- Ақпарат
- 10 Қазан, 2024
Ән падишасына арналған кеш
Қазақтың маңдайына біткен бұлбұл әншісі, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлық иегері Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейлі мерекесіне орай Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен «Гауһартас» атты ән кеші өтті.
Ән кешін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Шыңғыс Ергөбек кіріспе сөзбен ашып, Бибігүл Ахметқызының тұлғалық қасиеттеріне, шығармашылық жолына тоқталды.
«Бибігүл Ахметқызы халықтың сенімінен шыққан, махаббатына бөленген деген ол шығармашылық кештің сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.
«Театр өнері» факультетінің кафедра меңгерушісі Дәлел Уәш әншінің жүріп өткен жолынан баяндама жасады. Ол баяндамасында «Бибігүл Ахметқызы 1944 жылдары Семейдегі кинотеатрлардың бірінде механиктің көмекшісі болғанын, соғыс туралы фильмдерді таспалап жүріп, кинодағы әрбір әнді жатқа білгенін, жоқшылық көргенін» айтып, жастарға әншінің сұқбатынан үзінді келтірді.
«Жастықпен көп қиындық білінбейді екен. Ол кезде жалғыз ғана көйлегіміз, бәтеңкеміз бар. Бірақ жас болған соң, кір де жудық, қашықтан шелектеп су да тасыдық, сексеуіл де жардым, көмір де жақтым», – дейді әнші сұқбатында.
Бибігүл Төлегенова 2008–2018 жылдар аралығында «Театр өнері» факультетінің «Жеке ән салу» кафедрасында кеңесші-профессор қызметін атқарған. Кафедраның жас мамандарына өз пәні бойынша зерттеу тақырыптарын таңдау, дауыс қою барысындағы түрлі кедергілерді, өзекті мәселелерді анықтау, оқу-әдістемелік құралдар құрастыру секілді ғылыми-әдістемелік жұмыстарды атқаруға бағыт-бағдар берген. Студенттерді әртүрлі жанрлық вокалдық шығармалардың көркемдік құндылықтарын анықтай білуге, мәнерлеп орындауға, сөз астарын нақты түсініп, оның мәнін жеткізе алуға, вокалдық шығармаларды интерпретациялауға баулыған.
Бибігүл Ахметқызының мерейтойына арналған кеш ән-жырмен жалғасты. Саян Нұрғазин әйгілі халық әні «Гауһартасты» шырқағанда көрермен ерекше қуанышқа кенелді. Шаһаризада Сапарованың «Бұлбұлды» орындауы тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды. Нұржан Жұмабай Мұқағали Мақатаевтың «Бибігүл» өлеңін нақышына келтіре оқып, мәнді де сәнді кештің көркін қыздырды. Тілеубек Қожанұлы «Тербеледі тың дала», Нұрай Әзімтай «Гәкку», Дәурен Шапай «Қайықта» әнін орындаса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәлел Уәштің шәкірттерімен орындаған «Ана» әні көңілді тебірентті. Тамылжыған әсем ән мен күмбірлеген күй жалғасын тауып, «Гауһар дауыс» атты деректі фильмнен үзінді көрсетілді.
Бағдагүл Балаубай
225 рет
көрсетілді0
пікір