• Ақпарат
  • 28 Қараша, 2024

Сөйлегенде – сөз сұлу

Белгілі радиожурналист Гүлмира Нәлібайдың «Өнерім – өмірім, Радио – серігім» кітабы «Alqa Publishing» баспасынан жарық көрді. Кітапқа журналистің радиода тыңдарманға жол тартқан үздік туындылары, сұқбаттары мен авторлық бағдарламаларының мәтіні енген. Кітаптың құрылымының өзі ерекше. Әуелі журналист оқырманға сұқбаттары, жеке мақаласы арқылы өзін таныстырып алады. Одан кейін қазақ үнжариясы арқылы тыңдарманның көңілінен шыққан «Дауысыңды сағындым», «Алтын тамыр», «Ән әлемі», «Ән-жұмбақ» радио­бағ­дарламалары арасындағы автордың сұқбаттарын іріктеп, кітапқа енгізген. 

 

«Жылы сөз жан тебірентер» бөлімінде Гүлмира Нәлібайдың ұстаздары шәкірті туралы ой толғайды. «Дауысыңды естідім» новелласы Қазақ радиосы арқылы, күміс дауысы арқылы тыңдарманын әсерге бөлеген барлық радиожурналиске арналған шығарма іспетті. 
Автордың өзі: «Кітапқа «Дауысыңды сағындым», «Алтын тамыр», «Ән әлемі» және «Ән-жұмбақ» бағдарламасына шыққан сұқбаттарды ғана қостым. Оның өзінде әр хабарға шақырған ке­йіп­керлерді түгел қоса алмайсың. Екшеп, саралап, ықшамдап барып кітапқа енгіздік. Сол сұқбаттар аудио күйінде қорда сақталып қана қоймай, жазба түрінде де елге жетсе деген ниет» деген екен. Қазақ радиосы арқылы тыңдарманына жеткен осынау хабарлар тасқа басылып, кітап болып шыққанда жаңаша бір сипат алғандай. Спикерлер легі де кілең танымал тұлғалар: Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Бердібек Сапарбаев, Мұрат Құсайынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Талғат Күзембаев, Ақжол Мейірбеков және басқа да жандар өз өмірі, жүріп өткен жолын сыр қылып ашса, Үмбетбай Уайдин, Жарасқан Әбдіраш, Нұрғиса Тілендиев, Құдайберген Сұлтанбаев, Тоқсын Құлыбеков, Амангелді Сейітхан туралы осы жандардың жақындары, достары, әріптестері әңгіме тиегін ағытады.
Мәселен: «Әкем Құрманғазының, Тәттімбеттің, Сүгірдің күйлерін қайта-қайта тыңдап, сонымен шабыттанып, жарты жылдың ішінде үлкен «Дала, сенің ұлыңмын» поэмасын жазып бітірді. Кітап шыққан соң біраз шу болды. Іштарлық деген қай кезде де қалмайды ғой, неше түрлі фельетондар жазылды. «Ара» журналында сондай фельетондар басылып, «ұлтшыл екен, уайымшыл екен, Мағжанның құйыршығы екен» деген айыптар тағылды. Аяғында жұмысынан шығып қала жаздап, партияның сөгісін алды. Ақыр соңында Мәскеудегі достары қорғап шықты. Ел ішінде де қолдайтындар бар, солардың септігімен әкем аман қалды. Кейін есейіп, өлеңді оқығаннан кейін бәрін түсіндік. Болашақта азаттықты аңсайтын ақынның бір өлеңінде тереңінен қозғайтын ой жатады», – дейді Рүстем Әбдіраш Жарасқан Әбдіраш туралы радиохабарда. 
Ал Құдайберген Сұлтанбаев: «Мен, негізінен, драма актерімін. Маған көбі сұрақ қойғанда «сіз күлдіргенде отбасыңыз да мәз-мейрам болып, жеңгей күнімен күліп отыратын шығар» деп жатады. Бірақ олай емес. Күлкі дегенде әлеуметтік мәні бар, салмағы ауыр дүниені, халқымыздың көлеңкелі тұстарын, жетпей жатқан тұстарын айтып жүреміз. Қазір жыртақай жеңіл күлкінің заманы келмеске кетті. Қазір интеллектуалды заман деп айтып жатамыз ғой, сондықтан оның атқаратын қызметі мүлде бөлек», – дей келе, қазіргі қоғамдағы сауаттылық, ағартушылық, тәрбие мен білім туралы ойын жеткізеді. 
Кітапта Гүлмира Нәлібайдың журналистік ұстанымы да айқын көрінген екен. Оны автор кейде өз сұқбаттарында айтса, енді бірінде ол туралы сөз алған аға буын да әңгіме өзегіне айналдырған. Мәселен, Қазақ радиосынан көпшілік қызыға тыңдаған халық әндерін Республика сарайында да әуелету жобасы туралы әңгіме. «Гүлмира Республика сарайында көпшілігіміздің қолымыздан келе бермейтін, радио тарихында тұңғыш халық әндерін орындаушылардың үлкен кешін өткізді. Оның ұйымдастырушысы және жүргізушісі ретінде ол халық әндері мен күйлеріне сусап, шөлдеп отырған өнерсүйер ортаға жаңа үн әкеліп, көрермен мен тыңдаушының алғысына ие болды. Бүгінгі жас ұрпақтың бойынан бірте-бірте алыстап, көз ұшында көрінбей, білінбей, ойынан өшіп, жадынан ұмытылып, көше бастаған небір жақұт әндер шырқалды. Міне, осыдан-ақ сонау арғы күндерден бүгінге аман жеткен Қазақ радиосы мен Шалқардың қорында не бір әдемі әуендер бар екенін, біздің рухани өмірімізде олардың рөлі қандай, онда еңбек етіп жүрген ізбасарларымыздың адымы қандай, алымы қандай, қарымы қай дәрежеде екенін бағамдауға болады-ау деймін», – дейді Қазақ радиосының ардагері Аманжан Еңсебайұлы.
Кітап жалпы оқырманға арналғанымен, болашақта радио саласында еңбек еткісі келетін студенттерге де берері көп дүние. Себебі мұнда бағдарламаларда маманды сөйлету, сұрақ қою әдебі де көзге анық байқалады. Радио саласында сөйленген сөз сұлулығымен, әуезімен, стильдік тұрғыдан сауаттылығымен тыңдарманын баурап алғаны маңызды. Осы орайда журналист: «Таза, ұғынықты сөйлеуді, ең алдымен, өскен орта, ата-анамыз, алтын ұя мектебіміз үйретеді. Дәл осы үш орта әдеби кітаптарды, көркем шығармаларды оқуға де ген құмарлықты оятады деп есептеймін. Әр адамның сөйлеу мәнері мен мәдениетіне ерекше ынтамен көңіл бөліп жүрсеңіз, ол әдет те таза, ұғынықты сөйлеу мәдениетін қалыптастырады», – деген екен. 
Расында, радиобағдарлама ғана емес, радио­очерк, келелі сұқбаттардың аудио күйінде ғана сақталмай кітап болып жарыққа шығуы маңызды дүние. Себебі ол бағдарламаларда айтылған әңгіме мен ақтарылған сыр, түйінді мәселе қазіргінің күнінде де маңызды. Осы тұрғыдан мұндай дәстүрдің орнығуы, яғни аудиомәтіннің жазба мәтінге айналуы құптарлық іс дер едік.   

Қарагөз Серікқызы

674 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы