• Ақпарат
  • 31 Қазан, 2024

РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШ РЕТІН ТАБА АЛАМЫЗ БА?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»
 

Жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, аграрлық саланы дамытудың биылғы 9 айдағы қорытындысын баяндады. Минис­трдің айтуынша, қазір егіннің 98 пайызы жиналып, 25,2 миллион тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік әр гектардан 15,5 центнер. Диқандар 1,2 миллион тонна қант қызылшасын жинамақ. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар жем-шөп түрлерін де көптеп жинау жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, егін егу және жинау науқанын қаржыландыру көлемін ұлғайту шаралары қолға алынды. Биыл осы мақсатқа алғаш рет 5 пайыз мөлшерлемемен 580 миллиард теңге бөлінді. Қаржы шаруаларға субсидиясыз, тікелей беріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, 2025 жылы осы бағыттағы қаржыландыру көлемін 900 миллиард теңгеге ұлғайту көзделіп отыр. Оның ішінде жеңілдетілген лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникасын алуға 200 миллиард теңге бөлінеді. Төмен пайызбен берілетін несие­ні тиімді пайдаланып, сыбайлас жемқорлық қатерін азайту үшін мемлекеттік қолдау тетіктеріне өзгеріс енгізілді.
Рас, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту және отандық өнімді өткізу нарығын кеңейту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Сүт, ет, күнбағыс, күріш, жүгері және қарақұмық өңдеуді 70 пайыз­ға жеткізу көзделген. Біз осы орайда агросала мамандарын сөзге тартып, биылғы жиналған астықтың рекордтық көрсеткішін реттеу мәселесі, ішкі-сырт­қы нарық, өнім бағасы туралы сөз қозғадық. 

 

Өзіндік құнды есептеу қажет

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Анас Ахатұлы Республика күні қарсаңында Президенттің осындай жақсы хабарлама бергені қуантатынын айта келе, мұның қауіп-қатері барын да жасырмады. Айтуынша, сырттан астықтың арзан бағада келуі ішкі нарықты бұзуы мүмкін.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің есептеуі бойынша, 25 млн тонна және орташа өнімділік 15 центнердей болған. Біз 9 центнер, 10 центнер деген көрсеткішке үйреніп қалдық қой. 15 центнер деген жанға жылулық береді. 40 центнерден алған шаруашылықтар да бар. Ауа райы да қолайлы болды. Мысалы, былтыр жаңбырдан көз ашпай, еңсеміз түскен еді. Биыл ауа райы да жақсы болды, орақ уақытында бітік егін жинадық. Бұл енді жақсы жаңалық. Бірақ мұның арғы жағында қауіп-қатер де бар. Мысалы, Ресейден астықтың арзан бағада келуі, бұл – бір. Екіншіден, геосаясатқа, геожағдайға байланысты сыртқы экспорттық бағыттарға шыға алмауымыз, Өзбекстанның қатты дамып бара жатқаны – осының бәрі нарықтағы жағдайды кішкене ақсатады. Мұндай кезеңдерде біз тәуекелдерге тап боламыз. 
Негізі, ауыл шаруашылығының бір жақсысы, бұл – маусымдық жұмыс. Мысалы, жаз бойы жерді игереді, күздің күні жинайды да кетеді. Бизнестің ең оңай жері. Мал шаруашылығымен салыстыра алмайсыз мұны. 
Бір шетінен, жақсы, жайлы өмірге ұмтыламыз, жақсы өмір сүріп, еркіндікті сезінгіміз келеді, осы жағдайда астық шаруашылығы, әрине, ыңғайлы. Келдіңіз, септіңіз, жинадыңыз, кеттіңіз. Ақшаңызды таптыңыз, ыңғайлы. Мал шаруашылығы да, әрине, ата кәсібіміз. Бірақ оған қарағанда жеңілірек», – дейді Анас Ахатұлы. 
Мәжіліс депутатының сөзінше, қазіргі астық саласында жүргендер «сату қиын, бағасы төмендеп кетті» деп қауіптенеді. Бірақ мұндай алаңдаушылық неден туындайды? Басқа салаларда пайда деңгейі өте жоғары. Егін шаруашылығын басқа саламен салыстыратындар бар. 
«Мысалы, құрылыс саласын қара­йық. Көктемде жылда егетін бес мың гектарды игерсе, осы ақшаны басқа құрылыс саласына салайын, одан да он екі қабаттық тұрғын үй кешенін көтеріп, пайдаға кенелемін» деп ойлайды. Осыны, басқа салаларды салыстырады. Рас, ауыл шаруашылығына қарағанда, басқа салада пайда табу деңгейі өте жоғары. Себебі тәуекелі аз, ауыл шаруашылығындай ауа райы қатері деген жоқ, баға тұрақты. Соған қарайды да, «тірлігімді істеп жүрмін, олар былай тауып жүр, менің тапқаным көк тиын екен, мынау өте аз ғой» дейді де, ішкі шағым туындайды. 
Мен бұл жерде ішкі нарықтағы бағаны айтып отырмын. Қазір біз өзіндік құн дегенді есептемейтін болдық. Мысалы, бидайдың өзіндік құны қанша? Біреуде 55 теңге, біреуде 65 теңге. Біреу техникасын енді ғана сатып алып, амортизациясы жоғары болып, 85 теңгеге айналуы да мүмкін. Содан кейін сатып алу бағасы қанша? «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясынан» беретін 90–100 теңге, кейде нарықта 110–120 теңге, салыстырсаңыз, өзіндік құнынан жоғары, бірақ пайда деңгейі аз. Ол «100 теңге салдым ба, үстінен тапқаным 10–15-ақ теңге» деп ойлайды. Ал былай қарасаңыз, бізде жағдай жаман емес. Қазіргі бағамен нарықта сырттан келіп, сатып аламын дейтін немесе ұн өңдейтін, ұн шығаратын мекемелер сатып аламын десе, нарықтағы баға жақсы, егер өзіндік құнының шын мәнінде нарықта төмен екенін білсек. 
Сондықтан бұл жерде ең басты қауіп, сырттан, Ресейден келетін импорттық астыққа қатысты. Ең басты қауіптісі – осы, себебі ол бағаны құлатады. Ресейдің басқа шетелге шығару нарығы шектелген, енді қайда жібереді? Әрине, Қазақстан нарығына сатады. Біздің ең әлсіз тұсымыз – осы импорттық тауармен күресу», – дейді Анас Ахатұлы. 
Маманның пікірінше, жалпы алдағы уақытта да рекордтық егін деген бола берсін, бірақ біз өзіндік құнын түсірмеудің амалын ойластыруымыз керек. Қазір техниканың бағасы қымбат, Президенттің өзі мұны 10 пайыз жаңарту керегін айтты. 
«Ал техниканы жаңартайық десек, отандық техника да, шетелдік техника да қымбат. Шетелдік төленетін утиль алымы бар, сосын төленетін 12 пайыздық құн салығы бар. Мәселе өте көп. Техника қымбат, химия қымбат, қазір ауыл шаруашылығында жоғары өнім алу үшін химиялық тыңайт­қыштарды толығымен қолдану керек. Ал ол химияның көбі шетелдікі. Тұқым шаруашылығы бар, біз өзіміз тұқымның 10-ақ пайызын қамтамасыз етеміз. Соның барлығын сатқан кезде бір гектарына, бір тоннаға өзіндік құн өте жоғары. Сондықтан осының өзіндік құнын арзандатудың амалын іздестіруіміз керек. 
Рекордтық нәтижеге қатысты екі түрлі көзқарас бар. Бұл, бір жағынан, қуануға тұрарлық және оны осы деңгейде сақтап қалуға тырысуға болады. Біріншіден, бұл – ауыл шаруа­шылығының жеңіл түрі. Біз мал шаруа­шылығын қалыпты ұстап тұру үшін әр елді мекенде халық көшіп кетпей,  тұрақты қалуы керек. Ал астық деген жеңілдеу, яғни жұмысты ұйымдас­тыру жағынан қарасаңыз, ыңғайлы. Қазақ үшін ыңғайлы. Осы жағынан қарасаңыз, «25 млн тонна жинайық, тіпті алдағы уақытта 40 млн тонна жинайық деу» – жақсы ұмтылыс. Бірақ мәселе неде жатыр? Өзіндік құны өте қымбат. Өзіндік құнын не қалыптас­тырады? Техниканың бағасы қымбат, тұқымның көбі импорт, содан кейін тыңайтқышы бар. Егер мемлекет осының бәрін қарастырып, өзіндік құнын тұрақтандырып берсе, онда әрі қарай астық шаруашылығының рекордтық өнімін ала беруге болады.
Екінші тұсы, импорттық көңіл күйден қорқуымыз керек. Қазір Ресейде жағдай өте қиын, сондықтан оның нарығы бізге қатты әсер етіп жатыр. Ресейдің астығы біздің нарыққа кіріп кеткен кезде баға құлады да, ұн өңдейтін, ұн шығаратын мекемелердің барлығы  оны тиімді бағада сатып алды. Нарықта Ресейдің арзан  ұнын сатты. Міне, әр нәрсенің екі жағы бар деуімнің сыры – осы», – дейді Анас Ахатұлы.
Мәжіліс депутатының сөзінше, Қазақстанда өнімді экспортқа шығару өте қиын, бұл – жыл сайын көтерілетін мәселе. Қазақстан теміржолы вагондары әр уақытта жетпейді, жолы бар, транзиттік тауар бар – соның бәрі кедергі екені рас. 
«Сондықтан біз экспорт мәселесінде Қытаймен тиімді жұмыс жүргізуіміз керек. Қытайдың жеке талаптары бар, олар ірі сатып алушы болған соң бізге де талап қоя алады. Сол себепті нарық принциптері негізінде келіссөз жүргізіп,  Қытайға астық сатудың амалын қарастыруымыз қажет. Ресейге сата алмаймыз, оның бидайының сапасы біздікіне қарағанда төмен. Олар біздің бидайды алып, әрдайым өзінің сапасын жоғарылатады. Дегенмен дәл қазір бізге Ресейге шығу қиынырақ. 
Айтайын дегенім, бұрынғы дәстүрлі нарыққа қайта оралуымыз керек. бұрын Египет, Мысыр еліне астық  сататынбыз. Сонымен қатар бағаны реттеудің бір амалы – субсидия ғана емес, отандық өндірісті күшейтуіміз қажет. Мысалы, химияны неге шетелден аламыз, неге өзіміз өндірмейміз? Неге ғылымды дамытпаймыз? Сондықтан шетелден арбалап тасығанша, соны өзіміз өндіріп, шаруалар үшін бағаны арзандатуымыз керек.
«Рекордтық өнім алды деп шаттанғанымызбен, нан өнімдері арзандайды» деп ойламаймын. Бізде нарық принципінің бір осыл тұсы – бір баға қойылған соң, одан түсу мүмкін емес. Мысалы, 100 теңге қойылды ма – ешкім одан төмен түсірмейді. Күнделікті шығынымыз шығып жатыр, жалақымыз жетпейді. Екіншіден, тым көп астық шығарып, өзіміз нан пісіріп, оның бәрін сатып алсақ, білінбейді. Бізде халық саны аз, қазіргі тұтынып жатқан көлемнің өзі жеткілікті. Ұн өндіретін мекемелер мен наубайханалар шикізат бағасы түссе де, нарықтағы бағаны сақтап, қалтасындағы пайдасын өзі үшін көбейтеді», – дейді Анас Ахатұлы. 

Қытай нарығына шығу тиімді

Экономист Атамұрат Шәменов «биылғы астық жинау бұрын-соңды болмаған» деп жар салып жатқанымыз­бен, оның да пайдалы әрі қиындық келтеретін тұсы бар екенін айтады. Оның сөзінше, халықтың ырзығын қамбада сақтап, керек кезде халықтың өзіне ұсынған дұрыс.
«Ауыл шаруашылығы министрінің Президентке берген есебінде 25,2 млн тонна астық жиналды деді. Одан кейін де сәл қосылды, одан кейінгі астықтың көлемі 26,5 млн тонна болып тұр ғой. Әрине, бұл көп астық. Сол жинап алып, сақталған астықты пайдалану, экспортқа, халыққа беру деген сияқты алда көп жұмыс тұр. Бізді қызықтыратыны бидай ғой, әрине, бітік егінге қуанамыз. 
«Бірақ халықтың осы ырзығы қалай пайдаланылып жатыр» деген сұраққа келгенде, мәселе туындайды. Осының статистикасына әр жылы күмәнмен қараймын. Осыншама астық, кейде министрлер әр кезеңде Мемлекет басшысына есеп беріп жатады, содан кейін жылдың аяғына таман «экспортқа анау шықты, мынау шықты» деген уақытта арифметика сорлайды. Өткен жылдары экспортқа 8–9 млн тонна астық жібердік. Ал тұқым ретінде қалатыны 2,5 млн тонна. Ресми мәліметтерге қарасақ, нанды 2,8 келіден пайдаланды деп есептелік, осыны шығарғанда 672 мың тонна болады екен, тіпті миллион тоннаға жетпейді. Бұл – күнделікті  жеп отыр­ған нанымыз. Ал соның бәрін қоссаңыз, 12 млн болады да, ал қалған 4–5 миллион тоннасы қайда? Жылда осындай арифметика жасалады», – дейді Атамұрат Шәменов.
Экономистің сөзінше, аграрлық саладағы экономикамыздың әсіреленуі әлі күнге дейін бар сияқты. Ең басты мәселе, Қазақстанның ішінде шыққан өнімдер «Азық түлік қауіпсіздігі туралы» Заңға байланысты, әуелі халық өзіне толық пайдаланатын астықты сақтауы керек. 
«Жоғарыда айтқан 672 мың тонна дегеніміз – нақты пайдаланып отыр­ған нәрсе. Физиологиялық норма деген бар. 2005 жылдарда ескі норманы пайдаланып жүрдік, ауыл шаруашылығы мәселесіне араласып, осындай ұсыныс беріп жүргенімнің арқасында 2016 жылы Президентке менің ұсынысым алты министрлікке жіберіліп, соның біреуі Экономика министрлігіне жетті. Сол жылы ұсынысыма байланысты азық-түлікті пайдалану нормасы жаңадан бекітілді. Міне, сегіз жыл болды, сол нормаға сәйкес пайдаланып келе жатырмыз. Сол физиологиялық норманың өзімен алғанда, Қазақстанның 2 180 000 тонна астығы өзімізде қалуы керек. Кемі 2,5 млн тонна астық Қазақстанның қамбасында сақталғаны дұрыс. Ал таза 10 млн тонна бидайды Қазақстан экспортқа шығаруға мүмкіндігі бар. Ал қазір шығарып отыр­ғанымыз 8 млн тоннаның арғы жақ, бергі жағында. Сондықтан мүмкіндіктерімізді әлі де көбейтуге болады. 
Қазақстан астығының экспорттық мүмкіндігінің жартысын алып отыр­ған мемлекет – Өзбекстан. Олар Қазақстанның ұнын алмайды, ұн қымбат қой. «Біз сенен тек дән аламыз» дейді. Қазақстан амалдың  жоғынан, ұн емес, бидайын беріп отыр. Ал Өзбекстан не істейді? Ол – экономикасын қорғап отырған ел. Олар өз ішінде ұн өңдейтін комбинат-зауыттар жасап алған. Содан Қазақстанның арзан бидайын алып, ұн жасайды. Қазақстанның бидайынан пісірген Өзбекстанның наны бір айға дейін көгермейді. Сондай сапалы өнімдерді алып, әрі қарай өзі ұн жасап, Өзбекстанның тауары ретінде басқа елдерге шығарып, қып-қызыл пайданы Өзбекстан көріп отыр. Неге оған көнуіміз керек? Неге Қазақстанның комбинаттары шикізат жоқ, бидай жоқ, қаңырап, өз мүмкіншілігін іске асыра алмай отыр. Ұн өңдейтін орындар да жұмыс орны, ол түсіп отырған ақша. Жалпы ішкі өнімді құрайтын нәрсе», – дейді экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов.
Сондықтан осыншама түскен астықты тиімді пайдаланып, Үкіметтің басты міндеті ретінде Қазақстанда жұмыс істеп отырған барлық ұн тартатын комбинат-зауыттарымызды жылға жететін толық астықпен қамтамасыз етіп қою керек. Экономистің сөзіне сенсек,  бидай есебінде емес, ұн есебінде экспорт жасаған пайдалы. 
«Италия өзінің пиццасы мен макаронымен әлемге әйгілі. Неліктен осы Қазақстанның керемет ұнын тікелей Италияға жібермеске? Италияның халқы Қазақстанның ұнынан жеген пиццасын, тамағын алар еді. Ал Өзбекстан «Қазақстанның ұны ма, Ресейдің ұны ма» деп таңдап жейді. Өйткені, қалай айтқанда да, Қазақстан шығаратын ұнның сапасы жақсы. 
Тарихи да дерек айтып кетейін, бұрын Кеңес заманында Орталық комитет күзде «Қазақстан осыншама астық жинады» деп теледидардан көрсетіп жататын. Ал Мәскеу оны алып, өзінің ұн жасайтын комбинаттарына таратып береді. Сосын, оны, негізінен, Украинаға жібереді. Неге дейсіз ғой? Украинада да бидай көп, Ресей де бізден он есе көп алады, ал бірақ олардың бидайы нан жабуға келмейді. Сондықтан олар біздің бидайды алып, өздерінің бидайына қосып, нан жасап шығаратын. 
Ал қазір неге Өзбекстанның ығына жығыла беруіміз керек? Әр мемлекеттің басты міндеті достық, құрмет, бір-бірін сыйлау деген сияқты нәрселер емес, ең басты мәселе – әр мемлекеттің мүддесі. Экономикалық мүдде басты мәселе болып тұруы қажет,  қорғаныс саласы мен  басқасын қойғанда. Сондықтан Өзбекстанға осыншама бидайды жібере бермей, қасымызда тұрған үлкен нарықты пайдаланған дұрыс. Ол – Қытай», – дейді Атамұрат Шәменов.
Экономистің айтуынша, Қытай жылына 12 млн тонна бидайды сырттан алады екен. Ал жақын тұрған Қазақстаннан неге кіргізбеске? Анығы, Қазақстанның Қытай нарығына жіберіп жатқан бидайының көлемі 0,4 млн тонна ғана.
«Сондықтан Қытайдың нарығы Қазақстан үшін нөмірі бірінші болуы керек. Өйткені олар бізден бидай ғана емес, ұнды да алуы мүмкін. Сонымен қатар қазір Иран, Ауғанстан сияқты елдерге де жіберіп отырмыз, Ирандағы санкцияларға, келіп-кететін импорт-экспорттардың қиындауына байланысты, неге ашығып жатқан Африкаға ұнымызды бермеске? Бидай деген сөзді қою керек, ұн қымбат, неге ұнды экспорттамаймыз? Қателеспесем, әлемдік нарықтағы Қазақстанның үлесі 2-ақ пайыз. Қолымыздағы бұл астық алтынмен парапар, сондықтан алтынды қалай болса, солай шаша бермеу керек. Оны ұн қылып, тауар етіп, жалпы ішкі өнімге қомақты ақша түсетіндей жасаған жөн. Үкіметтің тікелей осы мәселемен айналысқаны дұрыс. Сондықтан Үкіметтің астық туралы экспорттық саясатына келісе бермеймін, оған да қатаң көзқарас тұрғысынан қарау керек. 
Біздің халықтың нанды пайдалануы жылына бір адамға шаққанда 33,6 келі екен. Нанды ең көп жеп отырған аймақ – Түркістан облысы, 44,1 келі шамасында. Физиологиялық нормаға сай, әр адам 108 келі пайдалануға тиіс. Ал Өзбекстан өз нормасының жартысын ғана пайдаланып отыр. Өйткені нан қымбат. Нан неге арзандамайды?
Жақсы, табаға көтеріліп пісірілген дәмі бар нанды бір дәмханадан аламын. Бірақ арзан емес, 800 теңге. Ал күнделікті дүкендегі нандар 140 теңгеден кем емес. Қазақстан үшін бұл баға да қымбат. Осыншама өнім өндіріп отырған Қазақстанға нан өнімдері бұдан арзан болуға тиіс. 
«Рекордты астық жиналды» деп сүйіншілеген соң, халықта нан арзандай ма деген үміт пайда болуы орынды. Бірақ осы үміт жыл сайын ақталмай келеді. Ата Заңымызда экономиканы реттеу тетігі Үкіметке берілген. Ал экономика реттеледі. Сондықтан «нанның бағасы 50 теңгеден аспасын» деп Үкіметтің халыққа осындай арзан нан беруге мүмкіндігі бар. Ал нан пісірушілер ұн қымбат, су қымбат, ток қымбат дейтін болса, оларға нақты шығынын есептеп, субсидия беріп, халыққа арзан нан беру Үкіметтің қолында. Халыққа ең керек нәрсе – нан. Біз нанды көп жейміз. Нанды көп жеу мемлекеттің кедейшілігін көрсетеді. Сондықтан қоғамда мұндай көрініс болып отырғаннан кейін  нанның бағасы да арзан болғаны жөн», – дейді экономист Атамұрат Шәменов.
Сонымен көктемгі егіс және егін жинау жұмысын мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл топыраққа 1,2 млн тонна тыңайтқыш енгізілді, бұл өткен жылғы деңгейден 2 есе артық. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жерлерінің тозуын азайту жөніндегі тапсыр­масын ескере отырып, әкімдіктер 2025 жылы тыңайтқыш енгізу көлемін 1,9 млн тоннаға арттыруы қажет.
Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, биылғы астық өнімі, кем дегенде, 20 млн тоннаға жетеді деп болжанып отыр. Сондықтан алда ауқымды жұмыстар тұр. «Атамекен» палатасымен Сауда және интеграция министрлігіне дәстүрлі өнімдермен шектелмей, Орталық Азия, Қытай, Ауғанстан және Иран сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым экспорттық нарығын кеңейту, сонымен қатар ЕО елдері, Солтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия және басқа жаңа бағыттарды пысықтау тапсырылды. Қалай айтқанда да, ғалым-маман, экономистер көтеріп отырған мәселені Үкімет қаперге алуға тиіс. Арзан бидайдан гөрі, әрине, бізге тауарды ұн ретінде сатқан тиімді. Біздікі сыртқы және ішкі нарықта ұлттық мүдде ұмыт қалмаса деген жайт қой.

 

689 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы