- Ақпарат
- 21 Қараша, 2024
Тілің барда, үнің бар!
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Тіл – ұлттың жаны дейміз. Расында да солай. Өйткені тіл ұдайы қолданыста, қарым-қатынаста болуы керек. Бүгінгідей жаһандану қарқын алған тұста, ең алдымен, тілдің жоғалуы мен шұбарланғанынан сақтану қажет. Әрине, демографиялық тұрғыдан ұлтымыздың көбейгеніне қуанамыз. Десек те, қазақ өз тілін ұмытпаса дейміз.
Қазақтың даңқты батыр ұлы Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзі бар: «Анамыздың ақ сүтімен дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамыздың тарихын ұмыту. Ұлттың рухы халықтың өзіндік санасының бір бөлігі саналатын мыңдаған жылдық дәстүрге, құндылықтар мен мәдениетке, тілге сүйенеді. Осы тіл, дәстүрлі құндылықтар мен қайталанбас төл мәдениетіміз халыққа жүздеген жыл бойы демеу болып, оны тарих жолында тарап кетуден сақтап қалды». Ақиқаты – осы. Сан ғасырдан бері ұмытылмай, қайта жаңғырып келе жатқан қазақтың тілінде сөйлейтіндердің көбейгені дұрыс. Өзіміз ғана емес, өзгелер де байырғы ұлттың тілін қадір тұтуы керек. Аллаға шүкір, қазір қазақтың тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің саны артты. Бұл қуанарлық жағдай. Сөздің жүйесі мен киесі бар. Бірақ біз қалай сөйлеп жүрміз? «Тіл шұбарланып барады» деп бекер айтып жүргеніміз жоқ. Күндердің күнінде орыстың «звонить» деген сөзі қазақтың сөздік қорына еніп кете ме деп қорқамын. Өйткені қазірдің өзінде «саған телефон шалдым» деп айтатын адам аз. Екінің бірі «звандадым» деп сөйлейді. Бұл ғана емес, «уже», «базар жоқ», «маяк таста», «прикол» сияқты өзгенің сөзін қоспай сөйлемейтін болдық. Тіпті қаланың баласы «әжека» деп айтатын болды. Ағылшынға тілі келген қаланың ұлы қазақтың «әже» деген қасиетті ұлы сөзін неге айтқысы келмейді, неге айта алмайды? Кінә баладан емес, үлкеннен. Үйінде қазақ тілінде сөйлемеген ата-ана қартайғанда өзі де «әжека-атака» атанады. Намысың келе ме? Иә. Бірақ мұны ұғып жатқан қала адамы қайда? Алаңдайтынымыз, «әжека-атака», «доча» дейтін келімсек сөздер ауылға жетпесе екен дейміз.
Еуропаланып кеткен жастардың болашағына алаңдаған Данияның зиялы қауымы бір жылдары былай деп дабыл қаққан: «Қарапайым даттықтар бір-бірін түсінуден қалды, кітап оқымайды. Дат ұлтының байырғы сөздері ұмытылды. Дат әліпбиіндегі «R» әрпі жоғалып барады. Ауызекі сөйлеу стилінде бұл әріпті жастар дұрыс қолданбай, жұтып айтады. Қазіргі уақытта бұл әріп қолданыстан қалып барады». Алаңдайтын нәрсе ме?
Бір жылдары орыс лингвистері «Ё» әрпі пайда болғанының 236 жылдығын атап өтті. Ал «Ё, ё» – кириллицаға негізделген әріп. «Ё-ны» жоғалтпайық» деп тіл саласының білгірлері газет-журналдарға мақалалар жазды. Жалпы, «Ё» әрпі орыс тілінен және басқа тілдерден келген кейбір сөздерде ғана ұшырасады. Мысалы, «ёлка», «слёт», «заём», «самолёт» деген сияқты. Ал тілтанушылардың айтуынша, «Ё» әрпі қазақ кирилл әліпбиіне 1957 жылы ғана енгізілді» деген дерек бар. Міне, әріп үшін жанталас. Қолдау, қорғау бұл. Мұның бәрі сөздік қордың қалыптасуы, ұлттың қарым-қатынасы үшін керек. Сөздің жоғалмауы үшін қажет. Мұны неге айтып отырмыз? Біздің де алаңдайтын мәселеміз бар. Қаламгер Әділбек Қабаның «Сегіз әріп қазақ қып тұрған сені» деген өлеңі бар. «Ә – жоғалса, «әке» деп айтпас балаң, Ұ – жоғалса, ұлт жасар қайтпас қадам, Ө – жоғалса, өлгені тіліңнің де, Жұтылды ұлттар тілі үшін айқаспаған. Ғ – жоғалса, ғайып ол... қайтармассың, Ң – жоғалса, құрдымнан қайта алмассың. І – жоғалса, із қалмас іргелі елден, Қ – жоғалса, «қазақ» деп айта алмассың. Ү-ден келер бір сөз бар – «үміт» деген, Ұлттар ғұмыр кешеді үмітпенен», – дейді.
Өйткені әр әріптің дыбысталуы, өз орны бар, әр сөздің ойы, мағынасы бар. Ал кейінге кезде қазақтың Ң әрпін Н-мен шатастыратындар көбейді. Жалпы, Ң әрпімен басталатын сөз барын бүгінгі жас біле ме? «Екі тіл айыр тілді жыланда ғана болады» деп ұлттың болашағы үшін шырылдап, дүниеден өткен ұлы жазушымыз Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние» шығармасында: «Жарықтық, Осекем әулие екен-ау» деп ойлаймын. Қазіргі мына заманда «ң-ға» тілі келмейтіндер көп. Теледидарды тыңдап, қарап отырсаң «жанағы, жанағы» деп сөйлейтіндер көбейді. «Женістен женіске жете берейік» дейтіндер де бар. Бұл да бір кем дүние», – деп жазған екен. Расында, Оспанхан Әубәкіров айсбергтің қазақ тіліндегі баламасы «ңөң» екенін айтып кеткен. Ал бүгінгі баланың сөз қолданысында «ңөң» деген сөз бар ма? Жалпы, мұның не мағына білдіретінін біле ме? Орыстың тілтанушы мамандары «Ё, ё-ның» бірнеше жүз жылдығын атап өтіп жатқанда, біз де «ңөң»-ді сақтап қалуымыз керек. Мәселе, қазаққа ғана тән әріпте, сөзде, мағынада. Өйткені «өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды» (А.Байтұрсынұлы).
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасыдан басталады. Отбасыда ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Демек, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Заңды түрде талап еткен дұрыс. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке, лауазымға тағайындау кезінде де қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламент, мемлекеттік билік титулды ұлттың тілінде сөйлеп, ісқағаздар мемелекеттік тілде жүргізілсе, ұтарымыз анық. Бұл ғана емес, басты мәселе ең алдымен өзімізге, ата мен әжеге, әке мен анаға байланысты. Қазақ тілінің мәртебесі артсын деп тілейік. Тіл тәуелсіздігіне жеткеннен артық бақыт жоқ. Өйткені тілің болса, үнің бар!
1523 рет
көрсетілді0
пікір