуге бағытталған ғой. Функционалды сауаттылық дегеніміз – осы. 
Мұғалімдердің пікірінше, бала үй ішінде қазақ тілінде сөйлемегендіктен, орыс және аралас мектептердегі қазақ тілінің оқыту деңгейі төмен болып тұр. Бұрындары 5-сыныптан жоғарыға қарай аптасына 5 күн бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытылатын еді, қазір 1–2-сыныпта аптасына 2 сағаттан, 3–4-сыныптарда 4 сағаттан, 10–11-сыныптарда 3 сағаттан оқытылатындай етіп қойды. Орыстілді, аралас мектептерде қазақ тілін оқыту деңгейі төмен. Мектептің жанынан үйірмелер ашылса, ол үйірме қазақ тілінде жүргізілсе, домбыра сыныптары көптеп ашылса, әр сыныпта аптасына 2 рет домбыра сабағын факультатив ретінде емес, арнайы пән ретінде енгізсе, жақсы болар еді. Ол үйірмелер басшылық тарапынан қадағаланып, есебін алып отыратын адам болса, бір сыныпқа жететіндей 30–40 дана сапалы домбыра таратылса, жақсы болар еді деген ойларын бөлісті.

 

1207 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы