- Ақпарат
- 31 Қазан, 2024
Қаптамадағы мәтін қатесіз болса...

Біз әдетте дәрі-дәрмектің сыртындағы немесе ондағы қағазда жазылған қазақ тіліндегі анықтамаға үңіле қараймыз. Әрине, сырқаттанған адамға сипаттамадағы жазудың түсінікті жазылғаны дұрыс. Ал бұл мәселемен қандай мекеме айналысып отыр, дәрі-дәрмектің сыртындағы мәтінді сауатты жазудың қандай қиындығы мен сыры бар? Біз осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының аудармашы маманы, журналист Гүлзира Серғазымен тілдесіп, осы саланың қыр-сырын білген едік.
– 2010 жылы жетекші мамандардың шақыруымен Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына қызметке келдім. Ұлттық орталық Қазақстанға келген кез келген дәрілік зат пен медициналық техниканы тіркеуден өткізіп, дерекнамаларын қабылдайды, сынақ зертханасында зерттеу жүргізіп, талдау жасап, денсаулық сақтау нарығына өткізеді. Біз ол кезде Фармакологиялық сараптау департаменті жанындағы «Медициналық нұсқаулықтарды мемлекеттік тілге аудару тобы» деп аталатын шағын бөлім жұмысының ақсап тұрған тұсына тап келдік.
Айта кетейік, аударма және тілдерді дамыту басқармасының аудармашы мамандары 2024 жылғы бірінші жартыжылдықта 12 162 бет медициналық нұсқаулықты орыс тілінен қазақ тіліне аударып, салыстырмалы тексеруден өткізіп, республика нарығындағы дәрілік заттар (ДЗ) айналымына қосты. Оның ішінде 10 646 беті – дәрілік заттарды, 1 516 беті – медициналық бұйымдарды (МД) қолдану жөніндегі нұсқаулықтың, ЕАЭО айналымына қосылған қосымша парақтардың, дәрілік препараттардың жалпы сипаттамаларының аудармалары. 39 859 беті – ДЗ мен МБ нұсқаулықтарының дайын аудармалары, олардың қазақша-орысша мәтіндерінің сәйкестігі тексеруден өткізіліп, қайта қаралды. 10 260 бет ДЗ және МБ қаптама макеттерінің мәтіні даярланды. 3 466 бет бұрын аударылған ДЗ және МБ нұсқаулықтарының мазмұны қайта жетілдірілді. 5 993 бет ДЗ және МБ қауіпсіздігі туралы қорытындылар берілді. 692 бетке жуық нормативтік-құқықтық актілер, келісімшарттар, сайт материалдары, жоғары құзырлы органдармен хат алмасу аудармашыларымыздың қолынан өтті. Ұлттық орталық жыл сайын, орта есеппен, 100 мыңнан астам бетті мемлекеттік тілге аударып, дәрілер мен медициналық бұйымдар нұсқаулығын, қаптама макетін, жарнамаларын іске қосып, емханалар мен ауруханалар, дәріханалар мен шипажайлар, облыстық, аудандық, ауылдық емдеу мекемелері арқылы ауырып ем іздеген тұтынушыларына дейін жеткізеді.
Нұсқаулықтарды аудару барысында медициналық терминологияны қолдану үшін сауаттылық, дәлдік және дұрыстық маңызды екенін атап өту керек. Өйткені бұл – дәрігерлердің емделушіге ұсынатын дәрі-дәрмегінің қыр-сырын меңгеруі, білуі, тәжірибеде жүзеге асыруы үшін жинақталған қыруар ақпаратты тұжырымдайтын күрделі құжат. Кейбірі шағын диссертацияға бергісіз аса көлемді. Дегенмен оның мағынасы сипатталған дәріні қабылдайтын қарапайым азаматтарға да түсінікті болуға тиіс. Бұл құжат арқылы өндіруші науқасқа белгіленген нормаларды қадағалай отырып қабылдайтын препаратының оның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз екенін және дәрілермен өзара әрекеттесулері мен жанама әсерлеріне қарамастан, белгілі бір керекті дәрежеде пайдалы әсерін көрсететініне кепілдік береді.
Нұсқаулық дегеніміз – пациент үшін препаратты дұрыс әрі қауіпсіз қабылдай білу жадынамасы және кепілдемесі. Ал сол дәрі-дәрмектердің қаптамасында жазылған қазақша мәтінге де көп көңіл бөлінеді, себебі дәрілер жөніндегі алғашқы ақпаратты емделушілер сол сыртқы қаптамадан алады. Сондықтан сыртқы қаптамадағы ақпарат жіті тексеріледі, ең бірінші талап – қазақша мәтіннің орысша мәтіннен бұрын бірінші кезекте жазылуы. Осы талап тұрғысынан жарамсыз болып, қайтадан әрі жедел жаңартылатын қаптамалар жетерлік. Мәтін қатесіз жазылуы үшін қазіргі таңда өтінім берушілер Ұлттық орталықтың http://www.ndda.kz сайтынан «Дәрілік заттар» қосымшасындағы «Нұсқаулықтарды мемлекеттік тілге аудару» бөлімінде, «Терминдер анықтамалығы» қосалқы бөлімінде «Дәрілік заттарды таңбалау кезінде және Қазақстан Республикасында дәрілік заттарды қолдану жөніндегі нұсқаулықтарда қолданылатын терминдер» сөздігін пайдалана алады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік тілді дамыту саясатына лайықты көңіл бөледі. Жыл сайын медицина терминдері талқыланатын жиынмен қатар, басқа да іс-шаралар да өткізіліп тұрады. Мәселен, ілкіде «созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, созылмалы бауыр жеткіліксіздігі» деп адамның ішкі ағзаларының бәрін созылып кететін іркілдек резеңкеге айналдырдыңдар» деген орынды сын айтылды. Дереу қорытынды шығарып, бүйректің, бауырдың, жүректің созылмалы жеткіліксіздігі, өкпенің созылмалы тарылуы деп сыни анықтауыштар дұрыс қолданыла бастады. «Вторичная» деген сөз жиі кездеседі, ол қаптамаға байланысты айтылса, екінші қаптама дейміз, ал ағзаға, ауруға қатысты айтылса, салдарлы деп қолданамыз, өйткені алдыңғы себепші салдардан туындаған аурулар екенін меңзейді.
Орталыққа қаржы шығындағысы келмей, өз бетінше тәржіма жасайтын орашолақ аударма мысалдары көптеп кездеседі. Жақында ғана осындай бір дәрі қаптамасының сыртынан мынадай сөйлемге тап болдық: «Сөмкенің мазмұнын бір стақан ыстық суда ерітіп, баяу ішіңіз». Орысшасы былай: «Растворить содержимое пакетика в стакане горячей воды и медленно выпить». Яндекс, Смарт деген робот-көмекшілерге сеніп, сүйеніп алған кездейсоқ аудармашылардың осындай тапқырлығы қадам аттап басқан сайын кезігеді. «Содержание» мен «содержимое» деген екі сөзді шатастырып аударып берген ғаламтор ғаламаты. «Содержание листок-вкладыша» – «Қосымша парақ мазмұны», ал «Содержимое пакетика», әрине, «Пакет ішіндегісі» болады.
Тағы бір сөйлем: «Бір мезгілде қабылдаған кезде антикоагулянттар мен ацетилсалицилдің әсерін күшейтеді қышқылдар» – «При одновременном приеме усиливает действие антикоагулянтов и ацетилсалициловой кислоты», дұрысы, «Бір мезгілде қабылдағанда антикоагулянттар мен ацетилсалицил қышқылының әсерін күшейтеді». «Мөлдірсіздік және мөлдір қабықтың ісінуі» – «Непрозрачность и отек роговицы» деп аудара салады, ал дұрысы, «Мөлдір қабықтың түссізденуі және ісінуі». «Жұмсартатын әсер» – «Послабляющий эффект», дұрысы, «Іш жүргізетін әсер», «Босаңсытатын әсер» т.б. осындай мысалдар жетіп-артылады.
Ұлттық орталықтан тыс мекемелерде дәрілік заттардың құжаттамаларын өз бетінше аударып өткізетін фирма-компаниялар жүгінетін тікелей аударма әдістемесінде осындай өрескел қателіктер, оның төңірегінде дау-дамайлар әр жолы туындап отырады. «Өзіміздің аудармашыларымыз бар» деп тіркеу дерекнамаларын, ағылшынша, латынша және әртүрлі дереккөздерден алынған мәліметтерден құралып, орысша қалыпталған нұсқаулықтарын аудармаға тапсырғысы келмейтін, қазақ тіліне терең мән бермей-ақ қоюға болатын оңай бұйым көріп, өздері бұрынғы ескі соқпақпен құрап-жыраған шалажансар аудармалық тіркестерін тіркеп жөнелтетін өндірушілер, өндірушілердің өкілдері интернет деген ғажайыпқа көзсіз арқа сүйей бермесе дейміз. Бұл орайда біз медициналық аудармадағы ізденістерін жетілдіруге, біздегі шебер тіл мамандарымен шығармашылық алқа кеңесін құрып, Ұлттық орталықпен тығыз ынтымақтастық ұстанымға ұмтылуға, әртүрлі салалық сөздіктерді, соның ішінде медицина ғылымының докторы Мұхамбедия Ахмет Төренің сөздігін жетекшілікке алуға кеңес береміз. Сондай-ақ мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі медицина ғылымының төріне жайғасатын уақыттың жақын екеніне сенім артамыз.
Әзірлеген
Берік Бейсенұлы

1075 рет
көрсетілді0
пікір