- Тұлға
- 14 Қараша, 2024
Ел жүгін көтерген қайраткер

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында табан аудармай 70 жылдай еңбек еткен, саналы өмірін бүтіндей ғылымға арнаған атақты ғалым, ұстаз, қазақ және түркітану әлемінің жарық жұлдызына айналған ғұлама Әбдуәли Қайдардың туғанына 100 жыл толып отыр.
Дүниежүзінің көптеген елдерін шарпыған Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда, 1941 жылдың қыркүйек айына дейін бір үйден соғысқа төрт ер-азамат кеткен, мектеп мұғалімдерінің көбі майданға аттанған кезде мектеп оқушысы жасындағы Ә.Қайдар бір топ досымен әскери комиссариатқа майданға жіберуін сұранып жазған арызы газетке де («Үлгілі колхоз») жариялағанын көпшілік біле бермейді. Майданға бірден жібере қоймағанымен, 1942 жылы 10 айлық курста оқып жүргенде оны бітірмей-ақ, 17 жасқа толмай тұрып майданға аттанады.
Қазвоенкоматтың жолдамасымен Ташкент қаласында 3 айда радио-телеграфист мамандығын игерген соң Мәскеуге, одан әрі майдан соқпақтарымен кете барады. Жауынгерлік жолы Калинин майданынан басталып, 1-Прибалтика, 2-Белорус майдандарында жаумен шайқасып, Еуропаның көп жерін жаудан азат етіп, жеңіс күнін Штеттин қаласында қарсы алады.
Ә.Қайдар соғыс даласында көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін екі рет «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальмен т.б. марапатталған. Соғысқа өз еркімен сұранып кеткен сыныптас жиырма бес оқушыдан төртеуі ғана аман оралған, олардың бірі Ә.Қайдар болатын.
Соғыстан кейін бір жылдан аса әскер қатарында офицерлік қызметте болып, 1946 жылдың шілде айынан бастап запастағы офицер қатарына ауыстырылады. Елге оралысымен күйреген шаруашылықты қайта қалпына келтіруге атсалыса жүріп, үзіліп қалған оқуын әрі қарай жалғастырып, 10-сыныпты жедел бітіріп, кәмелеттік аттестат алады. 1947 жылы бұрынғы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі.
Бүкіл елімізде қаусап қираған, шәкіртақы болмаған, тек бір мезгіл карточка-талонмен тамақтануға тура келетін кезде Ә.Қайдар күнкөріс қамымен 4–5 фотоотельде жұмыс істей жүріп, университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Университетте шығатын «Жас қалам» атты қабырға газетінің суретшісі болып, кейінірек қазақтың көрнекті тұлғаларына айналған Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішевтермен газет шығару жұмысын бірге атқарады.
Осы жылдардағы Үкіметтің майдангер студенттерге қамқорлығы ретінде бір жылда екі курсты (бірінші және екінші курсты) бітіруіне мүмкіндік жасаған қаулысына сәйкес университетті 5 жылдың орнына 4 жылда – 1951 жылы үздік бітіріп шығады. Сол жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасына түседі.
Ә.Қайдардың ғылымдағы еңбек жолы 1954 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының аспирантурасын «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін осы ғылым ордасында басталып, 1954–1958 жылдары «Ұйғыр-дүнген мәдениеті» секторының, 1958–1959 жылдары «Шығыстану» секторының кіші, аға ғылыми қызметкері болып еңбек етті. 1959–1961 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясы Тіл білімі институты жанындағы «ұйғыр филологиясы» бөлімінің меңгерушісі, 1961–1963 жылдары Тіл білімі институтының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары және 1963–1967 жылдары Институттағы «ұйғыртану» бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1967–1978 жылдары Тіл білімі институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1978–1995 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясы Тіл білімі институты директоры қызметін атқарды. 1995 жылдан өмірінің соңына дейін Білім және ғылым министрлігі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының құрметті директоры болды. 1978 жылдан бастап институт жанындағы «түркі тілдері және қазақ тілі» мамандығы бойынша филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін қорғалатын ғылыми кеңестің төрағасы болып, ғылыми жұмыстарды ұйымдастырумен кадр дайындауға еңбек сіңірді. Қазақ тіл білімінде кадр дайындауға ерекше көңіл бөлген көрнекті ұстаз-ғалымдардың бірі болды. Ә.Қайдардың ғылыми жетекшілігімен 16 ғылым докторы, 75 ғылым кандидаты – барлығы 91 тіл білімінің ғылыми дәрежелі маманы дайындалды...
Ә.Қайдар тіл білімі ғылымында о баста түрколог ретінде қалыптасты. Оның түркология мәселелерін терең де кең ауқымда зерттейтін ғалым ретінде танылып, қалыптасуына 1951 жылы университетті бітірерде ұстазы І.Кеңесбаевтың диплом жұмысының тақырыбын «Қазіргі ұйғыр тіліндегі қос сөздер» деп ұсынуы, кейін аспирантурада да осы тақырыпты тереңдетіп зерттеуі, ұйғыр тіліне маманданып, кандидаттық диссертация қорғауы себеп болған. Өйткені қазақ тілі тұрғанда тақырып материалын ұйғыр тілінен берген ұстазы лексикология, оның ішінде фразеология, қос сөздер, тұрақты сөз тіркестері мәселелері бойынша докторлық қорғаған, алайда бұлар басқа түрік тілдерінде зерттелгенімен, ұйғыр тілі бойынша қарастырылмаған болатын. Сөйтіп, қазақ пен ұйғырлар аралас тұратын адамдарды туып-өсіп, бастауыш мектепте ұйғырша оқып, тілін үйренуі, диплом жұмысын ұйғыр тілінде жазуы, Шоқан Уәлихановтың мұрасымен танысуы осы бағытта зерттеу жүргізуге әсер етеді. Бұл бағытта жазған еңбектері ұлы көштің басы болмаса да, қатардағы зерттеулердің бірі болып қалған емес. Қайта 1969 жылы шыққан «Развитие современного уйгурского литературного языка» атты монографиясы үшін Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері атанды (1970).
Ал академик Ә.Қайдардың қазақ (түрік) тіліндегі бір буынды түбір, негіздерді кең ауқымда зерттеген «Структура односложных корней и основ в казахском языке» (1986) атты іргелі еңбегі түрік тіл біліміне үлкен жаңалық әкелді. Дүниежүзілік түркологияда үлкен серпіліс тудырды, әлемге белгілі түркологтер тарапынан аса жоғары бағаланды. Ғалымның бұл еңбегі әлемдік деңгейдегі түркологтер Э.В.Севортян, М.Рясенен, Дж.Клоусонның этимологиялық сөздіктерімен қатар тұратын кітап ретінде танылады.
Сонау 1972 жылы Кеңестер Одағы Жоғары аттестация комиссиясы тарапынан түркология саласындағы еңбектері бойынша «Түркі тілдерінің профессоры» атағын алған Ә.Қайдар түркологияға сіңірген еңбегінің арқасында әлемдік түркологияда үлкен беделге ие болды. Ә.Қайдардың ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі ғана емес, Башқұртстан Ғылым академиясының, Түркияның академия деңгейіндегі «Turk Dil kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті академигі, Кеңестер Одағы кезіндегі «Советская тюркология» журналының алқа мүшесі болуы да ғалымның түркология саласындағы абырой-атағын білдіреді. Ә.Қайдардың түркология саласындағы еңбектері осы бағытта зерттеу жүргізетін сақтаушы, түбіртанушы жас ғалымдардың бағдаршамы болып қала береді.
Базалық білімді университет қабырғасында қазақ тілі мен әдебиеті бойынша алған Ә.Қайдар аспирант кезінен басталған түркологиялық ізденістерін қазақ тілі туралы зерттеулерін қатар жүргізді. Атап айтқанда, 1954 жылғы «Ауылшаруашылық терминдерінің сөздігі жөнінде», «Кейбір қос сөздердің этимологиясы» (1959) тәрізді мақалаларынан бастап қазақ, ұйғыр тілдерін қатар зерттеп, еңбектерін қазақ, ұйғыр, орыс тілдерінде бірдей жазады.
Тіл білімінің осы салаларының әрқайсысының өзінен туындайтын сөзтану (түбіртану), этимология, терминология, ономастика, семасиология, фразеология тәрізді тараулар мен олардан туындайтын синкретизм құбылысы, гомогенді омонимдер, плеоназм, қос сөздер, еліктеуіш сөздер, өлі түбірлер, сөзжасам модельдері, дыбыстық заңдылықтар, стиль, әдеби норма т.б. мәселелерді қамтыған еңбектері Ә.Қайдардың жалпы түркологияда, қазақ және ұйғыр тіл білімінде іргелі және қолданбалы мәселелерді зерттеуге қосқан зор үлесі болып саналады. Олардың бір тобы мектеп оқушылары мен студенттерге ұзақ жылдар бойы оқу құралы ретінде қызмет етіп келеді.
Ә.Қайдардың 30 жылдан аса уақыт қазақ терминологиясының өзекті ғылыми мәселелерін қамтитын еңбектері аз емес. Терминге қатысты көптеген зерттеулерінің ішінде «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас» (1993) атты еңбегінің орны ерекше. Терминология саласындағы еңбектері, әсіресе аталған осы жұмысы терминге қатысты мәселелерді уақытында көтеріп, үн қосып отыруымен, оны дамытудың ғылыми-қоғамдық принциптерін көрсетіп беруімен, пайдалануға болатын нақты ұсыныстарымен құнды.
Этимология саласындағы Ә.Қайдардың алғашқы ізденістері 1950 жылдардағы қос сөздер табиғатын зерттеуден, 1960 жылдардағы «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін» құрастырудан басталып, үздіксіз жалғасып отырды; кез келген зерттеуші батылы бара бермейтін этимологияны ғылымның жеке саласы ретінде дамытты. Ә.Қайдар этимологияны қазақ тіл білімінде арнайы пән дәрежесіне көтеріп, жеке ғылым саласы ретінде қалыптастырған ғалымдардың бірі ретінде танылады.
Академик Ә.Қайдар – қазақ тіл білімінде қазақ этнолингвистикасының аса ірі өкілі және негізін салушы. 1970 жылдардан өзі бастап қолға алған («Доспехи и вооружение воина-батыра в казахском эпосе и их этнолингвистическое объяснение» атты мақаласы 1973 жылы шыққан) жас ғылым саласы бойынша шәкірттеріне кандитаттық, докторлық тақырыптар беріп, этностану мен тілтану арасынан туындаған этнолингвистиканың мақсат-мүддесі мен бағыт-бағдарын айқындап, ғылыми тұжырымдамасын негіздеп берді.
Ұзақ жылғы ізденістерінің нәтижесінде әрбір қазақтың өзі, өзінің халқы (этносы) туралы ойланып «біз кімбіз осы», «біз қандай халықпыз» дейтін сауалына жауап ретінде Ә.Қайдар ұлттық менталитет аясын құрайтын ұлттық мінез-құлық, халықтық психология, ұлттық аксиомалар, ұлттық-мәдени стереотиптер т.б. түрінде көрініс беретін ерекшеліктерді этнотаным тұрғысынан қарастырған «Қазақ қандай халық?» атты этнонимика саласына жататын көлемді еңбегін жариялады (2008).
Ұлттық идеологияға байланысты бұл еңбектің мақсаты қазақ халқы мен Қазақстанның егеменді ел ретінде үздіксіз дамып, әлемдегі алдыңғы қатардағы елдермен бәсекелесуге жарайтындай мүмкіндігі бар екенін, оларды іске асыруда ұлттық идея қандай қызмет атқаруы керегіне, материалдық байлықтарымызбен бірге халқымыздың бойындағы ең жақсы қасиеттерін насихаттап кеңейтуге, этнос болмысының салауаттылығын сақтауға, сол этнос болмысы сау болса ғана мақсатқа жетуге болатынына назар аудару болатын. Этнонимия саласындағы «Қаңлы» (2004) атты тағы бір көлемді еңбегі ғалымның ерен еңбегін айғақтайды.
Тілдік және этнолингвистикалық деректер негізінде қазақ тілінде сөйлейтін ұлттық тұрмыс-тіршілігімен, ұғым-түсінігімен, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен байланыстыра зерттеген, ұлттық идеология көрініс табатын «Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік)» атты үш томдық сөздік (2009–2013) – лексикография, этнолингвистика аясында ғана қалып қоймай, танымдық-философиялық, этнолингвистикалық сипатымен де ерекшеленетін, қазақ тіл біліміндегі жаңа еңбек. Бұл еңбекті оқып шыққан әрбір адам өзінің халқы туралы жан-жақты баға жетпес білім алып, өзінің ой әлемінде «жаңалық ашып», академиктің өзі айтатындай, «ұлттық тіл ұлттың өзін ғана танып-білудің құралы емес, сонымен қатар халықты бірлестірудің, елдікті сақтаудың, мемлекетті дамытудың алғышарты» екенін ұғынары хақ.
Ә.Қайдар – көрнекті тіл саясаткері. Ә.Қайдардың тіл саясаткері ретіндегі тұлғасы әсіресе қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесі таласқа түскен шақта, латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілген тұстарда, «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы (1989) мен қалыптасуы барысында, 1930 жылдардағы зұлматтың құрбаны болған, қазақ тіл білімінің негізін салушы А.Байтұрсынұлын, Қ.Жұбанұлын, Х.Досмұхамедұлын, Т.Шонұлын ақтап алу шараларына белсене араласқан кезінде айрықша көрінеді.
1987 жылғы 3 наурызда қазақ және орыс тілдерін дамытуға ерекше көңіл бөлу туралы қаулы шықты. Бұл сол кезде «қостілділік» деген ұғымның, «қос тіл – қос қанатың» деген ұранның пайда болуына жол ашып, алдағы уақытта тіл туралы қабылданатын заңды екі тілге (қазақ және орыс тілі) қатар мемлекеттік мәртебе беріліп кету мүмкіндігін тудырды.
Мемлекеттік тіл статусын тек қазақ тіліне беру туралы көзқарас оппозициялық, кертартпа, ұлтшылдық принцип ретінде танылып та жүрді. Алайда дәл осы бір қиын күндерде сол кездегі Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.Колбиннің «Сіз қалтасында партбилеті бар институт директорысыз» деп шүйіліп, қысымға алғанына қарамастан, қызмет орнынан, атақ-лауазымынан айырылып қалу қаупіне, төніп тұрған тажалға қарамастан, мемлекеттік комиссия мүшелерінің жалғыз өзінің мемлекеттік мәртебе бір тілге – қазақ тіліне ғана берілуі керек деген ұсыныс енгізуі жұртшылық пікірін бұруға себепкер болды. Ә.Қайдардың бұл ұстанымы оның елі мен жері, тілі үшін басын садақа етуге бел буған қайтпас табандылығы мен ерлігін көрсетті.
1989 жылғы 22 қыркүйекте Тіл туралы заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болған соң сол жылы 21 қазанда Ә.Қайдардың бастамасымен «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, Ә.Қайдар оның президенті болып 2004 жылға дейін қоғамдық қызмет атқарды. Нағыз тіл жанашыры, қорғаны болған Ә.Қайдар осындай оқиға, іс-шаралардың ізін суытпай, 1990 жылы «Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытудың жолдары мен шаралары» атты еңбегін жариялап, онда қазақ тілін әрі қарай дамытудың негізгі мәселелері мен шараларын, болашақта жасалуға тиіс бағдарламаның ең ұрымтал, келелі мәселелерін анықтап, атап көрсетеді.
Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі туралы пікірлер де осы кездерде көтеріле бастаған болатын. Бүгінде оған ширек ғасыр болып қалды. Ә.Қайдар осы мәселені алғаш көтергендердің бірі болды. Сол тұста бүкіл түрік халықтарына ортақ әліпбидің қажеттілігі туралы да мәселе көтерілді. «Түрік әлемінің бірлігі латын әліпбиіне көшуде» деп санайтын ғалым ретінде 1993 жылы Түркия сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан ғалымдарының Анкарада өткен конференцияда барлық түрік халықтарына ортақ 34 әріптен тұратын, келісілген әліпби жобасына Қазақстан делегациясын басқарып барған Ә.Қайдар Қазақстан тарапынан қол қояды.
Шәкірттерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуінің арқасында Ә.Қайдар қазақ тілі білімінде сөзі, сөздің түбірін тануға бағытталған түбіртану мектебін, тілді халықтың этнографиясымен байланыстыра зерттейтін этнолингвистикалық мектеп, қазақ және түрік тілдерін моңғол, корей, жапон тілдеріне қарым-қатынасы тұрғысынан зерделейтін алтаистика мектебін қалыптастырды. Тұтастай алғанда, Ә.Қайдардың гуманитарлық бағытқа жататын лингвистикалық, тарихи, мәдениеттану, философиялық, этнологиялық зерттеулері шәкірттерінің зерттеулерінде жалғасын тауып келе жатыр.
Ұстазының жұмысын абыроймен жалғастырып жүрген шәкірттерін Мәскеу, Уфа, Абакан, таулы Алтай, Ташкент, Бішкек, Нөкістегі ғылым-білім орталықтарынан және Қытай Халық республикасы, Моңғол Халық республикасы, Түркия мен Корея елдерінен кездестіруге болады.
Олардың бірқатары, атап айтқанда, филология ғылымының докторы, профессор, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Ахметов, Ә.Нұрмағамбетов, А.Айғабылов, Ж.Манкеева, Е.Қажыбек, Ғ.Әнес, С.Бизақов, Г.Смағұлова, С.Сәтенова, Қ.Сартқожа, М.Ескеева, Ш.Сейітова т.б. бүгінде қазақ тіл білімінде және қоғамдық-әлеуметтік салада танымал тұлға деп саналады.
Ә.Қайдар тіл білімі институтында 6 жыл бөлім меңгерушісі, 13 жыл директордың орынбасары, 17 жыл директор қызметін атқарды. Ғалым адамның алтын уақытын өткізіп алуына әсер ететін ырду-дырду, картақұмарлық, ішімдік, қыдырымпаздық тәрізді әдеттерден бойын аулақ салып, уақытты дұрыс пайдаланудың арқасында Ә.Қайдар шын мәніндегі ғалым әрі басшы бола алды. Осындай еңбекқорлық пен міндетті жұмысына ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарауының арқасында бұрынғы Кеңестер Одағында Тіл білімі отандық түркологияда Мәскеу, Ленинградтан кейінгі үшінші орында тұрды.
Ұзақ жылғы ұйымдастырушылық, басшылық, оның сыртындағы әртүрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласа жүріп, 700-ден аса ғылыми мақала мен 60-тан астам монография, сөздік, оқулық, жинақ, кітапша түрінде мол еңбектер беруі Ә.Қайдардың осындай ерекшелігінің дәлелі.
Тәуелсіздік жылдарында отаншыл, ұлтжанды азаматтың қоғамдық-әлеуметтік жұмыстардың белортасында жүріп тіл маманы, ұлт перзенті ретінде атсалысқаны көпшіліктің есінде. Туған елінің алдындағы зор еңбегі ескеріліп, мәртебесі «Халық қаһарманы» атағынан кейінгі орында тұратын «Отан» орденімен, түрік халықтары арасындағы рухани, мәдени, достық қарым-қатынасты қалыптастыруға қосқа үлесі үшін Түркия мемлекетінің халықаралық «Құрмет белгісі» орденімен, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Ана тілінің айбары» алтын белгісімен т.б. марапатталды.
Ғалымның өзінің жазғандары мен естеліктеріне ұзақ жылдар бойы бірге қызмет еткен замандастары мен шәкірттерінің, ұжымының ол туралы пікірлерін шола отырып жинақтай айтқанда, Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне айрықша еңбек сіңірген тұлға, қоғам қайраткері, академик Ә.Қайдарды ХХ ғасырдың аяғымен ХХІ ғасырдың басындағы еңбек еріне балайды,
Атақты ғұлама, еліне еңбек сіңірген ғалым-ұстаз, қоғам қайраткері Ә.Қайдардың артына қалдырған өшпес мұрасы ғасырдан-ғасырға жетіп, болашақ ұрпаққа қызмет ете бермек.
Жақсы іс көп жасайды.
Рүстембек ШОЙБЕКОВ,
шәкірті, филология
ғылымының докторы,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
бас ғылыми қызметкері

1366 рет
көрсетілді0
пікір