• Ақпарат
  • 31 Қазан, 2024

ТҰРАРДЫ ТАНЫТҚАН ТҰЛҒАЛАР

Ұлтымыздың өркендеп өсуіне, республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, еліміздің материалдық-техникалық базасын жасау жолында теңдессіз еңбек еткен қайраткерлердің ішінде Тұрар Рысқұловтың тарихымызда алатын орны ерекше. Қазақ ұлтының тұтас бір болмысы ХХ ғасырда Тұрар Рысқұловтың бойынан көрініс тапты. Тұлдыр жетімдік тағдырды бастан кешкен, Қазан төңкерісінен ке­йін қоғамдық-саяси өмірге ерте араласып, отаршылдық езгіге қарсы аяусыз күресте шарболаттай шыңдалып өскен Рысқұловтың бүкіл саналы өмірі халқымызды теңдікке жеткізу, бұқара халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту жолында жастарды, саналы азаматтарды жұмылдыру болды. 
Ол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен кейін Әулиеата уезі Меркі селосында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрды. Қазақ жерінде революциялық партия болған емес, Түркістанда социал-демократиялық, эсер және басқа да партиялардың белгісі ғана бар болатын. Міне, осындай саяси жағдайда Т.Рысқұлов ұйымдас­тырған «Қазақ жастарының революциялық одағы» шын мәнінде мықты саяси ұйым болды. Ол жастар одағының жарғысын жасады, міндеттерін белгіледі. Кейін Кеңес үкіметі толық орнағаннан соң, Т.Рысқұлов өз еңбегінде: «Қазақ жастар одағы жарғыда көзделген барлық міндетін орындаған бірден-бір саяси ұйым болды», – деп жазды. 

 

1969 жылы КазПИ-дің филология факультетіне оқуға түсіп, студенттік кез басталып, алғашқы сабағымыз КПСС тарихы болды, лектор тарих ғылымының кандидаты Әбдіәшім Оспанов деген кісі еді. Кезекті дәрісінде ағай Т.Рысқұловқа, оның 1916 жылы құрған Қазақ жастар одағына тоқталып, толғана мысал келтірді. Әсіресе Т.Рысқұлов туралы екпін түсіре айтқан әңгімелері студенттерді еліктіріп алып кетті. Ол кісі Т.Рысқұлов туралы 1967 жылдан бастап зерттеу мақалаларын жария­лай бастапты. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде (1967, 10 декабрь; 1968, 12 июль), «Лениншіл жаста» (1968, 3 апрель) қазақ жастарының революциялық одағы туралы мақалаларын жарыққа шығарып, оның күрес жолын баяндайды. Ол кісі «Жалынды жетекші» (Соц. Қазақстан, 1974, 28 декабрь), «Жастық шақ белестері» («Білім және еңбек», 1972, №2), «Октябрь перзенті» («Білім және еңбек», 1977, №22), «Партия­ның адал ұлы» («Октябрь туы», 1974, 28 декабрь), «Тұрар Рысқұлов» (Жалын, 1971, №3), «Қараш-қараш» қаһарманы» (Жалын, 1972, №1) атты зерттеу мақалаларын жариялап, Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметін зерттеуге біржола бет бұрды. 
1976 жылы республикалық «Қазақстан» баспасына орналасып, «Ғылыми-көпшілік әдебиеттер» редакциясында редактор болып жұмыс істеп жүрген кезім. Белгілі картограф-геолог, өлкетанушы Молдияр Серікбаев Ә.Оспанов ағайды редакцияға ертіп келді. Ағаймен көп жылдан кейін ұшырастық, сабағынан үнемі бес алып жүргендіктен бе, ағай да бірден танып, қуа­нып қалды. Портфелінен Т.Рысқұловтың «Қазақ жастарының революциялық одағы» туралы көлемі 100 беттей қолжазбасын алды. Осы еңбегін «баспадан шығарсам ба» деп әуреленіп жүргенін айтты. «Баспалар Т.Рысқұловқа жолағысы келмейді, оларға керек емес» деп күйінішін де білдірді. Қолжазбаны алып қалдым, таныстым, жап-жақсы жазылған еңбек екен. Басшылардың алдына жоспарға кіргізуді айтып, ұсыныс жасадым, қолжазбаны мақтадым. 
– «Рысқұлов туралы саяси баспадан мұндай кітапты таяу арада шығара алмаймыз, шығаратын уақыты әлі туған жоқ», – деді басшылар. Алабұртқан көңілім су сепкендей басылды да қалды. Сөйтіп, Ә.Оспановтың қолжазбасы жарық көрмеді. Бірақ «бұл еңбек түбінде шығады» деген ой көкейімде орнығып қалған еді. Т.Рысқұлов – ол кезде әлі жабық тақырып, себебі Одаққа аты мәлім болған ірі мемлекет қайраткеріне «халық жауы» деген таңылған ат әлі қалмай келе жатқан. Баспалардың да аяқ тартатын бір ғана себебі сол. «Халық жауы» деп жазықсыз атылған қайраткерлер «қылмыстық құрамы болмағандықтан» ақталғанымен, саяси тұрғыда әлі ақталған жоқ дейтін кедергі оралғы бола берді. 
Қазақстаннан шыққан қайраткерлердің ішінде ТурЦИК-тің төрағасы Т.Рысқұловқа Түрік компартиясы, Түрік республикасын құру жолындағы күресіне байланысты 1920 жылы саяси айып тағылды. Одан кейін екінші рет 1926 жылғы 12–14 қараша күндері Мәскеуде ұлт өкілдерінің кеңесін өткізуіне байланысты қараланды. Үшінші рет 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы «халық жауы» деген жала жабылып, жазықсыз атылды. Ал төртінші рет 1960 жылғы 19 қазанда «Социалистік Қазақстанда» Р.Байжарасовтың «Тұрар Рысқұлов» деген мақаласы жарияланды, осы мақала КП Орталық Комитетінде қаралып, «О статье «Турар Рыскулов», опубликованный в газете «Социалистик Казахстан» деген бюроның қаулысымен Т.Рысқұлов төртінші рет қараланды. Бұл қаулы 1972 жылдың соңында құрамында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы С.Ниязбеков, Қазақстан КП ОК идеология жөніндегі хатшысы С.Имашев, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаров қатысқан комиссияның ұсынысымен қайта қаралды. Сөйтіп, 1960 жылдан 1973 жылға дейін, яғни Т.Рысқұловқа байланысты Қазақстан КП Орталық Комитеті бюросының шешімі жойылғанша қайраткер туралы Орталық басылымдар еш нәрсе жариялай алмады. 
Т.Рысқұловқа қатысты қалыптасқан осындай күрделі жағдайдың өзінде 
Ә.Оспанов батылдық танытып, күрескер тұлғаның еңбегіне елдің назарын аудартқан материалдар жариялауын ғалымның азаматтығы деп бағалау керек. 1994 жылы Т.Рысқұловтың 100 жылдығына орай баспаның тақырыптық жоспарына 
Ә.Оспановтың еңбегін енгізбек болып іздедім, алайда «Қызылордаға көшіп кеткен» деген хабар естідім. Білетіндерден қанша сұрастырсам да, таба алмадым, мені қызықтырған қолжазбасының да тағдыры белгісіз болып қалды. Академик Сұлтан Сартаев Ә.Оспановты білетін еді, ол кісі де іздестіріп көріп, ақыры таба алмады. Сөйтіп, өзім де ағайымызға көмектесе алмағаныма өкініп қалдым, коммунистік саясат билеген заман ғой, не амал істерсің? Дегенмен 1994 жылы М.Әбілтайұлының «Т.Рысқұлов Моңғолияда», В.М. Устинов­тің «Турар Рыскулов», О.Қоңыратбаевтың «Тұрар Рысқұлов: өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі», Ж.Сүлейменовтің «Рысқұловшина» (15 б.т.) атты кітаптарын мерекелік тізім бойынша жоспарға енгіздік. Ж.Сүлейменов денсаулығы болмай, сыр­қаттанып жатып қалды, содан жұмысын ұсына алмады. 
Ә.Оспановты тұрартанушылардың бастауында тұрған тарихшы деп білуіміз керек. Дегенмен Т.Рысқұлов тақырыбында аса зор еңбек еткен, нағыз патриот, интернационалист, қазақ халқын ерекше құрмет тұтқан көрнекті тарихшы, профессор Виктор Устинов еді. РСФСР-дің еңбек сіңірген ғылым қайраткері В.М. Устинов қазақстандық тарихшылардан көмегін аямаған, адал, нағыз ғалым болатын. Оның Т.Рысқұлов өмірі мен атқарған қызметін зерттеумен айналысқан жылдары – ғылыми өмірінің ең жемісті де табысты, абыройлы кезеңі. 
Мәскеуде тұратын В.М. Устиновке Т.Рысқұлов туралы кітап жазуға не себеп болды? Оған себеп тарихшы да, географ та емес, республиканың барлық аймағын экспедиция жұмысымен аралаған, сондай-ақ Ресейдің де біраз өлкесінде іссапармен болған картограф-геолог Молдияр Серікбаев еді. Түлкібас ауданының тумасы М.Серікбаев бала жастан көзі қарақты ақсақалдардан жазықсыз жала жабылып, атылып кеткен Т.Рысқұлов туралы ұрлана айтқан талай әңгімені есіткен. Тұрардың ата жұрты – Түлкібас, ата-бабалары осы Майлыкент өңірінде тіршілік етіп, кейін Талғар болысына қоныс аударған. «Халық жауының» туысқандары қудалауға түсіп, тұрымтай тұсымен кеткен кезді бастан кешіп, атамекеніне жылымықта қайта оралған. М.Серікбаев солардың бәрімен сөйлесті, Алматыда Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза Түбекқызын тауып, сол үйдің бір баласындай болып кетті. Қайраткердің қыздарымен байланыс жасап, олардың жүрегіне байланған шерін есітіп, күйзеліске де түсті. Содан М.Серікбаев Т.Рысқұловтың 1917–1938 жылдар аралығында Ташкент, Алматы, Мәскеуде жарық көрген мақала, баяндамаларын, қабылдаған қаулылары мен шешімдерін ерінбей-жалықпай қағазға түсіріп отырды. Мәскеуге іссапармен барғанда Ленин атындағы кітапханадан шықпады. 
Т.Рысқұловқа қатысты құжаттар өте көп еді, жинаған материалдарын Шерхан Мұртазаға апарып берді. М.Серікбаев небір тарихи құнды деректерге, құпия құжаттарға қанықты, қайраткер туралы материалдардың ішінде Т.Рысқұлов туралы жазған авторларды да кезіктірді. М.Серікбаевтың Т.Рысқұловты тереңірек білсем деген құштарлығы В.М. Устиновті тауып алуына себеп болды. М.Серікбаев осы уақытқа дейін Қазақстан, Орталық Азия республикалары, әсіресе Өзбекстаннан Т.Рысқұловқа қатысты материалдар тізбесін, Мәскеуден Ленин атындағы кітапханада отырып тапқан сирек материалдарды В.М. Устиновке көрсетіп, ұзақ әңгімелесті. Виктор Михайловичке аса ірі қызмет атқарған, Одақта беделді қайраткер ретінде танылған РСФСР Халком кеңесі төрағасының 11 жылдай орынбасары болып істеген Тұрар Рысқұлов туралы кітап жазуына ұсыныс жасады. Виктор Михаилович: 
–    Алдымен Тұрар Рысқұлович туралы материалдармен, архив құжаттарымен танысып шығайын, жалпы, бұл – үлкен тақырып, жауапкершілігі де жоғары жұмыс. Сіздің Т.Рысқұлов туралы айтқандарыңызбен таныспын, бірақ кітап жазу үшін тереңірек зерттеу қажет, – деді. 
– 1984 жылы Т.Рысқұловтың 80 жылдығы болады, бұл дата Республикада аталып өтіледі. Сіз осы мерейтойға арнап кітап жазып үлгерсеңіз, сөз жоқ, басылып шығады. Бәлкім, сіздің бұл ең басты еңбегіңізге айналар, – деді М.Серікбаев. 
Табиғатынан зерек ғалымды мамандығы тарихқа ешбір қатысы жоқ геологтің айтқан ұсыныс, пікірі Тұрарға байланысты небір қызықты деректері қатты қызықтыр­ды, ой салды. Барлық жұмыс алдымен идеядан басталмай ма? М.Серікбаевтың мәскеулік ғалыммен таныстығы кейін жақсы достыққа ұласты. 
1984 жылы «Қазақстан» баспасынан В.М. Устиновтің «Служение народу» деген атпен Т.Рысқұловқа арналған бірінші кітабы 5 000 данамен жарық көрді. Социалистік Еңбек Ері, Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты академик И.И. Минц кітапқа «Кітап оқырманына» деген алғы сөз жазды. Ал В.М. Устинов кітаптың кіріспесінде: «Кітапты дайындау барысында белсенді әрі достықпен атсалысқан Молдияр Серікбайұлына шексіз алғысымды білдіремін. Ол Т.Рысқұловтың өміріне байланысты кітапқа пайдалану үшін жекелеген фотосуреттер, құжаттар мен биографиялық материалдарды іздес­тіріп, тауып, ұсынып, көп көмек жасады», – деп жазды. В.М. Устинов Серікбаевтың тынбай ізденісі мен қажырлы еңбегіне риза болып, оны кітап жазуда «қозғаушы күш» болды дегені бар. 
1984 жылы желтоқсан айында мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың 80 жылдық тойы Алматыда М.Әуезов атындағы драма театрда аталып өтті. Жиналыс президиу­мында Қазақстан КП Орталық Комитеттің хатшысы Қ.Тұрысов, сондай-ақ В.М. Устинов та отырды. Зал халыққа лық толы, сыймаған кісілер қабырғаны жағалай, тіпті залға кірер есіктің алдында тұрды. Т.Рысқұлов туралы Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтының директоры Ә.Ахметов 40 минуттай баяндама жасады. Содан кейін сөз «Мәскеу тарих-архив институтының ғылым жөніндегі проректоры, профессор В.М. Устиновке беріледі» деген кезде зал ду қол шапалақтады. В.М. Устинов баяндамасын қағазға қарап оқыған Партия тарихы инс­титутының директоры сияқты емес, бір жапырақ қағазсыз Т.Рысқұловтың күрес жолы мен мемлекетімізді орнату жолындағы қызметінің мәнді кезеңдеріне тоқталып, көсіле, шабыттана сөйлегені сондай – жұрттың назарын бірден аударып алды. Залда құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. ТурЦИК-тің ең жас төрағасы болып қызмет еткеніне, Ұлт істері халық комиссариатында И.Сталиннің орынбасары болып істегенін, ұлт мәселесімен терең айналысқанына тоқталып, коминтерннің өкілі ретінде Моңғолияда 9 айдан астам қызмет етіп, Моңғол Халық революциялық партиясының Жарғысын, бағдарламасын, Моңғол жастарының жарғысын жасағанына тоқталып, Т.Рысқұлов саяси сауатты, халықаралық жағдайды терең біліп, бақылап отырған қайраткер болғанын айтты. Моңғолияның астанасына жаңа ат таңдау тұсында Т.Рысқұловтың астананың жаңа аты Ұланбатор болсын деген ұсынысы қабылданды деген тұста залдағылар дүр ете көтеріліп, жаңғырықтыра қол соқты. 
Ғалымның сөйлеген сөзінің әсері баяндамаға бергісіз еді, зиялы қауым Т.Рысқұлов тақырыбын нағыз зерттеушісі осы В.М. Устинов екенін танып білді. Мәскеулік ғалым Т.Рысқұловтың еңбегін Лениннің де, Сталиннің де, Саяси бюро мүшелерінің барлығы да мойындағанына тоқталды. Оның кең ауқымда ойлай білетін дарындылығына, алапат қабілетіне, іскерлігіне, көрегендігіне аса жоғары баға берді. «Ол – Кремльде тапжылмай он бір жыл отырып, РСФСР Халком кеңесі төрағасының орынбасары қызметін өте жоғары деңгейде атқарған тұңғыш қазақ, ХХ ғасыр­дағы жоғары лауазымды қызмет атқарып, халқына қалтқысыз қызмет етіп, өмірден ерте өткен ұлы перзент. Ашаршылық жайлаған жылдарда халықтың генефонының жойылып, тоз-тоз болып кетуінен аман сақтап қалу жолындағы жанқиярлық еңбегін ұрпақ еш уақытта ұмытпауға тиіс». 
Т.Рысқұловтың 80 жылдық мерекесіне қатысқан жұртты Устиновтің тебіреніске толы ойы қанаттандырып жіберді. Ғалымдардың өзіне аян болмаған тың деректерді жұрт ерекше ынтамен тыңдады. Сөз сөйлеген шешеннің әңгімесінің әсерлі болғаны сондай – жұрт ұйып тыңдап, қайта-қайта қол соғып, құрмет көрсетті. Устинов сөзін аяқтап, мінберден президумдағы орнына отыруға бет алған сәтте алдыңғы қатарда отырған ұзын бойлы бір кісі орау­лы сыйлығын алып, сахнаға көтерілді. Көпшілікке сәлем беріп:
– Виктор Михайлович, Тұрар Рысқұ­лов­тың өмірін сізден артық зерттеп, кітап жазған ешкім жоқ. Айтқан әңгімеңізге мың мәрте алғыс. Біздер сізге рақметімізді айта отырып, арнайы Т.Рысқұловтың бейнесі салынған вазаны (сондай-ақ жанында екінші бір сыйлықты алып ілесе шыққан жігіттің қолындағы кәдені), Т.Рысқұлов оқыған Меркі түземдік мектебі, басқа фотоқұжаттар жинақталған альбомды, сыйға тартуға рұқсат етіңіз, – деді. 
Бұл Меркі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ермек Сауранбаев еді. 
Әсіресе студент-жастардың көкірегінде Рысқұловқа деген сүйіспеншілік оты шоқ болып маздай түсті. Солардың бірі – оқушым, кейін Т.Рысқұловтың өмірін зерттеумен айналысқан О.Қоңыратбаев. Салтанатты жиынның ертесіне баспа директоры Е.Сыздықовқа кіріп, В.М. Устиновті шақырып, ұжыммен кездестіріп, әңгімесін тыңдау үшін арнайы шақырайық дедім. Директорымыз «Волгасын» берді, неміс редакциясының меңгерушісі Конс­тантин Эрлах екеуіміз «Достық» қонақүйі­не тоқтаған профессорды баспаға алып келдік. Кездесу бір сағатқа созылды. Содан кейін автор кітабының қаламақысын алды. Біз қайта қонақүйге апарып салып, рақмет айтып қоштастық. В.М. Устинов тарихшы, жазушы, журналист, қаламгер үшін өнегелі іс атқарып, керемет ой тастап кетті. Оның кітабы тұрартануда қолдан-қолға түспейтін құнды дүниеге айналды. Бұған дейін 1974 жылы С.Бейсембаев пен С.Көлбаевтың «Турар Рыскулов» деген қылтанақтай жұп-жұқа кітапшасы жарық көргені белгілі. 
В.М. Устинов «Служение народу» атты кітабынан кейін жазықсыз атылғанға дейінгі аралықтағы Т.Рысқұловтың жоғары лауазымды қызметін баяндайтын «Зампред Совнаркома Российской федерации» деген екінші кітабын жазды. Бұл еңбегі де «Қазақстан» баспасынан 1988 жылы 15 000 данамен жарық көрді. В.М. Устинов Тұрар туралы архивтерді ақтара жұмыс істеді, небір құжаттарды, материалдарды іздеп тауып, ғылыми айналымға енгізді. Ғалым Рысқұловтың Мәскеудегі ең жанашыр іздеушісіне айналды, ол жыл өткен сайын зерттеу жұмысын дамытып, өмірінің соңына дейін Рысқұлов мұрасын зерттеген, атақты ғалым болып қалды. 
Ол 1994 жылы Т.Рысқұловтың 100 жылдық мерейтойы Түлкібас ауданында аталып өткенде құрметті қонақ ретінде шақырылып, ұлы қайраткердің ата жұртын, атамекенін көрді, бір аптадай Сламхан Дауылбаевтың үйінде түлкібастықтардың сыйлы қонағы болды. Сол күндерде мектеп оқушыларымен кездесу өткізді, Ақсу-Жабағылы қорығында болды, Түлкібастағы туннелді, Иірсуды көрді, Түлкібастың саф таза мөлдір ауасымен тыныстап, бабында піскен сары қымызын ішіп, ерекше бір бой жазып, жадырап сергіп қалды. Түлкібаста болған күндерде де бос уақытында жұмыс істеуін тоқтатпапты – алда шығатын Тұрар туралы кітабының кейбір тарауларын осы өңірде қағазға түсірген. Еңбекқор адам еш уақытта қол қусырып қарап отыра алмасы анық. Оның үстіне Виктор Михайлович жоспарлы түрде еңбек етуді түбегейлі дағдыға айналдырған ғалымдардың қатарынан болатын. Жазу, жұмыс істеу стилі де бөлек, ерекше екеніне көзім жетті. Профессор жазылатын кітабының алдымен жоспарын жасап, бөлімдері мен тарау-­тарауын түзіп алады екен, ол жинаған материалдарына қарай, қай тараудың материалы жеткілікті болса, сол тарауды жазып тастайды, жазу принципінің ерекшелігі осында еді. Кітаптың бөлек-бөлек етіп басылған тарауларын жұмыс процесі тиянақталғаннан кейін кітап жоспарына сәйкес орын-орнына қоятын. Кейде кітаптың ортаңғы, кейде соңғы тараулары жазылып бітуінің себебі – осы. 
1994 жылы Т.Рысқұловтың 100 жылдығы қарсаңында В.М. Устиновтің көрнек­ті ұлт қайраткеріне арнап жазып жатқан үшінші кітабын баспаның тақырыптық жоспарына енгізуге ұсындық. Автор кітабының материалдарын шетінен поштамен Мәскеуден редакцияға менің атыма жіберіп отырды. Кітабының жазылып біткен тарауларын поштадан алысымен машинаға бастыруға беріп отырдым. Сол кезде В.М. Устиновтің жұмыс істеу, жазу тәсіліне біршама қанық бола түстім. Кең ауқымда ой қорытып жазатын ғалым кітабының біткен тарауын үсті-үстіне жіберіп, Мәскеу мен Алматы арасында қызу шығармашылық байланыс орнатты. Кейін барлық тарауы жинақталған соң, кітаптың қолжазбасы толық дайын болды, бұл еңбектің көлемі 20 баспа табақтай еді. В.М. Устинов бұған дейін жарық көрген кітаптарында кеңестік идеологияның ықпалында айтылған ойларын 1991 жылы Одақтас республикалар тәуелсіздігін алған кезеңдегі қалыптасқан жаңа тарихи жағдайларға сәйкес ескеріп, қайта қарап, Рысқұловқа таңылып келген саяси айыптаудың қателігін ашық дәлелдеп, қайраткердің мемлекет алдындағы еңбегін шынайы бағалауға күш салды. Себебі Т.Рысқұловқа 1920 жылдан бері таңылып келе жатқан жалған, біржақты әділетсіз айып­таулардың негізсіз екенін архив құжаттарына сүйеніп, дәлелдеп көрсетуді тұрартанушы-ғалым өзіне азаматтық парыз санады. Т.Рысқұловтың қызметін терең зерттеген сайын, оның атқарған одақтық деңгейдегі қызметтеріне, бір жағынан, қайран да қалды, себебі мұндай жұмыстарды атқару үшін тәжірибе де, білім де, парасат та, теориялық дайындық та, ең бастысы, мемлекеттік деңгейде ойлап, дұрыс шешім жасай білу де керек еді. Уақыт сыны мұны талап ететін. 
Негізі, Тұрар Рысқұловтың өмірін шартты түрде төрт кезеңге бөліп қараған дұрыс деп ойлаймыз. Біріншісі – қазақстандық кезең, екіншісі – түркістандық кезең, үшіншісі – моңғолиялық кезең, төртіншісі – мәскеулік кезең. Қазақстан мен түркістандық кезең оның өмірінде ерекше өшпестей із қалдырды. Ал моңғолиялық кезең Т.Рысқұловтың халықаралық жағдайды, еліміздің ішкі, сыртқы сая­сатын терең білетіні, қадағалап зерттеп, зерделеп отыратыны атқарған қызметінен айқын көрінді. Т.Рысқұлов Моңғолияның саяси өміріне зор ықпал етіп, терең із қалдырды, оның бұл қызметі жаңа мемлекет құрып жатқан азат Моңғолияның Ата Заңы, партия бағдарламасы мен жарғысын әзірлеп, қабылдаттыруына тікелей байланысты еді. 
Т.Рысқұловтың Одақтың астанасы Мәскеуде, Кремльде отырып, халық шаруашылығының барлық дерлік саласына, мәдениет пен ғылым, білім салаларына белсене басшылық етіп, теңдессіз жұмыс атқарғанын архив деректері айғақтай түседі. В.М. Устинов архивте бүгіп жатқан Рысқұловқа қатысты қыруар, том-том құжаттарды, істерді, материалдарды іздеп тауып, талдау жасап, ғылыми айналымға түсірді. В.М. Устинов Т.Рысқұловтың ешқандай да пантүрікшіл, ұлтшыл болмағанын, керісінше, ұлыдержавалық шовинизммен күрескен нағыз патриоттығын жоғары бағалады, ол ұлт мүддесі үшін күрескен тұлғаны ұлтшыл деудің мүлде қате екенін ашып көрсетті. 
Мемлекеттік құрылыс мәселесі, ұлттар арасындағы әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті жою, шет аймақтарды дамыту, өндіріс орындарын кенді жерлерден ашу, Орталық басқару аппараттарына ұлт кадрларын тарту, ұлт кадрларын даярлау мен тәрбиелеу, жол қатынасын барынша дамыту, шетелдермен тиімді сауда-саттық жасау, интеграциялау, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын интенсивтендіру бағытында Т.Рысқұлов қыруар жұмысқа басшылық еткен. Әсіресе Т.Рысқұлов автономиялық республикалардың мемлекеттік құрылымын дамытуда аса зор еңбек етті. Автономиялық бірліктер мен Одақтық наркоматтардың арасындағы қатынастарды реттейтін заңдылық базаны жасауға күш салды. 
Т.Рысқұлов қызметінің ең жарқын жетістіктері Түрксіб теміржол құрылысын басқарып, халықаралық маңызы зор бұл жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауы, Одақтағы беделін асқақтата түсті. В.М. Устинов 1920–1930 – 1921–1932 жылдардағы Т.Рысқұловтың аштықпен күресте атқарған азаматтық қажырлы еңбегін, миллиондаған халықты ажал құрсауынан аман алып қалғанын, ұлттың генефонын сақтап қалуда теңдессіз еңбек етіп күрескенін, жайлаған ашаршылықты И.Сталиннің алдында батыл қойып, шұғыл түрде шешім қабылдауды табанды талап еткенін жан-жақты талдап, ашып көрсетті. В.М. Устиновтің соңғы жинаған барлық материалын пайдаланып, оның бүкіл қайраткерлік болмыс-бітімін, сан қырлы қызметін жан-жақты талдап көрсеткен еңбегі баспаның тақырыптық жоспарынан соңғы сәтте сызылып қалғанын, қиянат жасалғанын кеш білдік. 
1995 жылы Виктор Михайловичтің Алматыға арнайы келуінің басты себебі де осы қолжазбасының тағдыры болатын. «Қазақстан» санаторийіне, Виктор Михайлович орналасқан бөлмеге телефон соғып, хал-жайын сұрадым. Мәскеулік ғалымды Алматыға келгенін пайдаланып, Тұрар Рысқұловтың туған жерін аралатып, көрсетпек оймен Талғар ауданының әкімі Ә.Тойбаевқа арнайы хабарластым. Т.Рысқұлов туралы үш бірдей кітап жазған мәскеулік белгілі ғалым В.М. Устиновті Т.Рысқұловтың туған жеріне апарғымыз келетінін Ә.Тойбаевқа айтқанымда, ол ұсынысымды бірден түсіністікпен қабылдап, «алып келіңіз, күтіп аламыз» деді. Әңгімені Виктор Михайловичке айтқан кезде қуанып қалды. Т.Рысқұловтың Талғар болысында туған деп жазғанымен, оның кіндік кескен жерін көрген емес, енді, міне, соның сәті түсіп отыр. Ертесіне жерлес досым Мекемтас Тілеулесов екеуіміз «Қазақстан» санаторийіне, келіскен уақытта бардық.
Талғар қаласы Алматы іргесінде, патша заманында станица болған, қаладан 35 шақырым, қырбақ қар түскенімен, көлік кедергісіз жүріп келеді. Виктор Михайлович сыртқы көрініске көз тастап қояды, айналаның бәрі ақ қар жамылған. Жол бойы Тұрар Рысқұлов туралы әңгімелестік. Кеңес Одағы ыдырап, кезінде бір мемлекеттің туының астында болсақ, енді тағ­дыр­дың ісі болар, бөлек-бөлек республика азаматтары болып отырмыз. Мынадай тарихи жағдай бұрын қалыптасып, қағидаға айналып кеткен көзқарасты, танымды күрт өзгертті. 
– 1920 жылы ТурЦИК-тің төрағасы Т.Рысқұловтың ұсынысымен қабылданған Түрік Кеңес республикасын, Түрік халықтарының коммунистік партиясын құру туралы Түркістан республикасының заңдастырылған шешімінің қабылдауына Ленин қарсы болмағанда, Түркістан рес­публикасының доңғалағы мүлде басқаша дөңгелер еді. Қазір Одақ ыдыраған жағдайда тарих Тұрар Рысқұлов идея­сының дұрыстығын дәлелдесе, Лениннің шешімінің қателігін көрсетіп берді, – деді Устинов. Біз осы кезге дейін Т.Рысқұловтың бұл ұсынысын жүзеге асыру жолындағы күресін – біржақты саяси қате деп жазып, бағалап, Т.Рысқұловқа әділетсіздік жасап келдік деген профессор сөзін одан әрі сабақтастырып: 
– «Тұрар Рысқұлұлы, Ұлт істері халық комиссариатында И.Сталиннің орынбасары болып істеді, езілген ұлттардың тағдырын, Түркістандағы ұлт мәселесін терең зерттеді, ол шын мәнінде Одақта ұлт мәселесінің ірі теоретигі болды. Т.Рысқұловты барлық параметрлері бойынша алып қарайтын болсақ, Сталиннен кем емес, ал ұлт мәселесінде Сталиннің өзінен де жоғары тұрды», – деді профессор. 
Устиновтің қызықты әңгімесі жолымызды қысқартып, Талғар қаласына қалай жеткенімізді байқамай да қалдық. Бізді күтіп отырған аудан әкімі Ә.Тойбаев өзі басқарып отырған ауданның тыныс-тіршілігі, Т.Рысқұлов туралы әңгімелеп, Рысқұловтың ескерткішін көрсетті. М.В. Устиновті алып жүретін жігіттерді даярлап қойған екен. Т.Рысқұлов атындағы кооперативті (бұрын колхоз болған) басқарып отырған Самат Сарипов бізді өзі отырған көлікпен жол бастап, Тұрар Рысқұловтың туған жеріне алып келді. Көтерілген жотадан сай-сала, шоқы, дөңесті жер бедері айқын көрінеді, қанша дегенмен тау етегі ғой. Биік жотаға көтерілетін қара жолдың екі шеті алма ағаштары. Алматының атақты апортының сорты осы шаруашылықта өсіріледі екен. 
Даланы жұқа қырбық қар басқан, бұл маң дөң, сай-салалы, қыратты, адырлы болып келеді, беткей-беткейлердің бәріне алма бағы, басқа да жеміс ағашы отыр­ғызылған бау-бақшалы жер еді. Биігірек жотаның басынан қарағанда төменгі жақ – терең сай, беткей-беткейдің бәрі алма ағашы, сай-салалардың мойны тауға қарай созылып жатыр. Біз тоқтаған жерден айналаның бәрі – көз жетер көкжиекке дейін тегіс көрінеді. Таудың бүкіл аймағы ашық, төменде жатқан Талғар, Алматы жақ қою көк тұман болып мұнартады. Бір кездері қазақтар жаппай қоныстанып, малын өріс­теткен жер бүгінде бау-бақшалы жерге айналған. Осы маңда, осы топырақта ұлы қайраткердің табанының ізі қалған, осы жерге тағдырдың жазуы болар, тұрартанушы мәскеулік ғалым В.М. Устиновтің де табаны тиді. Ғалым біршама уақыт ой құшағына еніп, тебіреністі күйде тұрды. 
– «Табиғаты қандай тамаша, әдемі, көрікті, тауға иек артып тұрған жердің шоқтығы екен», – деді Тұрардың туған жерін көрген ғалым. – «Тұрар туған мекеннің таза ауасын айтсаңшы, жұтқан сайын кеуде сарайың ашылып, мейірің қана түседі, саф ауаның ерекше дәмі сезіледі екен». Дөң басынан Виктор Михайлович етекке түсіп, қайта көтерілді, көлікке мініп, қайта оралдық. Жолда Т.Рысқұлов атындағы мектепке ат басын тіредік. Жылу болмағандықтан, мектеп іші салқын екен. Мектепте абыр-сабыр болып жатқаннан ба – кездесу болмады. Тұрар Рысқұловқа арналған музейді көрдік. Музейде жинақталған архив материалдарын, фото құжаттардың көшірмелерін зер сала қарап шыққан ғалым төрде қабырғада ілулі тұрған Одақтың үлкен картасының алдына келді. Бұл картада Т.Рысқұлов болған қалалар көрсетілген екен. Виктор Михайлович картаға қарап бірнеше қатені көрсетті. Қызыл жіппен көрсетілген сызық Мәскеуден Қиыр Шығыстағы Амудағы Комсомольскіге бір-ақ тартылыпты. 
– Рысқұлов бұл қалаға бармаған, Моңғолияға Иркутскі арқылы барған. Қызыл сызық Мәскеуден Иркутскіге тартылсын. Ал Мәскеуге Қызылордада Крайкомда істеп жүрген кезде ауысқан. Мына сызық Мәскеуден Қызылордаға тартылуға тиіс. 1923 жылы Тұрар Рысқұлов Германияда, Ресейдің Повольжесінде болды, – деді. Қателерді директор орынбасары тездетіп, қағазға түсіріп тұрды. Т.Рысқұлов барған қалаларға қатысты төрт кемшілікті көрсетті, содан кейін мен: 
– Музейдің журналы бар болса, қонақтан қолтаңба алып қалыңдар, – дедім. Алып келген музей журналына Виктор Михаилович былай деп қолтаңба қалдыр­ды: «Тұрар Рысқұловқа арналған мектеп музейінде болып, қайраткердің жарқын тұлғасына деген зор қызығушылық әрі ерекше құрмет сезімімен оның жарқын бейнесіне бас идім. Т.Рысқұловтың өмірбаянына деген сүйіспеншілікпен жасалған шағын экспозиция бұл ғажап адамның зор әрі жарқын да мағыналы, алайда, өкінішке қарай, трагедиялық өмірін ашып көрсетеді. 
Қазақ халқының перзенті Тұрар Рысқұлов Қазақстанның аса көрнекті қайраткері және ғалымы ғана емес, сонымен қатар он бір жылдан астам уақыт бойы Ресейдің де мемлекет басшыларының бірі болды. Егер мемлекет қайраткерлерінің бәрі де Т.Рысқұлов сияқты ақылды да парасатты болған болса, онда сіздермен әлдеқашан-ақ бақытқа кенелер едік. 
 Мектеп музейі алда педагогтердің өскелең жас ұрпақты патриоттық және интернационалдық тәрбие беру ісіне қызмет ете бермек. 
В.М. Устинов, 
РСФСР -дің ғылымға 
еңбек сіңірген қайраткері, 
тарих ғылымының докторы, 
профессор. 
21.02.1995».
 
Талғарға қайта оралдық. Самат мырза қонаққа деп арнайы дастарқан жайдырып қойған екен. Дастарқан басында да әңгіме Рысқұловқа ойыса берді. 
Астраханда өскен Самат Сарипов В.М. Устиновпен танысқанына ризалығын білдіріп, дастарқан басында мәскеулік ғалымның сапарының сәтті болуына, ғылыми табысқа жете беруіне тілектестігін айтып, алғашқы тосты көтерді. Тұрар туралы Виктор Михайлович қызықты әңгімелер айтты, отырған кісілердің көкейінде жүрген сұрағына жауап беріп, үзілісте Мекемтас екеуі нарды ойнады. Самат: «Осы жерде істегелі бері қаншама кісілерді қарсы алдым, бірақ сіздей ірі ғалымды, оның үстіне Рысқұловты зерттеп, еңбек жазып жүрген кісіні бірінші рет көруім, әңгімеңізге, ниетіңізге алғысым шексіз», – деп ағынан жарылды. 
Түс ауа Баспасөз және бұхаралық ақпарат министрі А.Сәрсембаевқа жолығу үшін министрлікке келдік, министр орнында жоқ, іссапарға кетіпті. Баспа ісі жөніндегі басқарма бастығы жазушы Мұрат Сыдықовқа кездесіп қалдық, аңқылдаған азамат «В.М. Устиновтің мәселесін өзім шешемін, министрге де айтамын, кітабын келер жылы шығарып береміз, қам жемеңіз», – деп Виктор Михайловичтің көңілін көтеріп тастады. 
«Шаңырағымыздан дәм-тұз татып, құтты мейманы болсын» деп Виктор Михайловичті арнайы үйге қонаққа шақырдым. Ол кісімен бірге Молдияр Серікбаев ағамызды, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, тарихшы, педагогика ғылымының докторы Лесхан Байсеркеев, сонымен бірге Мекемтас Тілеулесов болды. 
Жолдасым Қарашаш жақсылап дастарқан жайып, сонау Мәскеуден келген қонаққа өнер көрсетесіңдер деп балаларды дайындап та қойған екен. Виктор Михайлович отбасылық дастарқанда отыру ғанибет екенін, жақсы тыныққанын айтты. Дастарқан үстінде Қарлығаш, мектепте оқып жүрген Бота, Райгүл ән айтты. Фотограф Гүлфайруз қыз фотоға түсірді. Әңгімеміз жарасып, түнгі екіге дейін отырдық. Виктор Михайлович санаторияға қайтуға асықпады, біздің ортамыздың шынайы ыстық ықыласына, өзіне деген құрметіне риза болды ма – өзін емін-еркін туыс-бауырларының ортасында отырғандай сезінді. Әсіресе үкілі тақия, бүрмелі көйлек киіп, ән айтқан оқушы қыздардың сыңғырлаған даусын есітіп, мерейленіп қалды. 
Лесхан депутаттық өкілдігін пайдаланып, көлік шақырып, «Виктор Михайловичті, Молдияр ағамызды өзім апарып тастаймын» деп бірге қоштасты. Виктор Михайлович Мәскеуге кетерінен бір күн бұрын кешкісін уәде бойынша Талғардан Самат Сарипов келді. Тұрартанушы-ғалымның жолына деп сәлем-сауқат ала келіпті, қасындағы серігі бөлмеге екі қорап алып кірді. Оның біріне Алматының апорты, екіншісіне жылқының пісірілген еті мен қазысы, жаясы, мейіз, өрік, жаңғақ салыныпты. Виктор Михайловичке «Тұрардың туған жерінің сәлемдемесі бұл, жолыңызға деген азын-аулақ кәдеміз де болсын», – деп ғалымның қалтасына конверт салды. Жанымда Мекемтас бар, «Горизонт» газетінің бас редакторы Дархан Мыңбайды да бұл басқосуға шақырғанбыз. Дархан Виктор Михайловичтен ішкі бөлмеде сұқбат алды. Содан талғарлықтар қоштасып кетісімен, қасына екі доктор-тарихшы Ғ.Сармурзин, В.Григорьевті ерткен Алматы педуниверситетінің ректоры Т.Садықов бөлмеге кірді, олар Виктор Михайловичті қонаққа алып кетуге келіпті. Біздер де қайтуға жинала бастағанбыз. Виктор Михайлович маған «бірге барайық» деп ықылас білдірді. Рақмет айтып, «амандық болса, ертең шығарып салуға келемін, әзірше сау болыңыз» деп қоштастық. 
Ертесіне №7 Алматы – Мәскеу жүрдек пойызына Виктор Михайловичті шығарып салуға вокзал басында тағы да тілектес адамдар жиналдық. Алматының ауа райы жақсы, қыстың да жайма-шуақ күні еді. Вагонға мінерде Виктор Михайлович қолымды жұп-жұмсақ алақанымен қысып, құшағына алды, біздер бұл кісіні соңғы рет шығарып салып тұр екенбіз. 
– Алматыға енді қайтып келер-келмесім белгісіз, бәрің де аман болыңдар, қош, – деп қол бұлғап қоштасып бара жатты. 
Түлкібас стансасында Виктор Михайловичті Түлкібас ауданы әкімдігінің жауапты қызметкері Өмірәлі Шадырман жігіттермен қарсы алып, ауданда қонақ болып қайтуға шақырды. Ғалым ықыласына, сый-сияпатына ризашылығын білдірді. Шымкент стансасында Виктор Михайловичті Оңтүстік Қазақстан әкімдігі ішкі сая­сат бөлімінің бастығы Ғаппар Маймақов қарсы алып, «мүмкіндігіңіз болса, осында аялдап, институттарымызда дәріс оқып, кездесулер өткізсеңіз, жақсы болар еді» деген ұсыныс-тілегін жеткізді. Виктор Михайловичпен Ғаппар пойыз жүргенге дейін әңгімелесті, жұмыс жайын сұрап білісті. 
Виктор Михайлович қазақстандық ғалымдарға, аспиранттарға қолынан келген көмегі мен қолдауын көрсетуден тартынбаған. Ол Тұрар Рысқұловты зерттеуші ретінде қалай жақсы көрген болса, қазақ халқын да, білім қуған қазақ азаматтары мен жастарын да солай жақсы көрді. 
Ал Ғ.Маймақов менің туған екінші інім болатын. Ол мектепті үздік бітірісімен КазПИ-дің тарих факультетіне оқуға түсіп, институтты қызыл дипломмен бітірді. 1978–1982 жылдары Қазақ политехникалық институтының Қаратау филиалында оқытушы болып істеді, ал 1982–1984 жылдары Қаратау қалалық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы қызметін атқарды. Жамбыл гидромелиоративтік институтының деканы Лесхан Байсеркеевтің тікелей қолдауымен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына мақсатты жолдамамен 1984 жылы түсіп, 1987 жылы бітіріп шықты. 
1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін, саяси жағдай, ахуал бұрынғыдай емес, ұшыңқырап тұрған еді. Ғаппардың диссертация қорғайтын күні 1987 жылдың 24 желтоқсан күні сағат 16:00-ге белгіленген. Ғылыми жетекшісі – т.ғ.д., профессор Конюхов В.Н. Ресми оппоненттері: т.ғ.д., профессор Мусаев А.М., т.ғ.к., доцент Макаров А.Я. 
Желтоқсан айы суық еді, Мәскеуде тұмау өршіп, тап қорғаудың алдында оппоненті А.М. Мусаев тұмауратып қатты ауырып, жатып қалады. Содан қорғауға амалсыз қатыса алмайтынын хабарлайды. Жағдай тығырыққа тіреледі, оппонент ауырып қалған жағдайда, онда қорғай алмайды, келесі жылға шегеріліп қалмақ. Енді не істеу керек? Ғаппар Алматыға шұғыл түрде хабарласып, жағдайының қиын болып тұрғанын айтты. Жалма-жан телефонмен Мәскеуге Виктор Михайловичке хабарластық, жағдайды жеткіздік, көмектесуін өтіндік. 
Ол кісі: 
– Ғаппар тез арада хабарлассын, авторефераты мен диссертациясының тақырыбын, қысқаша ғылыми жұмысының мазмұнын қағазға жазып алып келсін, ертең өзімді диссертациялық Кеңесте қосымша оппонент етіп бекіттіремін, көмектесіп жіберемін, – деді. Ғаппар тез арада Виктор Михайловичке мәліметтерді апарып берді. В.М. Устиновтің сол кездегі азаматтығын айтсаңшы. 
24 желтоқсан күні сағат 16:00-ден ертерек МГУ-ге келіп, Виктор Михайлович өзін қосымша оппонент етіп бекіттіріп үлгереді. Сағат 16:00-де екінші болып Ғаппар қорғайды. Диссертациялық кеңес­те Виктор Михайлович диссертация тақырыбының өзектілігіне, зерттеушінің ғылыми қорытындылары мен зерттеу нәтижелерінің практикада қолдануға байланысты жасаған ұсыныстарына ғылыми маңыз беріп, жиырма минуттай сөз сөйлеп, диссертантты қолдап шығады. Виктор Михайловичтің тарихшылар ортасында бедел, абыройы жоғары болатын. «Келесі 1988 жылға қалып қоямын ба?» деп қорыққан Ғаппардың қыл үстінде тұрған жағдайын шын жанашыр, қамқоршы ғалым әп-сәтте-ақ түзеп, ретін тауып жібереді. Ғаппарға Кеңес мүшелері бірауыздан қолдап, дауыс береді. 
1991 жылы Кеңес Одағы ыдырады, бұрын архивтердегі ғалымдардың қолы жетпей келген, «аса құпия» деген гриф қойылған құжаттар ашыла бастады. Екі жылда бір өтетін халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысуға Мәскеуге бардым. Кітап жәрмеңкесіне «Қазақстан», «Жазушы», «Мектеп», «Қайнар», «Өнер», «Білім», «Ғылым» баспалары тегіс қатысып, кітап өнімдерін көрмеге қоятын. 
Виктор Михайловичке кітап жәрмеңкесіне арнайы шақырту билетін беру үшін хабарласып, үйіне сағат 11:00-де баратын болдым. Алматыдан алған сәлемдемем де бар. Виктор Михайлович жақсы қарсы алды, «сәл он-он бес минут ерте келіп қалдыңыз» деп, рақмет айтқаныма қарамай, асүйіне кіріп, шай қойды. Залы өте үлкен екен, бір қабырғасына тұтас кітап шкафы қойылған, ал шеткі шкафтың үстіне қойылған Т.Рысқұловқа арнап жасалған аппақ ваза көзіме оттай басылды. Бұл 1984 жылы Алматыда Т.Рысқұловтың 80 жылдығында Е.Сауранбаев сыйлаған ваза болатын. Виктор Михайлович дастарқан басына шақырды, әңгімелесіп шай іштік. Мен барған кезде әйелі жұмысқа шыққалы жатыр еді, ол кісі де профессор екен, лекциясына бара жатыр деген-ді». Екінші бір ішкі бөлмеде әйелімнің анасы төсек тартып жатыр», – деді ғалым, үй-жайын айтып. Қолына жәрмеңкеге шақыру билетін бердім, «ашылуына қатыса алмайтынын, тығыз шаруасы бар екенін айтты. 
– Т.Рысқұловтың 1926 жылғы 12–14 қарашада өткізген, ұлт мәселесіне арналған Кеңесінің құпия болып келген құжаттарын алып берсеңіз деген өтінішім бар, – дедім. Қаржысын да ала келгенмін, өйткені құжаттар сатыла бастаған кез. Виктор Михайловичтің тікелей көмегімен Ресей федерациясы мемлекеттік архивінен Т.Рысқұлов өткізген Кеңестің барлық құжатын алдым, құжаттың әр парағының астына «рассекречено» деген штамп қо­йылған екен, құжаттардың тізбесіне дейін көрсетілген өте бағалы, қолымыз жетпей жүрген құжаттар. В.М. Устинов бұл құжаттарды Т.Рысқұлов туралы жазған кітабында ғылыми айналымға түсірді. Біз, інім Ғаппар екеуміз, осы құжаттар негізінде «Құпия кеңестер» деген кітап жазып, Рысқұлов кеңесінің протоколын оқырман танып білсін деп қазақ тіліне аударып, стенограммасын қоса бердік, кітап 1999 жылы академик К.Нұрпейісовтің алғы сөзімен «Санат» баспасынан жарық көрді. 
Ал В.М. Устиновтің соңғы «Т.Рысқұлов» деген кітабы «Қазақстан» баспасынан 1996 жылы 10 000 данамен жарыққа шықты. Бұл Кеңес үкіметі кезіндегі инерциямен ең көп тиражбен жарық көрген кітап болатын. Кітабының басылып шығуы В.М. Устиновті зор қуанышқа кенелтті. Әсілінде, В.М. Устинов – қазақ қайраткері туралы кітап жазған алғашқы мәскеулік патриот, оқымысты ғалым, №1 тұрартанушы. В.М. Устиновтің еңбегі кейінгі зерттеушілер үшін де үлгі-өнеге болды. Оқырманға сондықтан В.М. Устиновтің өмірбаянына қатысты да мәлімет бере кеткеніміз артық болмас. Орталық мемлекеттік архивтің директоры Сәбит Шілдебай В.М. Устиновтің құжаттары 2178-қор, 1-тізбеде, 52–61-істерде сақтаулы тұрғанын айтты, барлығы 10-іс, он папка, соңғы кішірек форматтағы папкідегі конвертке екі фотокарточкасы салыныпты. Мұның өзі күтпеген жағдай болды, себебі интернеттен В.М. Устинов туралы материалдар іздеп таба алмаған едім, өзімізде де ол кісіге қатысты мәліметтер табыла қоймады. Мәскеуге бұрынғы үйіне телефон соққанмен, нөмірлері өзгеріп кеткен, оның үстіне бұл кісіні білетіндер онымен байланысы бар кісілерді де бүгінде арамыздан табу қиын. Архивке өткізген материалдар автордың қолжазбалары, еңбегінің бөліктері болып шықты, автор бұл материалдарды шыққан кітаптарында пайдаланған, бұл маған таныс құжаттар. Папкінің бірінде 1987 жылы шыққан «Зампред Совнаркома РСФСР» деген кітабы салыныпты. Бұл материал­дардың барлығын В.М. Устинов 1990 жылы өткізіпті, «өзі туралы іздеушілер болса, танысып білсін» деген болуы керек, өзінің қысқаша өмірбаянын да автоқаламмен жазып, хаттапты. Ұқыптылықтың нақты көрінісін көргендей болдым. Бізді қызықтырғаны, белгілі тұрартанушы оқымысты ғалымның өмірбаян деректері еді. Сондықтан зерттеушілерге де қажет болар деп Виктор Михайловичтің өмір жолына тоқтала кетуді жөн санадық. 
Виктор Михайлович Устинов (1929 жылы туған) – ғалым, зерттеуші, тарих ғылымының докторы, профессор, РСФСР-дің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. 
Виктор Михайлович Устинов 1929 жылғы 4 маусымда Әзербайжан республикасының астанасы Баку қаласында туған. 1961 жылы Калинин атындағы Жоғары Әскери-теңіз училищесін бітірген. 1947 жылдан 1964 жылдар аралығында Әскери-теңіз флотының корабльдік қызметінде штурман болып қызмет еткен. Ол 1964 жылы штаттың қысқаруына байланысты әскер қатарынан босаған, содан кейін орта мектепке мұғалім болып орналасады. 
Білім алуын Мәскеу Мемлекеттік тарих-архив институтында жалғастырып, 1967 жылы бітіріп шығады. Оқып жүріп КПСС Орталық Комитетінің жанындағы Марксизм-ленинизм институтының Орталық архивінде кіші ғылыми қызметкер болып істеді. 
1956 жылдан 1970 жылға дейін КПСС Орталық Комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институтында кіші, содан кейін аға ғылыми қызметкер болып істеді. Осы жылдар ішінде В.М. Устинов ғылыми жұмыспен табанды түрде айналысты, 1967 жылы кандидаттық, ал 1968 жылы докторлық диссертациясын қорғады. 1970 жылы КПСС ОК оны КСРО Орталық Революция музейі директорының ғылыми жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне ұсынды. 
1972 жылдан бастап В.М. Устинов жоғары білім беру жүйесіне оқытушылық жұмысқа ауысты. Геологиялық-барлау институтында, КСРО Ішкі істер министрлігі Мәскеу жоғары милиция мектебінде, Мәскеу тарих-архив институтында қызмет етті. Сонымен бірге 1979 жылдың мамыр айынан 1987 жылдың маусым айына дейін Мәскеу тарих-архив институтында ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры болып істеді. 1987 жылдың маусым айынан бастап Ресейдегі Саяси партиялар мен қозғалыс­тар тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етті. Белсенді ғылыми және педагогикалық қызметі үшін В.М. Устинов үкіметтік наградалармен, «Құрмет» белгісі орденімен, «ХІІ бесжылдықтың үздігі» белгісімен, КСРО Жоғары оқу министрлігі мен РСФСР Жоғары оқу министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1986 жылы 
«Служение народу» (Т.Рысқұлов туралы) атты озық ғылыми жұмысы – монографиясы үшін КСРО Жоғары оқу министрлігінің дипломы және медалімен марапатталды. Қазақ халқының, қазақ зиялы қауымының, тарихшылар мен қаламгерлердің алдында Виктор Михайлович Устиновтің еңбегі зор әрі қандай құрмет көрсетуге болса да лайық тарихшы, қайраткер тұлға. 
Осы орайда Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану музейінің ішінен В.М. Устиновтің өмір жолы мен қызметін бейнелейтін арнайы бір стенд, болмаса бұрыш ұйымдастырып қойса, құба-құп болар еді. Тұрартануда мәскеулік тарихшы-ғалым В.М. Устинов­тен артық еңбек еткен, Т.Рысқұловтың бүкіл қызметін Одақ деңгейінде зерттеп насихаттаған ұлт қайраткерінің қызметін жан-жақты көрсету арқылы қазақ халқының даналығын зерделеген болмыс-бітімі бөлек ғалымды кездестіре алмайсыз. В.М. Устинов – ұлы қайраткер Т.Рысқұловтың мемлекеттік қызметін, оның Одақ тарихындағы алатын орны мен миссиясын жүрек қалауымен, айрықша сүйіспеншілікпен зерттеген бірегей, дара ғалым. Ол Т.Рысқұловты ХХ ғасырдағы дүниежүзінің адамзат тарихына ықпал еткен ұлы тұлғалардың қатарына қойды. Кеңес Одағындағы ең талантты, дарынды, халықаралық ауқымдағы мемлекет қайраткері деп білді. Т.Рысқұловты мемлекеттік құрылыстың практикасы мен теориясын терең меңгерген реформатор, ұлт мәселесінің білгір теоретигі, қоғам дамуының тамырын тап баса білген экономист, публицист, тарихшы, саясаткер ретінде әр қырынан зерттеп, саралады. Сондықтан В.М. Устиновтің қазақ халқының алдындағы сіңірген зор еңбегін әрқашан да бағалай білуіміз керек. 

Мұхтар Қазыбек,
жазушы, тұрартанушы 

1930 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы