- Руханият
- 24 Қазан, 2024
Алты сағатқа созылған арпалыс
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Қазақ елі үшін 1990 жылдың 25 қазаны тарих бетінде Тәуелсіздіктің алғашқы парағы ретінде елдің есінде мәңгілік қалды. Өйткені дәл осы күні сағат 18:55-те Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы Декларация» қабылдады.
Декларацияда не жазылған?
Бұл елімізді Тәуелсіздікке бастаған алғашқы құжат еді. Кез келген ел тәуелсіздік алуы үшін, ең алдымен, егемендік декларациясын қабылдайды. Ал егемендік декларациясында не жазылған? Казақстанның егемендігі туралы Декларация — ел Конституциясының негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі. Ал бұл құжатта Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүддесіне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп жарияланды.
Декларация алғаш рет табиғи ресурстардың, экономикалык және ғылыми-техникалық әлеуетінің Қазақстан меншігінде болуының ерекше құқығын баянды етті. Декларацияда ҚазКСР егемендігі жарияланды, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Құжатта алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді.
Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР өзінің ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы декларацияның арқасында кеңестік заңдардан бас тартып, өз Ата Заңымызды құруға қадам бастық.
Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейін, 1991 жылғы 16 желтоқсанда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Маңызды құжат Декларацияны қабылдау кезінде мемлекеттің атауы мен тіл мәселесі де қызу талқыға түсті. Құжат жобасы 4 ай бойы дайындалды. 1991 жылғы 10 қазанда Жоғарғы Кеңес мемлекетінің атын Қазақстан Республикасы деп өзгертті. Ал 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Ерік Асанбаев қол қойған Декларация, сөйтіп, өз күшіне енді. Аталған құжаттың 9-бабында «Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдiктер мен хайуанаттар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкiл экономикалық, ғылыми-техникалық потенциал – Қазақстан территориясындағы бүкiл ұлттық байлық республика егемендiгiнiң негiзiн құрай отырып, оның ерекше меншiгiнде болады» деп жазылды.
Егемендіккеерен еңбек сіңірген қайраткер
Жоғарғы Кеңестің ғимаратында (суретте) қабылданған Декларацияға академик Салық Зимановтың ерен еңбек сіңіргенін айта кету керек. Заң ғылымының докторы, профессор, Мұхтар Құл-Мұхаммед «Академик Зиманов және Егемендік декларациясы» атты мақаласында осы тарихи құжатты қабылдау кезінде комиссияны басқарған Зимановтың орасан зор қайраткерлігін сөз етеді. Философия ғылымының патриархы, академик Жабайхан Әбділдин: «Салық Зиманов мемлекеттің егемендігі туралы декларацияның жасалуы мен қабылдануының қайнар бастауында тұрды. Оның принципшілдігі әрдайым ержүректілікпен ұштасушы еді. Ол ойындағысын ешқашан ірікпейтін. Ірі оқымысты, адал азамат ретінде депутаттардың сапалы заңдар қабылдауына кепіл бола білді. Аса көрнекті ғалым әрі мемлекетшіл тұлға, академик Салық Зимановтың есімін Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов сияқты ұлы адамдар қатарына қосуға әбден болады», – деп нық айтты. Шын мәнінде 25 адамнан тұратын комиссияны басқарып, Жоғарғы Кеңесте 6 сағат бойы тікесінен тік тұрып, 60 рет сөз алып, барлық сауалға дәлелмен сенімді жауап берген С.Зимановтың еңбегі, ақиқатында, қаһармандық екені сөзсіз. Егемендік декларациясының қалай қабылданғанын зерттеп жазған академик Мұхтар Құл-Мұхаммед өз мақаласында: «Жоғарғы Кеңестің декларацияны талқылауға арналған сарғайған стенографиясын мұқият қарап отырып, бір нәрсеге таңғалдым: әлі Тәуелсіздігін жариялап үлгермеген, төл Конституциясын қабылдамаған, тек бабалары ғасырлар бойы аңсаған егемендікке енді ғана ұмтылған қазақтардың ізгі тілектеріне басым көпшілігі осы елде туған, топырағын басқан, дәм-тұзын татқан, тіпті күнделікті дос-жар ретінде араласқан «өзге» халық өкілдері өршелене қарсы болды», – деп жазады. Шын мәнінде, бұл таңғалмайтын, ақиқат нәрсе еді. Оның үстіне сол кезде Жоғарғы Кеңесте өзге диаспора өкілдері аз болған жоқ. Олардың әрқайсысының сөзінен шовинистік пиғыл сезіліп жатты. Мұның бәріне академик ақсақал Салық Зиманов қайсарлықпен дәлелді пікірімен тойтарыс беріп отырды.
Декларацияны талқылау барысында өзге ұлт өкілдері Водолазов, Ермоленко, Барченко, Мосолов, Козлов, Сухов, Васильев, Кириллин, Баженов, Христенко сияқты тағы бірқатар депутаттар өздерінің қисынсыз пікірі арқылы Егемендік декларациясын қабылдауға мүдделі еместігін білдіріп, бүйректен сирақ шығаруға тырысқан. Осы жерде бір айта кетерлігі, жоғарыда аты аталған Христенко: «Бізге ұлтаралық араздық шақыратын мұндай декларациялардың қажеті жоқ. Керек емес», – деп сөзін кеуделете аяқтады. Төрағаның: «Сіздің ұсынысыңыз қандай?» деген сұрағынан соң декларацияның тіл туралы баптарының бәріне орыс тілінің ресми тіл екенін қосу керегін кіжіне жеткізді. Төраға оның да аптығын басты. Орайы келгенде айта кету керек, «дәл мұндай декларацияның қажеті жоқ» деген А.Ф. Христенко бір жылдан соң, яғни 1991 жылы Қарағанды ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу совхоз-институты директорлығына тағайындалып, 1994 жылы оған өмірінің соңына дейін академик С.Зимановқа бұйырмаған Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағы беріліп, кеудесіне «Отан» ордені қоса тағылды. Қайтеміз, мұндай да болған...» деп жазады өз мақаласында Мұхтар Құл- Мұхаммед.
Расын айту керек, Салық Зиманов – отандық заң ғылымының атасы. Ол жоғарыда атап өткеніміздей, «Қазақ КСР-інің «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның» (25.10.1990) жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарды. Ел тарихындағы екінші бір аса маңызды саяси актінің – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның (16.12.1991) жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды. Ол Жоғарғы Кеңестегі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын әзірлеу жөніндегі Конституциялық комиссияның мүшесі болды, мұнда сарапшылар тобын басқарды. Салық Зиманов 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» энциклопедиясына ғылыми жетекшілік жасады. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығы (1993), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы (2002) лауреаты, «Парасат» орденімен (2002), екі рет «Отан соғысы» медальдарымен марапатталған.
Демек, біздің айтарымыз, Зимановтың Қазақстанның Егемендік декларациясын қабылдаудағы, тәуелсіз елдің заңын қалыптастырудағы еңбегі ескерілуі керек еді. Әттең, бір кем дүние-ай...
Әділеттілік қалпына келген күн
Тәуелсіздікке жол ашқан, қазақ елі зор саяси мәні бар Егемендік декларациясы қабылданған 25 қазанды тарих сахнасынан өшіруге тырысқандар болды. Тұңғыш Президенттің тапсырмасына орай, 2001 жылы республика күні ұлттық мереке мәртебесін жоғалтып,ресми түрде атап өтілмейтін болды. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы «Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойылды, оған сәйкес елде Республика күнін мерекелеу тоқтатылды, ал 25 қазан жұмыс күні болды. Бірақ әділеттілік қалпына келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздікке жол бастаған тарихи күнді қайтадан қалпына келтірді. Бұл шын мәнінде әділеттілік еді. Атап айтсақ, 2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды.
«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы ретте Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни 16 желтоқсан мемлекеттік мерекеге айналды.
Расында да, осы құжатты қабылдау оңай болған жоқ. 1991 жылы осы құжатқа балама ретінде құрамында Своик, Ертісбаев сияқты азаматтары бар «Демократиялық Қазақстан» парламенттік тобы да сол кезде Егемендік декларациясын ұсынғанын білеміз. Бірақ олардың жобасында «ұлттық мемлекеттілік», «ұлттардың өзін-өзі билеуі», «мемлекеттік тіл» сияқты ұғымдар мүлде қамтылған жоқ. Олардың ұсынған жобасын «мүлде керексіз құжат» деп қабылдамай тастаған сол кездегі депуттардың бірқатарына шын мәнінде ризашылығымызды білдіруіміз керек.
Бірақ Тәуелсіздікті аяқ бастырған Егемендіктің құжатын тарих бетінен ешқашан сызып тастай алмаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке – Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында: «Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», – деді.
...Демек Егемендік декларациясы елдің ертеңіне айналды, ал бүгінгі Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды болсын!
6580 рет
көрсетілді0
пікір