• Ақпарат
  • 05 Қараша, 2024

ЖЕТІСУ ӨҢІРІНДЕ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» КӨБЕЙЕДІ

Жетісу облысының Панфилов ауданы Жаркент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 1200 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Мектептің ашылу салтанатына Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар, аудан жұртшылығы қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» дегені есте.  

Оған қосы былтыр Астана қаласында өткен брифингте өңір басшысы Бейбіт Исабаев «2026 жылға дейін облыста 21 жаңа мектеп салынады, оның 7-еуі «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде тұрғызылады», – деген болатын. «Жайлы мектепке» қатысты игі бастамалар осылай жүзеге асырылып келеді.

«Бұл – Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған облысымыздағы алғашқы білім ошағы. Панфилов ауданы – облыстағы оқушы саны көп аудандардың бірі. Жаңадан пайдалануға беріліп отырған бұл мектепке Жаркент қаласының бала саны көп 9 мектебінен 1100 жуық бала қабылданып отыр. Осындай замануи мектепте біліммен сусындайтын оқушылар облысымыздан топ жарып шығатынына сенімім зор. Мектеп ұстаздарына еліміздің болашақ білімді, еңбекқор патриоттарын тәрбиелеу жолында сәттілік тілеймін!»  деді 1200 орындық мектептің ашылу салтанатында сөз алған Д. Есдәулетов.

Жаңа да жайлы мектептің ашылғанына ата-аналар да дән риза.

«Жаркент қаласына осындай жайлы мектеп салып бергендеріңіз үшін барша ата-аналардың атынан алғыс айтамыз. Қызым қазір 11 сыныпта оқиды. Балалардың ҰБТ-ға, емтихандарға сапалы дайындалуына мұнда барлық мүмкіндіктер жасалған, оқу залдары бар кітапханасы, материалдық базасы мықты пән кабинеттері – бәрі де оқушылардың сапалы білім алуына ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – дейді ата-аналар комитетінің төрағасы Айдар Бектемірұлы.

Салтанатты басқосуда мектептің лентасы қиылып, жиналған көпшілік жаңа ғимараттың ішін аралап көрді.

Мектеп заманауи талапқа сай жабдықталған. 64 кабинет бар, оның алтауы жаңа модификациялық кабинет, соның ішінде химия, физика, биология, робототехника, STEAM, нано технология т.б. кабинеттері. Жалпы барлық пән кабинеттері қажетті әдістемелік, техникалық құралдармен жабықталған. Сонымен қатар ағаш, металл, тігін және басқа да шеберханалар қарастырылған. Акт залы, 2 оқу залы бар кітапхана, 230 орынды асхана, 2 спорт залы, 1 би залы оқушылардың игілігіне қызмет етеді. Оған қоса оқушылардың оқу құралдарына, киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына коворкинг аймақтар қарастырылған.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Айгүл Дарубаеваның айтуынша, қазір мектепте 46 жиынтық класс ашылған. Жаркент қаласындағы бала саны көп тоғыз мектептен сыныптар жетекшілерімен бірге ауысып келген. Бүгінгі күні педагогтер үшін 30 бос орын, техникалық  қызметкерлерге 20 орынға конкурс жарияланып, жұмысқа қабылданып жатыр.

«Мектептегі физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттерде touch-экрандар орнатылып, жылдамдығы жоғары интернетке қосыла алады. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Ғимаратта балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларына арналған жабдықтар орнатылған», – дейді А.Дарубаева.

Жалпы биыл Жетісу облысында 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр.  Осы оқу жылында Көксу ауданы, Қаратал ауылында 120 орынды мектеп іске қосылса, жыл соңына дейін Ақсу ауданы Көшкентал ауылында 180 орынды жаңа мектеп ашылады. Ал қалған 2 мектеп, яғни Алакөл ауданы, Достық ауылындағы 600 орынды және Панфилов ауданы, Талды ауылындағы 300 орынды мектептер 2025 жылғы жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашады деп жоспарланған.

Жайлы мектептің құрылысы өткен жылдың тамызында басталған еді. 18 қазанда Панфилов ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев осы мектепке барып, мекеменің жай-жапсарымен танысып кеткен еді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынғандықтан мұның ішіндегі құрал-жабдықтардың бәрі заманауи, сондықтан мектепке келетін мұғалімдер жаңа технологиямен жұмыс істей алатын, жаңа үлгідегі жабдықтарды сабақ барысында пайдаланып, сапалы білім беретін ұстаздар болуы керек, – деген болатын Б.Исабаев.

Жаңа мектеп аумағының алаңы 3,1 га, ғимарат 12,7 мың ш.м. Бастауыш және Орта мектеп оқушыларына арнап екі бөлек кіретін есік қарастырылған. Білім нысанының пән кабинеттеріне, шеберханаларына жаңа типтегі құрал-жабдықтар қойылған, соның ішінде визуалды стенд лабораториясы да бар. Бұл – Панфилов ауданының білім нысандарының материалдық-техникалық базасындағы осындай алғашқы лаборатория.

Жалпы Панфилов ауданында бұдан басқа да білім нысандарының құрылыс жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Мысалы, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» қаражаты есебінен Талды ауылында 300 орындық орта мектеп құрылысы басталып, 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қолданысқа беріледі. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Н.Головацкий атындағы, сондай-ақ Ә.Қастеев атындағы орта мектептердің ғимараттарына және Жамбыл атындағы орта мектеп стадионына күрделі жөндеу, Диханқайрат ауылындағы орта мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 13 мектептің материалдық-техникалық базасы мен кітапханалары жаңартылды.

 

Сағыныш Намазшамова

Фотосуреттерді түсіргендер: Жеңіс Ысқабай, Нұрбол Қанағат

370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы