• Ақпарат
  • 24 Қазан, 2024

АЛАШ ЖҰРТЫНЫҢ МАХАББАТЫНА БӨЛЕНГЕН ТҰЛҒА

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, «Тіл-қазына» орталығы, Türk Akademisi – Turkic Academy қолдауымен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик, аса көрнекті түркітанушы-лингвист Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай «Жаһандану әлеміндегі ғылымның дамуы: Түркітану. Лингвистика. Филология» атты халықаралық конгресс өткізді. Халықаралық конгресте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт тоқаев­тың құттықтау хатын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасы Ербол Тлешов оқып берді. Сондай-ақ конгресте Халықаралық Түркі академиясының Шахин Мұстафаевтың құттықтауы оқылды.
 

Конгреске қатысушылар Р.Сыздық еңбектерінен құралған көрме мен фотосуреттерді тамашалауға мүмкіндік алды. Екі күнге созылған халықаралық конгрестің модераторы Тіл білімі инс­титутының директоры, белгілі ғалым, филология ғылымының кандидаты Анар Фазылжан болды. Басқосуда академик Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың ғылыми мұрасынан бастау алатын қазақ тіл біліміндегі, филология мен түркітанудағы ғылыми парадигмалар талқыланды. Алыс-жақын шетелден келген ғалымдар, атап айтқанда, Швецияның Уппсала университетінің профессоры Бирсел Каракоч, түркиялық профессор Нергис Бирай, Ташкент мемлекеттік Өзбек тілі мен әдебиеті университетінің профессоры Қозақбой Юлдашев, қарақалпақстандық филология ғылымының докторы Алима Пирниязова, Кабардин-Балқар мемлекеттік университетінің ғалым-оқытушысы Мариям Ахматова және өзбекстандық ғалым Фархат Бабажанов сөз алып, түрік елдерінің тілдік, ділдік ұқсастығы мен танымы туралы әңгімеледі.
Пленарлық мәжілісте мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, драматург Нұрлан Оразалин, академик Зейнеп Базарбаева, институт директоры Анар Фазылжан, академик Фаузия Оразбаева, профессорлар Бердібай Шалабай, Бағдан Момынова, Қалбике Есенова және Гүлғайша Сағидолла баяндама жасады. Конгресте академик Рәбиға Сәтіғалиқызының ғылыми мұрасынан бастау алатын қазақ тіл біліміндегі, филология мен түркітанудағы ғылыми парадигмалар талқыланды. Пленарлық мәжіліс барысында «Академик Р.Сыздықтың ғылыми мұрасы» атты қазақ-түрік тілдерінде жарық көрген хрестоматияның және профессор Айман Алдаштың «Қазіргі қазақ көркемсөз өрнегі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Оған қоса Конгресте Рәбиға Сыздықтың ғұмырбаянына арналған бейнебаян көрсетілді. Оны Тіл білімі институтының ұжымы әзірлеген.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Академик Рәбиға Сыздық феномені:  отандық тілтаным мен түркітанудың бүгіні мен болашағы» тақырыбында баяндама жасап, академик еңбектеріндегі тарихи маңызды нәтижелерге бастайтын идеялардың туындауы мен жетілуі тақырыбын жан-жақты қозғады. ҚР ҰҒА академигі Фаузия Оразбаева «Академик Рәбиға Сыздықтың ғылыми мұрасы – рухани құндылықтар өзегі» тақырыбында баяндама жасап, қайраткер  тұлғаның рухани мектебі ғылыми мектеп,  педагогикалық мектеп, гуманитарлық мектеп болып бөлінгеніне тоқтала келе, осы мектептердің мән-маңызын талдап берді. «Академик Р.Сыздықтың қазақ әдеби тілін кезеңдеуі және жазба әдеби тілді жаңаша кезеңдеу» тақырыбында баяндама жасаған профессор Бағдан Момынова әдеби тілдің кезеңдеріне тоқталды. 
Нұрлан Оразалин «Көркем сөз – кемел таным» атты баяндама жасап, Рәбиға Сыздықтың кісілік, ғалымдық және қайраткерлік келбетіне тоқталды. «Бәріміз Рәбиға апайды сағынып қалғанымызды тағы бір мәрте байқадық. Ол кісі сағынуға, құрметтеуге, алақанға салып аялауға, күллі Алаш жұртының махаббатына бөленуге лайық, рухани кеңістігіміздегі ұлы тұлғаларымыздың бірі болатын. Көзі тірісінде Рәбиға апаймен жақсы аралас­тық. Біз ол кісінің шуағына бөленген жандармыз. Рәбиға апай, біріншіден, тілші-ғалым. Екіншіден, қазақтың ұлттық биігіне көтерілген, қайталанбайтын, рухани кеңістігіміздегі ұлы тұлғамыз. Үшіншіден, Рәбиға апайымыз тағдырлы тұлға. Рәбиға апай жасандылықты аса ұнатпайтын кісі еді. Не айтса да ағынан жарылып, сөздің ырғағын сақтап отырып сөйлегенде орта ғасырлардан келе жатқан шешендік өнердің көрінісін байқайтынбыз. Әрі логикасы мықты ғалым, әрі терең тұлға, әрі ғасырлар қойнауынан тартқан қасиет тұнған жан еді. Оның Қадырғали Жалаиридің еңбектерін зерттеудегі еңбегі де орасан зор. Жалаиридің еңбектерін қазаққа қайтарған, қорғап қалған ерлігі ұмытылмауға тиіс», – деді ол.
Конгресс «Тіл білімінің синхронды аспектілері» және «Тіл білімінің диа­хронды аспектілері» атты екі секциялық мәжіліспен жалғасты. Конгресс жұмысы барысында Рәбиға Сыздықтың ғылыми мұрасынан бастау алатын қазақ тіл біліміндегі, филология мен түркітанудағы жаңа ғылыми парадигмалар талқыланды. 
Конгрестің екінші жұмыс күні «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінде жалғасты. «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Бибігүл Дандығараева конгресс қатысушыларына еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы жалғыз мамандандырылған мекеме «Таңбалы» музей-қорығын таныстырды. Мекеме басшысы «Таңбалы» музей-қорығының ғылыми, тарихи-археологиялық экспедициясы құрылып жатқанын, ол ескерткіштердің барлық түрін (петроглифтер, қоныстар, қорымдар т.б.) анықтау және құжаттау үшін керегін әрі ауқымды бағдарламаны іске асыруға отандық және шетелдік маман-түркологтер – археологтер, тарихшылар мен филологтер қажеттігін айтып, конгреске келген шетелдік түрколог-ғалымдар мен отандық тілші-ғалымдарды жобаға қатысуға шақыр­ды. Анар Фазылжан бұл жобаға қатысу үшін ғалымдар арасынан арнайы топ құрылатынын жеткізді.

Әзірлеген 
Элеонора Әзіржан

991 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы