• Ақпарат
  • 31 Қазан, 2024

Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға сапары табысты болды. Қос ел басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух екі ел делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.


Қазақстан Президенті шағын құрамдағы кездесудің қорытындысына жоғары баға беріп, Моңғолиямен мемлекетаралық қарым-қатынасты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады.
– Қазақ және моңғол халықтары Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері. Ынтымақтастықты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру екі елдің мүддесіне сай келеді. Біз моңғол халқына үлкен құрметпен қараймыз және Моңғолияның жетістігіне әрдайым қуанамыз. Қазіргі уақытта сіздің бастамаңызбен ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар қолға алынды. «Vision – 2050», «Азық-түлікпен қамтамасыз ету және оның қауіпсіздігі», «Салауатты моңғол ұлты» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың мән-маңызына тоқталып, экологиялық, тарихи, этнографиялық және экономикалық туризм бағытында бірлесе жұмыс істеуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Қазақстан және Моңғолия президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады. Президент, ең алдымен, Ұланбатырға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Ухнаагийн Хурэлсухқа шынайы ризашылығын білдіріп, бұл сапардың мән-маңызы ерекше екенін жеткізді.
– Моңғолия – аймақтағы маңызды көршіміз. Біздің тарихымыз, рухани және мәдени құндылықтарымыз ортақ. Бүгінгі кездесу қазақ тарихында айрықша орын алатын Жошы ұлысының 800 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның екі халық үшін символдық мәні зор. Біз Президент Хурэлсух мырзамен бірге арнайы декларацияға қол қойдық. Бұл құжат екі елдің достығын нығайта түседі. Түрлі саладағы тиімді байланыстарды дамытуға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты тереңдету жөнінде уағдаласқанын айтты.
– Қазақстан мен Моңғолия Азиядағы ірі елдер санатында. Сондықтан өзара сауда айналымы ауқымды болуға тиіс. Былтыр сауда-саттық көлемі 150 миллион долларға жуықтады. Бұл көрсеткішті көп ұзамай 500 миллион долларға дейін жеткізу жоспарда бар. Ол үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейту керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Екі ел үкіметі нақты шараларды қабылдайды. Бүгін Сауда-экономикалық байланысты арттыру жөніндегі жол картасына қол қойдық, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел делегациясы ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты нәтижелі келіссөз жүргізген.
– Қазақстанда мал ауруына қарсы вакцина шығаруға мүмкіндік бар. Осы орайда, алдағы уақытта Моңғолияда вакцина өндірісін ашуға келістік. Сонымен қатар жаңа технологияны, қазба байлықты бірлесіп игеруге тоқталдық, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Өздеріңізге мәлім, екі елде табиғи ресурс мол. Темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлап, игеру үшін бірлесе жұмыс істейміз. Қазақстан кәсіпкерлері Моңғолияның тау-­кен саласын зерттеуге дайын. Келіссөздер барысында көлік-логистика мәселелері туралы әңгімелестік. Халықаралық дәліздің бәсекеге қабілетін арттыру – маңызды міндеттің бірі. Ол үшін екі ел арасындағы және басқа мемлекеттермен көлік қатынасын жетілдіру қажет. Сонда екі елдің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемі ұлғая түседі. Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану маңызды, – деді Президент.
Бұл ретте Мемлекет басшысы кеше Ұланбатырда өткен Іскерлік кеңестің алғашқы отырысында кәсіпкерлер ауқымды коммерциялық келісімшарттарға және өзге де құжаттарға қол қойғанына назар аударды. Екі ел үкіметтеріне бірлескен кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырма берілген.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аймақаралық алыс-берістің әлеуетін ұтымды пайдаланған жөн деп санайды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Моңғолия халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз байланыс орнатқан әрі көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ұқсас.
Ал Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух қазақ пен моңғол бауырлас халық екенін, оларды ежелден тарихи, мәдени және рухани мұралар біріктіретінін атап өтті.
– Сіздің мемлекеттік сапарыңыз барысында екі елдің дәстүрлі достық қарым-қатынасын одан әрі кеңейту және дамыту жөнінде тарихи шешім қабылдадық. Бұл Моңғолия мен Қазақстанның ынтымақтас­тығын стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді. Аталған айтулы оқиға өзара байланыстың жаңа кезеңіне жол ашады. Қазақстан – Моңғолиямен стратегиялық серіктес елге айналған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұған қуаныштымыз. Біздің ресми келіссөздеріміз жылы әрі іскерлік сипатта табысты өтті. Осы орайда 30 жылдағы жетістіктерімізді қорытындыладық. Ынтымақтастығымызды жаңа мазмұнмен байыту, алдағы уақытта байланыстардың барлық саласын кеңейту жөнінде нәтижелі пікір алмастық, – деді Ухнаагийн Хурэлсух.
Қазақстан Президенті Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында Ұланбатыр қаласындағы Шыңғыс хан ұлттық музейін арнайы барып көрді. 2019 жылы ашылған музей қорында 10 мыңнан астам бірегей жәдігер бар. Экспозицияның негізгі бөлігі ұлы қолбасшы әрі жиһангер Шыңғыс хан тұлғасына арналған. Бұдан бөлек көрмеде Ғұн дәуірінен бастап XX ғасырға дейінгі моңғол мемлекетінің қалыптасу кезеңдерін толық қамтитын артефактілер қойылған. Мемлекет басшысы музейді аралап көріп, Құрметті қонақтар кітабына «Шыңғыс хан ұлттық музейі – ұлы тұлғаның және тұтас мемлекеттің шежіресі. Руханият ордасы ел игілігіне қызмет ете берсін. Моңғолия халқының мерейі үстем болсын!» деп жылы лебізін қалдырды.

853 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

22 Мамыр, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы