• Ақпарат
  • 03 Қазан, 2024

Қарттар – тарих, қазына

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттің мәжіліс залында Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №32 кітап­хана бөлімшесі мен ҚазҰПУ-дің филология факультетінің бірлесіп ұйымдастыруымен 1 қазан – Қарттар күніне орай «Қарттар – тарих, қазына, ел қазығы» атты мерекелік әдеби шолу болып өтті. 


Алғашқы сөзді университеттің филология факультетінің деканы Алуа Таңжарықова кіріспе сөзбен ашып, қарттар күнінің маңызына тоқталды:  
– Бүгінгі әдеби шолуға ұлтымыздың батыр перзенті, Екінші Дүниежүзілік соғыста қан кешіп, от пен оқтың арасында партизандық ерлігімен жеңісті жақындатқан қайсар атамыз – Қасым Қайсенов туралы жазылған «Қаһарман Қасым» атты кітап бекер таңдалып алынған жоқ. Кітап авторы – бүгін біздің ортамызда отырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші, журналист  Еркін Нұразхан батыр ағасының көмекшісі бола жүріп, тағылымды оқиғалардың куәсі болған, – дей келіп, келген мәртебелі қонақтарға алғыс білдірді.  
Еркін Нұразхан атақты қаламгерлерге жасаған қызықты шарж суреттер, карикатуралары арқылы жазушы-журналист Шерхан Мұртаза тағы басқа ағалардың көзіне түсіп, «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа шақырылып, еңбек жолын бастайды. Кейін басқа басылымдарда қызмет етеді. 2000–2006 жылдары  Қазақстанның Халық Қаһарманы, даңқты партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің жеке хатшысы қызметін қоса атқарады.
– Қасым Қайсеновтей батыр тұлғаның жеке хатшысы болу күтпеген құрмет болды. «Әй, қарғам, черныйым» деп еркелетуші еді. Әкелік жанашырлықпен қарсы алатын қоңыр үні, құлағыма күні кешегідей естіледі. Ағаның жарқын жүзі, бала күлкісі, айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезі көз алдымда. 2000 жылы Қасым ағаның көзі нашарлап, мүлде көрмеуге айналады. Досы, профессор Тұрсынбек Кәкішев ағаның айтуымен, ресейлік академик, әйгілі көз дәрігері С.Федоровтың шәкірті Мәдина Құралова өзінің «Көз микрохирургиясы» емханасына шақырып, емдей бастады. Ағаның өздігінен жүріп-тұруы, оқып-жазуы қиындағанын естіген Қалтай Мұхамеджанов, Дмитрий Снегин, Бәйкен Әшімов секілді замандастары Президентке хат жазып, батырға жеке хатшы тағайындап, қамқорлық көрсетуді сұраған. Бұл өтініш орындалатын болып, министрліктің Алқа шешімі шыққан соң, жеке хатшыны таңдау еркі өзіне берілді. Қасым ағаның таңдауы маған түсті. Сөйтіп, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің жеке хатшылық жұмысына кірістім. «Аты аңызға айналған адамның қасында бірге жүремін, сөзін тыңдап, дәмдес, сырлас, сапарлас боламын» деген ойыма да келмепті. Тағдырдың жазуымен қазақтың ардақты ұлының хатшысы болғаныма шүкіршілік етемін. Қасым ағамен жүрген уақытым – мыңның басына бұйыра бермейтін бақыт. Ол Құдайдың шапағаты түскен жан. Журналистикадағы ұстазым Дидахмет Әшімханұлы кеңес бергендей, күн сайын Қасым ағамен кездескен кездегі алған әсерімді, не айтқанын, кімдер туралы сөйлегенін, қандай мәселе қозғағанын дәптерге түртіп отырдым, – деді автор. 
Бұдан соң басқосуға арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар Әділғазы Қайырбеков, Өтеш Қырғызбаев,  режиссер-драматург Ерсайын Төлеубай, тарихшы Ахмет Тоқтабай қатысып, кітап пен автор туралы ой-пікірлерін бөлісті. Студент-жастардың сұрақтарына толық жауап берді.
 Аға ұрпаққа құрмет көрсеткен әдеби жиынды Сарбонна-Қазақстан институты, Халықаралық құқық факультетінің 1-курс студенті Абылайхан Қиясхан мен ҚазҰПУ филология факультеті қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұлдыз Тұрғынбай тартымды жүргізе білді. 
Ал іс-шараны ұйымдастыруға үлкен үлес қосқан ҚазҰПУ филология факультетінің тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Бекболат Құрманғазыұлына алғысымыз шексіз. 

Әлия ТОҒАЙБЕКҚЫЗЫ,
Алматы қаласы 
Орталықтандырылған 
кітапханалар жүйесінің 
№32 кітапхана қызметкері

935 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №40

10 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы