- Тұлға
- 31 Қазан, 2024
ОТЫРАР ХАҚЫНДА ОДА
Алаштың музейтанушы, баспагер ғалымы, аяулы Ғарифолла Әнес ініміз менің «Фараби елі» (2024) кітабыма жазған алғы сөзінің тақырыбын «Отырар хақында ода» деп атапты. Көркем әдебиеттегі көтеріңкі пафоста жазылатын поэзиялық шығарманың атауын неге алды екен. Тарқатып жазайық. Рухына тағзым болсын.
Дүрбелең дәуірде – ХХ ғасырдың 20-жылының басында түбі бір түрік халықтарының басын қосқан Түркістан Автономиялық Республикасының орталығы – Ташкент қаласына қазақ оқығандары – алашордашылар келе бастады. Республиканың жоғарғы басшылығында отырған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұловтарды сағалап келген Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхаметжан Тынышпаев, Қошмұхамед Кемеңгерұлы т.б. зиялылар «Ташкент кезеңінде (Рәбиға Сыздық) азаттықтың ақ таңы болған Түркістан Автономиялық Республикасының қаз-қаз тұруы үшін бар күш-қуатымен жұмыс істеді. Аянған жоқ... Интеллектуалдық білім-білігін, асқан ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Исі түрік жұрты аянбады. Республика банкіне ақшалай да салды. Мекемелеріне ақшалай жәрдем берді».
Мәселен, сол аяулы Алаш ардақтыларының бірі Халел Досмұхамедұлының өмірдеректеріне қарағанда, тарихтың қас қағым сәтіндей болған Ташкенттегі өмірінде ординатор, мектеп дәрігері әрі Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариатының бөлім меңгерушісі, коллегия мүшесі институтта оқытушы, проректор әрі баспагер т.б. жұмыстарды атқарған. Сондай-ақ «Талап» қоғамдық бірлестігін құрып, «Сана» журналын шығарған. Ғалымдығы тағы бар...
Міне, Халел Досмұхамедұлы осындай өз дәуірі арқалатқан қат-қабат, сан-салалы жұмыста жүріп, Абайды танып, алғы сөзін жазып, ұлы ақынның жинағын ғылыми негізде үшінші басылымын Ташкентте бастырып шығарды. 1922 жылы кітаптың шығуына Сұлтанбек Қожанов пен Нәзір Төреқұловтың ұсынысымен қаржы салған Түркістан Автономиялық Республикасының қаржыгері Меңлібайұлы Есжан сақы еді. Ал Абай Құнанбайұлының баспадан шыққан осы шығармалар жинағының алғашқы даналарын сол кезде Ташкентте оқып жүрген САГУ-дің студенті, әлгі Меңлібайұлы Есжанның баласы Сейітжан түгел сатып алып, Шілік ауылының тұрғындарына әкеп таратады. Таратып қана қоймайды, өзінше «Абай оқуларын» ұйымдастырып, Абай ойларының халқымыздың рухани қазынасына қосылған зор мұра екенін әдебиет теориясы тұрғысынан талдап түсіндіреді... (Қаржаубай Сартқожаұлы).
Ташкентте тағдырлары қосылған Ұлы даланың ұлы тұлғалары – Алаш зиялылары адамзаттың дана Абайын даналықпен жарыққа шығарып, оқырманымен-халқымен табыстырды. Не деген биіктік.
...Бір кезде өнер мен білімді өнерлерінің мәніне айналдырған ғұлама энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз бастап, бір-біріне жалғаса танылған ортағасырлық отыздан астам әл-Фарабилерден (Әбсаттар қажы Дербісәлі) кейін Абайдан алған өнегесі мол тағылымның үзілмей жалғасқан Оңтүстік өлкесіне атасы Халел Досмұхамедов пен Меңлібайұлы Есжан сақы Ташкентте бастыртып шығарған Абайды алғаш оқыған Отырар-Шілік еліне өзінің қалай ат ізін салғанын Алаш ғалымы Ғарифолла Әнес жоғарыда аталған «Отырар хақында ода» деген алғы сөзінде тебірене жазады.
Онда «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһар» деген тәмсіл баршамызға мәлім, әйтсе де исі қазақтың бәріне ортақ қадірлі де қасиетті, киелі жерлеріміз де баршылық» дей келе, «Киелілігінің қалыптасқанына төрт мың жыл болған (Досай Кенжетай) Түмен бабты Түркістанды, сай-саласы әулие бұлаққа айналған Әулиетау – Ұлытауды, әлем өркениятының ордасы Отырарды, Талайғы Таразды, Ұлы даланың Тәңірісі Торғайды, Хан Ордасы Бөкейді, Алаш қаласы Семейді, Пірлердің қағаны Бекет Атаны атайды. Жай атамайды: «Тағдырдың жазуына ризамыз, осы киелі мекендердің баршасын көзбен көріп, тіпті кейбірі хақында арнайы энциклопедия жасақтап, жарыққа шығару бақытына ие болғаным еске түскенде көңіл тоғаяды», – деп мынау әлемде теңдесі жоқ ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабасы анасынан шыр етіп жерге түскен топырақтың киелілігін тауарихаттайды. Сөйтеді де: «Ойлап отырсам, жиі-жиі оралып соғып, туған ауылымдай таныс әрі ыстық болған қастерлі өлкенің бірі Отырар көне жұрты, Шәуілдір, Шілік кенттері екен.
...Арыстан бабы бар әулиелі өлкеге мені ынтық қылған екі адамды бөлек атауым орынды, бірі – Өзбекәлі ағамыз Жәнібеков рухы, екіншісі – сыйлас-сырлас әріптес академик Өмірзақ Айтбаев. Екеуі де Отырардан түлеп ұшып, соңғы тыныс мекендерінің Арыстан баб кешенінде болуын қалаған тұлғалы қазақтар», – дейді. Ғарифолла інімнің бұл пайымы ақиқат...
...Бірде мені Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры, марқұм Әуелхан Есжанов арқылы Өзбекәлі Жәнібеков Алматыдан телефонға шақырды. Телефонды алғанымда Өзекең: «Саламатсың ба, Абдулла? Ашамын деп жүрген музейің әл-Фарабидің атында ғой, ауданға, облысқа, республикаға есі бар есті басшы келсе, мемлекеттік негізде аштырып берер. Менің қолымда қазір күш жоқ қой, жақсы суретші жібере аламын», – деді. Содан соң: «Абдулла, саған тапсырма, өтініш, Құрбан атамыздың сүйегінің қайда екенін білмеймін. Бір деректе Созақтағы Қарабура әулиенің қасына жерленген дейді. Бұл аңыз ғой. Бірақ жарықтықтың аруағы жүр ғой. Қазақ қара жерге Құран оқымайды, Шәуілдірге барғанда Құран бағыштап тұрайық деп Арыстан баб мазаратына Құрбан атамызға бір уыс топырағын әкеліп, бір белгі қоймақшы едік. Менің белгілеген жерім – Арыстан баб кесене-мешітінің Әзірет Сұлтан жағындағы кісі жерленбеген ашық жер. Екі-үш күннен кейін жер комитетінен жігіттер барады. Соларға жерін белгілеп, қазығын қағысып, көмектесіп жіберші. Балаларға-жастарға жеті атаңды біл дейміз. Жеті атамызды үлкендер өзіміз түгендемесек, олар қайдан білсін», – деді де, сәл үнсіз тұрып: «Абдулла, мен айтқан жердің батыс жағы бос қой, соны Мемактіге қоса сыздыр», – деген. Өзекеңнің – Өзбекәлі ағаның айтқанын бұлжытпай орындадым...
Жарықтық өзін де ойлаған екен. Өзбекәлі Жәнібеков қайтыс болғанда, 1998 жылғы 25 ақпанда Арыстан баб мазаратына, Құрбан Атасының батыс жағына әулиелер рухында жерленді. Азалы жиынға Қ.Көшербаев, М.Жолдасбеков, М.Әлиев, Ө.Айтбаев, Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Қ.Абдуллаев, Д.Мыңбай, Қ.Ергөбек, Т.Әжібеков, Д.Бопова, Т.Назарбеков, А.Найманбаев т.б. мемлекет және қоғам, ғылым мен мәдениет, дін қайраткерлері қатысты. Сөз сөйледі. Қаралы сөз. Ұлы дала қайғыдан күңіренді...
...Сол жылдың көктемінде Арыстан бабқа үш министрліктің (білім, денсаулық, мәдениет) министрі Қырымбек Көшербаев келді. Айтқаны: Түркістанның 1500 жылдығын өткізуге орай ұйымдастырылған комиссияның отырысына қатысуға өтіп бара жатыр екен. Қасында Мәдениет комитетінің төрағасы Дүйсен Қарабайұлы Қасейінов бар. Арыстан баб әулиеге зиярат жасап, Өзбекәлі ағаларына Құран бағыштауға, Отырарда комиссияға көрсететін нысандарды анықтауға Төрткүлден бұрылыпты. Сөз орайында Қырымбек Көшербаев: «Өзбекәлі ағамыздың көзі тірісінде айтқан аманаты еді, оның үстіне, осы жаққа аттанарда Әбіш Кекілбаев ағамыз қадап айтты, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізін қалаушы отырарлық музей-адам Асантай Әлімов ағамызды Түркістанның мерейтойы қарсаңында мемлекеттік наградаға ұсыныңыздаршы», – деді. Біз Асантай Әлімовтің награда қағазын музей арқылы Алматыға, комитетке, министрлікке жеткіздік...
Сол ғажайып музей-адам «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қызметкер» деген қасиетті наградамен наградталды. Награданы Асекеңе – Асантайға мемлекет, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай өз қолымен тапсырды. Кәдімгі Дархан ініміз. Баяғыда, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы әкімінің орынбасары болып қызметке келгенде Өзбекәлі Жәнібеков ағасының Алматыдан: «Дархан інім, шәкіртім, қызметің құтты болсын! Әлем өркениетінің Ордасы Отырарда музейлендіру ісінің іскері, ұлы жинаушы Асантай Әлімов, оның шәкірті Абдулла Жұмашев, ғажайып археолог Кемел Ақышевтың шәкірті, жас ғалым Мұхтар Қожаев, Созақта Дулат Тұрантегі, Есіркеп Өмірбеков, Түркістанда Орынбай Дастанов, Шәкір Сағитов, Шаянда Еркінбек Тұрысов, Сарыағашта Тұрсынәлі Айнабеков, Сайрамда Мирахмад Мирхалдарұлы ағаларың бар ғой, соларға қамқор бола жүр», – деп тапсырған Ұлы даланың бір тұлғасы осы Дархан ініміз болатын.
Ғарифолла Әнес осы Өзбекәлі Жәнібеков ағасының жазба жәдігерлерге жұтаң қазақ даласын музейлендіру ісіндегі өскелең ұрпаққа шежірелі елдігімізді, мыңдаған жылдық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді тарихаттаудағы ерен еңбегін айта келіп: «Ұлт мәртебесі, мемлекет мерейі, түбінде, бір өзіндік төл бірегей руханиятымен өлшеніп, бағаланарын еске тұтсақ, еліміз Ахмет Байтұрсынұлы мен Темірбек Жүргеновке, Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібековке қарыздар. Сол себепті де біз алдымен олардың еңбектерін жарыққа шығардық...» – дейді. Сондықтан болар, Ғарифолла Өмірзақ ағасының (академик Өмірзақ Айтбаев): «Талай шаруаның басы-қасында жүрміз ғой, сен болсаң бірнеше энциклопедия шығардың, «Отырар» атты энциклопедия дайындасақ қайтеді», – дегеніне сөзге келмей келісіп, Шәуілдірге «Арыс» баспасының редакциясымен көшіп келіп, нәтижесінде 2005 жылы «Отырар» энциклопедиясы жарыққа шықты.
Бұл іске сол кездегі аудан әкімдері қазақтың біртуар азаматтары Қуаныш Айтаханов пен Әлімжан Құртаевтың көп көмегі тиді. Ғарифолла Әнес ініміз сол шығармашылық жолсапарында небір жақсылармен, шежіре кеуде сыйлы ағалармен танысып, білісіп, дәмдес болғанын айта келіп: «Солардың бірі – осы кітаптың авторы, «Музей адам» Абдулла аға.
Әрбір жан, дара тұлға тани білсең, таптырмас тарих, оқылмаған шежіре кітап. Десек те, Абдулла ағаның дін әсілі бөлек. Өткен заманның да, бүгінгі көптің бірі деуге келмейді. Кіршіксіз бала көңіл, баталы дана қария. Өз қара басын ойламайтын мұндай пірәдар жанды бұрын кездестірмеген сияқтымын. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, жарты ғасырдан бері ел кезіп, алақан жайып, талайдың көңілін тауып, көне жәдігер жинастырып келеді. Бәрі – арман тірлігі – өзі тірнектеп жинаған «байлығын» үстемелеу, өзі ашқан музейінің қамы.
Әрине, риясыз жоқшы болу, жәдігер жинау оңай шаруа емес, енді осы жансыз заттың мәдени мұраға жан бітіріп, оны «сөйлету», онымен тілдесу басқа әңгіме. Қазыналы ағамыз бұл жағынан да құр алақан болмайды, қаламы жүйрік, бірнеше кітап шығарған. Бірте-бірте зерделі зерттеушіге айналып, ғылыми атағы болмаса да мол қазынаны қорытып, өз тұжырымын, концепциясын түйіндейтін дәрежеге жетіп отыр. Алматы мен Астанаға жайғасқан біз сияқты ғалым, баспагерлердің басты міндеті ел арасындағы осындай «алтын жақұттарды» тауып, халық қазынасының ой қазанына олжа салу болса керек», – дейді.
Сөйтіп, ғалым-баспагер Ғарифолла баяғы этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков ағасы Дархан Мыңбайға дайындап кеткен Абдулла ағасын тауып, оның музей саласындағы ғылыми-жинастыру, ғылыми-зерттеу, ғылыми баспа жұмыстарын қос бірдей беделді сарапшыға беріп, оң пікір баға-батасын алады. Профессор Рүстем Шойбеков ұзақ жылдан бері тіліміздегі қолөнер лексикасын жан-жақты зерттеп келе жатқан этнолингвист болса, ал профессор Тәттігүл Қартаева бас жоғары оқу орнында музейтанушыларды дайындаушы этнограф-ғалым екенін баса айтып, Фараби дәстүріндегі ғалымдардың ортақ пікірі – мұндай қолданбалы зерттеу еңбек қалайда жалғасын табу керегіне, басқа да салалар бойынша осындай кітаптар шығуына жол ашылу қажеттілігіне саятынын айтады.
Сөз соңында, ғалым кітаптың берері, үлгі-өнегесі көп екенін, мәселен, шығармада сипатталған кез келген жәдігердің өте тиянақты түзілген өлшемдеріне, жасалу жолына қарап отырып, оны қайта қалпына келтіруге, көшірмесін жаңғыртуға болатынын айта келіп, еліміздің әр бұрышында, әрбір аудан, ауылда осы тақылеттес музей болса, олар да осындай бірегей мұра-жәдігерлердің түпнұсқасы не көшірмесі жинақталса, шіркін, дейсің деп арманды ой-пікірін білдірген.
Осы орайда алаштанушы-ғалым Ғарифолла Әнес інім маған: «Әбеке, кітабыңыздың тұсаукесерін өзім өткізіп беремін. Насихаттай беруіміз керек. Өздеріңізді кезінде Сирияға бастап барған шығыс ғұламасы Әбсаттар қажы, шейх Дербісәлі ағамыз өмірден өтті. Орны толмас өкініш. Енді тәуелсіз Қазақстанның темірқазық тірегі болған қайраткер тұлға Әлімжан Сейітжанұлы Құртаев інімізді жолбасшы етіп, шырайлы Шымкенттегі әл-Фараби кітапханасынан бастап, Түмен бабты Түркістандағы Фараб кітапханасында жалғастырып, әрі қарай өркениет ордасы Отыз бабты Отырардағы өзің ашқан аты-сойы «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби музейінде» тұсаукесер іс-шарамызды аяқтап қорытындылармыз», – деген еді. Бірақ қашан да келетін мерзім-уақытын адамзатқа білдірмейтін ажал осы баспагер-ғалымды қапыда алып кетті.
Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағының үшінші басылымын Ташкент қаласында Түркістан Автономиялық Республикасының қаржыгері Меңлібайұлы Есжан сақының демеушілігімен бастыртып берген атасы Халел Досмұхамедов те ғалым-баспагер еді.
Мен Ғарифолла ініммен соңғы рет Алаш қайраткері Есжан сақының баласы Сейітжан қары ұстаз атындағы Шымкенттегі үлкен мешіттің ашылу салтанатында кездесіп едім.
Дүниежүзінде екінші мешіт аталатын осы ислам жауһарына Алаш ғалымы дара келді. Сірә, ертедегі Түрік қағанатының елесіндей болған түбі бір түрік халықтарының басын қосқан Түркістан Автономиялық Республикасының қаз-қаз тұруы үшін бар күш-қуатымен жұмыс істеген, аянбаған Алаш қайраткерлері, Халел Досмұхамедов пен Меңлібайұлы Есжанның, оның баласы Сейітжан қары ұстаз ата-ағаларының рухы көтеріп келген болу керек. Өйткені Ұлы даланың осы ұлы тұлғалары Тәуелсіздік майданында «Үлкен Түркістан» үшін бірге айқасты ғой. Дәмдес-тұздас болды. Ал сол дүрбелең дәуірдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының қазіргі ұрпағы ата-баба-әкелері армандаған тәуелсіз Қазақстанның ғылым-өндіріс-мәдениет майданында түрен салып, НКВД-ның архивін ашып, тарихын түгендеп жүрген жоқ па?..
«Құрдас» деген ұғымды тұңғыш рет қазақы түсінікпен аса бір қастерлі түсінікке ұластырып, соны дәуір жауапкершілігіне көтеріп, мейлінше асқақтатқан адам – жалындап өткен жас Саттар Ерубаев» деп Құлбек Ергөбек айтқандай, Халел Досмұхамедовтің немере-шөбересі Ғалекең – Ғарифолла Әнес пен Меңлібайұлы Есжанның немересі Әлекең – Әлімжан Құртаев ХХІ ғасырдың құрдастары болып шықты. Екі құрдас арғысы Меңлібай қажы, Есжан сақы, бергісі Сейітжан қажы әулетінің ғана емес, исі мұсылманның Аллаға, Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.а.с.), исламға деген шексіз махаббат сүйіспеншілігін аңғартатын Сейітжан қари мешітінде Тоқа Шейх ғұламаның намазына жығылды. Мешіттің іші-сыртын аралап, Мұхаммед (с.а.с.), Әбу Нәсір әл-Фараби, Әз-Заһир Бейбарыс сұлтан залдарын көріп, сыртқа шыққанда мешіттің қасбетіне қарап: «Жарықтықтардың болмысы ілім-біліммен – исламмен қалыптасқан әулет екен ғой, не деген керемет», – деді.
Тәуелсіздіктің ақ таңындай болған Түркістан Автономиялық Республикасының кезеңінде атасы Халел Досмұхамедовпен бірге қызмет еткен Меңлібайұлы Есжан сақының ұрпағы салған Сейітжан қари атындағы мешітке Ғарифолла Әнестің соңғы келуі еді.
Алаш қайраткерлерінің мұрасын музей құрып та, баспа ашып та өмір бойы жарыққа шығарып келе жатқан музейтанушы, энциклопедист, жансебіл баспагер-ғалым Ғарифолла Әнес өмірден озды. Өкінішті, өте өкінішті! Түрік, Алаш жұртына ауыр қаза болды...
Абдулла Жұмашев,
әдебиетші, этнограф, музейтанушы
Фараб – Отырар
1393 рет
көрсетілді0
пікір