• Руханият
  • 24 Қазан, 2024

«Ана жақта анам бар, Мына жақта балам бар»

 Сұм тағдыр мен дегенде болды кәрлі,
 Басталды туған жерден соның бәрі.
 Н.А. Некрасов

Өмір бойына ел мен жерді, ұлт тәуелсіздігін жырлап өткен Жәркен Бөдеш туралы, басқасы басқа, Егемендіктің самалы ескен күнінде еске алу бір ғанибет! Зулап өтіп жатқан баянсыз уақыт-ай. 2021 жылдың сәуірі баршамызды есеңгіретіп кетіпті-ау. Дарабоз жазушымыз Қабдештің қазасы қабырғасын қайыстырған қаралы елді, Есенғалидай арда ақын қазасы еңселетіп тұрғанда, «бөлініп-жарылған қазағының мұңлық жыршысы» атанған Жәркен Бөдештің арамыздан кеткеніне де 4 жыл болыпты. 

60 жылдық жан жолдас Жәркеннің өмір-өлім тайталасындағы соңғы сөзі, жан тәсілімнен үш сағат бұрын маған айтқан ақтық сөзі «Әлеке, сенің үйіңе барамын деп қанша талпынсам да, бара алмадым. Мен біттім, мен кеттім, кеттім, Әлеке» еді. Ақынның асау жүрегі 22 сәуірдің түнінде тыным тауып, мәңгілік сапарына аттанды. Жәркенмен 60 жыл жолдас болғаныма қарамай, ол туралы не жазарымды, сөзді неден бастарымды білмей, қатты қиналдым. Сол бір 60 жылдық ұзақ та қилы тағдыр соқпағы сан тарау, сан қатпарлы еді. Бірге өткізген 60 жылдық ғұмырымызда бастан не өтпеді? Пендешілікпен және әзәзіл сайтандардың арандатуымен араласпай кеткен қайран жылдардың обал-сауабын ойласам, қабырғам қайысады. Ол бір орны толмас өкініш болса да, маңдайға жазған тағдырластық, өнерге, жолдастыққа деген адалдық бізді қайта табыстырып, қауыштырып жатушы еді. Бәріміз де періште емес, пенде екеніміз осындайда еске түседі ғой. 
 Мен Жәркенмен 1961 жылдың 25 тамызында Үрімжіде, «Шинжияң университетінің жатақханасында кездескен сәтім әлі кешегідей есімде. Ұзын бойлы, қайратты қара шашы артына қайырылған, ақ құба, кең маңдайлы жас жігітпен танысып, жөн сұрастық. Ол Тарбағатайдың Толы ауданынан, мен Іленің Күнес ауданынан, ол Уақ, мен Қызай болып таныстық.
«Қытай тіл-әдебиеті факультетінің» дайындық бөлімінде бірге оқыдық, Жәкең өлеңдетіп келді арамызға. 1962 жылы баспасөзде «Жайыр тауым, тал еменді шилі өзек, Өлең құсым саған ұшты бір мезет» деп өмір бойы жырлап өткен Жайыр тауына арналған сағыныш жырын жариялап еді. Содан бергі алпыс жылда бозбала ақын Жәркен қазақтың аса көрнекті ақындарының бірі екенін дәлелдеп кетті. Оны ақынның: 
«Мен ақын емеспін, тағдырым ақын» 
 «Менен шықса, шығады шын ақындық.
Оқытсаң да, шықпайды саудагерлік», – деген толғанысынан-ақ аңғаруға болады.
1961–1968 жылдар Үрімжіде Шыңжияң университетінде оқып, «мәдениет төңкерісі» деген зобалаңды бірге өткізіп, «зиялыларды қайта тәрбиелеу» дейтін саяси науқанның қырына ілініп, 1969 жылдың сәуіріне дейін Бұратала Моңғол облысының «Аққой» фермасында малшы болып бірге жүрдік. Сол жылы шекара бұзып, Қазақстанға аман-есен жеткен сәтте шекарашылардың сұрағына өлеңмен жауап беріп, ағынан ақтарылған еді. 

Шекара 

Шекара деген немене?
Адамға құрған тор болар,
Түскендер оған қор болар.

Шекара деген немене?
Ала жіп болар аттамас,
Аттауды тағдыр жақтамас.

Шекара деген немене?
Шектеулі жатқан жер шығар.
Шыдамды оған ер шыдар,
Маңайын бассаң, маңдайдан
Бұршақтап суық тер шығар.

Шекара деген немене?
Екі елдің бөлген арасын.
Кірпі түктес қара сым,
Шекара ғана тұр бөліп, 
Қазақ пен қазақ арасын.

Тауын, тасын, даласын,
Шекара кетсе жойылып,
Шертілер еді күй ұлық.
Адамға адам жамырап,
Көлдерге көлдер құйылып.
Жәке, шекараны ашу үшін емес, жабу үшін, қоя беру үшін емес, қамау үшін жасағанын ұмытасың-ау? Аңсап, армандап жеткен Қазақстаным, Қытайдағы «еңбекпен қайта тәрбиелеу» мерзімін одан әрі созып, 1969–1972 жылдар аралығында Көкшетау облысы Уәлиханов ауданы «Золотая Нива» совхозының «Қазанқап» бөлімшесінде аға шопанның көмекшісі болып, 720 саулықтың соңында салпақтадық. «Қой бағып жүр дегенше» дейтін әйгілі өлеңі сол кезде жазылған еді.
 «Бөлініп, жарылған қазақтың мұңлық ақыны» мұңайып: «Көп қарадым қабаққа, аз қосылдым санатқа», – деп жазып еді. Оның бәрі өткен шақ, сен әлдеқашан санатқа қосылып қана қоймай, қазақ поэзиясының алтын сарайының төрінен ойып тұрып орын алған әрі ешкімге де ұқсамайтын дара тұлғалы ақын Жәркен Бөдешсің! Енді басталған екінші ғұмырың баянды болғай! Иман нұрың бейіштің төрінде шалқығай! Қош бол, 60 жылдық жан жолдас, 45 жылдық күйеу жолдас, Жармұхаммед, саған Алла жар болсын! 
Оның Айтан Нүсіпхан қазасына арнап жазған «Жампозым» атты өлеңін назарларыңызға ұсынғым келеді:
Жампозым! Ақылманым! Парасаттым!
Тобырдан қараңды үзіп, дара шаптың.
Жыр Жәркен, Сұңғыла Айтан, Әз Әлекең – 
Үшеу ек, үш бұтындай қара ошақтың.

Қапыда шорт сынды ғой үштің бірі,
Оққа ұшты сұңқар текті құстың пірі.
Жусақ та қанды жаспен, кетпейді екен – 
Шемен боп қатып қалған іштің кірі.

Жылатып тағдыры бір саналы елді,
Жасындай жарып кірдің қара жерді.
Жаутаңдап көзі тірі достарыңа,
Шырқырап қос құлының қала берді.

Шың едік Талғарына таласар бұлт,
Шың құлап төбе болып аласардық.
Өлімің, қайран досым, құпия өлім,
Секілді құлыптаулы қара сандық...

Жүрсек те ұлтымыз деп, жұртымыз деп,
Жақпайды қас дұшпанға ырқымыз бек,
Шығыстың соқпағы көп сүрлеуімен
Барамын сол сандықтың кілтін іздеп.

Сұм тағдыр сонша өшікті неге бізге?
Бар уын біз қалдырған себеді ізге.
Топырақ жүзіңді, дос, жасырғанда,
Рухың қалқып жүрді төбемізде.
Хакім Абай да, міне, сізбен бізді, күллі адам баласын қамшының сабындай қысқа ғұмырында бір-бірінің қадір-қасиетін ардақтап өтуге шақырып былай толғаған еді:
Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдар, алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ!

***

Қазақ тарихы бөлініп-жарылғандар, ата жұртқа жете алмай, ана жұрттан кете алмай зарыққандар тарихы екенін мойындасақ (үш қазақтың бірі жат елде жүргенде, мойындамай не етерсің), оның поэзиядағы көрінісі, жарылғандар жыр­шысы болмауы да мүмкін емес қой.
Тарихқа көз салсаңыз, қазақта айтулы бірқанша үдере көшу, бөлініп-жарылу, тіпті әке-баладан, бауыр-туыстан адасып телім-тентіреулер болыпты. Мың жылдың алдындағы ұлы көшті айтпағанда, Қазтуған жырау:
Қайран менің, Еділім,
Мен салмадым, сен салдың.
Қайырлы болсын сіздерге,
Менен қалған мынау жұрт, – деп аһ ұрғызғын ғасырлар дүрбелеңінде ел айырылған жырлары мен ән-күйлері аз шығарылмаған еді.
Азау мен Ақ Жайық, Еділ мен Есіл қолдан кеткенде: «Арманда болып барамын, қоштасуға аял жоқ», – деп, Жиембет жыраудың  өкпесі қысылса,
Балаларыма өсиет,
Қылмаңыздар кепиет.
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет, – деп бөлініп жарылудың берекесіздіктің қандай апат әкелетінін жырлап өтті. Бірліктен айырылған сорлы қазақ ақыры жаңа қонысқа да орныға алмай, «Елім-айлап» «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшырады. Абылай хан тұсындағы сәттік үзілісті айтпағанда, ХVІІІ ғасырдан, бүгінге дейін тоқтаусыз, күңірене, зарлана айтылып келе жатқаны, «Елім-ай», «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай» сияқты қаралы жоқтаулар қосылғаны баршаға аян.
Күллі Алаш баласы хормен айтқандай болған сол қаралы әуенге бүгінгі қазақ қаламгерлері ішінен ерекше айқын дауыспен үн қосқан ақынның бірі әрі бірегейі Жәркен Бөдешов екенін даралап айтпасқа болмайды. Ол – бөлініп-жарылған қазақ халқының айықпас мұңы, шеменді шері, өксікті құсасы, қанды көз жасы, қасиетті Алаш ордасына деген  теңіздей терең сағынышы мен алау махаббаты сан сала, сан ағыс болып құйыла келе Жәркен ақын тұлғасын даралап, поэзиясын аруақтандырып тұратын сияқты.
Жәркен поэзиясы – арысы Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жыраудан бастау алып, «зар заман деген сөз шықты, заманның қарай түріне» деп зарлаған Шортанбай, Мұрат, Дулат, Базар жыраулар аруа­ғын шақырып, кешегі күннен, гүннен туған Мағжан рухымен іштей де, тыстай да үндесіп жатқан, жалғасып, жарысып бара жатқан өрісті, кенеулі, шешен де көсем, қазақы-ұлттық поэзия. Басқамызға бірде жетсе, бірде жетпей жатқан дәстүршіл, халықтық «қара өлең» Жәркен ақында жетерлік.
Үйірінен бөлінген, сайын сахарада адасқан көк бөрі көкке қарап мұңды, зарлы үнмен ұлып тұр. Серігін іздей ме, серуенін аңсай ма, әйтеуір, құсалы, арманды ұлу.
Көк түріктің көк бөрі ақыны оған үн қосады:
Туған жерден кеткелі, 
Сағынышым көп тегі.
Айға қарап ұлыған,
Мен бір жалғыз көк бөрі.
Айға қарап ұлысам,
Ай сарғайып батады.
Күнге қарап ұлысам,
Күн сарғайып барады.
Бұл жыр жолдары бізді екі салалы ойға жетелейді. Алдымен – көркемдік ойлау мен бейнелеу тәсілінің тек қазақша, тұранша байырғылығы, одан кейін барып ақынның бөгде миллион арасында жүрсе де, жалғыздық зарын туған жер, ана жұртқа деген сағыныш мұңы меңдеткен қапалы көңіл күйі­нен хабар беріп тұр. Мұндағы ақындық пафос – көк және сары түстердің бөлініп-жарылғандар зар-наласына символдық сипатта шендес­тірілулерінде болса керек.
Дегенмен мұндай эстетикалық пайыммен тұшынуға қол жеткізу үшін оқырманның да қазақша – көк түрікше, тұрандық сезім-сезігіне салмақ салуға тура келер. Мәңгүрт талғаммен, орысша ойлау жүйесімен ақынды түсіну мүмкін еместігін айта кету жөн шығар. Жәркеннің мына өлеңін оқыңыз:
Шаңырағының биіктігін,
Шыққан күнмен өлшеген.
Керегесінің тұрған бойын,
Кер жыланмен өлшеген.
Арқанының ұзындығын,
Аққан сумен өлшеген. 
Туырлығының тұтастығын, 
Бүтін тумен өлшеген.
Қайран ата-бабалар, 
Талғамы биік даналар.
Ақын өзінің неге бұлай ойлап, қиялдау себебін, яғни поэтикалық талғамын мына өлеңінде былай білдіреді.
Мен ақын емеспін,
Тағдырым ақын.
Көктемдегі сағым­дай сан құбылатын,
Жаным ұлы тау секілді.
Ұлары шуласа,
Өзені туласа,
Тастары құласа.
Бораны аңыраса,
Орманы жамыраса,
Қасқыры ұлыса – жаңғыратын.
Мен ақын емеспін,
Тағдырым ақын.
Нағыз тапқырлық, ұшқыр ойлылық, бейнелілік әрі тек қана қазақша – Мағжанша шалқу деп осындайды айтар болар. Табиғат пен ақын жанының үндесуі, халық тағдырының шендесуі қандай жарасым тауып тұр? Мұндай табиғилықты, ұлттық бояу нақышты:
 Аттың жалында,
 Түйенің қомында,
 Оранып сағымға,
 Даланың жонында, 
 Туыппын Жайырда, – деп ағынан ақтарылған дала перзентінің төл жаратылысынан, тұрандық болмыс-бітімінен іздеу керек. Мұндай пайым-талдауымызды перзентхананың ақ сейсебінің үстінде туған азаматтарымыз тура қабылдап, «мықты ақын болу үшін аттың жалы, түйенің қомында туу керек қой» деп кекетуі де ғажап емес. Айтайын дегеніміз, мың-мың жылдық өмір салты, тұрмыс қалпы, әлуметтік, отбасылық қарым-қатынасы өзінше қалыптасқан, эстетикалық талғам-түйсігі, сезім-сезігі, ойлау, бағалау, әспеттеу-мансұқтау өлшем таразысы өзгеше бөрілі байрақты көк тұрік ұрпағы – қазақтың тәңірлік ақыл ой мен поэтикалық шарқының Жәркен ақын поэзиясында жарқырай көрінуін дәлелдеу еді. Әсілі, тарихи қайнардан, ұлттық болмыстан, көркемдік ойлау, қиялдаудан қол үзген, қайсы ұлттың өкілі жазғаны айқын парықталып, білінбейтін поэзия дегенді адамзат бүгінге дейін мойындай қойған жоқ. Саясатты ат қылып мініп борбайлатқан, жалған жаңашыл, интернационалшыл, қайдағы бір адамзаттық ортақтықты жырлаушылардың айқай жарнамасы ендігі жерде ешкімді де алдарқата алмаса керек.
Жәркен поэзиясы, тұтастай алғанда, бөлініп-жарылған қилы тағдырлар, қиямет кешулер поэзиясы бола тұра мазмұны жағынан мынадай үш үлкен тақырыпқа жіктей қарастыруды қажет етеді:
1. Бөлініп-жарылуға, Отаннан қол үзуге мәжбүр еткен тарихи себептерге;
2. Туған жер, қара шаңырақты бір көруге зар болып еңірегендердің трагедиялы тағдырына;
3. Қара шаңырақтың босағасына табаны тиіп, қайта қауышуға қолы жеткен бақыттылардың көңіл күйі, қилы-қилы жағдаяттардың саяси, психологиялық, адамдық қарым-қатынасына арналған өлең-толғау поэмалары жатады.
Ақын «Біздің ауыл» атты өлеңінде дүниенің әр жерінде шашырап жүрген қазақтың жай-күйін айта келіп, оның тағдыр таразысына үңіледі.
Сұрасаң біздің ауыл сондай ауыл,
Далаға талай көшіп қонды-ай ауыл.
Түндігі желпілдеген құстай жеңіл,
Тағдыры білеу-білеу сондай ауыр.
Сол білеу-білеу ауыр тауқымет арқалауға мәжбүр еткен айыпкерлер, құныкерлерді басқа ұрып таңбалаған өлеңнің бірі «Ұлар жыраудың шекара бөлісін жүргізгенде айтқаны» екен.
Қарға тамыр елдігімді жат көріп,
Аш қасқырдай қос бүйірден тап беріп.
Айырдыңдар екіге, бір жүректі қақ бөліп.
Арамызға шекара деген түсіп от,
Жалынына шарпылмаған кісі жоқ.
Жетім ботам боздап тұр.
Жетім құлыным кісінеп.
Бүйрегіндей сиырдың,
Бөлшек-бөлшек хал мынау.
Торығу, аңсау зар жылау.
Ежен хан мен Ақ патша,
Обалымызға қалдың-ау!
Отаршыл жыртқыштар сенің обал-сауабыңды қайтсін? Жеріңді алып өзіңе тыныштық берер ме, түп тамырыңмен қопара құртпай, көңілі тынар ма? Сондықтан Ұлар жырау зарламай, кім зарласын?
Жанарым жайдай жарқылдап, 
Намысым бөздей жыртылды.
Бір ұлым өлді қастықтан,
Бір ұлым өлді аштықтан.

Біреуі жатыр тас зынданның түбінде,
Біреуі кетті айдалып қызыл іңірде,
Біреуінің сүйегі қалды 
Тақламақан шөлінде,
Біреуінің сүйегі қалды Сібірде.
Толы едім, суалдым да ортайдым. 
Балғын едім, сіңір болып қартайдым.
Ақын бұл арқылы не айтпақшы? Ел басына күн туып, екі талай заман болғанда атам қазақ не істеуші еді? Ерлер ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алар, Алаш ақыны аруақ шақыра ақырып топқа кіруге, халқын аттанысқа келтірер отты, қаһарлы жырлар жазар болар.
Қосатын ұғұл туар ма?
Бөлінген елдің іргесін.
Айға білеп найзасын,
Асырған жаудан айласын.

Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Әз Жәнібек, Ер Баян,
Ұрпақтары қайдасың, – 
Бармысың-ау, қайдасың?
Осынау жан айқайы, құдіретті ар­уақтар жаңғырығы ХІХ ғасырда Ұлар жырауды қалай зілзалаға салса, ХХІ ғасыр табалдырығына қадам басқан сіз бен бізді де сондай сілкініске сала алатыны сөзсіз. Ақындық қуаттан туған отты жыр берер әсер сондай болмақ.
Ақынның «Санадағы сарын» атты өлеңінде:
Жүректегі жан жырым,
Шым-шытырық тағдырым.
Бірде сөзім шырын бал,
Бірде сөзім қан жылым.
Көп қарадым қабаққа,
Аз қосылдым санатқа, – деп кер заманға, кесір тағдырға өкпе-наласын білдіреді. Алаң көңіл, қайғылы жүрек шерін шертіп, пұшайман күй кешеді мұңлығың.
Жасырайын несіне,
Қақ бөлінген несібе.
Бөліп беріп отырам,
Бір жүректі екіге.
 
Ана жақта анам бар, 
Мына жақта балам бар.
Мен анама алаңдап,
Анам маған алаңдар.

Алаң-алаң алаңмын,
Алаңдасам, налармын. 
Қиын екен жалғанда,
Алаңдауы адамның.
Ботадай боздап, бордай егіле беру ақын рухына жат. Алаң көңілдің ауырт­палығын сезіне отырып, отандастарына, күллі Алашқа ой сала ізгі тілегін үндейді.
Не ойлайды осы жұрт,
Іске асар ма қос үміт?
Бүтінделер ме екенбіз,
Бөлінгендер қосылып?
Немесе:
Қор болмай босқын-қашқынға,
Жем болмай ит пен қасқырға,
Біз қашан түгелденерміз,– 
Бір шаңырақ астында? – деген жырларын мінажаттай жаттап, қайталағың келеді.
Туған жер, Отан-ананың қадірін шетте, жат елде жаутаң көз болып жүрген мұңлықтан артық кім білген? Шерменде жүрек шерлене былай деп мұңды тілек айтса, сенбеуге хақың бар ма? 
Менде бір тілек бар,
Толқындай бұлқынған.
Жүйріктей жұлқынған.
Ей, тәңірім, айырма,
Туған ел, жұртымнан.
Осындай жүрекжарды ақ тілекті, биік арманды періште көңілді барша отандасы өзіндей түсініп, өгейсімей бауырына тарта бермейтін тасбауыр­лықтан ақын жаны назалана, ашына жыр толғайды.
«Жансыз» деп,
«Ауған ел» деп,
«Қосжүрек» деп,
Естіген сөзім аз ба, көрінгеннен.
Мен келсем келдім,
Туыс, бауырым деп.
Алатау, Арқа,
Сауырым деп.
Сенімсіздік пен сергелдең әбден ығыр еткендіктен бе, ақын жанын Жаппарға тапсыра, ант іше:
Қаныммен, жаныммен де қасам етем,
Сенімім саған деген ала бөтен.
Талап жеп қояр еді қасқыр тағдыр,
Егер де сен болмасаң Атамекен, – деп ағынан ақтарылады. Бұл жыр жолдарынан ақынның алабұртқан көңіл көгінен әлденеше ойдың сұлбасын байқауға болар. «Қасқыр тағдырға» жем болмай, аман-сау оралған отандас-қандастардың көңіліндегі түйткіл де, өкпе-наз да, болашаққа деген нұрлы сенім де сыйып тұр. 
Менің жеке архив қоржынымда ақын Жәркеннің маған жазған көптеген өлең-хаттары және Жәркенге замандас, жерлес ақын достарының да жазған өлең-хаттары сақталған. Жалпы айт­қанда, ақын Жәркеннің 60 жылдық шығармашылық ғұмырының даму эволюциясына онша үйлесе қоймағандай бір тамаша жаңалыққа куә болған едім. Жәркеннің замандас, жерлес ақын досы:
«Беремін десең мыңға күш,
Көз жібер ақын – жырға алыс.
Өлеңнің бойы мың метр,
Өлімнің бойы бір қарыс», – деп жазыпты да, Жәркен Бөдеш (1963 жыл, маған жазған жалғыз шумақ еді) деп көрсетіпті.
19 жастағы бозбала Жәркеннің ақындық шама-шарқын әйгілеп тұрған бұл жолдардан оның тым ерте оянған талант иесі екенін танығандай болған едім.
«Ақынға қара сөзден өлең оңай» деген аталы сөз Жәркен шығарма­шы­лығына қаратыла айтылғандай. Оның маған 70–80-жылдарда жазған ондаған хаттарының барлығы дерлік амандық-саулықтан кейін өлеңмен жазылушы еді. Сондай өлең-хаттың бірі 1976 жылы маған арнап жазған «Бір досым бар» өлеңін назарларыңызға ұсынғым келеді:
Жалғанда құты ортайып көнермеген,
Шымкенттің ауданы бар Бөген деген.
Сол жерде отау тіккен досым бар-ды,
Қолында домбырасы бебеулеген.

Дарыған оған өнер туа нағыз, 
Майталман күйші, шешен, дуалы ауыз.
Шымкент онсыз тойын өткізбейді,
Төбесін көрген жерде-ақ қуанамыз.

Дей ме екен, көзіне ерен бір көрінсек,
Алдында бұлаңдайды қыз-келіншек.
 «Жасарып кетер едік дейді қарттар,
Осынау жайсаң жанмен бірге жүрсек».

Даланың лебі ескен балағынан,
Шарлаған шартарапты бала қыран,
Қай жерде отыр екен күй суырып,
Киелі домбыраның шанағынан.
 
 

Әлімғазы Дәулетхан,
Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі

6403 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы