• Ақпарат
  • 24 Қазан, 2024

Азаттықтан асқан бақыт жоқ

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»

1990 жылы 25 қазанда Алматыдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны қабылдады. Бұл құжат Тәуелсіздікті қалпына келтіруге негіз болғаны белгілі. Онда көпшілік дауыспен бостан мемлекетке қажет негізгі ұстанымдар бекітілді.

Әлемнің саяси шолушылары мен қоғамтанушы-ғалымдары 1990 жылды «Тәуелсіздік шеруі қызған жыл» атағаны есте. Ол шеруді алдымен Балтық елдері бастады. 1990 жылғы 4 наурызда – Латвия, 11 наурызда –  Литва, 8 мамырда Эстония азат елге айналғанын жария­лап, декларация қабылдады. Содан кейін өзге одақтастар еншісін бөліп, біржола өзіндік даму жолына түскенін мәлімдеп жатты. Қазақстан жағдайында 1991 жылғы 16 желтоқсанға дейін бір жыл екі айға жуық уақыт бар еді. Дегенмен негізгі құжат қабылданып қойғандықтан, отарлық езгіден жаншылған елдің есін жиғызып, жоқ-жітікті түгендеу басталып кеткен. 
«16 желтоқсан туралы айтылғанда, 25 қазан мен екеуінің қайсысы маңызды» деген сауал туады. Әрине, екеуі де маңызды. Бірақ басты құжат Декларация болып қалмақ. Сондықтан Ұлттың Ұлық мерекесі ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 25 қазанды қайта жаңғыртқаны өте орынды. Біз білетін Америка Құрама Штаттарының «Бостандық декларациясы» 1776 жылы жарияланғаны мәлім. Содан бері, яғни он сегізінші ғасырдың аяғынан бастап отар халықтың бостан болғанын білдіретін жол – декларация қабылдау болып келеді. Дербестікке ұмтылған ел алдымен декларация қабылдайды. Ол, әрине, әр елде түрліше аталуы мүмкін, бірақ халықаралық ұйымдардың толық мүшесі болу үшін де қажет алғашқы қадам. Америка Құрама Штаттарының «Бостандық декларациясын», яғни дербестігін оны отарлап келген Британия араға жеті жыл салып, 1783 жылы мойындағаны мәлім. Мойындау бақандай жеті жылға созылуы сол заманның ерекшелігі дегенімізбен, құжаттың аса маңыздылығын да білдіреді. 
Маңызды болатыны, декларация – сол  халықтың «мен бостанмын, осыдан былай отар емеспін, өз мәселемді өзім шешемін, жерімдегі барлық байлық, игілік атаулы халқымның меншігі, бізге сырттан ешкімнің қожайын болуға қақы жоқ» деген таңдауын айғақтайтын құжат. Яғни әлемнің өзге мемлекеттеріне ашық үндеуі, ескертуі. Бұл тұрғыдан алғанда, «Еге менмін» (иесі менмін) деген сөздің қолданысы дұрыс. Жасанды сөз екеніне қарамай, бүгінде оны «тәуелсізбін, бостанмын, азатпын, дербеспін» деп түсінеміз. Алайда тәуел­сіздік «независимостьтың» тікелей аудармасы болғандықтан, көп қолданылатынын да айта кеткен абзал. Дұрысында, азат, бостан, дербес Қазақстан сөздері әлдеқайда айбынды естіледі. Мұны да ескерген жөн.
Дегенмен жаңадан құрылатын елдің атынан заты маңызды болатыны анық. Бергі заманда мемлекеттік туралы айтқан қоғамтанушылар аз емес. Бұл орайда әлемнің бірінші ұстазы атанған Аристотельдің пікірлері әлі ескірмегеніне таңырқауға болады. «Мемлекет дегеніміз – жақсы өмірге ұмтылған бостан азаматтардың ортақ үйі», – депті данышпан сол біздің заманымызға дейін-ақ. Ұстазы Платонның «Мінсіз мемлекет» ілімін сынаған ғұлама Қазақстан үшін маңызды болып тұрған олигархтар мәселесін де сөз етіпті. «Билеушілердің алға қойған мақсаттарына байланысты дұрыс және бұрыс мемлекеттер болады», – депті. Бұрыс жол дегенде халқын тобырға айналдырған билеушілер тіпті бүгін де бар. Қазақстан өз ішінен де, өзгемен де бейбіт бағытта қарым-қатынас жасап келеді, демек, дұрыс бағытта келе жатсақ керек. Өзге мемлекеттермен қырғи қабақ болудан сақтасын дейік.
Алайда осынау алмағайып заманда кез келген сын-қатерге дайын болуды уақыттың талабы деп қарау ләзім. Бұл ретте ілкіде сөз еткен Америка Құрама Штаттарының 1776 жылғы «Бостандық декларациясының» авторы Томас Джефферсонның нақылға айналған сөздері кез келген дербес мемлекеттің азаматына арналғандай. «Жеке адамның бостандығы –  мемлекеттің бостандығы» деп көрген Джефферсон: «Еркіндік бар жер ғана менің отаным», – депті. Тағы бірде «Дербестік мәңгілік қырағылықты қажет етеді, оның бағасы да сонда», – деген екен. Демек, мемлекеттің ең басты мәселесі – қауіпсіздік. Ол жолда құрбандық болуы да заңды. Одан қорықпау керек. Әрине, басты құндылық, Президентіміз айтқандай, Тәуелсіздік. Оны қорғау – еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін міндет. 
Әлемде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 мемлекет бар десек, сол бақытқа қол жеткізген ұлттардың саны да көп емесін көреміз. Иә, бостан, азат болудан асқан бақыт болмайды. Ол бақытқа қол жеткізгендерден гөрі жеткізбегендер тым көп. Оны үлкен-кіші азаматтарымыздың есіне үнемі салып отырған абзал. Себебі ғалымдар әлемде жеті мыңның үстінде тіл бар деседі, демек, сонша ұлт өмір сүреді. Олардың саны күн санап азайып келе жатқанын да білеміз. Өйткені сөйлейтін соңғы адамы өлген күні сол ұлт та, тіл де өледі. Сондықтан ұлт болып басқа қонған бақты бағалай білген абзал. Бағалап қою аз, ол үшін күресу, тіпті, қажет болса, жаныңды қию керек. Қазақ үшін де бұл – «Егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып» Отанын қорғаған бабалардың қасиетті жолы.

 

1370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

17 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы