• Ақпарат
  • 03 Қазан, 2024

Баланың бөтені болмайды

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Алаңдайтын нәрсе аз болмай тұр. Расында да солай. Әсіресе мәселе балалар мен жасөспірімдерге қатысты болып отыр. Мәселе кімде, кілтипан қайда, балада ма, жоқ, әлде ата-анада ма? Қалай айтқанда да, отбасыда балаға жанашырлықпен, мейірімділікпен қарайтын уақыт жетті. 

Кез келген ата-ана қазір жұмысбасты. Үйге кешке ғана оралады. Бала-шағасын асырау керек. Жұмыста отырып, баласына телефон шалып, алаңдап отыратын ата-аналар да бар. Әрине, бәрін түсінеміз. Бірақ күнделікті болып жатқан оқиғалардан балаңыз қаншалықты қашық жүр, жағымсыз әрекеттерден ол өзін бөлек ұстай ала ма? Қатарластары тарапынан қысымға ұшыраған жоқ па? Баласымен ашық әңгімелесе ала ма? Бұл сауалдарға, ең алдымен, ата-ана жауап беруге тиіс. Бәрін мектепке, сыртқы ортаға ысырып тастай беруге болмас. Дерекке көз жүгіртсеңіз, шын мәнінде қазіргі кезде жағдайдың алаңдатарлықтай екенін жоққа шығара алмаймыз.
Бас прокуратураның құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар мен тамыз аралығында Қазақстан бойынша 2 389 суицид оқиғасы тіркелген. Оның 128-ін жасөспірімдер жасаған. Былтыр дәл осы кезеңде 2 620 дерек тіркелген. Ең алаңдатарлығы, көп жағдайда суицидтің себебі анықталмай қалады екен. Жасөспірімдер мұндай жағдайға неліктен барады? 2024 жылы да осындай 1 929 оқиғаның себебі белгілі болмай, нақтыланбай қалған. 
Жалпы, өзіне-өзі қол жұмсау ауыртпалықтан шығатын жол емес. Ақиқатында, мұндай әрекетті тек жасөспірімдер жасай ма? Бұлай десек, қате көзқарас болып шығады. Статистика комитетінің мәліметіне сенсек, көбінесе 35 пен 54 жас аралығындағы орта жастағы адамдар да өзіне қол жұмсауға жиі барады екен. Себеп әртүрлі. Ал құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің себебін жалғыздық, ата-­анасымен дау-жанжал, өмір сүру сапасының нашар болуы, телефондағы ойын, буллинг, құрдастармен қарым-қатынас, жазаланудан қорқу және басқа да себептерден іздейді. 
Бірақ ең алаңдатарлығы, бұрын 15–17 жас болса, 11–13 жастағы балалар арасында суицид жасаушылардың саны өсіп барады. Мұны балалар омбудсмені Динара Закиева да растап отыр. 
Рас, қазір көмекке жүгінетін балалардың саны артты. Оларға қолғабыс көрсететін 111 орталық бар. Кез келген бала қысым көріп жатса, телефон шалып хабарласуына болады. Мемлекет балалар үшін барлық жағдайды жасап отыр. Қысымға жол жоқ. 
Ақиқаты бала қандай қателік жасаса да, одан теріс айналуға болмайды. Әсіресе әрбір ата-ана TikTok, Instagram, Telegram сияқты әлеуметтік желідегі ақпаратты қатаң бақылып отыруға тиіс. Балаңыз жат ақпараттың жетегінде кетпеуі керек. Сондықтан құқық қорғау саласы, ішкі істер министрлігі, прокуратура қарап отырған жоқ, интернеттегі бүкіл сайтты қатаң бақылап, қадағалауда ұстап отыр. 
Бас прокурор Берік Асылов осы аптада балаларды суицид жасауға итермелейтін 15 мың сайт пен сілтеменің бұғатталғанын айтты. 
– Балалардың өзіне-өзі қол жұмсауы қоғамдық пікір тудырды. Прокурорларға әр факт бойынша тергеуді ерекше бақылауды тапсырдым. Жалпы, әлеуметтік желілер балалардың суицид белсенділігіне әсер ететіндіктен, прокурорлар 15 мың зиян сайт пен сілтемені бұғаттауға қол жеткізді, – деп жазды ол «Х» әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Сондай-ақ қазір прокуратура тұрмыс жағдайы нашар отбасылармен жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Алдағы уақытта мемлекеттік органдармен суицидтің алдын алу бойынша шұғыл шаралар кешені әзірленеді.
Рас, баланы бақылауда ұстамаса болмайды Осы аптаның басында Астанада көпқабатты үйдің шатырында жүрген 7 жасөспірім ұсталған. Олардың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонда жеті бала биік үйдің шатырында не істеп жүр? Қызығушылық па? Ойнап жүріп от басса, қайтеді? Ең алдымен, ата-анаға ауыр тиеді. Анықталғанындай, жасөспірімдер шатырға көтерілетін есіктің ашық тұрғанын көріп, төбеге шығып, айналаны көріп қызықтауға шешім қабылдаған. Ұсталғаннан кейін олардың мобильді құрылғылары тексеріліп, қауіпті ойындарға қатысының бар-жоғы нақтыланған. Шатырға шыққандардың жазатайым аяғы тайып кетіп жатса, ең ауыр оқиға – сол. Бала қауіпті білмеуі, сезбеуі мүмкін. Ал балаларға дұрыс бақылау жасамағаны үшін олардың заңды өкілдері ата-анасы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 435-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жерде ата-ана ғана кінәлі емес. Сонымен қатар тұрғын үй кешендері мен үйлердің төрағалары да шатырға шығатын есікті жауып қоюы қажет. Сонда ғана ата-ананың жүрегі тыныш, қоғам мұндай қауіпті оқиғалардан аулақ болады.
Баланың бөтені болмайды. Сондықтан «менің балам емес, шатырда жүрсе, жүре берсін» деген ойдан кез келген тұрғын ада болуға тиіс. Бір-ақ рет берілетін өмірде, ең алдымен, баламызға, бір-бірімізге бас-көз болып жүрсек, бақыт деген сол...

1066 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы