- Ақпарат
- 31 Қазан, 2024
ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ДҮБІРЛІ ТОЙ
Еліміздің тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі кезеңде қазақ халқының үш мың жылдық тарихын зерделеп, ұрпақ санасына сіңіруде ұлан-ғайыр шаруалар атқарылып келеді.
Ақтөбе облысында Әйтеке бидің туғанына 380 жыл толуына байланысты атап өтілген іс-шара биылғы ақпан айынан бастап қолға алынды. Табиғаттың тосын мінез танытып, тасқын сумен жұртты әбігерге салуына, онан кейін мемлекеттік шеңберде Референдум өтуіне байланысты той қыркүйектің 11–13-і күндеріне шегерілді. Дәл осы уақытта өңірде ауа райы күрт бұзылып, тұрғылықты халықты әбігерге салғаны және рас. Соған қарамастан, Ақтөбе облысының және осы өңірдегі ұлы би есімімен аталатын ауданның әкімдіктері, «Алшын Әйтеке би» қоғамдық қорының басшылығы алдын ала кең ауқымда жоспар жасап, бағытталған жұмысты жүзеге асыруға үлкен-кіші жамағатты жұмылдырды. Нәтижесінде барлық шаруа сәтімен атқарылды. Ақтөбе қаласында Әйтеке би ауданының Қарабұтақ аймағында сан тараудан әртүрлі кәсіптің әрқилы жастағы өкілдері қауышып, арғы-бергі тарихтан сыр шертті, еліміздің егемендік кезеңінде қол жеткізген табыстарын таразыға салды.
Иә, қонақтардың құрамы жиналған жұртты қызықтырардай-ақ болды. Еуропа төріндегі Даниядан, оның Биллун қаласынан жалпы осы елдегі 400-ге жуық қандасымыздың сәлемін ала келген Қажыакбар Аюби, Өзбекстандағы республикалық қазақ мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов, Қазыбек би қоғамдық қорының төрағасы Пернетай Досыбеков, 2009–2012 жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметін атқарған, мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, мемлекет және қоғам қайраткері, жасы 90-ға таяған ақсақал Құдайберген Дүйсенов, «Жалаңтөс баһадүр» қоғамдық қорының төрағасы, Қызылорда облысының құрметті азаматы Нәжімадин Мұсабаев, көрнекті ғалымдар Самат Өтениязов, Мұхтар Әбілсейіт, Гүлбану Ізбасарова, Рақым Бекназаров, Алтай Тайжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтаев, Жанарбек Әшімжан, Қазыбек Әлішев... – тізім осылай жалғаса береді.
Тойдың екінші күнінде Ақтөбе қаласында «Аманат» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «XVII–XVIII ғасырлардағы Қазақ елі. Әйтеке би заманындағы ұлттық құндылықтар және ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Келелі басқосуда облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан сөз сөйледі. Мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков Ташкентте жерленген Төле бидің, Нұр-Атада жерленген Әйтеке бидің кесенесін қайта жаңғыртуда атқарылған жұмыс жөнінде әңгімеледі. Башқұртстаннан келген ғалым Закарьян Әминов бауырлас қазақ халқына бұйырған Тәуелсіздіктің баянды болуына тілек білдірді.
1993 жылы Республика Президентінің Жарлығымен бұрынғы Қарабұтақ ауданының атауы өзгертіліп, Әйтеке би есімі берілді. Арада төрт жыл өткен соң Мемлекет басшысының пәрменімен аудан көрші Бөгеткөл ауданына біріктіріліп, ортақ атаумен ұлы би есімін еншіледі. Әрине, бұрынғы аудан таратылған соң бастапқыда көңілге селкеу түсірер жайлар болды. Мекемелер мен ұйымдар жабылып, тұрғылықты халықтың біраз бөлігі басқа өңірлерге қоныс аударды. Бөгетсай және Тасөткел ауылдық округтері көрші Хромтау ауданына берілді.
Дегенмен келер күндерге үмітпен қараудың нәтижесі айтарлықтай зор. Дәлірек айтсақ, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізінің салынуы өңір тірлігіне қан жүгіртті. Жол бойында кемпингілер салынды, еті тірі азаматтар шаруа қожалықтарын ашып, егіс егуге, төрт түлікті өсіруге ден қойды. Шағын және орта кәсіпкерлікке жол ашылды. Қарабұтақ, Көрпе, Белқопа, Аралтоғай, Аралтөбе ауылдары табиғи газ желісіне қосылды, көшелерге асфальт төселіп, ауыз су құбырлары тартылды. Бұрын аудан орталығы болған Қарабұтақ ауылында кенеуі кеткен Мәдениет үйінің ғимараты қайтадан күрделі жөндеуден өткізіліп, тұрғындар игілігіне берілді.
Осыдан отыз бір жыл бұрын Әйтеке биді ұлықтау құрметіне той өткізілген аймақта жаңадан этноауыл бой түзеді. Сән-салтанаты келіскен 34 киіз үйдің әрқайсысы нөмірленіп, тарихи атау берілген. Қараңыз: Қият, Қожа, Былшық би, Тілеулі батыр, Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Қарабек би тағы басқалары. Баба атындағы қордың ұйымдастыруымен тігілген киіз үйлердің ажарын аудан әкімдігі бастамасымен әкелінген тоғыз үй одан сайын аша түсті. Ұлттық киім киген қыз-келіншектер мен жігіт-желең қара суық жел мен жауған қарға елең етпестен, қабақ шытпастан, құрақ ұшып, қызмет жасап жүр. Күмбірлеген күй, шарықтаған ән қиялыңды көкке өрлетеді.
Жазық дала төсіндегі салтанатты облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов ашып, облыс әкімі Асхат Шахаровтың құттықтауын жеткізді. Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың лебізін Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай оқып берді. Аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев ортақ шаруаның мән-маңызын дұрыс түсініп, қолдау білдірген және демеушілік жасаған азаматтарға алғыс айтты.
Кәсіпкер Берік Имашевтың жеке қаражатына салдырған кемпинг аумағындағы мейрамханада аудан әкімдігі сан тараудан келген қонақтарға дастарқан жайып, ас берді. Алыс-жақын шетелдерден арнайы ат басын тіреген меймандардың Қазақстан туралы әңгімелері тыңдарман қауымды елжіретті. Сөзін Орал Байсеңгір жазып, әуенін Нұрталап Жүсіпов шығарған «Әйтеке би – данышпан» әні алғаш рет орындалып, көпшілік жоғары бағалады. Халықаралық және республикалық сайыстардың жеңімпазы «Атамекен – асылым» халықтық ансамблінің, А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің студенттері мен «Ер Едіге» жыраулар мектебі шәкірттерінің өнері көпке дейін ұмытылмастай әсер қалдырды.
Қазақ күресі, түйе палуанды анықтау, арқан тарту, гір көтеру, қошқар көтеру сияқты спорт ойындары жанкүйерлер делебесін қоздырды. Ресейден, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шабандоздар тоқ бәйге мен аламан бәйгеде бақ сынады. Бір ғажабы – осы екі сайыстың бас бәйгесіне Алматы облысынан ат қосқан Ерғали Жетпісовтің шабандозы ие болып, қанжығасына «JAS» және «Chevrolet Monza» автокөліктерін байлады. Құнан бәйгеде Еркін Туртунбаевтың тұлпары озып, мотоцикл еншіледі. Тайжарыс жеңімпазы скутерге ие болды. Жеке қаржысына бағалы бәйгелерді тіккен Әйтеке би ауданының бір топ кәсіпкеріне, Ақтөбе қаласында тұратын меценат Талғат Қонысұлына, алматылық Берік Сердалыұлына, кәсіпкерлер Хамит Өтеуов пен Бақытжан Ержановқа және басқа азаматтарға жұртшылық ризашылық білдірді.
Үш күнге созылған баба тойы облыс орталығындағы Студенттер сарайында өткізілген «Әділ сөздің алдаспаны» атты ақындар айтысымен қорытындыланды. Жыр мен ән додасын Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын, филология ғылымының докторы, профессор Аманжол Әлтай жүргізді. Қазылар алқасына ақын Жүрсін Ерман төрағалық етті.
Сахнаға Батыс Қазақстан облысының тобын Бауыржан Халиолла, Ақтөбе облысының тобын Марат Ахметов бастап шықты. Нәтижесінде ақтөбеліктер жеңімпаз атанып, республикалық командалық айтыстың екінші кезеңіне жолдама алды.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның
құрметті журналисі
476 рет
көрсетілді0
пікір