• Ақпарат
  • 17 Қазан, 2024

ЕРКІНДІК АЛАҢЫНДАҒЫ ҒАЖАЙЫП ӘЛЕМ

24 қазанда Кітапханашы күні аталып өтеді. Атаулы күн қарсаңында осы мамандық иелеріне тарту ретінде Астананың Музыкалық жас көрермен театрында «Кітапханашы күнделігі» моноспектаклі ұсынылды. Авторы – Ұлттық академиялық кітап­хананың директоры Ғазиза Құдайбергенқызы. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Қойылым алдында режиссер А.Маемиров: «Кітапханашы дегенде тек кітап беруші адамның бейнесі елестейді, ал оның өмірінде, жан сарайында болып жатқан тебіреністер, толғаныстар, кітапханашының философия­лық деңгейі, танымы қандай болу керек, осы кітапты оқып шыққаннан кейін өзгеріп сала бердім. Ғазиза Құдайбергенқызының осы кітабын кітапханашы болам дейтін адам оқып шығуы керек деп ойлаймын. «Кітапханашы күнделігінде» жалпы кітапханашының интеллектуалдық деңгейі, оның ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы парызы, қарызы – осының барлығы арқау етілген, сондықтан сахнада музыка тілімен жалғыз ке­йіпкер арқылы жеткізуге тырыстық», – деді. Спектакльде кітапханашы бейнесін актриса Инабат Ризабек сомдайды. Қойы­лымда автордың кітапхана, кітап, жалпы қоғам туралы ойлары актерлердің ән мен жыр үйлесімінде көпшілікке ұсынылады. Кітапхана мамандығына қатысты әзірге жалғыз қо­йылым болғандықтан, мұндай моноспектакльдер еліміздің әр қаласында да көрсетіліп шыққаны артық болмас еді.  
Ғазиза Құдайбергенқызының «Кітапханашы күнделігі» кітабы да осы күні оқырманның қолына тиді. Газетімізге сол күнделіктен бір үзік ұсынсақ дейміз. 

 

***

Баяғыда, яғни тоқсаннан былай қарайғы жылдары электронды пошта тұрмақ, факс жоқ заманда да кеш өткізетінбіз. Жоспар құрып, кеші өтетін автордың бүкіл еңбегін оқып шығасың да, «Янтарьға» зырылдатып сценарий жазасың. Сосын жаяу-жалпылап Одақ, телеарна, газет-журнал аралап, кеш өтетінін хабарлайсың. Аудитория дайындайсың. Фотограф тұрмақ, фотоаппарат ілуде бір. Әйтеуір, бізге сол кезде бармақтай Konica-сымен Нұрғиса дос келетін. Оның өзінде уақыты болса ғана... Келген қонақтарға асықпаса шай бересің. Көк базар жақта «домашний медовый» торт сататын, арзан болғасын ба – соны аламын. Кешті бас-аяғына дейін бір өзің жүріп атқарасың осылай. Кешке жатақханаға кіріп келгенде бәрі «Хабардан» көргенін айтып, шулап шығады. Өстіп-өстіп «адам» болып кеттік. Ана жер менің «коронный» орным болған. Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сияқты қара нарлармен кездесу өткізгенім бар. Қазір сол кездесу қалай болды екен, шай ішкенде не айттым екен деп ойлаймын. Тұманбай ағаның өлеңдетіп берген қолтаңбасы сақтаулы тұр.
***
Бүгін «Оқитын әке» деген жоба бастадық. Аты пафос болса да, көтерер жүгі ауыр болайын деп тұр. Салмақты пікір алмасу болды. Заңгер, инженер, футболист, журналист, жазушы, актер, аниматор, режиссер әкелер болды. Балаларымен келді. Отбасымен келді. Кітапханада отбасымен жүрген күшті екен. Әкелерге арналған сезімдерін жеткізді. Әкелер туралы шығармалар қойдық. Бір кісіні қызы ертіп әкеліпті. Біздің оқырман екен. Бір кісіні ұлы ертіп келіпті. Лайфкахтарын бөлісті. Оқитын ұлтқа айналу үшін оқитын отбасыға айналу керек. Отбасы оқу үшін әке оқу керек. Әлеуметтік жағдайға әкеп тіреген дұрыс емес екен.
***
Кітапхана – еркіндік алаңы. Өз уақытыңа ие болатын кез ол – кітапхана. Кітапханаға келген оқырманның, кез келген адамның көңіл күйі сол жерде атмосфера қалыптастырады. Ол көзге көрінбейді. Сезіледі. Біздің мамандықтың ерекшелігі – біз сол сезімді, атмосфераны жасаушылармыз. Сол үшін жұмысқа «бес грамм махаббатпен» келу керек. Адамның көңілі шыныдай, сенімі де. Ал онымен ойнауға болмайды!
***
Оқырман бала... Ол кезде жетінші класс оқитын. Күнде сабақтан шыға сала, кітапханаға келетін. Фантастика оқитын. Танысып, дос боп кеттік. Досы Сергей ара-тұра келеді. Сегізінші класс оқып жүргенде ол Германияға көшіп кетті. Менің оқырман балам күнде келеді. Сөйтіп, мектеп бітірді. Түскі асқа кейде қарсыдағы саябаққа барамыз, пирожки алып ап. Ол орысша сөйлейді, мен қазақша. Қазақша түсінетін. Не айтатынымызды бір Құдай білсін. Мектеп бітірді, оқуға түсті. Сосын «жоғалтып» алдым... Кейін ол туралы естідім, дәл сол кезде ата-анасы ажырасып, әрі-сәрі күйде жүрген кезі екен, жылы мекен, мейірімді жүректі кітапханадан тауыпты. Әскери болыпты... Іздедім, әлі де іздеймін... 

***

Бір кездері менеджмент, маркетинг, бизнес, креатив деген дүниелер дендеп өмірімізге еніп жатқан кезде бір кісі: «Мен өлең оқымаймын, ән тыңдамаймын, қиял­ға беріліп отыратын уақыт жоқ», – деп еді. Меніңше, барлығына уақыт табуға, бөлуге болады. Мысалы, физикте жүрек, сезім болмауы керек пе? Не нәрсе болса да жүрекпен жасалады. Оның бальзамы – сезім. Сезімді тудыратын күшті, көркем кітап, ән, өлең, жылы сөз. Сондықтан арасында қиялға беріліп тұрыңыз!

 

***

 

Қоғамда түрлі дүние боп жатады. Жата кеп барлығына пікір білдіру міндетті емес. Жапа-тармағай әркім ойын, пікірін жазып, келісіп-келіспей даурығады. Ол әлеуметтік желінің жазылмаған заңы іспетті. Көп жағдайда үнсіз қаламын. Қолымнан не келеді, қандай жақсы нығмет істей аламын деп ойланамын... Тәннің жарақатынан жанның жарақаты қиын. Емдеу, тазалау оңай емес. Сөз жақсы, бірақ жақсы сөз одан жақсы. Күн сәтті болсын!

 

***

 

Қазір шетел авторларының тренд кітаптары көп қой. Енді өзімізде де бар. Лира Қоныстың «Қазақша минимализм немесе үйде бәрі бар» кітабын оқып біттім. Қарапайым тілмен көп дүниені айтыпты. Минималист болу дегеніміз – бұрыннан қалыптасқан құндылықтарға қарсы қадам жасау. Минимализм дегеніміз – тек артық заттан арылу емес, елемеу. Яғни өзімізге бағытталған қарсылықты елемеу. Сол елемеудің күші арқылы сыртымыздан сөйлейтін адамдардың ықпалына ұшырамаймыз. «Минимализм – үйдегі қоқыстан, мидағы қоқыстан, айналаңдағы қоқыс­тан арылу». «Нұқ синдромы», «Сквалор синдромы», «Қоқыс жинау синдромы», «Лас үй синдромы», «Диоген синдромы» дегендерге жақсы түсінік берген. Минимализм біздің ұлттық түсінікке, дәстүрге қарама-қайшылау болса да, өте пайдалы. Кітап «Сырттағы ескі-құсқыны тазартудан рақат алған адам содан соң ішін тазарта бастайды. Сыртынан да, ішінен де ешқандай «қоқыс» шығармай, арқалап жүрген соң адам ауырмағанда қайтсін?!» – деп аяқталады. Кітапты мүлде оқымағаннан, сатып ап оқымағаннан гөрі оқып, түсінбеген қауіпті.
***
Аура, атмосфера дейміз. Жайлылық қой. Ол сезіледі. Адамда да, затта да, үйде де, барлық жерде болады. Жақсы аура қай кезде қалыптасады? Жүрекпен жасағанда. Не нәрсені де. Міндеттімін деп емес, құтылу үшін емес, кәдімгідей, мән беріп, көңіл бөліп, жүрек сап. Жүрген жерімнен жан іздеп жүремін. Қарбаласқан өмірде мүмкін бе дерсіз... Мүмкін. Болмысты өзгерте алмаймыз. Менің жаным жайлылықты қалайды.

 

***
 

«Жұмысыңыз рақат, иә?» – дейді. «Өз қызығы, өз қиыншылығы бар деймін», – мен. Әр жұмыстың, әр мамандықтың өз ерекшелігі бар. Бізге түрлі оқырман келеді. Адам болғасын әртүрлі ғой. Жасы, ойы, зеректігі, мінезі, болмысы, эмоциясы. Соған сай қызмет көрсету керек. Өйткені алдыңда адам. Жаны бар, жүрегі бар. Өзіңді бірқалыпты ұстауың керек. Жанмен ойнауға болмайды...

 

***

 

«Сырты жоқ кітап». Біздің жақтың бас­ты «көлігі» пойыз еді ғой. Біздің станция­дан оңға жол тартқан пойызға мінсең, Алматыға, сол жақ болса, Семейге қарай деп бағдарлайтынбыз. Жалғыз жүре бересің. Жиырма тиынға билет аласың. Кәмелетке толмаған деп ешкім мінгізбей қоймайды. Сондай бір қысқа «сапарымда» сырты жоқ кітап тауып алдым. Кітаптың қат кезі. Иесі жоқ. Жеткенше оқып, сосын сап алдым. Елітіп барады. Не басы, не соңы жоқ. Қабы түсіп қалған. Біраз уақыт мазмұнын әркімге айтып жүріп тауып алдым. Қандай, кімнің кітабы дейсіздер ғой?! Өтебай Қанахиннің «Құдіреті» екен.

 

***

 

Бірде кітапханаға бірінші класс балалары келді. Ұнапты. Сабақтан соң аптасына екі рет келетін болды. Кітапқа, кітапханаға махаббатын ояттық. Тіпті біреуі анасына: «Ана мектебіңе бармаймын, сол кітапханаға бара берейік», – депті.

 

***

 

Жақсы күн.
Жаныңыз жаурамасын. Тәннің жаурағаны дәнеңе етпес.

Сіздерге деген зор сүйіспеншілікпен Ғазиза Құдайберген 

383 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы