- Тұлға
- 21 Қараша, 2024
Менің рухани қазынам

Жамбыл ауданын «батырлар мен ақындар елі» деуші еді байырғыдан. Батырлары бұрында сап түзеген-ақ шығар, ақындары, яғни қаламға серт берген қаламгерлері әлі күнге үзілмей келе жатқан өлке. Тек жылдан-жылға ақын-жазушылардың қатары сетінеп бара жатқаны жүрекке салмақ салады. «Алқынған күндер, талпынған, жәутеңдеп қарап артымнан, қалды ай-ау, бәрі қалды ай-ау» деп бебеулетіп Есенқұл Жақыпбек озды өмірден. Ұзынағашқа жиналған жұртта есеп болмай, қабырғамыз қайысып мәңгілік мекеніне шығарып салдық. Қазақ сөз өнерінде туралығымен, сыншылығымен жазарманның көңілінен орын алған Рафат Әбдіғұлов та кетті өмірден. Жанымыз жүдеп, оны да соңғы сапарына шығарып салдық. Жазушылар арасындағы қариямыз, баталы ақсақалымыз Орысбай Әбілдаұлының да жатқан жері жайлы болуын тілеп, бата жасап аттандырғанымызға екі жыл да толған жоқ...
Бұл ағалардың барлығын Жұмабай Шаштайұлы ерекше қадірлейтін. Есенқұл Жақыпбекпен мен де жақсы араластым, Жұмабай ағам да жан-жүрегімен жақсы көретін. «Есенқұлым, Есенқұлым» деп отыратын. Рафат Әбдіғұлов бала күннен қатар өскен досы еді, оған деген көңілі ала бөтен болды. Орысбай Әбілдаұлы кеткенде де қатты қайғырды. Сөйткен Жұмабай ағамыздан біз де айырылып, жанымыз жүдеп, өткен күннің естеліктерін жүректе аялап жүретімізді білдік пе?
Дәл өзім Жұмабай ағамды ертеден танимын. Ол – әкемнің рухтас інісі атана білген азамат. Әкем Сәдуақас Бигелдиев журналист болған еді ғой. Біздің елдің қалам ұстаған азаматтарынан Орысбай Әбілдаұлымен, Жұмабай Шаштайұлымен ағалы-інілі қарым-қатынас орнатыпты. Ол кезде Алматыда үйі бар таныс, туыс саусақпен санарлық. Міне, Алматыға жол түссе, әкем сол санаулы таныстарының ішінде Жұмабай Шаштайұлының үйіне тоқтап, қонақ болыпты. Ашылып әңгімелесіп, өзі жазып жүрген және болашақта жазамын-ау деген дүниелерін де ортаға салып ақылдасыпты. Жұмабай інісінің де қаламынан шыққан туындыларына баға беріп, ойын айтып жүретін көрінеді. Жұмабай ағам мен әкемнің арасындағы ағалы-інілі, қалам қуатына сүйенген қарым-қатынас осындай екен.
Ертеректе, жиырма жылдай уақыт бұрын, Жамбыл ауданына әкімнің бірінші орынбасары болып бардым. Ол кезде әкем тірі. Жұмабай ағаммен жолығып қалғанымызда: «Сәкеңнің ұлысың ба? Әкеңнен аумайды екенсің, қимылың, даусың, тіпті сөз саптастарыңа дейін бірдей. Ауызынан түсіп қалғандайсың», – деді күліп. Міне, осы тілдесуден, емен-жарқын сөйлесуден кейін Жұмағаң екеуіміз жақсы араласып, ағалы-інілі туыс, орайы келгенде қалжыңымыз да жарасқан досқа айналып кеттік. Сол уақыттан бері арамыз да көп ажырай қойған жоқ. Ағамнан айырылған соң өткен күндердің сәулелі сәттерін ой елегінен өткізсем, ол кісі менің рухани қазынам болған екен ғой. Иә, рухани қазынам! Бойындағы кісілік, адамгершілік, бекзаттық мінезімен көпке де, бізге де үлгі-өнеге болыпты. Білімін, тәжірибесін, көргенін бізге жеткізіпті. Ол тұңғиық терең, адал адам еді. Адам баласын ренжітпейтін, алдамайтын. Жаманшылық жасамайтын. Бірнеше жерге аудан әкімі болдым. Қай ауданға барсам да, іздеп келіп, ағалық ақ батасын беретін, ақылын айтатын, жөн сілтейтін. Өзі жалғыз келмей, жолдастарын ерте жүретін. Жұмабай ағам арқылы Нұрлан Оразалин, Батық Мәжитұлы ағамнан бастап қазіргі Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан інім секілді белгілі қаламгерлермен таныстым, дастарқандас болдым. Олардың ғибратты әңгімелерін тыңдадым. Ағамның мектебінен өткен Қанат Тілеухан, Алмас Нүсіп, Бағашар Тұрсынбайұлы секілді інілеріммен танысып, қазір ағалы-інілі сыйлас болып кеттік. «Мына істің жөні былай секілді, мына шаруаны былай істегенің дұрыс-ау осы» деп бағыт-бағдар беріп отыратын.
Кейіндеу әкем өмірден өтті. Содан бері Жұмабай ағам әкемнің орнындағы әкем болды. Әкелік, үлкендік жолын көрсетті. Жұмабай ағам оқыған кітабын, газет-журналдардағы әңгіме-мақалаларды да айтып, пікір білдіретін, біздің де пікірімізге құлақ қоятын. Содан ба, әлі күнге кітап, газет-журнал оқысам да, «ол кісінің пікірі қандай болар еді» деп ойланамын.
Архивтерге баратынымды, тарихи, өлкелік оқиғаларға қызығатынымды білген соң, әрі әкемнің де журналист екенін есіме қайыра салып, бірді-екілі кітабымды жазуға ынталандырды. Екеуіміздің соңғы кезде бірлескен шығармашылық жұмысымыз Сарыбай би атына байланысты екен. Сарыбай би Айдосұлының туғанына 200 жыл толған датаға орай, «Сарыбай би» жинағын құрастырғанымызда да алқа мүшесі ретінде кітап жазуға ой қосты. Екеуіміз соңғы кездері Сарыбай бидің кітабының алқа мүшесі болдық. Кейін Жұмабай ағамның бастамасымен Сарыбай би атамызға ескерткіш қойдық. Қазір күре жолдың бойында асқақтап тұр. Сол кезде Сарыбай атамыз туралы біраз архивте отырып, көрген-білгеннің бәрін қағазға түсірдім, оны жүйелеудің, жинақтаудың, әр деректің басын біріктірудің, оқырманға ұғынықты етіп берудің әдіс-тәсілдерін, қаламгерлік құпиясын ерінбей-жалықпай айтып берді.
«Қазқайтажаңарту» мекемесінде төрт жылдай бас директор болып жұмыс істедім ғой. Міне, осы уақыт аралығында жұмыс ретімен киелі орындарды араладым. Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата және басқа да киелі жерлерге өз жолымызбен барып, Жұмабай ағамды қасыма ерте жүрдім. Білімі терең, телегей-теңіз еді ғой. Көргені, білгені, естігені жадында сайрап тұратын. Ілімі де, білімі де терең. Сол білгенін ішінде жинап қалмай, орайы келгенде айтып, әңгімелеп беретін. Небір әңгіме айтушыларды талай көрдік қой. Жұмабай ағам әңгімені айтып қана қоймай, жақсы тыңдарман да еді. Өзіңнен естіген дерегі таңғалдырса және ерекше әсер етсе, міндетті түрде онысын да ескертіп, көтермелеп, қанаттандырып қоятын. Оның әңгіме айта және тыңдай алатын мінезі бізге үлгі еді.
«Әр қазаққа қажет ұстаным» деген мақаласында: «Қазіргі өмір барысына ой жіберіп қараған кезде ақыл-ойымыздың тереңдігіне малданып, сезімтал, аңғарғыштығымызды артықшылыққа балайтын жөніміз бар ма? Аға ұрпақ санатына қосылған ендігінің ақсақалы, біз, қазақ сөзіне әкелген жаңалығымыз, яғни бейнелі тіркестеріміз кәне дегенге кесімді жауап беру қиын-ау. Ұлғайыңқы тартқан осынау шағымызда қазақ қарияларының сөз саптау мәдениетін жиі-жиі еске алып, жадыда жаңғыртуға тырысатын дертке шалдықтық. Ауызша әңгіме айтудың желісін тартымды жалғайтын олардың шеберлігі құдды көркемдік заңдылыққа бағынатындай көрінетін. Кіріспесін бастамастан бұрын әдейі аял жасайтын сәттері тыңдаушыны елткізіп қана қоймай, бет-пішіндерінің құбылуында жортақылық атымен жоқ еді. Түйіле, шүйіліп қадалған мезетте қартаң жүзіне ұялаған айбын сейілмеген күйі іркіліс тапқанда – басқа райға ауысуын тағатсыздандыра күттіретін үстемдігін сездіретін. Осылай өзіне біржола қаратып алған соң оқиғаның шешімін алдын ала болжатып үлгертпестен, шымырлата баяндай жөнелетін. Біз осыны көрдік, жүрегіміз елжіреп, көңіліміз босаса да, күні өтіп бара жатқан оны ескілікті дәстүр санағанымыз, әрине, өкінішті-ақ. Аталарымыз бен әжелеріміздің ауызша әңгімесінің тартымдылығы – толық ашылып бітпеген ғылым...» – деген екен. Иә, Жұмабай ағам барған жерінде әңгімешіл жан көрсе, айтқанын қас қақпай тыңдайтын, ерекше әсер еткен сөзді байыптап, талдап, қайыра сұрып, жадына тоқи жүретін. Қазақтың киелі жерлерін аралап, қасиетті жерлеріне барғанда да, сол топырақтағы әңгіме мен оқиғаны да сұрап білетін.
Ол кісімен Музей Жамбылға, Жамбыл, Сүйінбай, Нұрғиса Тілендиев сынды алыптардың басына да жиі бардық. Әр барғанымызда Құран бағыштап, бабалардың аяулы естелігін жаңғыртып, ғибратты сөздерін қайыра еске салатын. Оның үлкендік жолы үлкендерден қалған даңғыл екен. Жұмабай аға әсіресе Сүйінбай, Жамбылдың шежірешісі еді. Әкесі Шаштай ақсақал айтты ма екен, әлде ауылдың көнекөз қариялары әңгіме өзегіне көбірек айналдырды ма – Жамбыл туралы көп адам біле бермейтін деректерді жатқа айтатын. «Жамбылға мынадай қаламгер келгенде...», «Жамбыл мынадай тойға барғанда...» деп, ел естімеген әңгімені тарқатып беріп отыратын. Көнекөздерден естіген әңгімелерін көкірегіне құйып алғанына қоса, оқығаны мен тоқығаны да көп жан еді. Марқұм Рафат Әбдіғұлов екеуі көненің әңгімелерін көп білетін де, ол сөзді біріне-бірін жалғап, кейде бірін-бірі түзетіп, оқиғаларды датасына дейін анық, тәптіштеп айтып беретін. «Жамбыл былай дегенде ана ақын былай жауап қатыпты, оған Жамбыл атамыз былай деген екен» деп, өлеңдетіп тұрын сөйлейтін. Жамбыл мен Сүйінбайдың дерегін көкірегіне сақтап қалған тірі архив іспетті болатын Жұмағам. Оның Сүйінбай мен Жамбыл туралы айтқан әңгімелерінен бөлек, жазғандары да терең, сараптамалық дүниелер еді. «Кез келген ұрпақтың кейінгіге деген аталық парызы мен қалдыратын өсиеті болатыны белгілі. Бұл тұрғыда Жамбыл жөніндегі ғылыми дұрыс түсінік қалыптастырып, рухани мұрамыздан оның алатын орнын осы бастан лайықтауға күш салғанымыз абзал. Дегенмен қазақ нәсілі үшін «жиырма екінші ғасырдың ортасында Жамбыл есімі атала ма, аталмай ма» деген сауалға тәуекелің жетіп жауап беру оңай емес. Жүз елу жылдан кейінгі жағдайда қазақтың ұлттық келбеті қалай өзгеретіні де белгісіз. Сондықтан да бұл – сәуегейлікке барғызбайтын, ұрпақтар алдында жауапкершілігі зор, аса жүрексіндіретін жағдай... Ғылыми-техникалық дамудың алғашқы баспалдағында өмір сүрген Жамбылдың бір отырыста дәуірлік кезеңді жырлап бере алатын құдіретінің құпиясында әрқашан өзіне тартып тұратын магнит өрісі бардай. Алайда Жамбыл өз ұрпағына фольклорлық сананы аманаттаушы ғана емес, кәсіпқой шығармашылық иесіне тән өмірлік материалды іріктеп, сұрыптай алатын парасатын да танытады. Жамбылды тұрақты зерттеп жүрген әуесқой ғалымның бірі ақынның өз қарсыластарына қарағанда икемділік танытып, қолма-қол образ ашып кете беретінін айтады. ...Жамбыл – ондаған ғасырдың фольклорын жиырмасыншы ғасырға жеткізуші көне дәуір мен жаңа заманның арасында тұрған рухани жәдігер. Рухани жалғастықтың дәуірлік жүгін белі қайыспай көтерген ол өзіне жүктелген ұлы міндетті ақырына дейін адал атқарып, халқына аманаттап кетіпті», – дейді Ж.Шаштайұлы «Жамбыл және заман» мақаласында...
Ағам 2017 жылдың жазында «Қазақ әдебиетінен» өз еркімен босап, зейнетке шықты. Жұмабай ағам мен Әскен тәтемді көндіріп, ауылға көшіріп алып келдік. Ауылда бол, бауырларыңның ортасында жүр деп бауырлары атсалысып, үйін салуға көмектестік. Өзі де ел ортасында жүргенді ұнататын еді. Ауласы бар, еңселі үйінде отырып үлкен қылып кітапханасын жайнатып қойды. Музей Жамбылға барғанымызда қаламгеріміз бар, шежірекөкірек ақсақалымыз бар, сөз ұстаған, сөзге серт берген ағамыз бар деп мерейленіп жүрдік. Өзі де осы шаңырағында жазу-сызуын реттеп, жаз мезгілдерінде Аспанқорасына сейілдеп, сергіп жүр еді. Осы шаңыраққа бара қалсақ, Әскен тәтем екеуі қуана қарсы алатын. Мен де іні болып, қайны болып еркелей кететінмін.
Жұмабай ағам ауырған кезде жанында болдым. Болмайтын, елеусіз ғана, бір ауырып алып, жазылып кететін дерт еді... Біз солай ойладық. Қайтыс болады деген ойды жүрекке жолатқан жоқпыз... Шынымызды айтсақ, өлімге қимадық...
Сөзімнің басында Есенқұл Жақыпбек ағамды еске алдым ғой. Ол кісі қайтқанда ел болып, жұрт болып асын бердік. Басы-қасында жүрдім. Сонда Жұмабай ағам кейін, ас аяқталған соң әзілдеген болып: «Махаббат елді басқарып тұрғанда өліп алу керек екен», – деп еді. Ол кезде әзіл ғой деп жылы жымиғанбыз. Шын сөзі сол болды ма екен? Ағам қайтқанда да ел мен жұрттың ортасында жүрдік. Қолымыздан келген іс – дәстүрге лайық жолмен аттандырдық. Өлінің де арғы дүниеге барардағы жөні, жоралғысы бар ғой... Ауыр болса да, тірінің аманаты, қолынан келер ісі – сол.
Жұмабай ағамның естелігін айтқанда, міне, дәл қазір аға бейітінің қасында отырмын. Басын қарайтып, тасын қойдық. Қалам ұстаған достары, шәкірттері келіп отырады, Жұмабай Шаштайұлын еске алып, Құран оқиды ғой деп айналасына шоқ қарағай, ағаш ектік. Ағамның мектебінен шыққан шәкірттері де ұстазын ұмытпасын, басына іздеп келіп жатса, тыныштықта отырып ұстаз рузхымен сырлассын деп отырғыштар да қойдық...
Айналама қарасам, ағамды жоқтағандардың қарасы көп. Оның жақсы, дұрыс адам болғанын айтатындар да көп. Қазір ағамның орны үңірейіп тұр. Жаның жүдейді... Рухани қазынамның өзі кетсе де, сарқылмас мұрасы қалды деп өзімізді жұбатамыз.
Махаббат БИГЕЛДИЕВ,
Алматы облысының
«Құрметті азаматы»

494 рет
көрсетілді0
пікір