• Ақпарат
  • 28 Қараша, 2024

КІТАПТА ДА КІТАП БАР...

Замандастарыма қарата кітап оқымайды деген кінә көп айтылады. Цифрлық қоғамның перзенті есебінде цифрлық технологияны көбірек пайдаланатымыз жасырын емес. Алайда бұл менің құрдастарым кітапты оқудан бас тартты деуге де келмейтін дерек қой. Керісінше, қазір сапалы қағазға басылған, жақсы безендірілген кітаптарға сұраныс жоғары. Ал ондай кітаптарды қандай баспалар дайындайды, жалпы, баспа ісінде жеке дәстүрі қалыптасқан ұжым бар ма дегенде «Атамұра» корпорациясы ойға алдымен оралады. Неге олай? Себебі кішкене күнімізден осы баспаның өнімдерімен таныспыз. 

«Мектеп энциклопедиясы», «Менің алғашқы кітапшам» т.б. сериялармен шыққан осы баспаның танымдық кітаптарын кішкене күнімізде оқыдық. «Атамұра кітапханасы» сериясымен шыққан бірқатар кітапты әлі күнге дейін сатып аламыз. «Баспа ісі» мамандығын оқымастан бұрын, кітаптың алғашқы бетінде «Атамұра» деген жазуы бар оқулықты мектепте де қолға алдық. 
№83 гимназиясының ата-­аналар комитетінің мүшесі Құндыз Шаяхметқызы: «Кітаптары ұнайтын баспа көп. Оның ішінде «Атамұра» баспасы өнімдерінің сапасына көңілім толады. Олар әдетте жақсы қағазға басылады, кітаптың түсі мен қарпі де ұнайды. Басылымдарының дизайны тартымды әрі заман талабына сай. Мазмұн сапасы да жоғары, әсіресе ұлттық мәдениетімізге қатысты тақырып қамтылған кітаптар өте қажет дүние деп санаймын. Ата-ана ретінде балаларым мектепте «Атамұра» баспасының оқулықтарын қолданады. Баланы оқыта отырып, парақтары оңайлықпен жыртылып кетпейтінін, бояуы қанық екенін байқаймын. Ал оның мазмұны мен бала жасына қатысты тапсырмалар берілетінін мұғалімдері де айтып жүр. Жақында ғана осы баспа шығарған «Менің атым – Қожа» (Б.Соқпақбаев) кітабын алдық. Бұл – біздің де, балаларымыздың да естеліктерін жаңғыртатын құнды дүние деп есептеймін. Баспа ендігіде экология тақырыбындағы және тарихи тұлғаларымыз туралы кітаптар қатарын көбейтсе, жақсы болар еді», – дейді. 
Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің 4-курс студенті Фариза Дүйсембай кітап сатып алғанда әуелі оның сауатты, қатесіз екеніне көз жеткізіп алатынын айтады. Өзі филология факультетінің студенті болғандықтан, кітап, жалпы, баспа өнімдері қатеден ада тұруы керек деп есептейді: «Атамұра» баспасының кітаптарында қолданылатын тілдік стиль өте түсінікті және тіл мәдениетін сақтайтыны ұнайды. Мұндай кітаптарда түсініксіз сөз бен шұбалаңқы сөйлем көп кездеспейді, сөйте тұра мәтін мазмұнды. Әрине, мазмұны, сапасы, дизайны мен қалыбы бір-бірімен бәсекелесе алатын кітаптар легі біршама көп. Сондықтан қазіргі баспалардың оқырман сұранысын біліп отыруы да маңызды дер едім. Мәселен, менің құрдастарым деректі кітаптарға құмар. Сондықтан баспалардан қазіргі заман кейіпкерлері туралы деректі дүниелерді де іздейміз», – дейді Ф.Дүйсембай.

Баспа ісінің болашақ маманымын. Осы тұрғыда редактор дегеніміз қандай мамандық иесі, қандай адам жақсы редактор бола алады деген сауал төңірегінде де іздендім. Менің сауалыма маман былай деп жауап қатты.

 

Гүлім СЫДЫҚОВА, «Атамұра» корпорациясының редакторы:

 

Редактор автордың аманатына қиянат жасамауы керек

– Редакторлар қандай дәстүрлі қағидаларды ұстанады?
– Жалпы, редакторлық жұмыс асқан ыждаһаттылық пен төзімділікті, сауаттылықты, сақтықты, еңбекқорлықты әрі адамгершілікті талап етеді. Кез келген автордың жазған дүниесі оның ішінен шыққан сәбиі секілді ардақты, аяулы әрі қымбат. Сондықтан өзіңе аманат етіп тапсырылған жұмысқа, қолжазбаны аялап, мәпелейсің. Аманатқа қиянат жасамау – сауапты іс. Редактордың негізгі міндеті – мәтінді әдеби тілдің нормаларына сай етіп, стильдік қалыпқа түсіріп, басылымның мақсаты мен сипатына сәйкестендіріп өңдеу. Осыған сәйкес, күнделікті жұмысымызда сөздің мағынасын өзгертпеу, грамматикалық, стилистикалық қате жібермеу, автормен үнемі тығыз байланыста болу т.б. қағидаларды ұстанамыз. Редактор өзгені түзеу үшін, алдымен өзі жаза білуі керек. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыратуға да көреген көз, ақыл-парасат керек. Жұмысымыз шығармашылықпен тікелей байланысты болғандықтан, қиындығы да, қызығы да мол деуге болады. Автордан келген қолжазбаны әдемі кітап етіп шығарғанша, бүкіл ұжым болып қызмет етеміз. Демек, ол жерде үлкен еңбек, жауапкершілік, маңдай тер, күш жатыр деген сөз... Ал автордың жүзіндегі қуанышты, мақтаныш сезімін көргенде бар қиындықты ұмытып, жұмысыңның рақатына батасың, бақытты күй кешесің. «Кітап – көзі жұмық адамға арзан, көзі ашық кісіге маржан» деп халық тегін айтпаған. Жақсы жазылған дүние қолымызға түсе қалса, көңіліміз көтеріліп қалады. 
– Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес мәтінмен жұмыс істегенде қандай қиындық кездеседі?
– Әрине, балаларға арналған кітаптардағы мәтін жеңіл әрі бала тілімен жазылғаны абзал. Бұл тұрғыдан баланың жасына сай, түсінікті етіп беруге барымызды саламыз. Қазір балалардың жаңа білімді меңгеруіне өте көп мүмкіндік жасалған. Әйтсе де, ақпарат алудың, сапалы білім берудің негізгі көзі, сарқылмас күші – кітап. Сондықтан балаларға арналған шығармалардың, мектеп оқулықтарының сапасын арттыруға мүдделіміз. 
Мәселен, біреулер кітапты ермек үшін, екінші біреулер жан дүниесін, ішкі әлемін байыту, рухани азық жинау мақсатында оқиды. Әсіресе қазіргі жас оқырманның кітап оқуға деген ынта-ықыласын арттыру мақсатында баспамызда көптеген жұмыс істеліп жатыр. Жуырда «Атамұра кітапханасы» сериясымен Бердібек Соқбақпаевтың «Балапан торғай», «Ағаштар неге ашуланды?» т.б. әңгімелері топтастырылып, «Балалық шаққа саяхат» атты жаңа кітап болып жарық көрді. «Менің атым – Қожа» да қайта басылып шықты. Бұдан бөлек «Жұмбақтар мен жаңылтпаштар», «Эпостық жырлар» сияқты ұлттық көптеген құнды кітап оқырманға жол тартты. Таяуда «Атамұра» баспасынан шыққан бірнеше кітап Алматы қаласында өткен «Ұлы Жібек жолымен» XII Халықаралық кітап және полиграфия көрме-жәрмеңкесінде жүлделі орынға ие болды. Атап айтсақ: «Үздік фотоальбом: Туған ел тарихы, мәдениеті, географиясы және т.б.» аталымы бойынша Бұлбұл Кәпқызының «Киіз үй», Арнайы дипломдармен К.Волтерманның «Есепке жүйрік болайық!» және А.Бақтыгерее­ваның «Ақ шағала», «Жеңіс» аталымы бо­йынша III дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ «Ғылым және білім» аталымы бойынша I дәрежелі дипломмен С.Өтениязовтың «Аттила және оның Еуразия тарихындағы орны» (2 томдық) кітаптары. Осындай көптеген ғылыми-танымдық маңызы бар, ұлтымыздың құндылықтарын дәріптейтін керемет кітаптармен қоржынымыз толығып отыр. 
– Авторлармен жұмыс істеу барысында қандай қиындық кездесуі мүмкін?
– Бұл автор мен редактордың бір-бірінің жұмысына құрметпен қарауына байланысты шығар. Әрине, кейде қиындық туындауы мүмкін, дегенмен бәрін тиімді шешуге болады. Редактор өз жұмысына өте ұқыпты қарағаны жөн. Сонда ешқандай мәселе болмайды. Бұл іспен кезінде Ахмет Байтұрсынұлы, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза сияқты ірі тұлғалар да айналысқан. Қаламгерлер арасында Шерхан ағамыздың редакторлығы туралы керемет естеліктер айтылады. Ол кісіден тәрбие алған шәкірттерін «Шерағаңның шекпенінен шыққандар» деп те атайтынын естігенмін. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етіп жүрген жылдарда бас редакторымыз Жұмабай Шаштайұлының және Еркін Жаппасұлының тәрбиесін көрдік. Сол кісілерден көп нәрсені үйрендік. Кейде Жұмабай Шаштайұлы жазғанымызды оқып болған соң шақырып алып: «Әке, сен мынаған жазушы көзіңмен қарашы», – дейтін еді. Ондай кездерде сол сөздің өзі бізге шабыт сыйлайтын. Қабақ шытпай жүріп, мінімізді түзеп, дұрыс жазуға қалыптастырды. Үлкен жазушы болмасақ та, дұрыс жазуды, сөз түсінуді білдік. Ал Еркін Жаппасұлының редакторлығы бөлек әңгіме. Ол кісіні Жұмабай ағай «Қазақ әдебиетінің» еңбекторысы» деп бағалап отыратын. Еркін Жаппасұлы шимай-шатпақ жазбамызды жіпке тізген маржандай етіп түзейтін. Міне, осы ұстаздарымыздан алған тәрбиенің арқасында жұмысымызды адал атқарып келеміз. «Атамұра» корпорациясына келгелі де осы ұжымның жылдар бойы жинаған мол тәжірибесін бойыма сіңірдім. Бұл ұжымның редакторлық ұстаным жолы да әлі талай редакторларды тәрбиелейді деген сенімім мол. 
– Әңгімеңізге рақмет! 

Дариға ДОСАНОВА, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультеті
баспагерлік-редакторлық және 
дизайнерлік өнер кафедрасының 
2-курс студенті

 

 

989 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы