• Ақпарат
  • 31 Қазан, 2024

«АЛАШ ПЕРЗЕНТІ» – АЙТУЛЫ ЕҢБЕК

Ұлттық кітапханада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, филология ғылымының докторы, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Айтматов академия­сының толық мүшесі Қансейіт Әбдезұлының «Алаш перзенті» атты кітабының таныстырылымы өтті.


Жиынды «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Жақып кіріспе сөзбен ашып, Қансейіт Әбдезұлының өмірбаяны мен шығармашылығы жөнінде кеңінен баяндап, кездесуді жүргізіп ­отырды.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов осыдан 90 жыл бұрын ашылған ҚазҰУ-де М.Әуезовтен бастап қаншама тұлғаның жұмыс істегенін атап өтіп, қара шаңырақтың өзіндік ерекшелігіне тоқталды. 
 «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп Абай айтпақшы, біз сөзіміз түзеліп келе жатқан халықпыз. Халық өзіне керегін оқиды, өзінің жүрегіне жақын нәрсені оқиды, өзінің жан дүниесін байы­татын нәрсені оқиды. Енді баспалардың басты шаруасы «халыққа не керек» екенін білу керек. Халтураны жолатпауымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде, «Атамұра» баспасы жақсы жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі кітаптың Ұлттық кітапханамызда талқыланып жатқанының өзінде бір ерекшелік бар. Кітапты баяндамашы дайындалып, бірнеше адам оқып келіп, талдаған дұрыс. Жаңа жылдан бастап осындай форматқа көшуіміз керек. «Кітап шықты, оны тұсауын кесеміз» деп, бос сөз айтып отырған дұрыс емес деп ойлаймын. Бүгінгі кітапты Қансейіттің соңғы кездегі үлкен еңбегі деп есептеймін», – деді М.Құлкенов.
Қоғам қайраткері, ғалым Бақытжан Жұмағұлов әдебиеттегі сынның рөліне тоқталды. Қансейіт Әбдезұлын 51 жылдан бері танитынын, математик болғаннан кейін әр нәрсенің негізіне қарайтынын жеткізді. «Белгілі ғалым, әдебиеттанушы, сыншы Серік Қирабаев, Рымғали Нұрғалиевтердің жолын басып келе жатқан Қансейіт Әбдезұлының қаламынан келешекте сын көбірек шығуы керек деп ойлаймын. Әдебиетте сын көбірек айтылуы керек» екенін тілге тиек етті. 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанғара Дәдебаев бұл еңбек әдебиет сыны, әдебиет теориясы, әдебиет тарихы саласын қамтитынына назар аударды. «Қансейіттің еңбегі үш саланы бірдей қамтиды. Біз әдебиеттану ғылымы дегенде үш саланы көрсетеміз. Оның бірі – әдебиет тарихы, екіншісі – әдебиет теориясы, үшіншісі – әдебиет сыны. Кітаптың әр мақаласында авторлық қабілет, авторлық қасиет көрініс тапқан. Ғылыми, эстетикалық-көркемдік, тәрбиелік мәні зор. Сын жазу қиын екені рас, себебі жазу дегенің бейнет, оны жазып отырған адам – бейнеттің авторы. Көзінің майын тауысады, түнгі ұйқысын бөледі. Ешбір автордың жанын ауыртпай, жанына батпай, намысына тимей, сын айтудың да жөні бар. Қансейіттің айтып отырған ойын, тұжырымын қарап отырсаңыз, ар жағында сол авторға жетпей жатқан қандай кемшілік бар екенін сезінуге болады. Ол – сын айтудың, жалпы, әдебиеттану саласында жұмыс істеудің авторға тән ерекше қасиеті. Кітапта сондай ерекшелік байқалады.
Кітаптың ғылыми маңызы ғылыми проблемаларына байланысты анықталады. Ол проблема ғылыми мәселемен көтеріліп отыр. Оның шешімін, деңгейін, пайымын айтып, тұжырымын беріп отыр­ғанда оқып отырған адамға ой қалдырады.  Бұл – жеке мақала емес, зерттеудің тұтасып жатқан саласы. Қорыта айтқанда, бұл кітаптың ғылыми, қолданбалы, сын саласы болсын, көркемдік-эстетикалық жағы болсын, маңызы зор», – деді Ж.Дәдебаев.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов Қансейіт Әбдезұлының азаматтық қырларына тоқталды. «Бұл кісі – азаматтық белсенділігі өте жоғары адам. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жиындар жиі өтіп тұрады. Үнемі сол жиынның басы-қасында жүреді. Тағы бір үлкен қасиеті, өте білімпаз. Қазақ әдебиетінде бұ кісі оқымаған шығарма жоқ сияқты. Оны бүкіл қазақ әдебиетінің энциклопедиясы деп айтуға болады. Қанкеңнің ауқымы өте кең. Бүкіл жыраулар поэзиясынан бастап қазақ әдебиетінің тарихын біледі, соны жаза біледі. Үшінші қасиеті – елгезек адам. Өмірінде бір адамға жаман сөз айтпайды. Бізге осыдан артық қандай ғалым, осыдан артық қандай азамат керек», – деді К.Матыжанов.
Жиын барысында Түркиядан келген профессор, Ясауи университетінің ғылыми зерттеу институтының директоры Суат Бейлур, Әбсаттар Дербісәлінің жары Рафия апай, Нағашыбек Қапалбекұлы, Мейрамбек Төлепберген, Өтеген Орал­баев, Қуан­дық Түменбай, Берекет Кәрібаев, Қанат Әуесбай және басқа зиялы азаматтар сөз сөйлеп, Қансейіт Әбдезұлының шығармашылығы, қайраткерлігі, еңбекқорлығы жөнінде ой-пікірлерін бөлісті.
Жиын соңында Қансейіт Әбдезұлы осы уақытқа дейін жиырма шақты кітабы жарыққа шыққанын, соның біреуіне де тұсаукесер рәсімін жасамағанын атап өтіп, қатысушыларға алғыс білдірді.

Бағдагүл Балаубай 

1054 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы