• Ақпарат
  • 17 Қазан, 2024

Дәуір бастауы – Декларация

Қарагөз Сімәділ,

«Ana tili»

Тарихшы Берекет Кәрібаевтың «Әлемді сұлулық құтқарады, ал қоғамды құтқаратын – зиялылық. Сол уақыттағы С.Зиманов бастаған зиялы қауым өкілдері, депутаттар 15 адамнан тұратын комиссия құрып, «Егемендік туралы Декларацияның» соңғы нұсқасын жазады. Бұл құжат – Тәуелсіздікке тікелей бастаған құжат ретінде тарихымыздың сахнасында өз қолтаңбасын қалдырды», – дегені бар еді. Құжаттарға үңілсек, Егемендік туралы декларацияны қабылдаудың басы-қасында зиялы қауым өкілдері, академик-ғалымдар тұрғанына көзіміз жете түседі. Олар білімін, тәжірибесін, білігін, керек десеңіз, шешендік сөйлеу мәнерін пайдаланып, осынау бір құжатты қабылдатуға бар күш-жігерін жұмсайды. Бұл осыдан 34 жыл бұрынғы қазан айының орта тұсы болатын...  
 

1990 жылдың 15 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымындағы екінші сессиясы басталады. Әр отырыста депутаттар бірнеше заңды қарайды, түрлі заң жобалары мен халық депутатының мақсат-міндеттері талқыланады. Осы жиындарда депутаттар Декларация туралы ойын да ашық айтып отырған. Егемендік туралы декларация жобасы депутаттардың екі отырысында талқыланғанымен, бұл жоба туралы халық арасындағы пікірталқы 1990 жылдың жазынан басталғанын түсінеміз. 
Егемендік туралы декларацияның әрбір тарауы, әрбір бөлімі ерекше егжей-тегжейлі зерттеліп, зерделенді. Негізгі мәселе Қазақстан халқы мен қазақ тілі турасындағы сөзге байлаулы тұрғанын да байқаймыз. Мәселен, жиында С.Әбділдин: «Декларацияда «Қазақстан халқы» деген сөз тіркесі ұшырасады. ...Мәселенки, мынадай сауал туындайды: Қазақстан халқы деген қандай тарихи қауымдастық? Бұл «Қазақстан халқының» тілі қандай? «Қазақстан халқының» ортақ мәдениеті ше? Сондықтан, меніңше, ғылыми негізді сөйлем мынадай: Қазақстанда қазақ халқы тұрады, бұл этнос әлемде тек осы жермен ғана – Қазақстанмен ғана тарихын, жерін, мәдениетін, ата-баба бейітін байланыстырады. ...Қазіргі күнге дейін, өкінішке қарай, ұлттық мемлекеттілік толыққанды қызмет етпеді. Тіпті ұлттық мемлекеттілік қызметі шектелді. Соның кесірінен қазақ тілінің, қазақ мәдениетінің, қазақ тарихының жағдайы нашарлады, экологиямыз бүлінді. Егер ұлттық мемлекеттілік шынымен де болса, мұндай кемшіліктерге жол берілмес еді. Сондықтан, жолдастар, ұлттық мемлекеттілік орнаса, ол қазақ халқының мүддесін шынымен қорғар еді. Этнотарихтың, мәдениеттің кіндігі осы жерде. Ұлттық мемлекеттілік идеясын жоққа шығару тоталитарлы мемлекетке бастайды. Ұлттық мемлекеттілік біз өтіп кеткен кезең емес, ол – біздің болашақ. Ол біздің осы шақ үшін қажет. Ол ешбір өзге халықтардың мүддесіне қайшы келмейді. Қазақстан – аралас халық мекені дейтіндер бар. Жолдастар, бұл тіпті дұрыс емес. Мұнда аралас ұлт емес, толыққанды, біртұтас қазақ этносы өмір сүреді», – деп сөз алған.
Академик С.Зиманов баяндамасында: «Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған халықаралық хартияларда көрсетілгендей, Қазақ Республикасы – билігі бар, көпке танылған, нақты халық. Оған қоса, бұл бірінші кезектегі сөйлем емес. Біз, алдымен, басқа халықтар туралы айттық. Қазақстан халқының ерік-жігерін білдіре отырып, республиканың барлық азаматы үшін лайықты және тең өмір сүру жағдайларын жасауға ұмтыла отырып, мен республикада тұратын халықтар достығын нығайтуды басты міндет деп санаймын. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын және ұлттың өз тағдырын еркін таңдау құқығын мо­йындай отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшін саналы жауапкершілік көзделді. Қазақ елінің қамын шынымен кім ойлайды? Өз билігі бар ұлт па? Әрине, сол ұлттың республикасы ойлайды. Жолдастар, ұлттық мемлекеттілік құқықтық мемлекетпен үйлеспейтінін айтады. Құқықтық мемлекет ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы негізінде ғана пайда болды. Тарихтан білеміз, екеуі үйлесімсіз емес, тіпті бір-бірімен байланысты ғой...» – дей келіп, ұлттық мемлекеттіліктің жай-жапсарын толық түсіндіріп берген.
 Академик Ж.Әбділдин де қазақ халқы деген тіркестің заңдық негізде дұрыс екенін айтып, мемлекеттік тілдің қазақ тілі деп көрсетілуі керек екеніне назар аударады: «Қазақстанда қазақ халқы өмір сүреді, өйткені бұл этнос өзінің жер бетіндегі жалғыз мекені тек Қазақстанда ғана ғұмыр кешеді. Мұнда оның тарихы, атамекені, мәдениеті, бабалар қорымы бар. Осы біртұтас этноспен бірге, басқа жерлерде өзінің ата-тек этносы сақталған бірқатар ұлттық топтар да тұрады. ...Енді Тіл туралы заңымызда соншама бір әділетті түрде «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп бекітілгені белгілі. Осыдан Қазақстанның мемлекеттілігі нұсқаланады».
Иә, осыдан 34 жыл бұрынғы қазанда ел болашағы үшін болған ғылыми, құқықтық, керек десеңіз, идеологиялық пікірталқыларда академиктер, зиялы қауым өкілдерінің айы оңынан туды. Олардың табандылығының арқасында тарихи мәні зор құжат қабылданып, болашақтағы тәуелсіз елдің заңдық негіздегі іргетасы қалана бастаған. Қандай қиын сәттерде де елдің болашағы үшін білімін, білігін, тәжірибесін аямаған зиялы қауымның ұстанымы «Жаңа дәуір бастауы – Декларация» болғанын да ұмытпауға тиіспіз.  

1734 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №46

13 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы