• Ақпарат
  • 24 Қазан, 2024

Нұрболат Нышанбаев, PhD: Ғылым қазақ тілінде дамуы керек

Ашығын айту керек, докторантураның грантында оқығандардың басым көпшілігі зерттеу жұмысын қорғауға қиналады. Оның себебі Scopus Халықаралық базасында мақала дер кезінде жарияланбайды. «2011–2022 жылдары докторантурада 10 276 адам оқыса, олардың тек 4 497-сі ғана қорғаған (44%). Ал 2018–2023 жылдары Elsevier және Clarivate Analytics мәліметтер базасының қызметтері үшін мемлекеттік бюджеттен 5,2 млрд теңге жұмсалған. Оның қайтарымы да төмен, мақала саны да азайған», – дейді Сенат депутаттары Премьер-министр орынбасарына жолдаған сауалында. Басты мәселе Scopus-қа келіп тіреле ме? Мүмкін, ғылым саласын дамыту үшін докторанттардың санын емес, сапасын арттыру қажет болар. Біз осы тақырып аясында Тұран университетінің сеньер-лекторы, PhD Нұрболат Нышанбаевпен сұқбаттасып көрген едік. 

 

– Scopus деген не? Ғалымдар мен докторанттар бұл журналға неге тәуелді? 
– Scopus – голландиялық компанияның жобасы. Ғылымды ортақ жаһандық өлшеудің құралы десек те болады. Оның бір артықшылығы, Қазақстан, Норвегия, Бразилия, Жаңа Зеландия болсын, әр елдің ғалымдарын ортақ категория негізінде бағалай аламыз. Бір ғана мысал, әртүрлі контексте әртүрлі ғалымның мақаласы жарық көрсе, оны мақаланың маңызы, әлеуеті, оқылуы, сілтеме жасалуына қарап бағалаймыз. Бірақ кейінгі жылдары бұған қатысты түрлі мәселелер туындап жатыр. Scopus Кеңес Одағы кезінде болмаған. Бірақ әлемнің басқа бөлігіне өткен ғасырдың 70–80-жылдарында ортақ ғылыми өлшем ретінде қалыптасты. Қазақстан 2010 жыл Балон жүйесіне көшкеннен ке­йін докторантура, магистратура, бакалавр деген үш деңгейлік білім жүйесіне қосылған соң Scopus талап етіле бастады.
– Ал енді scopus-тың елімізге қандай пайдасы бар?
– Әуелі, халықаралық рейтингіге сай танымал ғылыми база аясында шыққан қазақстандық ғалымдардың жұмысы анықталады. Айталық, қазақстандық ғалым Жаңа Зеландияға профессор ретінде шақырылды. Сол кезде ол өзін Scopus мақалалары арқылы дәлелдей алады. Енді доктор секілді кез келген ғылыми атақ алу үшін ғылыми базада мақала болуы міндетті. Сондықтан бүгінде оқуды тамамдап жатқан докторанттардың 10–15 пайызы ғана диссертациясын уақытылы қорғайды. Қалғаны қорғай алмайды. 
– Scopus-қа мақаланы тегін шығару мүмкін бе?
– Сұрағыңыз өте орынды. Scopus-қа ақша беріп мақала шығару бір жағдайда ғана заңды. Егер ол қаржы арадағы делдалдарға емес, журналдың тікелей жарнасы ретінде төленсе... Қазір журналдар өте көп. Бірі тарихы бар журналдар санатына жатса, екіншісі жаңадан ашылып, жабылып қалып жатқандар. Мәселе, ондай басылымдардың көптігінде емес, тұрақтылығында, сапасында, мақаланың ғылыми базаға енуінде. Журналдарды қаржыландыру бойынша басылымдарды екі түрге бөліп қарастырамыз. Бірі – тегін журналдар, екіншісі – жазылым арқылы. Тегін журналдар дегеніміз – зерттеу институттары немесе баспа жанынан ашылған журналдар. Олар неліктен тегін? Себебі олар оқырманға арналған. Яғни оқырманға тегін, бірақ автордан ақша алады. Оның сомасы әртүрлі. Мысалы, әр бетіне біздің елдегідей 2 000 теңге алуы мүмкін. Ал жазылым арқылы дегеніміз – оқырманнан ақша алу. Оқырман журналға бір жылға жазылып қояды да, оқи береді. Бірақ журнал ғалымдардан мақаланы тегін алады. Ал мақаланы ағылшын тілінде беруге келсек, ол, әрине, қосымша шығын. Ғылыми айналымда орыс тілі басымдық болған кезде scopus базасына ағылшын тілінде енетін мақалаларды қабылдайтын эволюциялық шешім қабылдадық. Ол қазақ тілінде scopus қабылдамайды деген сөз емес. Scopus-қа тіл маңызды емес, мақаланың сапалы болуы маңызды. Ал енді мақаланы аудару шығыны, жарнасынан бөлек, ортада тағы делдалдар жүреді. Сұраныс көп, ұсыныс аз кезде осындай жағдай туады. 2015–2018 жылдары делдалдар өте көп болған. Олар қандай да бір журналмен байланыс орнатып, автор ақшасын төлесе, мақаланы шығарумен айналысады. Бірақ соңғы жылдары бұл авторлар үшін ғана емес, басқалар үшін де үлкен даулы мәселеге айналды. Мысалы, бір елден адамның мақаласы журналға тым көп шықса, ол автоматты түрде Scopus базасынан шығарылады. Сондықтан Scopus-тың тегін немесе ақылы болуы редакцияның мақаланы кімнен алуына байланысты. Ал ақша тек төртінші, бесінші орында болуы мүмкін. Бірінші кезекте – мақаланың құрылымы, маңызы, сапасы, журналдың сәйкес келуі. 
– Біз неге шетелдің журналын жарылқауымыз керек деген ой тумай ма сізде? Неге біз өз еліміздегі журналдардың деңгейін көтермейміз? 
– Былтырғы дерек бойынша scopus базасына енген жиырмадан астам журнал бар. Меніңше, бұның саны жыл өткен сайын өсе береді. Бұл – отандық университеттерге сигнал десек те болады. Соңғы жылдары ККСОН журналдарының талаптары қатаңдатылып жатыр. Талап қатаңдатылған сайын сапа жоғарылайды. Болашақта ККСОН журналы scopus базасына енуі әбден мүмкін.
– Тоқсаныншы жылдары докторлығын қорғау үшін ғалымдар отандық 20–30 газет-журналға шығарған екен. Осы жүйені қайтадан әкелу керек деп ойламайсыз ба?
– Иә, 1990 жылдары 20–30 газет-журналға мақала шығарумен мәселе шешілетін еді. Біз тарихқа тас ата алмаймыз. Бұл – заман талабы. Қазіргіге қарағанда ескі жүйе оңай болды деп есептеймін. Бірақ оны қайтадан қалпына келтіре алмаймыз. Ол жабық жүйеге әкелетіндей. Меніңше, бұл жерде басты мәселе – ғалымдардың жаңа заман талабына икемді бола бастауы. Мұны мен ұрпақтар арасындағы құндылықтар қақтығысы деп атайтын едім. Себебі жас ғалымдардың ғылыми белсенділігі жоғары. Олар жаңашылдыққа тез икемделді. Саясат, экономика секілді салалар қаншалықты өзгеріске ұшырап жатса да, ғылым бірегей жүйе екенін естен шығармауымыз керек. Себебі оны мемлекеттендіре не аймақтандыра алмаймыз. Ғалымдар да мемлекетіне ғана емес, ортақ әлемге қызмет етуі керек. 
– Scopus-та тіл мәселесі қосақталып жүреді. Әрине, спортшы әлемдік додада бақ сынағаны тәрізді, ғалымдар да шетелдік журналдарға жұмысын ұсынуы керек. Бірақ Scopus-қа ғылыми мақаланы шығару үшін ағылшын тіліне сауатты аудару мәселесі бар. Ал ол ағылшынды жоғары деңгейде білмесең, қаражатқа келіп тіреледі дегендей. Жалпы, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үшін не істеу керек? 
– Ағылшын тілінің scopus жүйесінде үлкен ықпалға ие болуы – ағылшын мәдениетін не тарихи жүйесін ұнатқаннан емес тарихи заңдылық. Расында да, аударма қызметі жеке нарық қызметі ретінде қалыптасқан. Жақсы зерттеу болғанымен, жақсылап аудару да мақалаға екінші өмір береді, аудиториясын кеңейтеді. Меніңше, осы шығын мәселесі болашақта университет тарапынан қарастырылуы керек деп ойлаймын. Докторант жақсы зерттеу жасаса, неліктен оны арнайы агенттік қызметтер немесе ғылыми аударма бюросы арқылы аудартып бермеске? Жеке автордың қалтасына қайта-қайта салмақ салғанша, институт саналы түрде көмектесуі керек. Тіпті мақаласы қабылданып, тек жарнасын төлеу қажет болса, оқу орны төлеп бергені дұрыс. Себебі бір докторанттың не ғалымның мақаласы шықса, ол жеке адамның ғана емес, университет рейтингісі, мемлекет үшін де пайдалы. 
– Қазақ ғалымдары, докторлар ғылыми мақаланы жазуды қаншалықты меңгерген? 
– Әр адам әртүрлі. Біреулер жақсы біледі, енді бірі нашар. Бірақ мұндай жүйе 50 жылдан кейін де қайталанады. Себебі 50 жылдан кейін де біреу мақала жаза алмай жүруі мүмкін. Ал, жалпылай алсақ, ғылыми мақала деген түсінік әртүрлі сипат береді. Ағылшындарда біткен жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Сондықтан шетелдіктермен көбірек араласу отандық ғылыми негізді қалауға көп көмектеседі деп ойлаймын. Соңғы 20 жылда жаңа талапқа икемделе алмай қалған әріптестерім көп. Олар Кеңес Одағы кезінде қорғаған, саласын жақсы біледі, классикалық білімнің иесі. Бірақ қазіргі стандартпен бағаласақ, ол кісінің бағыты басқаша. Алдағы уақытта ортақ жүйеге келеміз деп ойлаймын. Меніңше, қазақ ғалымдары, өзбек ғалымдары деген түсінік жоқ. Жалпы, ғылым өкілдері деген түсінік бар. 
– Ғылым тілі дегеннен шығады ғой. Пернетақтамыздың өзін қазақшалай алмағанымызға жаным ауырады. Мәтін жазып келеміз де, сандарға келгенде басқа тілге көшіп, сандарды қоямыз. Сосын, қайтадан қазақ тіліне ауыстырып, мәтінді жалғастырамыз. Сауатты қазақтілді қоғам құру үшін осындай ұсақ-түйектің бәрін назарға алған дұрыс деп ойлайсыз ба? 
– Әрине, мәселені үлкен-кіші деп қарамауымыз керек. Менің түсінгенім, «біз жазамыз» деп жиі айтамыз. Бірақ жазу үшін көп оқу керек. Қазақ тілінсіз ғылым дамымайды. Көбі «тілдің ғылымға қатысы жоқ» деп жиі айтады. Тіл – аударма арқылы шешілетін дүние емес, дүниетаным, коммуникация құралы. Қазақстандық зерттеулерде қазақ тілінің орны нақты анықталуы керек. Өзгерістер бар. Мысалы, докторанттар орыс тобында болса да, зерттеуі өзге тілде болса да, міндетті түрде диссертациясының бір нұсқасы қазақ тілінде болуы шарт. Бұрын мұндай талап болмаған. Тіпті бұл кей әріптестеріміздің шамына тиді. Десе де, қазақстандық азаматтар үшін қазақстандық зерттеулер әрқашан қолжетімді болуы керек. 
– Еліміздегі ғалымдардың тұрмыс­тық жағдайы қандай?
– Қазір елімізде ғалымдардың жағдайы жақсарып келеді. Биылдың өзінде «Жас ғалым» жобасына 9 млрд теңге бөлінген. Көп ақша болмаса да ғылымды қолдауға жетерлік. Ғалымдардың көп ақша алуы оның ғылыми өнімділігіне тікелей байланысты. Ғалымдарға scopus-қа шыққан мақалаларына, ғылыми атақтарына ақша қосылып отырады. Енді ғалымдар «ғылыммен айналысқым келеді, бірақ ақшам жоқ» деген сылтау айта алмайды. Ақша болу үшін ғылыммен айналысу керек. 
– Қазақ ғылымы қайтсе дамиды?
– Ғылым жүйелі түрде мемлекеттен қолдау алуы керек. Бізде ғылыми потенциал өте жоғары. Себебі Ұлттық ғылым академиясының ерекше мәртебесі, 2020 жылғы пандемия кезінде ғалымдардың «QazVac» вакцинасын қолға алуы және оны басқа елдерде де қолдануы – ғылымның жетістігі. Сонымен қатар оқушылар арасында да ғылыми олимпиадалардағы оқушылар белсенділігі, оларды үкіметтің қолдауы мемлекеттік саясаттың бағыты деп ойлаймын. Ал ғылым қайтсе дамиды? Ғалымдардың белсенділігі жоғары болып, нақты нәтижеге негізделсе, үлкен өсу, өркендеу болады.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

1236 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы