• Ақпарат
  • 03 Қазан, 2024

Адамдық диқаншысы

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ, «

Ana tili»

Әл-Фараби өзінің ұстазы Аристотельдің кітаптарын көп оқып, оның көбісін жатқа білген. Бір күні әмір, ғалымдар одан:
— Кім көп білетін, сіз бе, әлде Аристотель ме? — дегенде ол:
— Егер Аристотель тірі болып, оған кездессем,  оның шәкірті болуға ғана жарар едім, — депті.

Өміріңде ешқашан ұмытпайтын және ұмытылмайтын екі нәрсе бар. Ол – жарық дүниеге әкелген, әлпештеп, аялап өсірген ата-анаң. Екіншісі – «ғалым да, шахтер де бас иетін» алғашқы ұстазың. 
Мектеп табалдырығын аттаған сәтте бізді Мырзабай Сатаев ағай күтіп алды. Сыныпқа кірген сәтте оның өте сабырлы, бірақ түсі суықтау жүзі бізге ұнай қойған жоқ. Қаталдығынан қорқып та, сабақ оқып баратынбыз. Бірақ сол Мырзабай ағайдың сыныбынан түлеп ұшқан балалардың ешқайсысы жаман болған жоқ. Осыдан үш-төрт жыл бұрын мектеп бітіргенімізге 40 жыл толғанда «Көңілден кетпес жылдар, тағылымнан тұнған сырлар» атты кітап шығардық. Өмірден өтіп кеткен алғашқы ұстазымызды сағына  еске алдық. Көзіне жас алғандар да болды. Мінезі мен әр сөзінен талапшылдығы көрініп тұратын алғашқы ұстаздың қаталдығын сол кезде түсінбеген шығармыз. Мектеп табалдырығын енді аттаған бастауыш сыныптың баласына әкеңнен де артық талап қойған ағайдың шын мәнінде болмыс-бітімі бөлек еді-ау. Ал бірінші сыныптың бүгінгі баласы мұндай қаталдық пен талапшылдыққа төзе қояр ма екен?! Қазіргінің ата-анасы «жаман болмай, жақсы жоқ» деген қағиданы түсіне алар ма еді? Маған Абай айтқан «атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген қағидасы сол Мырзабай Сатаевпен бірге кеткендей болып көрінеді де тұрады. Бұл ғана емес, әріпті енді танып, сауатын енді ашуға келген, оң-солын тани қоймаған үлбіреген періште балаға сабақ беретін мектепте ер адам қалды ма қазір?! Дерек іздеп көрсең, бастауыш сыныптың балаларына, негізінен, әйел мұғалімдер сабақ береді. Әрине, сабақ беруде, сауат ашуда әр ұстаздың өз орны бар. Бірақ балаға мейірім мен білімге құштарлық болмаса, ұстаз болу да қиын-ау. Оңай емес.Ұстазы жақсының ұстамы жақсы. Біз адам болудың алғашқы әліппесін  ұстаз Мырзабай ағайдан үйрендік. Журналист болғасын, оқта-текте «қазір мектепте ер мұғалімдер неге аз» деп мәселе көтеріп қоямыз. Ер адам демекші, қазір Қазақстан білім беру саласында қанша мұғалім бар? Оның ішінде ер адамның саны қанша? 
Жаңа 2024–2025 оқу жылында Қазақстанда 3,9 миллионнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттады. Оның 352 мыңы – бірінші сынып оқушылары.
Ал мұғалімдердің саны оқушылардан он есе аз, соңғы деректер бойынша, мектептегі ұстаздардың  саны 398,9 мың шамасында. Оның ішінде 91 878 – модератор, 87 685 – сарапшы, 76 021 – зерттеуші, 3 566 шебер бар. Ал еліміздегі білім беру ұйымдарында 93 048 ер адам мұғалім болып жұмыс істейді. Оның 13 867-сі колледждерде, 76 502-сі мектептерде, 2 679-ы мектепке дейінгі ұйымдарда қызмет етеді. Бұл дерекке университет оқытушылары кірмейді.
Мұның бәрін бекер айтып отырған жоқпыз. Мұғалім – барлық мамандықтың анасы. Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады. Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты екені сөзсіз. 
Ағылшын ағартушысы Британ академиясының  президенті Уильям Уордтың «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген сөзі бар. Ұстаздан үйренген білім бізді болашаққа жетеледі. Әр ұстаздың ақылы мен сөзі өмір сүруге мотивация берді. Адам болдық, мамандық алдық. Бірақ бізді саналы ғып өсірген, сапалы сабақ берген ұстаздарды ұмытқан жоқпыз.  
5 қазан – мұғалімдер күні. Алғыс ұстазға! Рақметімізді айтайық, ризашылығымызды білдірейік. Қайталау­дың тағы жөні бар, өйткені мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы. Рас, енді бірер күнде ұстаздың құшағы гүлге толады. Ал ұстазға гүл сыйлауға бола ма? Әрине! Бұған Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы тиянақты жауап берді.  
– Мереке қарсаңында әріптестерден «Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма?» деген сұрақтар түсе бастады. Ұстаздар күні, расында, ерекше күн. Бұл мереке педагогтердің өміріміздегі маңызды рөлін тағы бір еске салады. Сондай-ақ бұл – бізді тәрбиелеу мен оқытуға бар күш-жігерін жұмсаған ұстаздарға алғыс білдірудің мүмкіндігі. Гүл сыйлау, жақсы лебіз білдіру – мұғалімдерге білдіретін алғыс. Мұндай ықылас ұстаз еңбегінің маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, ұрпақтар арасындағы сыйластық қарым-қатынасты нығайта түседі. Ұстазға құрмет көрсету ұрпақтар арасында сақталып келе жатқан дәстүр, – деді Мереке Амангелдіқызы.
3 қазан күні сағат 12:00-де еліміздің барлық білім беру ұйымдарының оқушылары «Ұстазым» әнін бір мезгілде орындайды. Бұл ғана емес, Оқу-ағарту министрлігі 5 қазан Ұстаздар күніне орай «Даналық ұстаздан» челленджін жариялайды. Бұл іс-шара педагогтерге құрмет пен алғыс білдіруге, сондай-ақ «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады.
Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар қоғамда жауапкершілік, мейірімділік, адалдық және тәрбиелілік сынды қасиеттерді қалыптастыратын көшбасшылықтың үлгісі. Ал «Даналық ұстаздан» челленджі педагогтердің ұрпаққа сіңірген еңбегіне ризашылығымыз бен құрметіміз екені анық. Ендеше, сіз де білім берген сүйікті ұстазыңызға әлеуметтік желі арқылы алғыс білдіріңіз.
Өйткені жер бетінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы жұмыс жоқ. Өмір бойы ізденумен өтетін мұғалімнің жұмысы қашан да мәртебелі. 
Ұстаздық – ұлы іс. 

1047 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы