- Ақпарат
- 21 Қараша, 2024
Көше спорты: бұл салаға бейімбіз бе?
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Бүгінде бірқатар қала тұрғындары «көше спортымен» шұғылданып, денсаулығын нығайтатыны анық. Әсіресе «Street Workout» спорттық бағыты сұранысқа ие болып тұрғаны сөзсіз. Бұл спорт түрі алғаш рет АҚШ-та пайда болған еді. Өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына баулитын спорттың бұл түрі өзге елдермен қатар, Қазақстанда да жоғары қарқынмен дамып келеді. Өйткені бұл арнайы залдар мен қосымша жағдайды талап етпейтін спорттың түрі, оған қымбат құрал-жабдық, үлкен фитнес-клуб қажет емес. «Street Workout» бұқаралық спорт түрлерінің бірі болғандықтан, онда қолданылатын белтемірлер мен қырлы бөренелер сынды қарапайым құрылғылар қаламыздың кез келген ауласы мен көшелерінде бар. Ол құралдардың арқасында түрлі жаттығулар жасауға болады. Сондықтан ауладағы белтемірде ұршықша үйірілетін жастардың қатары күннен-күнге көбейіп келеді. Біз осы орайда кәсіби спортшылардан «көше спорты» туралы пікірлерін сұрап көру үшін Алматы қаласының «Шаңырақ» ықшамауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне бас сұқтық.
Ауыр атлетикадан Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Дәулет Әділғазиннің еңбек өтілі 25 жылға жақындаған. Тіпті өз бапкерлігінде әлем чемпионы мен Азия чемпионын шығарғанын мақтанышпен айтты. Чемпион шығару әр бапкердің арманы ғана емес, үлкен еңбегі екені сөзсіз.
«Өз карьерамда әлем чемпионын тәрбиелеп шығардым, қазақ жастары арасынан тұңғыш рет әлем чемпионы болған Жасұлан Қыдырбаев деген шәкіртім, одан кейін Айдар Қазов деген оқушым бар, Азия чемпионы, осы уақытқа дейін тәрбиелегенмін. Қазір осы спорт мектебінде жас балалармен жұмыс істеп жатырмын.
Ауыр атлетика бокс, күрес түрлерімен салыстыруға келмейді. Бұған адам азырақ келеді. Бірақ олимпиадалық бағдарламаларда бар спорттың түрі. Біз бапкерлер ол жағынан үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Ата-аналармен сөйлесу, баланы табу, іздеу, оларды көндіру жұмыстарымен айналысамын. Халық ойлайды, көбіне ауыр атлетика деген денсаулығына зиян, бойы өспей қалады, белі ауырады, «грыжа» шығады деген сияқты стереотиптер қалыптасып қалған. Біз оның бәрі жалған екенін ата-аналармен сөйлесіп, түсіндіреміз. Балалармен сөйлесеміз. Дегенмен сұраныс орташа дер едім. Бұл спорт түріне түсіндіру жұмысы көп керек. Жарыстар өткенде халыққа көрсету, оны жарнамалау, телеарна, интернет арқылы халыққа жеткізіп, ашып көрсетіп, әлі де көп жұмыс жүргізу керек», – дейді Дәулет Маратұлы.
Бапкердің сөзінше, көше спортына жастар көп қызығады. Сол үшін шағын спорттық алаңдар әр аулада болса, дамуға үлкен септігін тигізеді. Ол бұқаралық спорт түрлері арқылы балалардың олимпиадалық спорт түрлеріне келуі мүмкін екенін тілге тиек етті.
«Мен ондай спорт түрлерін тек қолдаймын. Көше спортына қалада мүмкіндік көбірек. Ең басты мәселе, спорт алаңдарына келіп тіреледі. Жалпы, бұл барлық спорт түріне қатысты деп ойлаймын. Ауылдық жерлерде спорт кешендері өте аз. Бәріне белгілі нәрсе, мықты спортшылар ауылдық жерден шығады. Мысалы, ауыр атлетиканы алып қарайтын болсақ, ауыр атлетика залы тек Алматы қаласында ғана бар. Біздің маңайдағы Шелек, Іле ауданы, жалпы аймақтарда залдар жоқ. Бұл үлкен кемшілік деп ойлаймын.
Талғар ауданынан былтыр ғана кішкентай зал ашылды, бірақ ол жақта балалардың келу саны өте көп. Негізі күшті ауылдық жерлерге, аудан орталықтарына салған дұрыс.
Көше спортын мен қолдаймын. Бірақ таңдауды баланың өзіне қалдырған жөн деп ойлаймын. Бала өзі қаламаса, оны қинап жаттығуға әкелгеннен нәтиже шықпайды. Бала өзі қалап тұрмаса, көп нәтижеге жете қоймайды. Сондықтан әр бала өзі таңдаған, өзінің жаны қалап тұрған, жүрегі қалаған спортына барған дұрыс.
Көше спорты туралы айтқанда, басқа әріптестерім атамаған бірнешеуіне тоқталсам, паркур – секіру элементтерін қолдана отырып, кедергілерден жылдамдықпен өту. Стрит воркаут сияқты спорт түріне қарағанда субмәдениетке жақындау. Паркурдың мақсаты – әртүрлі кедергілерден өтіп, жылдам ауысу. Киберспорт – спорттың бұл түрін урбанистік деп айту қиын. Алайда бұқаралық жағынан жастар арасында өте танымал болғандықтан, Almaty Urban Fest бағдарламасына қосылды. Көпшілік ойнайтын Dota 2 компьютер ойыны 2013 жылы шыққанына қарамастан, араға 10 жыл салып әлі де маңызын жоғалтпай, қызығушылық азаймады. Ал отандық 5 киберспортшы еуропалық аймақтың үздік ондығына енеді», – дейді Дәулет Әділғазин.
Аталған мектептің 11-сынып оқушысы Бағдәулет Қабдешов дзюдо спортымен айналысады. Күнделікті күн тәртібі өте тығыз. Спортқа анасының жетектеуімен келгенін айтқан ол жалпы спорттың қай түрі болса да, адамның шымыр болуына ықпалы зор екенін сөз етті.
«Осы спортқа 6 жасымда анам берді. Өте бұзық болғанмын ғой, энергиямды спортқа жұмсасын деген шығар. Қазір кәсіби түрде айналысамын. Мектепке дзюдо ашылған бойда 8-сыныпта келгенмін, қазір 11-сыныпта оқимын. Бүгінде көп жігіт осы спорт түріне қызығады. Елдос Сметов Олимпиада чемпионы болғаннан кейін қызығушылық тіпті арта түсті.
Бұл спорт көшеде қауіпті жағдайда өзін-өзі қорғауға да көп қатысты. Физикалық жағынан да, төзімділік жағынан да мықты. Спорттың білім алуға, сабақ оқуға еш кері әсері жоқ. Керісінше спортпен айналысып, шымыр, белсенді болып білім алсаң, тіпті жақсы», – дейді Бағдәулет Жұматайұлы.
Оның сөзінше, көше спорты да жаман емес. Қажет еткен кез келген адам шұғылданатынымен ерекшеленетін бұл спорт түрі қазір жастар арасында сұранысқа ие.
«Бүгінде көше гимнастикасы саналатын стрит воркаутпен айналысатын жастар көп. Арнайы жаттығу залы мен ерекше жағдайды қажет етпейтін спорттың ерекше түрі кез келген адам үшін қолжетімді. Әсіресе ауыл жастары воркаутқа үйір.
Workout (ағылшын тілінен аударғанда) – тренинг. Дене жаттығуларының бұл түрі әлі спорттық реестрге енбеген, бірақ оның танымалдығы бүкіл әлемге таралып, қарқын алып жатыр. Воркаут жарыстары мен чемпионаттары барлық жерде өтеді», – дейді жас спортшы.
Стрит воркаут 2000 жылдардың басында АҚШ-тың кедей аудандарында таралған бұл бағытты жай көше гимнастикасы деп қарамай, спорт субмәдениеті деуге болады. Воркауттың дамуына интернет үлкен әсер етті. Көше жаттығуларының видеосы жастар арасында үлкен қызығушылық тудырып, кейін Қазақстанға да жетті. Бүгінде еліміздің әр қаласында арнайы воркаут жаттығуларына арналған алаңдарды кездестіруге болады.
Кәсіби күреспен айналысқан, бүгінде бапкерлікті қолға алған Гүлжазира Амантаева өзі көше спортына қызықпағанымен, оның да өз сұраушылары, қызығушылары бар екенін, ол спорт түрін жоққа шығармайтынын айтады.
«Көше спорты туралы айтқанда, ойға бірінші, агрессивті роликтер, кик-скутер, скейтбординг түседі екен. Ролик, скутер және скейтбордты экстремалды сырғанау деп айтуға болады. Сырғанаудың негізгі элементтері – секіру және тайғанау. Оларға әуеде акробатикалық трюктерді қосуға болады. Оңтүстік астананың жылы климаты мен жер бедерінің (төмен түсетін және жоғары көтерілетін) ыңғайлы болуына сәйкес алматылық жастар арасында кең таралған. Қазақстанның өзге қалаларында да спорттың бұл түріне қызығушылық артып келеді. Сол себепті жаңа скейт-саябақтары мен скейт-жолдары салына бастады.
BMX – велоспорттың ең тартымды әрі экстремалды түрі. Арнайы велосипедте секіріп, әртүрлі трюктер жасауға болады. Спорттың бұл түрі де Қазақстанда тұрақты дамып келеді деп ойлаймын», – дейді ол.
Гүлжазира Жомартқызы кәсіби спортшы, бүгінде қыздарды күреске баулитын бапкер. Ол күрестің де қыздар арасында сұранысқа ие екенін жасырмады.
«Күрес қыздар арасында сұранысқа жақсы. Күреске қатысқысы келетін қыздар өте көп. Негізі, еркін күрес қыздарға өте ауыр спорт. Оңай емес. Қыздарға ауырлау болады. Қазір бізде спорт мектебіне 32 қыз бар. Олардың көзқарасы да, дайындығы да өте жақсы. Алға қойған мақсаттары, ұмтылыстары да өте жоғары. Бәрі жүлде алғысы келеді, жеңгісі келеді.
Үлкен спортқа жеңіске жету үшін әрбір балаға еркін күреске қатысып, жетістікке жеткендерді үлгі тұтып, алға ұмтылса болды. Еңбек етсе, ел танып, қошеметтейді, Жамиля Бақбергенова сияқты. Ал көше спортына өзім қатты қызыға қоймаймын. Бірақ оны қалайтын адамдар да бар шығар. Дегенмен кәсіби спортта мүмкіндік өте көп қой», – дейді Гүлжазира Амантаева.
Жоғарыда аталған мектептің 11-сынып оқушысы Шұғыла Ерболат та жалпы спортқа қатысты ойын жасырмады. Өзі күреспен 2-сыныптан айналысып келе жатқан ару көше спорты да жақсы, алайда кәсібилік маңызды екенін тілге тиек етті.
«Осы уақытқа дейін бес рет Қазақстан чемпионатына қатыстым. Қазір кадеттер арасында күресіп жатырмын. Қатысқан чемпионаттар арасында барлығында орынмен, екі рет чемпион болдым. Сосын жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында күрестім. Үшінші орынға таласып, шамалы физикалық күш жетпей, ұтылып қалдым.
Күресті таңдауыма себеп болған Жәмила Бақбергенова – осы спорт мектебінің тәлім алушысы. Оған қарап, Олимпиада ойындарына қатысу маған да мақсат болды. Сондықтан осы спорт түрін таңдадым. Ауылдағы бапкерім Бекзат ағаймен бірге осы спортты қалап, Шаңырақ спорт мектебіне түстім және осы мектепте нәтижем өсіп жатыр.
Бірден күресті таңдаған себебім – нәтиже болатынына өзіме сенімді болдым. Осы күреспен 2-сыныптан айналысып келе жатырмын, қазір 11-сыныпта оқимын. Осы уақыт аралығында жақсы нәтиже көрсетіп жатырмын, таңдағаныма өкінбеймін.
Қыздар арасында күрес қарқынды дамып келеді, бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Қыз баласы өзін-өзі қорғай алатын болады және сенімділік береді. Меніңше, қазір Қазақстанда қыздар арасындағы күрестің нәтижесі жоғары.
Көше спортының да жетерлік нәтижесі бар болар. Бірақ кәсіби спорт бәрібір бөлек. Олимпиадада еліңнің Туын биікке көтеру бөлек сезім ғой. Көше спорты ойын сияқты, ойынның аты ойын болып қалады деп ойлаймын», – дейді Шұғыла Бағдәулетқызы.
Жаттығу – бұлшық еттің максималды мөлшері қатысатын физикалық белсенділіктің сыртқы түрі. Жаттығудың негізгі жабдықтары – көлденең және параллель тіреулер. Бірақ бұл жеткіліксіз.
«Толыққанды жаттығулар үшін сізге штангалар мен рульдер қажет. Жаттығу дегеніміз – жылы мезгілде жаттығу. Бірақ қыста да қарда жаттығатын батылдар бар. Спортшылардың көпшілігі жаттығуға қажетті құрал-жабдықтары бар жаттығу залдарына барады. Бұл жағдайда Crossfit жабдықтары бар спорт залдары өте танымал», – дейді спортшы ару.
Сонымен қатар көше спорты туралы айтқанда, армрестлингіні де атауымызға болады. Бұл – барша әлемде кең танылған спорт түрлерінің бірі. Олимпиада бағдарламасына енбеген. Алайда қарапайымдылығына қарамастан, қатысушылар мен көрерменнің арасында үлкен қызығушылықты оятады. Сонымен қатар көше билері – би студияларынан бөлек қалыптасқан би стилі. Бидің басқа бағыттарының көптеген элементін біріктіреді және көп жағдайда импровизацияға жүгінеді. Алматылықтардың арасында спорттың бұл түрі өте танымал. Соңғы жылдары TikTok қосымшасының арқасында бұл бағыт қайта гүлдене бастады.
Демек, бұдан шығатын тұжырым, көше спортын қалыс қалдыруға болмайды. Бұл саланың да дамуына назар аудару қажет. Өйткені баланың барлығы кәсіби спортқа түпкілікті бара алмайды. Көше спортына қатысты да жарыстар көп. Аталған урбанистік спорт сайыстары ерекше жағдайды және қомақты қаражатты талап етпейді. Соның арқасында қазір балалар, жастар арасында жылдам дамып, бұқаралық спорт түріне айналып бара жатыр. Азаматтар бос уақытын тегін әрі сапалы өткізе алады. Сонымен қатар бұл спорт түрі жастарды саламатты өмір салтын қалыптастыруға шақырады.
1416 рет
көрсетілді0
пікір