• Ақпарат
  • 14 Қараша, 2024

ӘДІЛДІК – ІЗГІЛІК ӨЗЕГІ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»
 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табысты елге айналудың басты кілті деп «Адал азамат» ұғымын ұсынды. Бұл ұғым Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам өзгеріп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Осы орайда «Адал азамат» деген кім екенін Президенттің өзі түсіндіріп өткен еді. 
«Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет. Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау болуы қажет», – деді Президент
Біз осы орайда, бірнеше маманға хабарласып, «Әділетті Қазақстанды» қалай құрамыз?», «Адал азаматтық қоғамды қалай қалыптастырамыз?» деген сауалдарды қойып көрдік.

 

Саяси тұлғаларға артылған жауапкершілік

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымдамасы, әрине, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімшартты қалыптастыруға бағытталған. Саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, бұл бірнеше принципке негізделген.
«Азаматтық жауапкершілік және әділетті мемлекеттің негізін құру принциптерін сақтау маңызды. Еліміздегі 10–15 жылдағы ішкі қоғамдық-сая­си дамуға назар аударсақ, қоғам әділ, адал азаматты құрметтейтініне көз жеткіземіз. Мұны қаралы қаңтардан да байқадық, азаматтық қоғам белсенділігінен де көріп отырмыз. Қоғам әділетті азаматты күтеді. 
Бізде әлеуметтік санаттар әртүрлі. Осы әлеуметтік топтар мен әлеу­меттік санаттар арасында «адал азамат» принципін жаппай енгізуіміз керек. Барлығы қоғамдық сананың әділдік пен адалдық принциптерін қабылдауға дайындығы мен қабілетіне байланысты. Ендеше, «адал азамат» принципін қадірлейтін қоғам қалыптастыруға азаматтарымыз дайын екенін көріп отырмыз. 
Адамгершілік пен азаматтық көзқарастарды қалыптастыру білім беру жүйесінен басталады. Балабақша, мектеп, ЖОО аталатын әлеуметтенудің біртұтас сатысында «адал азамат» ұстанымын қалыптастыру керек және білім беру ісі де соған сәйкес жоғары стандарттарға сай болғаны абзал. Мемлекеттің адал азаматты қалыптастыру принциптері білім беру бағдарламасында, оқытушылар мен мұғалімдерді дайындау базасында жария түрде жасалғаны құба-құп. Олай болмайынша, жағдай өзгереді дей алмаймын. 18 жастағы азамат «адал азамат» принциптерін білмесе қоғамнан қандай нәтиже күтеміз?» – дейді Қазбек Өмірзақұлы.
Саясаттанушының сөзінше, заңға бағыну мен қоғамдық бақылау мәде­ние­тін қалыптастыруымыз қажет. Ол үшін саяси тұлғалардың да атқарар рөлі зор. 
«Білім саласына қоса, құқықтық мемлекеттілік принципін де ұмытпаған абзал. Демократиялық мемлекеттерді мысалға келтіргенді ұнатамыз, оларда саяси мәдениет жоғары екенін айтамыз, ол құқықтық сауатты қажет етеді. Құқықтық тәртіп орнату, оны нығайту билік институттарына деген сенімді арттыруға және әділетті мемлекет құрудың алғышарттарын жасауға ықпал етеді. Бізде заң жұмыс істесе, әрбір азамат заң жүзіндегі іс-әрекетке мүдделі болса, заңға бағыну мәдениеті қалыптасады. 
Үшінші, қоғамдық бақылау. Мемлекеттік деңгейдегі ірі шешімдер бақылануы керек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын азаматтық институттарының рөлі күшеюі қажет. Міне, осындай алғышарттар жасалса, Әділетті Қазақстан – Адал азамат қалыптасады», – дейді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.
Ал «Әділетті Қазақстанды» табысты құру үшін, саясаттанушының пікірінше, бірқатар салаларды қамтитын реформаларды жүзеге асыру керек. Патрио­тизм, жемқорлық, жауапкершілікті тәрбиелеу арқылы тұрақты, саналы азаматтық ұстанымдағы адал азаматты қалыптастыра аламыз. 
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту де маңызды. Мысалы, соңғы зерттеулер көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық дамуға кедергі келтіреді. Ең бастысы, билікке деген сенім жойылады. Сыбайлас жемқорлықпен істі болғандарға жазаны қатаңдатпай, олардың ісін ашық сот жүйесінде көрсетпей, күрестің нақты нәтижеcін барынша әр тарапқа түсіндіріп, жарияламай, бұл кеселді жеңе алмаймыз. 
Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. «Адал азамат» ұғымы, ұстанымы еліміздегі әрбір санатқа тиесілі болуы керек. Иә, «Адал азамат» бейнесін, ең алдымен, елге танымал, саяси қайраткерлердің өздерінен көруіміз керек, яғни ел алдында жүрген азаматтардың өзінен көруіміз керек. Биліктегі азаматтар, тұлғалар адалдық, адамгершілік принциптерін ұстанбаса, этикалық стандарттарды өздері көрсетпесе, басқалар да адал азамат атануға ынталы болмайды. Сондықтан «Адал азамат» ұғымының сіңуі, қабылдануы және жүзеге асуы саяси тұлғаларға тікелей байланыс­ты», – дейді Қазбек Майгелдинов.

Ынсап, әділдікті ұмытпасақ

Маңызды идеологиялық тұжырымдар мен негізгі бағыттар: еркіндік, отаншылдық, бірлік, ынтымақ, әділдік, жауапкершілік, заң, тәртіп, еңбекқорлық, кәсібилік, жасампаздық, жаңашылдық. 
Әділдік – ізгіліктің өзегі екенін айтқан ҚМДБ Ақпарат бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы әділдік жоқ жерде береке болмайтынын тілге тиек етті.
«Әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке болмайды. Қоғам­дағы қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді. Қасиетті Құранда: «Әділ болыңдар. Шын мәнінде Алла Тағала әділ болғандарды жақсы көреді» («Хужурат» сүресі, 9-аят) деп бұйырады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, әділ болғандар қиямет күні нұрдан жаратылған мінберлерде болады» (Имам Муслим), – деп, әділдікті ұстанғандарға айрықша мәртебе берілетінін айтқан.
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі бола білді. Одан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алған сахабалардың өмірі де әділдік пен адалдыққа негізделді. Хакім Абай «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деп әділдікті адами құндылықтардың өзегі ретінде көрсеткен.
Мұсылманның ішкі жан дүниесі мен сырт келбеті, барлық іс-әрекеті әділдікке негізделуге тиіс. Төле би бабамыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, туралыққа, әділ болуға шақырған. Әділдік – адам баласының жеке өмірінен бастап, отбасылық, қоғамдық және мемлекеттік қарым-қатынастар секілді барлық салаларда көрінуге тиіс. Ал әділдік мына сипаттарда көрініс табады: адал, шыншыл, турашыл, уәдеге берік, аманатқа берік, ақылды және сенімді», – дейді ҚМДБ Ақпарат бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы. 

Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Жастардың заманға сай рухани тәрбие деңгейін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгінің өзекті мәселесі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты сөйлеген сөзінде: 
«...Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл, ең алдымен, үлкендердің кінәсі...», – деп атап өтті.

5949 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы