- Cұхбаттар
- 10 Қазан, 2024
Әділет АХМЕТҰЛЫ, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, PhD: ЖӘДІГЕРЛЕРДІ ОҚУ БАҚЫТЫ БІЗГЕ БҰЙЫРДЫ
Қилы тағдырды бастан өткерген бұрнағы буынның сан түрлі көңіл толқынысы, мұңы суреттелген, көз жасы тамып, сарғайған түпнұсқа хаттар не дейді? А.Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері Әділет Ахметұлы арыстардың өз қаламынан туған дүниенің маңызы туралы әңгімелеп берген еді.
– Өткен ғасырлардағы қолжазбаларды тауып, халыққа жеткізіп жүрсіз. Қолжазбаны табудың, зерттеудің қиындығы мен маңызы қандай?
– Ғылыми жұмыстардың ішінде қолжазбаларды оқу, оны көшіріп жазу және жаңалық ретінде жариялау – жанымды жадырататын жұмыс. Қолжазбатану – қызығына бір кіріп алған кісі қайта шыққысы келмейтін ғажайып ғылым саласы. Әрине, ғылымның барлық саласы ғалымдарды айрықша баурайды. Ал енді жазбалар арқылы өткен заманның сырын ашудың қуанышы мен шаттығы, адамға берер шабыты бөлек. Оны оқып, зерделеп, ресми баспасөз арқылы жұртқа жариялағаннан кейінгі ғылыми айналымдағы маңызы өте жоғары. Қолжазбатану, көне жәдігерлерді оқу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Егер біз қолжазбатанушылардың бірі болып, ресми түрде мойындалсақ, одан үлкен бақыт жоқ.
Қолжазба деген не? Ол – мәтін. Сол кезеңдегі адамның айтқысы, жазғысы келген барлық ой-қиялының хатқа түскен бейнесі, яғни қолжазба арқылы біз өткен ғасырлармен, тарихтағы бабалармен сырласа аламыз. Оның маңызы тіптi терең. Адамзаттың бүкіл тарихы ең алғаш тасқа басылған, жартастарға түсірілген суреттерге жазылған, балбал тастарға қашалған. Жартастарда 6000–7000 жыл болған көне суретті бейнелер бар. Осылардың өзі қолжазбаларымыздың алғашқы нұсқалары. Қазақ халқына, жалпы, түркі әлеміне қатысты айтсақ, ежелден жазуы бар жұрттың бірі болғанымызды тастағы таңбалар мен жазбалар дәлелдейді. Әлемді таңғалдырып келе жатқан шумерлер жазуы ең алғашқы, көне жазулардың бірі дейміз. Ал түрік халықтарының арысы 2500 жылға, берісі 1400 жылға созылатын бітіктастағы жазулары бар.
Жазба мәдениеті дамыған халықтар алға озып кетті. Ал көшпелі мәдениетке ойысқан қазақ секілді халықтардың қалдырған жазбасы тарихшыларға кешеуілдеп келді. Дегенмен біз өзімізді табиғаттың райына қарай көше берген ел ретінде елестетуді қоюымыз керек. Өйткені біз көшпелі өркениет пен отырықшылық, яғни қала өркениетін қатар алып жүрген жұртқа жатамыз. Бабаларымыз таулы аймақтарда, Алтайда, Сарыарқада қала салуды көздемеді. Себебі төрт түлік малдың шаруашылығына, өзінің тұрмыс-тіршілігіне қала салу лайықсыз болды. Ал Жібек жолы өтетін, Сырдың бойындағы қалаларды, шаһарларды дамытты, жазба өркениет сол жақтарда біршама кеңірек таралды деуге болады. Демек, біз бабаларымызың қала салмағанына байланысты өзімізді мәдениеті дамымағандай, отырықшы өркениеттен қалыс қалғандай сезінбеуіміз қажет.
Қолжазбаны зерттеуде, жазуда қандай құн мен мән бар деген мәселеге айтарымыз, бабаларымыздан қалған әрбір парақ, әрбір сөз, әрбір қаріп маңызды. Мысалы, «Күлтегін» бітіктасын, «Білге қаған» ескерткішін алайық, 735 жылы Білге мен Күлтегіннің жиені Йоллығ тегіннің өсиетімен, әмірімен жазылған сол тастағы жазудың сыры 1895 жылы әйгілі даниялық ғалым Вильгельм Томсеннің оқуымен ашылды. Ол кісіге дейін жүз жыл бойы ғалымдар бұл құлпытастың сырын толық аша алған жоқ. Томсен – сол тастан «Түрік» және «Күлтегін» деген жазуды оқыған ең бірінші адам. Сол екі-ақ сөздің оқылуы, түрік дүниесі тарихының ашыла бастауына, түрік әлемін зерттеуге бетбұрыс жасады. Содан бастап түркітану (түркология) ғылымы дами бастады. Демек, тарихтың әр парағынан сыр шертетін барлық қолжазба – бабаларымыздың қандай болғанын, қай тұста жеңіске жетіп, қашан жеңіліс тапқанын көрсететін, асылдың сынығындай, көзіміздің қарашығындай қастерлі дүние.
– Қолжазбаларды қалай табасыз? Таңғалдырып, ерекше жағдайда табылған қандай қолжазба? Онда не туралы жазылған?
– Қазақта «Іздегенге – сұраған» деген сөз бар, «тамшы тама-тама тас теседі» дейді. Қолжазба іздеп жүргенде, ойламаған жерден басқа қолжазбалар кездесіп қалып та жатады. «Бір жоқты бір жоқ табады» демей ме?
Қазақстандағы қолжазбалдарды, тәжірибеме сүйенер болсам, екі түрлі бағытта қарастырамыз. Біріншісі, мемлекеттік мұрағатталған қолжазбалар. Ол Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар және қолжазбалар бөлімінде, Ғылым академиясындағы Орталық ғылыми кітапханасында да сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры бар, Астанада да қолжазбалар орталығы бар, сонда сақталған. Сол орталықтарда тұрған жәдігерлерді оқу бақыты бізге бұйырды. Қолжазбаларды оқып отырып шұрайлы тілі, қазыналы қоры бар ұлт ретінде мақтанамыз. Кейбір жазбалардан ұлттық қасіретіміз де байқалып тұрады. Тарихымызда жазуымызды ауыстыруға тура келген уақыттар да болған. Мысалы, Күлтегін бітіктасындағы көне түрік жазуы бар. Ол да ата-бабаларымыздың қолынан өткен. Ислам дінін қабылдауымызға байланысты, Хақтың кәләмі, яғни Құран түскен жазу деп, араб жазуына көше бастадық. Ол шағатай жазуы деп те аталды. Шағатай немесе араб жазуын біз мың жыл бойы қолдандық. Қазақтың хандары мен сұлтандарының хаттары сонымен жазылды. Кенесары хандардың, Абай, Ыбырай, Шоқандардың кезіндегі хаттар да осы жазудан өтті. Қазақтың көшбасшы ғалымы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1912 жылы осы шағатай жазуындағы қолайсыздықтарды тауып, қазақ айтылымы мен араб графикасына негізделген «төте жазуын» дүниеге әкелді. Шағатай жазуын мың жыл қолдансақ та, қазақ тілінің төл заңдылықтарын толықтай жеткізе алмайтын кемшілік тұстары бар еді. Осыны байқаған Ахмет Байтұрсынұлы түгелдей реформа жасап, төте жазуды жариялады. 1928 жылы Кеңес үкіметінің толық орнауына байланысты туыстас түрік халықтары қолданып жүрген латын әліпбиіне көштік. 1930 жылдан 1940 жылға дейін латын әліпбиін қолдандық. 1940 жылдардан кириллицаға бет бұрдық. Қазір қайта латын әліпбиіне көшуге бастамалар жасалып жүр. Осылайша, бірнеше мың жылдық тарихымызда жазуын бірнеше рет ауыстырған халықтар қатарына ендік. Бір жағынан, бұл біздің тарихтағы бір қиын тұсымыз деуге де болар. Себебі өткен бабаларымыздың жазуын тани алмай қалатын, қолжазбаларды ғалымдар ғана оқитындай жағдайға ұшырадық, яғни өз жазуымызды өзіміз тани, оқи алмайтындай қиындыққа кезіктік. Мәселен, қытайда көне қытай жазуы, қазіргі қытай жазуы бар. Олар әсте бір сырттан келген немесе басқыншы халықтың әмірімен жазуын өзгерткен жоқ. Араб жазуы да солай: көне және қазіргі сәл жеңілдетілген араб жазуы. Әлемдегі түгел дерлік ұлт пен ұлыста жазу реформасы болған. Өзгерсе де, көбі табиғи реформамен өзгерген жазу, яғни ешкімнің зорлап таңған жазуы емес. Осы тұрғыдан қарағанда санамалап шыққан түрлі жазуды түпнұсқадан оқи алатын мамандар қажет. Осы жоқты түгендеушілердің бірі болып жүргенімізге өзіміз қуанамыз. Өз басым бітіктастардағы жазуды толық оқимын деп айта алмаймын, бірақ шағатай жазуын, шағатайдан сәл өзгешелігі бар қадымшені, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуын, 1930 жылғы латын әліпбиін толық білемін. Сол үшін өзімді бақытты сезінемін-дағы сол жазулармен кезіккен қандайда бір қолжазбаларды оқып, жазып оқырманға жеткізіп жүрмін.
Ал енді жазбаны қалай табамыз деген сұраққа оралайық. Біріншіден, жоғарыда санамалап өткен қорлар бар ғой, сол қорлар қандай да бір саланы зерттеп жүрген мамандарға ашық есік күндерін жариялайды. Сонда көне жәдігерлерді оқуға мүмкіндік табылады. Дамыған технологияға байланысты, арнайы мекемелердегі, яғни кітапханалардағы ашық ресурстарды да пайдаланамыз. Көне жазбаларды осылайша оқимыз және сілтеме беріп, «бәлен деген кітапхананың, бәлен деген қорында, мынадай бетінде» деп ресми деректер келтіре отырып, жеткіземіз. Бұл – бірінші тәсіліміз. Екіншісі, «ел іші – өнер кеніші» дейді. Халық іші қашан да қазына ғой. Ел ішінде бабалардан сақталып келе жатқан, қиын кезеңдерде, Кеңес үкіметінің зобалаң уақыттарынан аман-есен өткен талай қолжазба бар, оны біреу біледі, біреу білмейді. Жазып, сызып, БАҚ-қа жариялап жүргенімізден кейін еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласушылар көп. «Бәленше деген атамыздан қалған жазба еді, оқып бересіз бе, жазып бересіз бе» дейтіндер жиі кездеседі. Өзге қолжазбатанушылар қайдан алатынын білмеймін, өзім осылай екі қайнардан аламын. Бірі – мемлекеттік қолжазбалар қоры, екіншісі – халық арасынан өзімізді іздеп келген жазбалар. Әрине, бұл еңбектің қызығымен қатар, қиын тұстары да бар. Тарихта басымыздан не өтпеді? Жазбалар арасында сол уақыттардағы ащы шындықты жазатындары да бар. Яғни кейбір тұлғалардың да пенде болғанын, бірін атқан, бірін сатқан, бірін шапқан деген сияқты тұстары кездесіп қалатынын да көрсететін жәдігерлер бар. Сондай кезеңдерде «жариялайын ба, жарияламайын ба» деп екіұдай күй кешесің. Тағы бір жағдай, мың жерден мықты болсақ та, қолжазбалардың бәрін түгелдей оқи алмаймыз. Сондықтан кейбір нәрселерге көп нүкте қалдыруға немесе ескертпелер беруге тура келеді. Ондай уақытта біз «апырай, толық оқи алмағанымыз-ай» деп мұңайып қаламыз.
Таңғалдырып, қуанышқа бөлеген сәттер де көп. Оның барлығы бір сұқбатқа сыя қоймайды. Соның шетінен бірлі-жарымын айтайын. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының жұртқа белгісіз болып келген бірнеше шығармасын тауып алдым. «Маймыл мен көзілдірік» деген кішкентай ғана кітапшасы 1922 жылы Ташкенттен шығыпты. Оны өткен жылы таптым. Ахметті зерттеген ғалымдардың ешқайсысының сілтемесінде, тізімінде кездеспейді, яғни кітап туралы ешкім білмейді. Ол кітапты тау мен тас қопарып жүріп тауып алмадым. Айтайын, бір күні Ахметтің өзі жиі мысалдарын аударған орыс мысалшысы И.Крыловтың дүниелерін іздеп, ғаламтордағы сайттан сайтқа өтіп отырдым. Орыстың, татардың «Қазан» баспасының, Ташкенттің сайттары бар, сөйтіп, аралап отырсам, бір жерде Ахметтің И.Крыловтан аударған кітабы тұр. Негізі, Ахмет
И.Крыловтың кітабын «Қырық мысал» ретінде 1901 жылы аударған. Ол 1909 жылы кітап болып шықты, кейін 1922 жылға дейін 3 рет басылды. Сондай аударылған мысалдардың бірі «Маймыл мен көзілдірік» те 1922 жылы кітап күйінде жарық көріпті. Мұны ешкім білмейді екен, соны тауып алып, төбем көкке жеткендей қуандым. Сол сәттегі қуанышымды жеткізе алмаймын. Қолжазба болмаса да, көне жәдігерді табудың ең бір қызықты сәті. Мұны былтыр көпке жариялаған едік, толқынысты сәтімді сізбен тағы бір мәрте бөлісіп отырмын. Ал енді екінші бір жағдай, ақпараттық баспасөзге жариялап жүрген материалдарымды бір кісі үнемі оқып жүреді екен, есімі – Ерлан. Сол кісі маған бір жыл бойы хабарласып, «менде бір қолжазба бар еді, соны оқып бересіз бе» деп жүрді де, кейін жоқ болып кетті. Бір күні А.Байтұрсынұлы музей-үйінде отырсам, сол кісі қолжазбасын көтеріп алып келіп тұр. Оқысам, 1931 жылы үштіктің жазасына ілігіп, ауыр бап – 58-баппен ұсталып кеткен Шүкірхан Тұрсынбайұлы деген кісінің қолжазбасы екен. Ішінен сол кісінің үш өлеңі табылды. Үшеуі де айдауда кетіп бара жатып жазғаны екен. Өлеңнің ішінде ол кісінің туыс-туғандары, кімге ренжігені, өкпелегені туралы ақпараттар айтылады, соларды аударып жазып, «Қазақстан дәуірі» деген сайт пен газетке жарияладым. Мақаланы сол кісінің туғандары, ұрпақтары оқып, маған хабарласып, алғысын айтты. Төбем көкке жеткендей қуандым. Мұндай сәттер бір емес, бірнеше рет болды. Осы нәрсе қызығына батырады. Қазақтың өткенін оқып, оны жариялап, жұрттың алғысын алғаннан артық мәртебе бар ма?
– Өткен ғасырлардан хат болып жеткен, ата-бабаларымыздың қолының табы қалған, көз жасы тамған қолжазбаны қолыңызға ұстағанда қандай сезім кешесіз? Түс көріп немесе мистикалық жағдайлар болды ма?
– Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларын Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорларынан оқып отырған кездерімде, ол туралы бірдеңелерді түртіп жазып жүргенімде кәдімгідей алып-ұштым. Ғажайып түстер көрген уақыттарым да болды... Қазір елімізде «тарихты зерттеп, тың деректер тауып жатыр екен» деп, тұрмыстық жағдайыңды шешіп беретін заң жоқ қой. Сондықтан осы ғылымның қызығына түсіп кеткенде отбасы, бала-шағамыз тарығып қалмасын деп, уақытша бас тартып, басқа жұмыстар істеген кездерім болды. Сөйтіп, жақсы кіріс таптым. Бірақ ол кірісті тапқан ләззаттан, көне қолжазбаны оқыған кезеңнің ләззаты екеуінің арасы жер мен көктей. Солай пенде ретінде өмір сүріп, отбасы, ошақ қасы жайын ғылымнан сәл жоғары қойған кездерімде беймаза түстер көрген сәттер болды. Небір түс көріп, өз-өзімді таба алмай жүргендей күй кештім. Ахмет Байтұрсынұлы сияқты Алаш азаматтары қайта-қайта түсіме кіріп, кейбір сөйлемдерді төте жазу күйінде көріп, ол сөздерден жаңғырған дауыстар шыққандай болып алатын кездер де бастан өтті. «Әй, осы мен әлі де кішкене шыдап, осы кісілердің қолыма алған материалдарын игілікке жаратып, біраз міндетімді атқарып барып, одан кейін ғана тұрмысқа, қаржылық жағдайыма бұрылайын», – деп ойладым.
Бірде Әбу Насыр әл-Фарабидің қолжазбасының көшірме нұсқасын көргеннен кейін, 71 тіл білген ғалым туралы қиялымыз қиырға кетті. Сол жылдары Қазақстанда бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы болып жатқан. Содан не керек, қолжазбаны көргеннен кейін қатты ойға берілдім. Жазу деген маржандай. Ондай жазуды осы кезде де адамдар жаза алмайды-ау, сірә! Сонда маған мынадай тәмсіл келді, соншама елді кезіп, ғылым қуып кетті. Керуеннен-керуен, бүгінгідей дамыған көлік қатынасы жоқ. Қанша мықты ғалым болса да, туған жерін сағынады ғой. Сол кезде Отырар даласының жусанын сағынды ма екен, тіпті мынау қазақтың, ол кезде қазақ болып қалыптаспағанымен, барлығы осы көшпелі түрік өркениетінің шаруашылығы ғой, айран-құртын, ақ ірімшігін сағынды ма екен? Осы оймен арпалысып жатып ұйқыға кеткенмін. Түсімде бабамыздың бейнесін көріппін. Шам шаһарында бір кітапхананың ішінде, күңгірт сәуле түсіп тұрған бір үйде жазу жазып отыр екен деймін. Өмірінің соңында терезеге қарап, осы қазақ даласынан, Отырар жерінен сапарлап жүрген біреу келіп қалмай ма екен, келсе, сол туған жердің құртын ала келмеді ме екен деп ойлап отырған сияқты көрінді. Міне, ғажайып түстің бірі осы болатын. Арада көп өтпей, ұлы сапар деген поэма жазып шықтым. Поэмада тыңнан бір ғажайып дүниелер жоқ, бірақ сол кісінің Отырардан алғаш тәуекел деп, керуенге ілесіп, ғылым қуған сәтінен бастап, Дамаск, Шам жерлеріндегі ғылыммен айналысып жүргендегі ішкі көңіл күйі, сағынышы суреттеледі. Поэма соңында «Бір қыпшақ кеп қалар деп ойладың ба, ауылымның ақжарма құртын алып» деген монологпен аяқталды.
Мен өзі осындай таңғажайып түйсіктердің болатынына әбден сенемін. Ұшқан құс, жүгірген аң, соққан жел, көшкен бұлт – барлығы тегіннен-тегін емес. Жаратылыстың бәрі бір-бір миссиямен жаралады. Қоғамға тыныштық бермеген содырдың да өзіндік миссиясы бар. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Ғалымдардың өлмей қалған хаты бізге келіп, біз арқылы қайтадан ұрпаққа, ол ұрпақ арқылы одан кейінгі ұрпаққа жету миссиясы жүктелген.
– Қазір қандай қолжазба оқып жүрсіз? Қандай тың деректер айта аласыз?
– Алаш арыстарының мұраларына көбірек үңіліп жүрмін. Әсіресе Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабайұлы, Телжан Шонанұлы, Елдес Омарұлы сияқты адамдардың мұраларымен көп айналыстым. Сонда байқағаным, ол кісілер өте өндіріп жазған. Жазушыларда да, әдебиетте де сондай бір ұғым бар ғой, өндіріп жазушылар мен көп ойланып, толғанып жүріп материал жинап жүріп, кейін бір-ақ жазатын деген. Яғни біреуі тез-тез жазады, біреуі асықпай жазады. Әрине, асықпай, иін қандырып жазған жақсы. Нақтылы дәлелдер, фактілер толықтанған кезде жұртқа жариялаған дұрыс. Бірақ әлі келген алып та жығады, шалып та жығады, «балуанға оң-солы бірдей» деген де сөз бар. Олар өндіріп жазғандар, яғни ойланып, толғанып, қазып, қазбалап отырмаған. Өйтуге уақытының да жетпейтінін сезгендей, өндіріп-өндіріп жазып кетуге тырысқан ба екен, әйтеуір, күн-түн демей жазып тастаған. Алаш арыстарының артында жүздеген кітап қалды. Оны алаштанушы-ғалымдар, төте жазуды оқып алып зерттеп жүрген жастар зерделеп, шығарып-ақ жатыр, бірақ ащы болса да ақиқат сол арыстардан Ахметтен, Әлиханнан, Міржақыптан, Мағжаннан, Телжан Шонанұлынан қалған қолжазбалар жоқтың қасы. Олар халық жауы деп атылып кеткен кезде, бірге тәркіленіп кетті. Ал қазір пайдаланып жүргеніміз сол кісілердің тек қана ресми баспасөзден шыққан кітаптары. Баспасөзде шыққан кітаптардан да құнды нәрсе – қолжазба, яғни автордың ең алғашқы, ең дұрыс деп қараған түпнұсқасы. Ал баспадан шыққан кітаптарда сол кездегі цензураға ұшырап қалып қалған тіркестер болады. Кітаби нұсқа мен қолжазбаның арасы жер мен көктей. Сол үшін айтарым, Алаш арыстарының қолжазбасы табылса, тіпті керемет болар еді. Біз қазір амалсыздан өткен ғасырдың басында басылған кітаптарын ғана сол кісілердің мұрасы ретінде танып жүрміз. Алайда мұраның көкесі қолжазбада. Дегенмен менде қазір сол Алаш арыстарының мұрасына қатысты азын-аулақ қолжазбалар бар, әлі оқырманға жеткен жоқ. Оны зерттеп, дәлелдеп барып, олай емес, бұлай екен дейтін тұстары кездесетін біраз жәдігер бар. Қазірше атын атап, түсін түстеп айтпаймын. Менің алдағы бір арманым – сол арыстардың баспаға дейінгі түпнұсқа қолжазбаларын жұртқа жеткізу. Көлемі аз ғана, аз болғанымен, әр сөзі алтын. Ол кісілердің аузынан шыққан әр сөзі інжу-маржан. Соны елге жеткізетін күн тезірек тусын. Тағы бір айтарым, қолымда 180 беттен тұратын, өткен ғасырдың басында өмір сүрген Сәлмен Нұрманов деген ақсақалдың қолжазбасы бар. Қартымыз Кеңес үкіметі кезінде өмір сүріп, қайтыс болған. Онда 1930 жылдар ол кісінің қылшылдап тұрған жас кезінде біреуден жазып алған, көшіріп алған, есінде қалғаннан түсірген, іріктеп алған дүниелері жазылған. Ішінде құнды дүниелер өте көп. Жұртқа белгісіз, біраз авторлардың еңбегі соның ішінде жүр, өте қызықтылары да бар. Алда оны да мақала қылып жазамын. Одан да басқа тиіп-қашып қолға келіп қалған біраз жәдігерлер тұр. Қолжазбаны жазушының пікірі қате, ол жердегі ұстанымы, тұжырымы, саяси танымы дұрыс емес болса да, бізге берер әдеби қуаты, поэтикасы келмесе де, кемінде, сол кездегі адамдардың лексикалық қорын, сөйлеу заңдылығын, тіліндегі, дыбыстауындағы өзгешеліктерді білуге болады. Одан бері жүз жыл өтіп кетті. Жүз жылдың алдындағы бабаларымыздың қалай сөйлегенін пайымдай аламыз. Сондықтан қолжазбаның кез келгені біз үшін құнды деп қайта-қайта жар салып отырған себебіміз – сол.
– Кенесары хан туралы, Махамбет, Исатай туралы жазбалар бар деген едіңіз…
– Орталық ғылыми кітапхананың сирек
қорында қызмет істеп жүрген кезімде, «Ақсұңқар құстың сойы едім» деген Махамбет туралы жазылған жазбалардың көп екенін, Сал Біржаннан қалған сарқыт көп деп, ол туралы елудей қолжазбаның барын, Ақан сері туралы да сан түрлі түпнұсқа жазбалардың барын жаздым. Кенесары хан туралы да толықтай екшеліп болмаған дүниелер бар. Бір сөзбен айтқанда, қолжазбалар табылған сайын әдебиетіміздің қоры молая түседі. Жоғарыда аталған тұлғалар туралы тарихи жәдігерлер көп. Оған әлі жүйелі түрде кірісе алмай жүрмін. Қазірше оқырманды, зиялы қауымды, тіпті өзіміз секілді зерттеп жүрген азаматтарды қызықтыру үшін әдейі жоғарыда аталған шағын-шағын тақырыптар мен мақалалар жазып жүрміз. Бұл жерде мен өз басым ешқандай қызғанбай, менің мұршам жетпей бара жатса, мәселен, Біржан сал туралы қолжазбаларды басқа бір зерттеуші ақтарсын, сол зерттесін деген ой еді. Бірақ әзірше оған сұранып келіп, «сізде осындай дүниелер бар екен ғой, бір жерден осындай дүниелер көріпсіз ғой, әрі қарай мен зерттейінші» деген ешкім болмады. Халықтың қазынасы ортақ болғандықтан, оны біреу тәуелдеп алудың қажеті жоқ. Мен жеткізсем де, басқа біреу жеткізсе де, осыларды зерделеп, елге жарияласа, оған қуанамын. Ахмет те, Абай да, Шәкәрім де сол бір заманда өздерін ойлаған жоқ. «Ел бүгіншіл» дейді. Елдің бәрі бүгінгі саясатпен, бүгінгі айқай-шумен, ит құлдық, қоянқашты заманға кетіп бара жатыр, ал біздікі ертең үшін» дейді. Сондағы ертеңі, «қашан болмасын қазақ баласы тәуелсіздік алар, сонда игілікке жарап қалар» дегені. Шын мәнінде бүгін игілігімізге жарап жатыр, бірақ біз, яғни осы саланы зерттеп жүрген азаматтар, кесіп айтайық толықтай игілікке жарата алғанымыз жоқ. Ахметтану, елдестану, халелтану жұмыстары қашан, қаншалықты кешенді жүргізілді? Әрине, азын-аулақ филолог-ғалымдармен, осы саланы зерттеп жүрген тарихшылардан құралған ғылыми топтың ғана айналасында айтылады, сол деңгейде жазылады. Бізге ол кісілердің мұрасы балалардың оқулығына еніп, халықтың дастарқан басында айтатын әңгімесіне дейін сіңіп кетуі керек. Сонда ғана арыстардың, боздақтардың арман-мұратын орындағандай әрі қолжазбаларына иелік еткен, артындағы мұраларын шын мәнінде ғылыми айналымға түсіріп, бейімдеген боламыз. Боздақтар туралы бірнеше диссертация қорғап, кітаптар шығарғанымызбен, олардың баспаға дейінгі өзінің қаламының сиясы, көзінің жасы, көкейінің нұры төгілген ең ғаламат қолжазбаларын әлі таба алмай отырмыз. Іздегенге – сұраған, табылып қалар, табылса, тіпті тамаша болмақ!
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Элеонора Әзіржан
2719 рет
көрсетілді0
пікір