• Ақпарат
  • 31 Қазан, 2024

Әбдіжәміл әлемі

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»
 

Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай Алматыда «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Халықаралық ТҮРІКСОЙ ұйымының бас хатшысы С.Раев, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы К.Иманәлиев, француз жазушысы Ив Готье, Ресей жазушылары Георгия Пряхин, Сергей Шаргунов, әзербайжан жазушысы Низами Мамедов, белорус жазушысы Александр Карлюкевич, қырғыз жазушысы Акбар Рысқұлов, өзбек жазушысы Хуршид Даврон және еліміздің ақын-жазушылары қатысты.
 

Конференцияны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізіп отырды. «Кеше 22 қазанда жүз жасқа толар еді, екі-ақ жыл жетпей қалды, тоқсан сегіз жасында дүниеден өткенін білесіздер. Бір ғасыр дерлік саналы ғұмырын ұлтына арнады. Қазақ деген халықты, оның әдебиетін әлемге танытуда Әуезовтей еңбек сіңірген бір жазушы болса, ол – Әбдіжәміл Нұрпейісов», – деді Мереке Әбдешұлы.
Сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Әбдіжәміл Нұрпейісов – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Әде­биет әлеміне құбылыс болып енген сұңғыла суреткер, қазақ прозасына ерекше қолтаңбасын қалдырды. Арал арқылы қазақтың, қазақ арқылы барша адамзаттың мәселесін көтерген «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары  әлем өркениетіне қосылған құнды қазына», – деп бағалапты ел басшысы құттықтауында. 
Аида Ғалымқызы Әбдіжәміл Нұрпейісов ұлт әдебиетіне өзіндік соны қолтаңбасын қалдырған, біртуар жазушы екенін ерекше атап өтті. Министрдің айтуынша, мерейтойға орай еліміздің барлық өңірінде соңғы үш айда елуге тарта іс-шара өткізіліпті. Телеарналардан «Орындалмаған аманат», «Абыз ғұмыр» деректі фильмдері мен түрлі сюжеттер көрсетіліпті. «Шығармалары бүгінгі қоғам шындығымен астасып, өзектесіп жатқан Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген тұлға. Бұл сөзімізге оның шетел тілдеріне аударылған шығармалары, әлем оқырмандарының жоғары бағасын алғаны дәлел. Жазушы шығармаларында заман шындығы мен адам тағдыры, Арал тағдыры күрделі тарихи әлеуметтік, философиялық мәселелер жан-жақты көркем кестеленген», – деді министр сөзін қорытындылай келе. 
Бұдан кейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков қала әкімі Ерболат Досаевтың құттықтау хатын оқыды.  
ТҮРІКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев Әбдіжәміл Нұрпейісовті «әлем әдебиетінің үлкен тұлғасы, түрік әдебиетінің шолпан жұлдызы. Қазақ әдебиетінің ғана жарық жұлдызы емес, бүкіл түрік әдебиетінің мақтанышы. Бірегей құбылыс» деп бағалады. 
Әбдіжәміл Нұрпейісов – Қызылорда облысының тумасы. Сол  облыстан елдің сәлемін алып келген облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов: «Ұлт перзентіне лайық құрмет көрсету – елдіктің, қоғамдық кемелдіктің белгісі. Сыр өңірінде ұлы жазушыны ұлықтау мақсатында жыл бойы түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Барлық мектепте, оқу орындарында апталықтар, кітапханаларда, музейлерде көрмелер, шығармашылық кештер, бұқаралық ақпарат құралдарында  арнайы айдарлармен материалдар жарияланды», – деді. Туған жері Арал ауданында «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумы, өзге де айтулы іс-шаралар өткізілгенін айта келіп, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтау хатын оқып берді. 
Елу жыл қаламдас інісі ретінде қасында жүрген, бүгінде Халық жазушысы атанған Смағұл Елубай ол кісінің өзі байқаған ерекшеліктерін санамалап айтып шықты. «Біріншіден, өмір бойы шығармаларын жөндеумен өтті. Әсіресе өмірінің соңғы жиырма, отыз жылында. Ол қайдан шықты десеңіз, соңғы жылдарда оқырманның қолына кітап орнына смартфон келді. Әбекеңнің бағы да, соры да сол. Бұрынғы классиктер бұл сұмдықты көрмеген еді. Көргесін өзінің романдарын жөндеуге кірісті. Өйткені ертең оқырман кітабын ысырып тастағанын қаламады. 
Екіншіден, ауызекі әңгімесінде айтатын, романдарында да солай жазды. Мына өмірге адам бақыт үшін келеді, бірақ бақытсыз болып өтеді. Қаласаң да сол, қаламасаң да сол. Осы сөзін дәлелдеп өтті. «Қан мен терде» бір бақытты адам бар ма? «Соңғы парызда» бір бақытты адам бар ма? Жоқ. Быт-шыт болған халық, быт-шыт болған тағдыр, отбасы. Неге былай? Себебі саналы ғұмыры бұрынғы кеңестік тарихта «қасіретті қырық жылмен» тұстас келді. Ол 1916 жылмен 1956 жылдың арасы. Азамат соғысының ылаңынан басталған аласапыран, партияның жиырмасыншы съезінде Сталиннің әшкереленуімен қырық жылға нүкте қойылды. Қасіретті қырық жылды көзбен көріп, бастан кешкеннен кейін сол өмір туралы пессимистік көзқарасы қалыптасты деп ойлаймын. Өйткені екі романда да кейіпкерлердің басынан бұлт арылмайды. 
Үшінші бір ерекшелігі – «мынау Президент немесе бастық екен» деп ешкімнің алдында жағымпазданбайтын. Елімізді отыз жыл басқарған Президенттің алдына барғанда да «сен» деп сөйлесетін. Айтқысы келгенінің бәрін жайып салатын. Халықтың жағдайын да жасыр­майтын. Сондықтан оларға онша көп ұнай бермейтін. Мадақты аз айтатын адам басшыларға жақпайды. Содан да Еңбек Ері деген атақты Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды.
Төртінші, смартфон, компьютер жоқ заманда туғасын ба, Құдай Тағала оған керемет есте сақтау қабілетін берді. Аштықты бала кезінде көрді, бірақ ештеңені ұмытпағанына таңғалатын едік, тоқсан жыл бұрынғы оқиғаларды бүгін көргендей айтатын. Сол бала кезінде үйге кіріп келген жеңгесінің камзолындағы моншақтары, ілгектері қандай еді, соған дейін айтып беретін. Ол қасиеті «Қан мен терде» көрінді. Сонда ғажайып дәлдікпен суреттелді. Осындай адам баласына сирек қонатын талантқа ие еді. 
Енді шығармашылыққа, романдарына қатысы жоқ бір нәрсені айтқым келіп тұр. Әбеңнің соңғы жылдары өмірі өткен үй бар. Алматыдағы Тайманов көшесінде. Екі қабатты, кезінде Тас­мағамбетов бастаған азаматтар салып берген. Қымбат үй. Сонда немерелері қалды. Сол үйді ұстап тұру қиын болғандықтан, балалардың шешесі, яғни келіні сатып жатыр деп естіп, қатты алаңдап отырмыз. Өйткені бай кітапханасы, өмір бойғы қолжазбасы сол үйде. Тұтынған заттары да сонда. Сол мұраның тағдыры енді не болатыны беймәлім. Рухани інісі болсақ та, ол іске араласа алмаймыз. «Мұрасы шашылып кете ме» деп қорқамыз. Аида Ғалымқызы, ондай мұраға ие болатын архив мекемелері, кітапханалар, музейлер сізге қарайды. Солар ие болмаса, көп байлықтан айырылып қалғалы тұрмыз. Жазушының қолтаңбасы қалған, киген киімдерінен, бәрінен көз жазып қалуымыз мүмкін. Халыққа соның барлығын қалдырудың жолы архив, музей қызметкерлерінің қолына өтсе дейміз. Солар ие болса», – деген тілек айтты. 
Жерлесі, көп жыл сыйласқан інісі әрі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев та  өзінің жүрекжарды пікірін, естелігін айтты. «Мен де қасиет қонған қарт Аралдың перзентімін. Сондықтан Нұрпейісов шығармалары маған өзгеден етене болуы заңды. Ауылдас ретінде аз-кем сырласып, інісі ретінде қызмет қылғанда біз де біршама жайларға куә болып, көкірегімізге көп қазына түйдік. Бір байқағаным, әдеби өмірді бақылап, інілеріне алып кеудесін иіп отыратыны. Батыс Қазақстанда қызмет істеп жүрген кезімде, әдебиетіміздің ақсақалдарын ауылға қонаққа шақырып, елмен қауыштырғаным бар. Қаламгерлердің сапары елге рухани мереке болды. Ел жақсыларын сағынып, аңсап тұрады екен. Сол кездесуде әредік бір әзілге сүйеп, «Әбе, осы шыныңызды айтыңыз­шы, Кекілбаев пен Нұрпейісовтің қайсысы мықты жазушы?» – деп сұрағаным бар. Сонда Әбе іркілместен «Ой, пәлі, ол бұйрабасқа жету қайда» деп, ризалықпен бас изегені есімнен кетпейді. Бұл өзіне сенген, өзгені бағалаған, тау тұлғалы адамда ғана болатын мәрт мінезді әділетті жүректен шыққан сөз деп қабыл алдым. 
Жасы егделегенде туған ауылы Белараннан өзіне арнап қабір тұрғыз­ды. Маған «Маңғыстаудың ұлу тасын жібер» деп тапсырды. Біз мұнысын аса құптай қоймадық. Ағамыз қазір кетіп қалатындай қимай, қарсы болдық. Сонда: «Әй, қарағым, сен теңіздің неге тартылып қалғанын білесің бе? Адамнан пейіл кетіп, мейірім азайғаннан алып теңіз бізден жыраққа кетті ғой. Десе де күн өтер, елдің берекесі келіп, көңілі орнына түсер, сонда қасиетіңнен айналайын теңіз орнына оралар, мен осы жерде сол теңізді күтіп жатамын», – деп еді. Сонда бәріміз сол аталы сөзге тоқтап едік. Бірақ «арыстың сүйегін айдалаға қалай қалдырамыз» деген бір өкініш көкірегімізден кетпеуші еді. Сөйтсек, ата қазақтың асыл салтында бәрі де бар екен. Қазақта «тұрпат салу» деген дәстүр болған. «Өлім қайдан болса, топырақ содан» деген сөз бар, әлдеқандай себеппен сүйегі алыста қалған азаматқа туған жерінде кесене-тұрпат салады екен. Ол ар­уақ­тың мекені болмақ, халқымыздың түсінігінде марқұмның аруағы онда да келеді. Бірде ағамызға осы дәстүр жайында айтып, Алматыдағы Кеңсайда жерлеуге ризалығын алдық. Ағамызды арулап Алматысына қойдық. Беларандағы қабір тұрпат болып қалды. Ұлы жазушының рухы Алатауды жастанып, Кеңсайда дамыл тапса да, Сырды сағалап, ақ жал толқынды Аралды әлі де күтіп жүргеніне сенемін», – деді. 
Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин де Нұрпейісов феномені туралы толғанды. Ұққан адамға тұлғалар арқылы ұлт тұтастығын сақтау мәселесін көтерді. «Қолына қалам ұстаған қауым түгел ұлтты сүйеміз, ұлтқа қызмет етуге тырысамыз. Бірақ олардың барлығы ұлттың биігіне көтеріле бермейді. Ұлттың биігіне көтерілген тұлғалар ғасыр деген өлшеммен ғана өлшенеді. Он тоғызыншы ғасыр қазаққа қанша қиындық әкелгені мәлім. Сарыарқаны Кенесары қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен қанша қорғағанымен, қасіретті қоса әкелді. Бірақ ол ғасыр Абайды жаратты. Жиырмасыншы ғасыр басында қазақ өз жерінде тоқсан пайыз болып тұрып, нешеме қырғыннан кейін жиырма тоғыз пайызға құлдырады. Сол кезеңде уақыт ұлты үшін күрескен тұлғаларды есепсіз берді. Алаш орданың көсемдері, Абайдың ұлы шәкірттері Әлекең, Ахаң, Жахаң, Мағжандар, Мұқаңдар мен Сәбеңдер келді. Екі майданда жүргенімен, барлығы бір қазақ үшін күресті. 
Мұны неге айтып отырмын? Әбең ең бірінші ұлтты сүйді. Екінші өзінің ұстаздарына өте адал болды. Ұстаз деген Абай, Махамбет, Жамбыл. Өзінің тұтас бір кітабын арнады. Сол үш ұлы тұлғаның жаратылысын сонау алпысыншы, жетпісінші жылдары жөндеп түсіндіре алмай жүргенімізде, Әбең олардың еңбегін жеріне жеткізіп талдады. Кімнің кім екенін айтты.
Қолында он екі-ақ беттік «Курлян­дия­­ның» алғашқы нұсқасы бар, Алматыға алғаш келгенінде Сәбең өзінің баласындай көріп, үйіне апарып, төсек жоқ, үлкен сандықтың үстіне жұмсақтап салып жатқызып, бір жылға жуық үйінде үлкен баласындай болып тұрыпты. Мұқаңмен де танысады, ол театрға ертіп барады. Сахнада дүркіреп «Сарыарқа» күйі ойналғанда аузы ашылып қалса керек. Мұқаң: «Пәлі, мынау өзі әлі сары уыз бала екен ғой. Сөйтіп жүріп роман жазады», – депті. Осылай жетектеген ұстаздарына Әбең өмір бойы адал болып өтті. 
Әбең алпысыншы жылғылар дейтін атақты интеллектуал топқа ұстаз, қамқор бола білген. Партияның сауысқаннан сақ белсенділерінен таяқ жеп жүріп, «Жұлдыз» журналына шығарған жігіттері, ұлт әдебиетінің мақтанышына айналды. Олар: Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменовтер. Бұлардың бәрі Нұрпейісовтің батасын алған, жылы қабағын көрген. Әдебиеттің жалғасын жасаған, биікке көтерген тұлғалар», – деп аяқтады сөзін.  
Қырғыз республикасының ел ақыны, академик Мархабай Ааматов Нұрпейісовке арнаған өлеңін оқыды.  
Аты аңызға айналған Халық әртісі Асанәлі Әшімов те естелік айтты. Нұрпейісов дүркіретіп мерейтойын тойламаған жазушы деуге болады. Асанәлі Әшімов жазушының сол қырынан бастады әңгімесін. «Көзі тірі болғанда 100 жылдығын да тойлатпай қоюы мүмкін еді. Өткізбейсіңдер дейді, болды. Айтпайды, айтса қайтпайды. Сол мінезі маған «Қан мен терде» ойнағанда көмектесті. Еламан рөлін сомдадым. Еламанда автордың өзінің біраз қылықтарын алдым. Спектакльден кейін: «Бала біраз қостың, бірақ дұрыс қостың», – деді. Бізге одан үлкен баға жоқ. 
Еламанмен мен өмірге қайта келдім деуіме болады. Мәскеуде он екі республиканың таңдаулы спектакльдері қойылған бәйгеде бірінші орын иеленіп, КСРО Мемлекеттік сыйлығын алып қайттық. Әбеңнің романы да сол сыйлыққа ұсынылған әрі спектакльдің авторы ретінде ол кісі де Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Әбеңнің жүз жылдығы ғана емес, мың жылдығы да аталып өтеді, ел аман болсын, жерімізді, тілімізді сақтауға шақырамын», – деді.  
Жазушы Смағұл Елубайдың алаң­дау­шылығына қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева: «Смағұл Елубай аға өте маңызды мәселені көтерді. Оған үндемей кеткенім болмас. Менің ойымша, Нұрпейісовтің мұрасы ешқашан жоғалмайды. Оны сақтап қалу, ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз. Өскелең ұрпақ ағамыздың мұрасын жаңаша зерттейді. Оған барлық мүмкіндік бар. Министрлік осы мәселені қолға алып, мұрасын сақтап қалудың барлық қам-қарекетін жасайды», – деп арнайы жауап берді. 
Жиынды қорытындылай келе Мереке Әбдешұлы жазушы қауымына ортақ мәселелерді де тілге тиек етті. Онысы, әрине, орынды. Барды бар деу керек. «Қазақ – ерекше халық. Өмір бойы өзінің таланттарын алақанына салып келеді. Талант талантпен ренжісуі мүмкін, бірақ халқы, оны басқарып отырған басшылары таланттарын далаға тастаған емес. Әбең 1946 жылы Алматыға келіп, орыстың үйінде қандалаға таланып жатып, сол жолы Мұстафинге берген он екі беттік романы Сәбит, Ғабит, Мұхтар секілді ұлылардың алақанына салғызды. Ол заманда қағаз жоқ, қоймадан арнайы рұқсатпен ағалары он келі қағаз алып берген. Сосын, Әбең ауылына барып бір жылда романын жазып бітіріп, қайта келген. Әрі қарай Алматыда, Мәскеуде оқыған. 
Егер Әбең тірі болса, қазір Президентімізге, үкіметке, министрлікке рақмет айтар еді. Өйткені, Әбең айтып жүргендей, жазушыларға қаламақы төлене бастады. Кітабыңызды мемлекет сатып алады. Кем дегенде, бес миллион теңгеге. «Айбоз» деген бәйге жарияланды. Ол озық шығармалардың авторларына дәстүрлі түрде беріліп келеді. Былтырдан бастап жас жазушыларға Президенттің сыйлығы тағайындалды. Алматы қаласында тұратын жазушыларға жыл сайын берілетін қала әкімінің арнайы сыйақысы бар. Қазақ ел болып тұрғанда, таланттары ешқашан далада қалмайды», – деді. 
Әбдіжәміл Нұрпейісов есімді ұлы жазушының жүз жылдық мерейтойын Алматы дүркіретіп өткізді десек болады. Алдымен бұл іс-шараға Үкімет тарапынан маңыз берілгені аңғарылды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің еңбегі көрінді. Әрине, іс-шараны ұйымдастырудағы бас ие – Қазақстан Жазушылар одағы. 
Конференцияның алдындағы күні Әбдіжәміл Нұрпейісов кезінде өзі ашып, басқарған Қазақ Пен-клубында өткен дөңгелек үстелге әлемнің бес-алты елінен жазушылар қатысқанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ Алматыдағы Төлебаев көшесіндегі кезінде Нұрпейісов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. «Әбенің әлемі» атты үлкен фотоальбомның тұсауы кесілді. Әрі конференция өткен Достық үйінде, Ұлттық кітапхананың ұйымдастыруымен, Әбдіжәміл Нұрпейісов еңбектері жарияланған газет-журналдар мен басылымдар және фотолар көрмесі ұйымдастырылды.
Әбдіжәміл Нұрпейісов «Таң-Шолпан» атты журналдың жарыққа шығуына да мұрындық болғаны мәлім. Осыдан жиырма жылдың алдында, сол журналды шығарушылармен қоңсы болғанымыз бар. Сонда Нұрпейісов бір ағамыз­дың әңгімесінің тақырыбына қызығып, сол әңгімені қып-қызыл ала қылып түзетіп, ерінбей-жалықпай қайта жазып шыққанына куә болдық. Бұл – шығармашылыққа, сөзге деген жауапкершілік, талап, талғам. Яғни күллі қалам ұстаған қауымға үлгі дер едік. Нұрпейісовтің баршаға үлгі болар тұсы да осында.  

 

1340 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы