• Ақпарат
  • 31 Қазан, 2024

Баспа ісі: мәселелер талқыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен баспалар апталығы басталды. 


Кітап палатасының директоры, Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясының президенті Әділ Қойтанов «Ұлттық кітап ісінің өзекті мәселелері мен ерекшеліктері» тақырыбында қызғылықты дәріс өткізді. Әділ Қаженбайұлы жуырда ғана өткен Франкфурт кітап көрмесінің тәжірибелерін айтып, кітап ісіндегі логистика мен кітап таратудың қазіргі жағдайын әңгімеледі. «Кітап нарығындағы басты қиындықтардың бірі – өндіріс пен таратудағы логистикалық кедергілер. Осы кедергілерді айналып өтудің жолын табу үшін түрлі саладағы жаңашылдықтарды байқап көріп жатырмыз», – дейді Кітап палатасының  директоры.

Студенттер бұл басқосуда кітап ісінің ерекшеліктері мен болашақтағы даму мүмкіндіктері туралы кеңес алды.
Ақын, «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек «Кітап бизнесіндегі кедергілер мен тәуекелдер» тақырыбында студенттермен кездесті. Ол Қазақстанда кітап бизнесінің қалай дамып жатқаны, нарықтағы басты баспалар мен олардың ерекшеліктері туралы айтты. Ақберен Елгезек баспа нарығындағы кедергілер мен тәуекелдерге ерекше назар аударып, студенттерді осы салада белсенді болуға шақырды. Іс-шара барысында ол студенттерге «Абай» баспасынан шыққан кітаптарды сыйға тартып, кітап оқуды насихаттады.

Екі күндік іс-шараның қонағы, журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы кездесудің маңызын атап өтіп, студенттерге кітап ісі мен баспа саласындағы өзекті мәселелерді терең түсінуге мүмкіндік бергені үшін қонақтарға алғыс айтты. Қанат Әуесбайұлы университеттің 90 жылдығына арналған арнайы сыйлықтарды, әл-Фарабидің «Қайырымды қала» кітабын және әл-Фарабидің портреті бейнеленген кілемшені қонақтарға табыстады.
«Ұлт руханиятын дамытудағы баспаның рөлі және мектеп оқулықтарының қоғамда алатын орны» тақырыбында шеберлік сағатын «Атамұра» баспасының ұжымы өткізді. «Атамұра» корпорациясы ЖШС президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, баспаның жетекші редакторлары Райхан Райбаева мен Назира Бекхожаева және баспаның ІТ тобының жетекшісі Алма Оразбаева кітап оқу мәдениетінен бастап кітап шығару ісіндегі жаңалықтарды, кітап редакторлаудың қыр-сырын, кітап таратудың мәселелерін жан-жақты талқылап берді. 

Бұл іс-шара студенттерге кітап ісінің қыр-сырын терең түсінуге және өз кәсіби білімдерін арттыруға жол ашпақ. Апталықтың соңғы күндері «Мектеп оқулықтарын дайындаудың ерекшеліктері» тақырыбында «Алматыкітап» баспасының баспа ісі жөніндегі вице-президенті Әсима Рысқұлбекова шеберлік сағатын өткізеді.

«Тұрақтары даму мақсаттары: Кітап басу ісіндегі модернизация мен инновация» атты дөңгелек үстелге баспа ісі мамандары қатысып, баспа ісіндегі мәселелерді кең көлемде талдайды. Дөңгелек үстелге «Әдебиет» баспасының директоры Ғалым Қалибекұлы, «Жыл он екі ай» журналының бас редакторы Талғат Айтпайұлы, «Ziyat» баспасының директоры Асылан Тілеген, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» құрылтайшысы Қанат Сәнік және осы қордың атқарушы директоры Серік Қалиев қатысады. 

Дариға ДОСАНОВА, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
журналистика факультеті
баспагерлік-редакторлық және 
дизайнерлік өнер кафедрасының 2-курс студенті

1155 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы