- Ақпарат
- 24 Қазан, 2024
ЕЛДІГІМІЗДІ АЙҚЫНДАҒАН ЕГЕМЕНДІК
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданды. Бұл құжат – еліміздің Тәуелсіздігін жариялаудың алғашқы қадамы және Қазақстанның халықаралық аренада өз дербестігін бекітудің маңызды кезеңі еді. Декларацияның маңызы сондай, Егемендік декларациясы халықтың ұлттық сана-сезімінің оянуына, мемлекеттік құрылымның қалыптасуына және демократиялық институттардың дамуына негіз болды. Декларацияда Қазақстанның өз жерінде толық мемлекеттік билік жүргізу құқығы, ұлттық ресурстарды пайдалану және халықаралық қатынастарды анықтау сияқты принциптер айқындалды. Негізгі принциптер ретінде саяси тәуелсіздік, экономикалық дербестік, ұлттық мәдениет және халықаралық қатынастар бекітілді. Яғни Қазақстан басқа мемлекеттердің ықпалынан тыс даму жолын өзі таңдайды. Ресурстарды басқару және экономика саласында өз шешімдерін қабылдау құқығы мен қазақ халқының мәдениетінің, тілінің және дәстүрлерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар Қазақстанның әлемдік қауымдастықта тең құқықты мүше ретінде қатысуы маңызды саналды. Тәуелсіздіктің бастауы болған Егемендік декларациясы қабылданған тұста елге қызмет еткен мамандар мен танымал тұлғаларды сөзге тарттық.
Бәрі идеологиядан басталды
Тәуелсіз ел болу, өз еркімен бостандықта өмір сүру кез келген мемлекеттің, кез келген халықтың арманы екенін айтқан академик Мырзатай Жолдасбеков ол уақытта Орталық комитеттің идеология бөлімінде қызмет атқарған. Бәрі бүгінгідей көз алдында болғанымен, ол ең негізгі есте қалған оқиғалар туралы баяндап берді.
«Біздің ата-бабаларымыздың өмірі ғасырлар бойы ат жалында өтті. Олар осы егемендіктің жолына басын тікті. Еркіндік үшін небір хандар, батырлар, шешендер мен көсемдер дүниеден өтті. Бірақ олар егемендікке жете алмады. Біз жеттік. Бүгінгі ұрпақ жетті. Алғаш «Егемендік туралы» декларация қабылдағанда қазақтың саны өз мемлекетімізде 39-ақ пайыз еді. Осындай аз санымызбен егемендік алу ешкімнің тарихында болған жоқ. Мұны бірақ ұлтымыздың ұйымшылдығының, бірлігінің нығайғанынан байқауға болады. Егемендік алғаннан кейін 1991 жылы Тәуелсіздігімізді бекітіп алдық.
Мен ол кезде орталық комитеттің идеология бөлімін басқардым. Өзбекәлі Жәнібеков идеология жөніндегі хатшы болса, Орталық партияның бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Ығы-жығы өмір сүріп жаттық сол кезде.
Жаңадан «Қазақ тілі» қоғамын құрған кезіміз. Біз оның басы-қасында болдық, күрестік. Марқұм академик Әбдуәли Қайдаров ағамыз «Қазақ тілі» қоғамының президенті болды. Орталық комитеттің бірінші хатшысы Колбинге келетін хатта есеп жоқ. Халық мемлекеттік тілдің мәртебе алуын талап етеді. Біз жағдайдың күрделеніп бара жатқанын айтып, «не істейміз, халықтың жөні мынадай болып жатыр» деп Колбинге баяндаймыз. Содан бір күні идеология бөлімінде істейтін азаматтарды жинап алдым. Оның ішінде Сауытбек Әбдірахманов, Төлен Әбдіков сияқты үлкен, зиялы азаматтар бар. Оларға «осылай отыра береміз бе» деп, Колбинге хат дайындадық. Хаттың негізгі түйіні – елде бір тіл болуы керек. Сол кезде Шерхан ағамыз «қос тіл жыланда ғана болады» деп парламентте шырылдап жатты. Біз де «бір тіл болуы керек, ол – қазақ тілі» деген шешімге келіп, хат дайындап, Колбинге бардым. Ол «енді не істейміз, ел не дейді» деді. «Халық тілінің тұғырға қонуын сұрап отыр, басқа ештеңе емес» дедім. «Ал өздерің қандай ойдасыңдар?» Дайындап жазып әкелген қағазымды ұсындым. «Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болуы қажет» деген жерін оқып, «орыс тілін қайтеміз?» деді. «Одан орыс тілі зәбір көрмейді» дегенімде, «онда орыс тілі халықаралық қатынас тілі болады», – деді ол.
Одан бері де көп жыл өтті, «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді қазақ. Қазір қазақ айтқан елу жылды толтырмасақ та, соған жақындадық. Көп өзгеріс болды. Елімізді басқаратын азаматымызды халық сайлап алды. Бір емес, екі рет сайлады. Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлымен көп жыл бірге жұмыс істедім. Сыртқы істер министрлігінің құрамында елші болдым. Дипломатия академиясын басқардым. Біз қолымыздан келгеннің бәрін істедік. Қазір билікке жастар, жаңа басшылар келді. Олардың жаңаша көзқарасы бар. Сондықтан олардың толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік беруіміз керек», – дейді академик Мырзатай Жолдасбеков.
Қазақтың ықылым заманнан бері үзбей келе жатқан ата дәстүрі – ағаны сыйлау, үлкенді құрметтеу екенін айтқан академик, қазір осы жағы кемшін түсіп жатқанын да жасырмады.
– Бұл саясаттағы үлкен қателігіміз деп ойлаймын, – дейді М. Жолдасбеков.
Рухани серпіліс қажет
«Егемендік, егемендік декларациясы бізге не берді?» деген сұраққа жауап берген тарих ғылымының докторы Бүркіт Аяған баяғы КСРО-ны аңсап, асыра сөйлеп жүретіндер әлі де болса, арамызда кездесіп қалатынын жасырмады. Дегенмен, ғалымның айтуынша, егемен елдің, тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы өте зор.
«КСРО деген кәдімгі үлкен түрме болатын. Барлығы да орыс тілінде сөйлеуге тиіс, бәрі де орыстың мәдениетіне бағынуы керек. Міне, соның салдарынан алып мемлекет КСРО құлады, себебі оның болашағы болмады.
Ал егемен еліміздің мың жылдық болашағы бар деп қарауымыз керек. Қазір қазақ елі өзінің тәуелсіз мемлекетін құрып отыр. Мемлекетіміз өзіне ыңғайлы экономикасын көтеріп жатқаны да ақиқат. Ең өкініштісі, сол егемендікке ие болған кей адамдардың құлдық психологиядан шыға алмай, басқа елдің тілінде сөйлеу, өз тіліне дұрыс қарамау деген сияқты әрекеттері де байқалады. Меніңше, бізге үлкен бір интеллектуалды революция керек. Рухани революция қажет. Кезінде «Ұлы даланың жеті қыры», «Мәдени мұра» деген сияқты бағдарламалар болды, солар, өкінішке қарай, тоқтап қалды. Енді оны қайта жаңғырту керек деп ойлаймын. Бұл бағдарлама негізіндегі ой – халықты ояту. Сондықтан егемендік таптырмас байлық, тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін күресуіміз қажет. Бізге жинақы болған дұрыс. Егемендікті қорғап, бағалай білуіміз керек», – дейді тарих ғылымының докторы Бүркіт Аяған.
Тарихшының айтуынша, ең дұрысы, әділетті қоғам құрғанымыз абзал. Бірақ бір нәрсені шатастырмау керек, бұл Кеңес қоғамында көрінетін әділеттік емес және бәрін біркелкілендіру дұрыс емес.
«Кеңес Одағында «барлығың тең боласыңдар» деген сияқты ұстаным болды. Бірақ ұлттық теңдік болған жоқ. Мысалы, қазақ Алматыда тіркеуге тұра алмаса, қазақ мектебі болмаса, онда қандай теңдік болуы мүмкін? Қазақша атаулар жағынан да, тіл жағынан да әділеттік болған жоқ. Қазіргі заман талабы бәрі бір қалыптан шыққандай біркелкі болмайды. Қазіргі қоғам демократиялы, зайырлы, нарықтық ел болуы керек. Мұндай кезде қазақ нарық үшін күресуі қажет.
Қазір астына жүйрік көлік мінген, қалтасына смартфон салған ұрпақтың заманы. «Бай адамдардың бәрі де өзін ғана ойлайды» деп айтуға болмайды. Олардың арасында қазақ елін ойлап жүрген, көмектесіп жүрген азаматтар көп. Меніңше, адамға таптық көзқараспен қарамау керек. Адамның жеке басындағы мәдениетке қараған дұрыс. Мәдениеті жоғары адам елді ойлайды. Үкімет ірі-ірі бағдарламалар қабылдауы керек. Негізі, біз халықты тәрбиелейміз десек, осындай үлкен бағдарламалар жасау арқылы халықтың саны мен сапасын арттыруымыз қажет», – дейді тарих ғылымының докторы, профессор Бүркіт Аяған.
Тарихшының айтуынша, кезінде әлемді дүр сілкіндірген талай мықты елдер болған. Олар бір-бірімен қырылып, ұрпағы ұсақталып, әл-қуаты кеміп, байлығы талан-таражға түсті. Біз сол тарихтан сабақ алуымыз керек.
Қайта оралған мереке
Академик Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Егемендігі туралы декларация ғасырда бір болатын, тарихи маңызы өте ерекше құжаттар қатарына жатады. Дегенмен бұл әлі толыққанды Егемендік емес, Егемендік декларация туралы мәлімдеме деп түсіндірді.
«Егемендік алардан бір жылдан аса уақыт бұрын Қазақстан Республикасы өзінің жеке ел, дербес ел, егемен ел болатынын бүкіл әлемге ресми түрде жария етті. Сол кездегі тарихи жағдайға қарап отырсақ, мұндай мәлімдемені жариялау өте қиын. Өйткені Қазақстанның Кеңес одағындағы 15 одақтас республикамен Ресейде интеграциясы 90 пайыздан астам болды. Қазақстан аумағындағы ең ірі зауыт-фабрикалар бүкілодақтық менторлықтың меншігінде болатын. Пайданы солар көреді, олар жұмысшыларды, оның ішінде ғылыми-техникалық, инженерлік қызметкердің бәрін орталықтан алып келеді. Тіпті қара жұмысшыға дейін бәрі сырттан әкелінетін болды. Сондайлардың кесірінен 1990 жылға таман Қазақстандағы қазақ халқының үлес салмағы 40 пайызға ғана жетті. Оның ішінде екі ғасырдан астам уақыт отарлаудың нәтижесінде қазақ халқының жартысына жуығы орыстілді болып кеткен. Яғни сыртқы формасы ғана қазақ болғанымен, ішкі дүниесі орысшыл, ресейшіл болғаны жасырын емес. Міне, мұндай жағдайда Тәуелсіздік туралы сөз айтпақ түгілі, оны ойлаудың өзі қиын болатын.
Дегенмен 1990 жылы бүкіл одақтағы процесс Қазақстанға да әсер етті. Бұл жылды КСРО тарихында «Егемендік шеруі» деп атайды. Ұмытпасам, бірінші болып Балтық жағалауындағы елдер КСРО-ны ыдыратар кезде авангард болды. Наурыз айында басталған «Егемендіктің шеруін» Балтық жағалауындағы елдер бастады. Одан кейін мамыр айында Кавказ елдері жалғастырды. Ресейдің өзі 12 маусымда одақтан тәуелсіздік жариялады. Сөйтіп, 1990 жылдың күзіне қарай екі ел ғана жарияламай қалды, Қазақстан мен Қырғызстан.
Дегенмен сол жылдың мамыр айында 12-рет шақырылған Қазақ кеңестік республикасының жоғарғы кеңесінің сайлауы өтеді. Бұған дейінгі сайлауларды 100 пайыз Коммунистік партия бақылап отыратын. Әрине, кімнің өтетіні, кімнің депутат болатыны айдан анық болатын. Ал осы сайлаудың ерекшелігі, сол жердегі демократиялық үдерістерге сай 360 мандаттың 90 мандаты қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық одақтарға беріледі. Нәтижесінде мынадай қызық жағдай болды, 90 мандаттың жетеуі академик болды», – дейді академик Берекет Кәрібаев.
Оның сөзінше, олардың қатарында Жабайхан Әбділдин, Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Шахмардан Есенов, Айтмұхамед Абдуллин және Мұхтар Әлиев бар. Яғни бұлар геолог, заңгер, тарихшы, одан бөлек 48 ғылым докторы мен кандидаты болған.
«Әлемді сұлулық құтқарады» деген сөздің логикалық жалғасы бар, «қоғамды зиялылық құтқарады» деп айтуға болар еді. Міне, осы 90 мандаттың ішінен сайланған өзіміздің шығармашылық одақтар бар. Атап айтқанда, заңгерлер одағы, журналистер одағы, жазушылар одағы, дизайнерлер одағы, қоғамдық ұйымдар мен ғылым академиясынан сайланған депутаттар ішінен декларацияны талап еткен өкілдер шықты. Солардың талабымен, солардың екпінімен 12-шақырылған кеңестің сессиясы қазан айында өзінің отырысына келеді. Сол кездегі тәртіп бойынша, Жоғарғы Кеңес жылына екі рет бас қосатын. Көктемгі және күзгі сессия. Көктемгі сессияда 12-шақырылған кеңес Президенттік басқару туралы Заң қабылдады. Сол Заңға сәйкес, 24 сәуірде бірінші хатшы Назарбаев Президент болып сайланады. Ал күзге қарай 15 одақтас республиканың оны Тәуелсіздік туралы Декларациясын жариялап қойған еді. Сол туралы үлкен дау-дамай болып жатты. Сол кезде декларацияның үш жобасы жасалады, біріншісін «Демократиялық Қазақстан деген депутаттардың тобы жазады. Онда қазақ халқының мүддесіне сай келмейтін кемшіліктер болады. Қазақ тілі жоқ, болашақта «Қазақстан Республикасын азаматтық қоғам» деп жариялайды. Яғни онда ұлттық мүлде ескерілмейді. Оған қазақ халқының мүддесіне көзі ашық азаматтар қарсылық білдірді. Соған сәйкес, Жоғары кеңес Декларацияны өзі жазып ұсынды. Ал бұған жергілікті және қоғамдық ұйымдардан қосылған азаматтардан толықтыру мен өзгерістер енгізу туралы ұсыныс түсіп жатты. Осының бәрін ескеріп, Жоғарғы кеңес Салық Зиманов бастаған 25 адамнан тұратын жұмыс тобын құрады. Оларға тез арада Декларацияның нақты жобасын дайындауды тапсырады. Зиманов бұл тапсырманы мүлтіксіз орындап шығып, бір аптаның ішінде Жоғарғы кеңеске үшінші жобаны ұсынады. Осы жобаны Салық Зиманов дәлелдеп, қорғап шығады. Сөйтіп, 1990 жылдың 25 қазан күні басталған талқылау кешке дейін созылады. Ақырында, сағат жетіге бес минут қалғанда көпшілік дауыспен 360 депутаттың 261-і қолдап, 70-ке жуық депутат қарсылық білдіреді, кейбіреулері қалыс қалады», – дейді Берекет Кәрібаев.
Осылайша, көпшілік дауыспен осы декларацияны қабылдайды. Бұл декларация толығымен Қазақ КСР-інің «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы деп аталды. Бұл 17 пунктен тұрған.
«Атап айтқанда Қазақ мемлекеттігінің негізін қазақ халқы құрады, оны қалыптастыруда жалпы адамзаттық құндылықтар мен принциптер басшылыққа алынады. Қазақ КСР одаққа басқа мүшелермен міндетті түрде кіреді және олармен келісімшарттар негізінде байланысады. Сондай-ақ биліктің қайнар көзі Қазақстан халқы деп жарияланды. Сонымен қатар, Қазақстан территориясы тұтас, оған қол сұғылмайды және елдің келісімінсіз оны ешкім пайдалана алмайды. Сонда да мұнда биліктің үш түрі болатыны айтылды, атаң заң Конституция болады, сол заң үстемдік құратыны және Қазақстанның байлығы республиканың дербес меншігі деп жарияланды. Сондай-ақ егемендіктің басты белгілері мемлекеттің өз Елтаңбасы, Туы және Әнұраны болатыны айтылды. Яғни бұл әлі де болса мәлімдеме еді.
Осыдан кейін 1 жыл 1,5 ай өткеннен кейін 1991 жылғы 16 желтоқсанда осы Декларацияның негізінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылдады. Сөйтіп, Декларация айналып келгенде Тәуелсіздікке апаратын тура жол болып саналды. Тәуелсіздік алғаннан кейін 25 қазан Республика күні болып жарияланды. Бірақ, неге екені белгісіз, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнінің көлеңкесінде қалып қойды деп ойлаймын. Алғашқыда 2–3 рет аталып өтілді, кейін мүлде аталмады. Ал 2022 жылдан бастап қайтадан бұл күн Декларация қабылданған тарихи статусына айналып жатыр. Мен мұны «қайта оралған мереке» деп те атаймын. Әрине, тарихи маңызы өте ерекше», – дейді академик.
Оның сөзінше, бүгінгі отаншыл қоғам деп, отанын жақсы көретін, отан үшін жанын беретін патриот адамдарды айтамыз. Ол үшін бұл Отанда барлық ортақ құндылықтар бәріне әсер етуге тиіс, бәріне ықпал етуі қажет. Азаматтарымызда ортақ мүдде, ортақ мақсат болуы керек.
«Бізді болашақта біріктіретін қазақ тілі, әлі де болса толыққанды мемлекеттік мәртебесіне, бүкіл елді, бүкіл қоғам мүшелерін біріктіре алатын ортақ тілге айнала алмай отыр. Сол сияқты, дін жағынан да сондай. Ислам дінінің ішінде де бірнеше тарамдарға бөлініп кетіп жатыр. Бұл өте қауіпті. Сондықтан да мемлекет, ең алдымен, отаншыл қоғамды қалыптастыру үшін азаматтардың бәріне ортақ осындай саясат жүргізу керек. Біріктіру идеясын сөзбен ғана емес, іс жүзінде де жүзеге асырған дұрыс. Сонда ғана отаншыл қоғам қалыптасады», – дейді академик Берекет Кәрібаев.
Сонымен, Декларацияның қабылдануы КСРО-ның құлауы мен постсоветтік кеңістікте жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуына тығыз байланысты. Бұл кезеңде Қазақстан қоғамында саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістер болды, елдің демократиялық бағытта дамуында жаңа мүмкіндіктер туындады.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларация – еліміздің тарихи және мәдени мұрасын сақтап, жаңаша даму бағытын айқындаған маңызды құжат. Бұл Декларацияның нәтижесінде Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік аренада өз орнын алды, ал халықтың ұлттық бірлігі мен тәуелсіздікке деген ұмтылысы нығая түсті.
743 рет
көрсетілді0
пікір