- Ақпарат
- 24 Қазан, 2024
Жармақты жеңген Қарашы

ХVI ғасырда Сібір хандығын жаудан қорғаған қолбасшылар арасында Қараша (Карача), Қарашы (Карачи) деген есім ерекше аталады. Ол – Жармақ әскеріне жойқын соққы берген, Искер қаласын үш ай қоршауда ұстап, отаршылардың есін шығарған, бірнеше казак атаманын о дүниеге аттандырған батыр.
«Қанқасап басталды, сібірлік татар ақсүйектері кімге жақ боларын білмей аласұрды. Солардың ішінде Көшім ханның уәзірі де бар еді, орыс жылнамашылары оның атын анықтап жатпай, қызметі бойынша Қараша деп жаза берген» (А.Лукинский, «Завоевание Сибири») .
«Көшімнің серіктерінің бірі Қараша мырза орыс патшасына адал адам болып көрініп, Ермактан ноғайларды жеңуге көмек сұрайды. Ермак оған Иван Кольцоны қырық сарбазымен жібереді. Татарлар бәрін қырып тастады» (Н.И. Костомаров, «Русская история в жизнеописаниях её главнейших деятелей», ХХІ тарау, Ермак Тимофеевич, ауд.-авт.)
Сібір үшін сойқан соғыс салған Қараша-Қарашы үш ханның бас уәзірі болған. Екі есім – бір тарихи тұлға. Дұрысы «қарашы» болуы керек! Ханның қасында қарасын көбейтіп жүретін адам. Осы күндері ертегі, қиссаларда кездесетін «уәзір» – араб-парсыдан келген, «жүк көтеруші» деген ұғым береді екен, кейін «патшамен бірге мемлекет жүгін көтеретін адам» деп мәні кеңейген. Ал түбі түріктерде хан қызметшісін «қарашы» деп атаған. Қырым татарлары тарихында да Қараш-бей деген тұлға бар, ол да қолбасшы, отаршыларға қарсы күрескен, тек біз мысал етіп отырған кейіпкерден жарты ғасыр бері өмір сүріп, 1663 жылы қаза тапқан.
Қара – қазақ үшін қасиетті ұғым. Қара шаңырақ, қара қазан, қара кемпір, қара шал, қара домалақ, қара жер... Қарттар қол соза амандасқан жасқа: Халің қалай, үйлі-баранды болдың ба? – деседі. Осы жердегі «баран» да «қара» сөзінің синонимі. «Үйлендің бе, қараң (бала-шағаң) көбейді ме?» деген сұрақ. Сондықтан «Қараң көбейсін» – батаның алды, «Қараң өшсін!» – қарғыстың ауыры. Сағынайдың асында алдыңғы көк ат көрінгенде Ақан серінің «Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды» деп аһ ұрғаны да бір мысал. Сондықтан қара, қарашы ұғымы дәстүрімізде, мәдениетімізде зор рөл ойнаған, ханмен бірге ел алдына шығатын бас уәзірдің қарашы атануы да жөн болар. Бұл сөзді әлі күнге қолданамыз, «хан мен қараша» деп айтып, жазу жиі кездеседі. Оған кей тұста ұйқас үшін сөз бұрмалануы себеп секілді, мысалы Майқы биден қалды деген бір нақылда:
Хан қарашасыз болмас,
Дау арашасыз болмас, – делінеді. Б.Тохан «Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы сөздер сөздігі» кітабында: «Қараша – қарапайым халық. Қараша халық. «Қоғадай салбырасып хан-қарасы, намазға ұйығандай отыр тыңдап» (І.Жанүгіров)», – деп мысал келтіріпті. Сөздіктегі мысал «Күйші» поэмасынан алынған. Енді дәл осы жырдағы халыққа қатысты жолдарды теріп көрелік: «Қоғадай салбырасып хан, қарасы... Өз басын мың қараға теңгермейтін... Биі де, батыры да, қарасы да... Қарадан неге туған, алда сорлы?.. Қараға хан затымды былғармын ба?.. Қарайтып хан басымды итіме исем... Қарада өр көкірек болмай ма екен?.. Қарадан хан төмендеп басылғаны!.. Қараны қаһарланса хан құртпай ма? Хан басын қара қорлап кете берсе... Қарадан хан мойнына түскен кұрық... От жақпай арасына хан-қараның... Қара мен хан сүйегі қабыса ма?.. Қан сорғыш, қаралардың сүлігі екен...»
Жыр құлагері дастанында халыққа қарата «қараша» дегенді қолданбаған! Бұл сөзді кей мақал-мәтел болмаса, байырғы ақын-жыраулардан да жолықтырмаймыз. Белгілі ғалым, академик, 1970 жылдан бастап «Жамиғ ат-тауарих» туралы көп зерттеу жариялаған Р.Сыздық «Қарашы сөзі беріде қарашаға айналып, семантикалық өзгеріске түскен» деген пікір айтқан екен, демек, жуырда пайда болған. «Күйшіде»:
Бай, батыр, датқа ақсақал, хан, сарбаздар,
Сыйласып бірін-бірі, елді тонап.
Сойылып жатқан малды біреу бағад,
Әне, анау қараша үйлер отын шабад, – деген жолдар бар. Жырдағы жалғыз «қараша» – осы. Бұл жерде тіліміздегі бозша шатыр, ақша бұлт т.б. іспетті салыстырмалы шырай түріндегі сипаттау тәсілі ме деймін? Поэмада өте орынды қолданылған «қара лашық» деген сөз де кезігеді. Лашық – үш-төрт керегеден құрыла салған уақытша баспана. Байқасақ, «Хан – қазық, қараша – азық» дегендей мағынадағы мақал-мәтелге де басқаша қарау керек болады. Ханның елдің қазығы екеніне дау жоқ, ал осындағы қараша – хараж(а) деген араб-парсы сөзіне байланысты болуы мүмкін. Бірнеше ғалым қараша айының атауын хараж салығына қатысты зерттегені бар, күз соңында, мал семіз, егін жиналған уақытта уәзірлер ел аралап, халықтан осындай алым алынған. Елден жиналған малдың алты ай қыста азық болары рас. Енді «Ханды Құдай ұрарында, қарашысымен қас болар» дегенге зер салайық. Тақты теңселтетін патшаның төңірегіндегілер, уәзірлері. Негізгі қатер қарадан емес, қарашыдан.
Уақытыңыз толғанда,
Қарашың қашар қасыңнан.
Ханның жақсы болмағы –
Қарашының елдігі.
Қарашы халық сыйласа,
Алтыннан болар белдігі (Бұқар жырау).
Бұқар бабамыз хан қызметшілерін де, халықты да қарашы деп, хан қасындағылардың халыққа жақындау болуы керегін ескерткендей. Осы заманда да депутаттарды «халық қалаулысы, халық өкілі» атап келдік. Көтеріліске дейін ордаға алшаң басып кіре алған Махамбет Өтемісұлы Баймағамбет сұлтанға:
Ақсүйек, сұлтан, Байеке,
Әкім болған сен едің.
Алдыңа келіп арыз айтар
Қас қарашың мен едім, – дейді.
Бұл мысалдар Б.Тохан сөздігінде қарашы сөзіне сәтті көрсетілген (227-бет). Осы тұста: «Бұрында қара, қара халық сөзі «қалың халқы, жұрты» деген мағынада қолданылған ба? – деген ой туады, «қарақұрым ел жиналды» деген сипаттау әлі бар...
Қарашы – қарайып тұрушы, қара көбейтушіден кіріккен сөз болуы керек?! Дәлелге «шауқан» сөзін келтірейін, шалдар (самайын ақ шалғандар, алпыстан асқандар) мен шау тартқандар (әл-дәрмені кетіп, таяққа сүйене бастағандар) дегенді қысқартып, «шал-шауқан» дейміз. Осы күні қарашы сөзінің мәнінен жұрнақ қана қалған, көбіне «кедей, жарлының» синонимі ретінде қолданылып жүр. Бара-бара «қазық» іспетті кең мағынасы жойылмаса болғаны. Біз тарихи мақала, әдеби шығармаларда ханды қорғайтын адамдарды ләшкер, төлеңгіт т.б. атап келеміз, ал хан-сұлтанға тіпті жақын, тақтың қасында қақшиып тұрып күзететін адамдарды «қазық» деп атаған. Бізде қазір «оққағар» қолданыста, ал «қазық» сөзі дәл сол мәнінде араб-парсыға өткен. Себебі ХІІ ғасыр, тіпті одан ертеректе Араб әлемінің қорғаны мен қалқаны түріктекті сардарлар болған, оларға әскери терминдер көп енген. Бейбарыс бабамыз билікке келмей тұрғанда Мысыр сұлтаны Әс-Салех Нәжім-ад-Диннің қазығы, одан кейін күзет бастығы болған. Түрік әулеті тағын тартып алғанға дейін арабтар патша күзетін «көлеңке, сұлтанның көлеңкесі» деген екен.
Осыдан төрт жарым ғасыр бұрын орыс жылнамашыларының хатына түскен Қарашы мырза – Қадырғали бек Қосымұлы Жалайыр (1530–1605) екені бертінде жиі айтыла бастады. Әзірге тұспалмен. Ашық энциклопедияның өзінде «Қадырғали сол Қараша мырза ма?» деген сұрақ тұр. Оның насихатының кемдігіне кеңестік дәуірде тарих кітаптарында «империя шекарасын кеңейтуші, Сібірді бағындырушы» Жармақтың жағымды кейіпкер болғанының әсері тиген. Әлі сол әсерден арыла алмай келеміз.
«1584 жылдың жазында Қарашы (Карача) мырза Иван Кольцо бастаған казактарды алдап-сулап тойға шықырады. Түнде тарпа бас салып, қырып тастайды. Мұны естіген Жармақ Қарашаның ауылына Матвей Мещеряк бастаған жасақты жібереді. Казактар түнде ауылды шабады. Осы шайқаста мырзаның екі ұлы қаза тапты, өзі аз сарбазбен сытылып кетті» (Н.И. Костомаров, «Русская история в жизнеописаниях её главнейших деятелей», ХХІ тарау, Ермак Тимофеевич).
Екі ұлдың кегі Қадырғали бектің өшпенділігін үдете түседі. Көшім хан екеуі қос тараптан қысып, Жармақты жаналқымнан алады. Ақыры, Искерден індете қуып шығып, 1584 жылдың 6 тамызында Қара Ертіс бойында әскерін талқан етеді.
«...1584 жылы Вагаяның Ертіске құятын жерінде Қарашы (Карачи) ұйықтап жатқан казактарды шабуылдады. Кемеге жетем деп суға түскен Ермак батып кетті...» (М.Щкель. «О Ермаке и его покорений Сибири»).
Міне, солай. Екі жыл бойы елге маза бермеген жаудың көп сарбазы қырылады. Жаралы Жармақты ашулы Ертіс қол созымдағы кемеге жеткізбей, жұтып қояды. Осы шабуылдан аман қалған атаман Мещеряк пен кінәз Волховский Сібірді қалайда уыста ұстап қалмақ болып Мәскеуден шақыртқан Глуховтың қалың қолы да хан мен қарашы қаһарына төтеп бере алмады. Қысқа қарай басқыншылар түгел қашып құтылып, ата қоныс аз уақытқа болса да азат етілді...
Бізге ғалым, «Жамиғ ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») жазбасының авторы есебінде белгілі Қадырғали бек Қосымұлының қайраткерлігі, қолбасшылығы, қайқы қылышқа қарсы атылған батырлығы әлі де тарих тоңының астында жатыр. Оның Көшім ханның төбе биі, Сейтек (Ахмет-Сейіт), Оразмұхамед хандардың төрт қарашысының бірі, Қасым хандығының іргесін бекітуге күш салған ірі тұлға екені ғана нақ дерекпен айтылып жүр. Демек, жылнамалардағы, одан бергі тарихшылар зерттеуіндегі Қарашы сол екеніне де шүбә жоқ. Біз мүдіре береміз... Кеңес Одағы ыдырағалы әр мемлекет өз тарихын жазуға күш салып жатыр, содан беріде «доспын деп алдаған сатқын Қарашы... опасыз Қараша» деген теңеулер көп қолданылыпты. «Көшім – сібірлік соңғы хан, қырғыз-қазақтан шыққан» деп Иоганн Эбергард Фишердің (1697–1771 жж) «Сібір тарихында» анық жазылып тұрса да, осы күні жазармандардың татарлар деп бұрмалауы бар. Ол аздай «Ермак, Жармақ (1532 — 06.08.1585) — Көшім хан билеген Сібір хандығына қарақшылық жорық жасаған казак-орыс атаманы», – деп басталатын өз анықтамаларымызда да Қарашы туралы бірауыз сөз жоқ. Сондықтан еңбектері тарихымызға, сөззерттемге азық болып отырған қайраткер-ғалымымыздың, хан-сұлтандарымыздың ерлігіне біз қарашы бола алмасақ, болашақта опық жейміз. Сібір тарихындағы көп сұрақ алынып, түгендер сәт келген. Жармақты айладан да, айқастан да жеңілгені Ресей архивтерінде қатталып тұрған Қарашы-Қадырғали жолы – талай кітапқа жүк, ұрпаққа үлгі болатын оқиға.
Серік Әбікенұлы

1015 рет
көрсетілді0
пікір