• Ақпарат
  • 24 Қазан, 2024

«МЫҢ ЖЫЛҚЫНЫҢ СОҢЫНАН ЕР және ҚУЫП ЖЕТ»

Бағдат Сұлтанқызы,

«Ana tili»

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі 1931 жылы 25 тамызда алғашқыда қалалық музей ретінде іргесі қаланған. Қазір музей қорында 65 мыңнан аса бірегей жәдігерлер сақтаулы тұр. Жамбыл облысының 80 жылдығына орай 2019 жылдың 25 желтоқсанынан бастап музей Шығыс стиліндегі жаңа ғимаратқа көшірілген.  


«Мына алып жануардың қабырға сүйе­гін Тараз қаласы Зербұлақ демалыс орнының маңындағы бір үйдің бақшасынан жер аудару жұмысымен айналысып жүрген үй иесі Нұрмұратов 2001 жылы тауып алған. Алдарыңызда Жамбыл облысының негізгі пайдалы қазба байлықтары көрсетілген. Фосфорит – Қаратау мен Жаңатаста, алтын – Ақбақай мен Шоқпарда, ал темір рудасы Кішкенесорда өндіріледі», – дейді Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Арайлым Әскербек. 
1979 жылы экспедициялық топ Шу ауданы, Чкалов атындағы ауылдың территориясында үңгірлі шатқалдан тасқа қашалған бейнелерді зерттеп, сол аумақтан 20-дан аса түйе, ешкі, арқар бейнесі мен ру таңбасы ойып салынған тастар тапқан. Ежелгі адамдардың көп қоныстанған жері – Қаратау жоталары болған. Қаратау жотасының шығыс беткейіндегі палеолиттің ең ірі ескерткіші Тәңірқазған және Бөріқазған қатар орналасқан. 
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің өте сирек кездесетін жәдігерлерінің бірі – сақ жауынгерінің дулығасы. 
Музейде Талас жазулары жазылған тастар да бар екен. Осы тастардың бірінде «мың жылқының соңынан еріңіз және қуып жетіңіз» деп жазылған деседі. «Көне деректерге сүйенсек, Талас аңғары сонау ертеден-ақ талай тайпаның мекен еткенін растайтын тарихи мұраларға бай. Сол мұралардың бірі бізге жетіп отырған тас мүсіндер. Тас мүсіндер – тастан жасалған адам бейнелері. Олар Қазақстан аумағында өмір сүрген адамдардың діни-танымдық, салт-дәстүрін көрсетеді», – дейді А.Әскербек. 
Қазақ жеріндегі көне тас мүсіндерді ғылыми тұрғыда түбегейлі зерттеген ғалым – академик Ә.Х. Марғұлан. Ғұлама ғалым ежелгі мал өсіруші тайпалардан қалған тас мүсіндерді егжей-тегжей зерттей келе, олардың даму тарихын екі кезеңге бөледі. Ә.Марғұланның дерегіне сүйенсек, мұның бірі – VI–VIII ғасырлардағы Түркі қағанаты дәуірінде орнатылған, ал екіншісі – VII–XIII ғасырларда Орталық Қазақстанды мекендеген қыпшақ тайпалары тұрғызған ескерткіштер. Көне түріктер дүниеден өткен ата-бабаларына ескерткіш ретінде тастан мүсін қойып, қоршаулар орнатты. Сөйтіп, діни наным-сенім мен салт-сананың әсерінен тас мүсінге табыну ғұрпы туындады.  Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерінің сөзінше, Әлкей Марғұлан Түркі қағанаты дәуірінде орнатылған осындай тас қоршаулардың біріне қазба жұмыстарын жүргізген кезде бұл арадан адамның мүрдесі емес, мал сүйектері табылған. Осыған сүйене отырып, ғалым «Тас қоршаулар – адамдар жерленген қабір емес, оларды еске түсіру үшін ас беріп, ат шаптырған жерлерге қойылған белгілер» деген қорытынды жасаған. 
Арайлым Әскербектің сөзіне сенсек, бұл туралы өзге де пікірлер бар. «Түркі дәуіріндегі тас қашаушылар қолынан шыққан адам мүсініне зер салсаңыз ежелгі заманның алыбын, батырды, атақты билерді, абыздарды, жыршылар мен малшылардың бейнесін көз алдыңызға елес­тетесіз. Тас мүсіндер туралы ғалымдар арасында екі түрлі пікір бар екенін айта кеткен жөн. Болжам жасаушылардың бір тобы мүсіндер атақты түрік ұландары шайқастарда өлтірген күшті жауларын бейнелейді десе, енді бір топ ғалымдар «тас мүсіндер түріктердің өздерінің мықтыларына қойылған ескерткіштер» дегенді айтады. Сонымен бірге олар «бұл мүсіндер өлген адамның қабірінің басына, оның сүйегін өртеу рәсімі жасалған жерлерге қойылған белгі» деген пікір білдіреді. Кім де болса жауына тас мүсіндей ғажап белгі қоймағаны анық», – дейді ол. 
«Балбал тастар Шығысқа қаратылып қойылған. Мүсін сол қолына ыдыс, оң қолына сұңқар ұстаған. Бұл нені аңғартады? Ыдыс – Жер мен Судың, Аспан мен Жердің бірлігінің белгісі. Яғни бұл Тәңірге, сонымен бірге ата-бабалар аруағына табынуды, өздерінің салт-дәстүрлеріне адалдығын көрсетеді». Айман Досымбаева сөзін осылай қорытындылайды. 
Музейге келушілерді қызықтыратын – бақсы бейнесі салынған тас және ұзындығы 195 см, ені 31 см жұмыр формалы ескерткіш тас. Ескерткіш тастың жоғарғы жағында төрт адамның кескіні қатар берілген. Ал төменгі тұсы ою-өрнектермен безендірілген. «Луговой ауданындағы Өрнек ауылының маңынан табылған осы тастағы суреттерге қарап, бұл ата-бабаларымыздың әлемнің төрт бұрышын бейнелеп көрсеткісі келген талпынысы ма, әлде бізге беймәлім әлдебір көне діни ғұрыптың әсерінен туған дүние ме екен деген ойға қаласың», – дейді Ә.Арайлым.  
Қазақстандағы ең ежелгі қалалардың бірі Тараз қаласының көне тарихы, осы өңірде билік еткен Батыс Түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ және Қараханид сияқты аты әлемге әйгілі мемлекеттердің саяси-­экономикалық орталығы болғанын растайтын археологиялық қазба деректерімен танысуға болады. 
«Ұлы Жібек жолы бойында жатқан өлкемізде 50-ге жуық қалашық пен елді мекендерді құрайтын ортағасырлық қалалар болған. Ұлы Жібек жолы бойындағы ең ірі сауда орталығы – Тараз. Сондықтан авторлар Тараз туралы жазғанда, ең алдымен, оның сауда саласындағы маңызын айтады. Мысалы қытайлық саяхатшы Сюань-Цзянь: «Таластың аумағы 8–9 ли (ли – қытайлық өлшем бірлік, 576 метрге тең). Бұл арада көптеген саудагер тоқтап, түрліше заттар әкеліп сатады» – деп жазады. Ұлы Жібек жолы – адамзат тарихының дамуында біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ ғасырда Батыс пен Шығысты байланыстыратын жол ретінде қызмет еткен тарихи ескерткіш. Қытайдың Янзцы өзенінен басталып Италия қаласынан аяқталады. Музей картасында Орта ғасырдағы Оңтүстік Қазақстан, Жетісу өңірлеріндегі Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар мен қоныстардың орналасуы көрсетілген», – дейді Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім басшысы Асылжан Дулати. 
«Талас өзені бойында орналасқандықтан, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы дамыған, оған дәлел ретінде су сағатын айтуға болады. Х ғасырға жататын су сағаты 1965 жылы Шу өзенінің сағасында, ежелгі қала орны маңынан табылған. Түп ортасында кішігірім саңылауы бар және қылтасында ысырма үшін кертпе жүргізілген. Ыдысты жылжыту үшін қарсы тұсында бастапқы жағдайында ұзынша тұтқа жасалған. Бұл ыдысты суармалы судың үлес мөлшерін анықтау үшін пайдаланған. Мұндай ыдыс Орталық Азия мен Қазақстан жерінде алғаш табылып отыр.  
Ұлы Жібек жолымен дінді уағыздау­шылардың көмегімен өлкемізге әртүрлі діндер тарай бастады. Олар: христиан, буддизм, манихей, зароастризм, ислам. Көрерменді қызықтыратын көне Тараз тұрғындары қабылдаған діннің бірі – зароас­тризм. Ол бізге V–VII ғасырларда соғдылар арқылы енді. Оның негізін салушы пайғамбар «Заратуштра» деп есептеген. Олар отты «тазартқыш күш» деп табынатын болған екен. Зароастризмді қолдаушылар өлікті жерге көмуге, отқа жағуға рұқсат етпеген, арнаулы мұнараларға жерлейтін болған, егер өлікті жерге көмсе, жерді қорлайды деп есептеген. «1931–1951 жылға дейін Тектұрмас пен Атшабардағы зерттеулер, бұл орындарда арнаулы құмыралармен «оссуарий»деп аталатын табыттарға жерленген екі мыңға жуық бейіт болғанын дәлелдейді. Бұл жерлеудің қай түрін алсақ та, алдымен етінен сүйегі ажыратылып, ең астына аяқ пен қол сүйектері, жамбас және басқа бөліктері қойылған. Ал үстіне бас сүйегін қоятын болған. Бұл дін арабтар келгеннен кейін де біраз уақыт өмір сүрді, тек 893 жылы  Саманид Ислам бастаған көп қол Тараз қаласын жаулап алып, қаланың орталығындағы шіркеуді мешітке айналдырған соң, ислам діні берік орнығып, зароастризм дініне біржолата қатаң тыйым салынды», – дейді музей қызметкері А.Әскербек. 
Х ғасырда Тараз қаласының экономикасы дамығанының бір белгісі – қала құрылысы. «Қалада жүйелі су құбыры тартылған. Алдарыңыздағы су құбыры қаланың шығыс бөлігінен 1960 жылы табылған. ХІІІ ғасырға дейін жұмыс істеген. Ұзындығы 12,8 метрге, ал муфталардың ұзындығы 70 см, диаметрі 25 см болған. Ғасырлар тереңінен бізге жеткен мұсылман сәулет өнерінің інжу-маржаны саналатын Айша бибі (ХІІІ), Бабажы қатын (ХІ), Әулиеата-Қарахан (ХІ) және Дәуітбек (ХІІІ) кесенелерін айтуға болады», – дейді Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім басшысы Асылжан Дулати. 
Музей жәдігерлерінің қатарында аталатын Тараздағы Қали Жүніс моншасы ХХ ғасырдың басына тиесілі. 1906 жылы моншаны Әулиеата қаласының тұрғыны, меценат Қали Жүніс өз қаржысына салғыз­ған. Монша – Әулиеата кезеңінің сәулет өнері ескерткіші. Ол санитарлық-тазалық орталығы ғана емес, саясаткерлер, әскерилер және қала тұрғындарының көптеген ортақ мәселелерін шешетін, тынығып, дем алатын орны да болған. «Монша ортағасырлық Шығыс моншаларына тән сипатта салынған. Салтанатты күмбездермен көмкерілген түрлі көлемдегі 10 бөлмеден тұрғызылып, бір-бірімен иінді өткелдер арқылы жалғасқан. Қали Жүніс моншасы өткен ғасырдың 20-жылдарына дейін жұмыс істегені тарихтан белгілі», – дейді А.Әскербек. 
Музейдегі үлкен жаңалықтың бірі – заманауи инновациялық технология, лазер арқылы жасалған, суреттерді көрсететін голограмма. Голограммада облысымыздың тарихи архитектуралық ескерткіштері – «Ақыртас» кешені, Айша бибі және Бабажы қатын, Қарахан кесенелерінің макеті виртуалды түрде көрсетіледі. 
 

1138 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы