- Cұхбаттар
- 31 Қазан, 2024
Өңірде өзгерістер көп

Қазақ елі Тәуелсіздік алғалы бері Қостанай өңірінде де мемлекеттік тіліміздің аясы кеңейіп, ана тілімізде оқитын ұл мен қыздардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл – өте құптарлық жай. Оған дейін мұндай білім ордаларының саны өңірде саусақпен санарлықтай ғана еді.
Біз саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған білікті маман, «Білім саласының құрметті қызметкері», Данагүл Жаппасбайқызы Сүйіндіковамен арнайы жолығып, өңірдегі өзімізді көптен толғандырып жүрген бірқатар сауалымызға нақты жауап алған едік.
– Данагүл Жаппасбайқызы, міне, жаңа оқу жылының бірнеше айы да артта қалды. Үстіміздегі жылы өңірде қанша білім ордасы шәкірттерді қабылдады?
– Облыстың ұстаздар қауымы жаңа оқу жылына жақсы әзірліктермен келді. Қыркүйекте 112 мыңға жуық оқушы білім ордасының табалдырығын аттады. Жалпы, аймақта 433 мектеп бар. Соның 104-і мемлекеттік тілде оқытады. Жоғарыда аталған оқушылардың 31 154-і қазақ мектебі мен сыныбында білім алып жатыр. Мен бұл арада аралас мектептерді мысалға алып отырған жоқпын.
Ал мемлекеттік тілді дамыту үшін облыста 2021 жылы «Жол картасы» жобасы бекітілді. Оның шеңберінде алдағы уақытта мемлекеттік тілде оқитын балалар санын ұлғайту жоспарланған. Бұл картаны іске асыру бойынша мектептерде қосымша сыныптар ашылу көзделген.
– Білім басқармасы тарапынан «Жайлы мектеп» жобасына байланысты да бірқатар іргелі жұмыстар қолға алынғанын білеміз.
– Иә, бұл – өте маңызды жоба. Болашақта Қостанай шаһарының «Береке» және «Әуежай» ықшамауданында, Арқалық пен Рудный қалаларында таза қазақ тілінде оқытатын мектептердің құрылысы толық аяқталмақ. Мәселен, Арқалықта өткен отыз жылдың ішінде алғаш рет мемлекеттік тілде оқытатын жаңа білім ордасының салынып жатқаны бәрімізді де қуантып жатыр. Бұл аталған білім ордасы пайдалануға берілген кезде онда мемлекеттік тілде оқитын ұл-қыздардың саны бұдан да арта түсетініне күмән жоқ. Ата-ана да балаларының ана тілінде білім алып, ұлттық рухта тәрбиеленуіне жете көңіл бөледі деген үміттеміз.
– Өңірде білікті мұғалімдер жеткілікті ме?
– Ауыл мектептері, оның ішінде шағын білім ордаларындағы өзекті мәселелердің бірі – негізгі пәндер бойынша педагог кадрлардың жетіспеушілігі. Математика, физика, информатика, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, педагог-психолог пәндерінің мұғалімдері сұранысқа ие. Осы арада Қостанай облысының ауылдық мектептерінің оқушыларына сапалы білім беру қызметін көрсету үшін «Мобильді мұғалім» және «Үздіксіз білім берудегі педагог» жобалары жұмыс істейді. «Мобильді мұғалім» жобасына 9 өңірден 89 педагог қатысады, осылайша 52 шағын мектеп педагог кадрлармен қамтамасыз етіледі. «Үздіксіз білім берудегі педагог» жобасы оқушыларды педагогикалық мамандыққа тарту бойынша жұмысты ұйымдастыруға бағытталған. Осы мақсатқа қазақ және орыс тілдерінде оқытатын 24 мектеп жұмылдырылды. Оның ішінде 17 ауыл мектебі түлектерінің басым көпшілігі педагогикалық мамандықтарды қалады. Бұл кадр тапшылығын шешуге септігін тигізетіні айдан анық.
– Облыста қандай қазақ мектептеріне ұлы тұлғалардың есімі берілді?
– Қазақтың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп бекер айтқан жоқ. Кімге болсын, туған еліңе адал қызмет етуден артық бақыт жоқ. Өткен жылдарда өңіріміздегі мемлекеттік тілде дәріс беретін бірқатар білім ордаларына Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ахмет Бірімжанов және басқалардың есімі берілді. Жалпы, ұлыларды ұлықтау, олардың ғибратты ғұмырынан үлгі-өнеге алу әрі ата-бабаларымызды насихаттау барша ұлтжанды азаматтар мен ұстаздардың да басты парызы.
– Өзге ұлттардың арасында қазақ мектебіне ұл-қызын беріп жатқандар бар ма?
– Әрине, мемлекеттік тіл елімізде мекендейтін барша ұлт пен ұлысты жақындастырады. Жалпы, тіл білу, кімге болсын, мәдениеттіліктің, өзі ғұмыр кешіп жатқан мемлекетке құрметтің жарқын көрінісі. Біздің Қостанай облысының аудандары мен қалаларында ата-ана балаларын жергілікті қазақ мектебіне беріп жатқаны жетерлік. Өйткені олар ұл-қызының болашағы қазақ тіліне де тікелей байланысты екенін жете түсінеді. Балдырған кезінде бұл тілді білген бала оны ешқашан да ұмытпайды. Бұл орайда перзенттерін қазақ тобына берушілер де жеткілікті.
– Бала демекші, қазір өңірдегі қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалар жөнінде де қысқаша айтып өтсеңіз.
– Бұл бағытта да атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Қазір облыста 15 430 баланы қамтитын 115 мемлекеттік балабақша жұмыс істейтінін айтып өткім келеді. Соның ішінде 26 балабақшада тәрбие қазақ тілінде беріліп, оған 2 738 бала барады. Әсіресе Қостанай қаласындағы балабақшада тәрбиеленіп жатқан балалардың саны өзгелерге өнеге боларлықтай. Облыс орталығында жыл өткен сайын ата-аналар қолдау көрсетіп, қазақ тобына берушілердің саны артып келе жатқаны байқалады. Бұл көрсеткіш былтырғыдан едәуір артты.
– Қостанай облысында да оқу сапасы мен грантқа түсушілердің қатары өсіп келе жатқаны ешкімнен жасырын емес. Өткен оқу жылында қанша түлек «Алтын белгіге» ие болды?
– Біз, педагогтер қауымы, шәкірттердің тиянақты білім алуы ұстаздарға байланысты және жауапкершілік жүгі қашанда жоғары екенін жете түсінеміз. Сондықтан оларға қойылатын талап та аз емес. Өңірде өз саласының шебері атанған әріптестерім көп, бір нәрсе анық, олар әрбір шәкіртті сапалы біліммен қаруландыруға тырысады.
Өткен оқу жылында облыста 137 мектеп бітіруші «Алтын белгіге» ие болды, соның ішінде 45-сі – қазақ мектебінде оқыған талантты түлек. Осылардың барлығы дерлік өздері таңдаған жоғары оқу орнына түсіп, мемлекеттік грантты жеңіп алды.
– Өзіңіз қызмет атқаратын білім басқармасы «Аманат» партиясының және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мен шәкірттерді ұлттық рухта тәрбиелеуде игілікті істер атқарып келесіздер.
– Еліміздегі жетекші «Аманат» партиясының облыстық филиалының бастамасымен өткен жылы «Тіл тамыры – отбасы» облыстық байқауын өткіздік. Оған «Мирас» аймақтық кеңес мүшелері, Заңғар Санай басқаратын «Қазақ тілі» қоғамының жергілікті филиалы да белсене атсалысты. Осы байқауда топ жарған алты отбасы финалға шықты. Онда әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге қостанайлық Әбдібековтер шаңырағы ие болды. Жеңімпаздарға тіл жанашырлары мен меценаттар демеушілік етті. Сондай-ақ «Қазақшасы керемет сынып» байқауының да тәлімдік, тәрбиелік мәні жоғары болды. Ол қазақ мектептері арасында жоғары деңгейде өтті. Сайыстың ана тілінде білім алып жатқан шәкірттерге тигізген ықпалы орасан.
Ғұмырлық серігім Қайрат екеуміз де ана тілімізді жоғары қоямыз. Өйткені біз ата-әже тәрбиесін көрдік. Жастайымыздан салт-дәстүрімізді сақтап, үш ұлымызды да қазақ мектебінде оқыттық. Олар да үмітімізді ақтады.
Жалпы, қазақ тілінің болашағы жарқын. Оның мәртебесі артып, беделінің көтерілуі әрбір қандасымыздың жанашырлығына, барша қауымның тікелей қолдауына байланысты. Балаларымызды қазақ мектебіне беріп, олардың ана тілін жетік білуіне бәріміз де атсалысайық.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Оразалы Жақсанов
ҚОСТАНАЙ

6967 рет
көрсетілді0
пікір