- Ақпарат
- 28 Қараша, 2024
АЗҒЫР ПОЛИГОНЫ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН
Азғыр полигонын айта бастасақ, қазақ тағдырындағы көп ақтаңдақ қайта көз алдымызға келеді. Семей полигоны туралы көп айтылды, көп жазылды. Керек болса, қазақ тарихындағы ең бір ауыр, қаншама қасірет әкелген, жерімізді астан-кестен еткен, жүз мыңдаған адамның тағдырына әсер еткен, өмірін қиған осынау кесапаттың тарихын зерттеуді, тереңдеп қазуды қолға ала бастадық.
Ұлтқа қолдан жасалған империялық жымысқы жоспардың, зорлық-зомбылықтың, ашық қиянаттың саяси себептері мен арғы түкпірінде жатқан терең тамырын қазып, себеп-салдарын анықтап, тарихтың әділ бағасын беріп отырмасақ болмайды. Ұлттық мүдде, ұлттық қауіпсіздік құндылықтары биігінен қарап, қызыл империяның тұсында аз ұлттардың санатындағы қазақ халқына көпе-көрінеу жасалған саяси қылмыстың түп төркіні қайда барып тірелетінін бәріміз білдік. Бірақ қарсы күресуге қолда дәрмен жоқ.
Мәскеу айтты, барлығы солай болды. Әсіресе бұл Қазақстан үшін бұлжымас заң еді. Қазаққа алапат қауіп-қатер әкелетін саяси, әскери жобалар Қазақстан жерінде мүлтіксіз жүзеге асты. Америка, Англия сияқты әлемнің алып мемлекеттері де бұған қарсы шара қолдана алмады. Миллиондаған гектар далалық жері мен ормандары бола тұра Ресей, Совет Одағының атынан алғашқы атом сынақтары мен атом бомбаларын жаруды қырық жылға жуық Семей топырағында жалғастыра берді. Абайды, Шәкәрімді, Әуезовті берген ел алдымен зардап шекті. Әскери мақсаттағы алапат сынақтардың қазақтың тағы бір қасиетті топырағы Азғыр – Нарын жерінде де жүргізілгенін көбіміз білмейміз.
Тап осы тақырыпты қозғаған, сөз еткен, мол тарихи деректер тілінде сөйлеткен жаңа бір зерттеу еңбегі жақында ғана қолыма тигенде ерекше әсерде болдым. Авторы – белгілі экономист-ғалым, ғылым докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұзақ жылдан бергі ардагер ұстазы, профессор Өтеғали Шеденов. Кітабы «Азғыр – Нарын ажары» деп аталады. Бұл кітап несімен құнды? Ең алдымен, бұл еңбекке Азғыр – Нарын өлкесінің шежірелі тарихы арқау болған. Өмірінің мәнін адал еңбек, маңдай тер деп ұққан, адами құндылықты биікке көтеріп, артына өлмес, өшпес өнегелі іс қалдырған Азғыр – Нарын топырағының елеулі тұлғалары, олардың тағдыры, жүріп өткен жолы кең ауқымда сөз болады. Осының барлығын құнарлы тілмен, тарау-тарауға бөліп, әрбір тақырыбын айшықтап, алдыңға қатарға шығарған автордың жазу шеберлігі тәнті етті.
Тарау деген сөздің орнына астарлы, мазмұны бай, ауқымдылау сыр деген сөзді автор сәтімен пайдаланыпты. Бірінші сыры – «Шежірелі туған жер» деп аталады. Екінші сыры – «Киелі өңірдегі өнегелі тұлғалар», үшінші сыры – «Отты жылдар», төртінші сыры – «Сынақ және экология. Табиғат тынысы», бесінші сыры – «Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі» деп жалғасады. Деректі хикаялары, толғаныстары мен зерттеулерінің әрқайсысының айтары бар. Азғыр – Нарын өңірінің тарихи, әлеуметтік, әсіресе экологиялық өткір мәселелерін түп тамырынан қазып, аршып айтатын автордың ой-толғамдары осынау өлкенің, яғни өзі туып-өскен атамекенінің көбіміз мән бермеген, қоғам назарына ілікпеген тарихи деректері мен ұлттық мүддеге, қауіпсіздігімізге тікелей қатысы бар өзекті сұрақтарын көтереді.
Бір тұста автор былайша толғанады: «Семей өңірінің шұрайлы да шырайлы Абыралы ауданының жерінде 1949 жылдың 29 тамызында бірінші термоядролық бомба, ал 1955 жылдың 22 қарашасында бүкіл әлемді дүр сілкіндірген сутегі бомбасы жарылды. Сөйтіп, әуеде 6, жер астында 340 рет сынақ жасалды. Тіпті Қазақстан картасында Курчатов, Шаған, Балапан, Сарыөзек, Телгем, Дегелең, Абыралы, Азғыр, Эмба, Тайсойған т.б. қалашық пен ауыл бар екені де қарапайым халықтан жасырылып келді. Орал облысының картасына назар аударсаңыз, облыстың оңтүстік-батысында Бөкей Орда ауданы орналасқан. Сол аудан орталығы Сайхыннан ракеталар сынағы өтетін Капустин Яр қол созым жерде ғана. Ал оңтүстігінде «әбжыланның ордасы» іспетті – Ахтуба сынақ полигоны бар. Зер салып қарасаңыз, ұлан-байтақ жерімізде «айдаһардың апандары» бар екен. Олар халықтан жасырын, құпия сақталған. Әсіресе мұндай «апандар» оңтүстігінде ядролық қалдықтар жерленген Орда даласының жергілікті тұрғындары «Азғыр» деп атап кеткен мекенде көп. Азғырдағы ажал уын сепкен Семейдегі атом полигонынан ешбір кем соқпайтын бұл «апанның» қаншама адамға ажал қаупін сеуіп жатқанын бір Құдайдың өзі ғана біледі» (Ө.Шеденов. «Азғыр-Нарын ажары», «Арыс», 2007, 157–158-б.).
Еңбектің ең құнды тұсы ретінде зұлымдықты, кесапатты, адам қолымен жасалған қауіп-қатердің зардаптарын полигонда әскери қызметін өтеген немесе инженер-техник мамандары қатарында еңбек еткен тірі куәгерлерден жазып алған, мерзімді баспасөзде, зерттеу кітаптарында жарық көрген мол деректі құнарлы тілде сөйлете отырып жеткізеді. Бір ерекшелігі, осылардың ішінде тарихи шындықты, бүгінгінің ақиқатын бүкпесіз, болған оқиғаны айна қатесіз ашық, адалынан айтатын Ресей азаматтарының куәлігін көптеп келтіреді. Солардың көбінің қазір көзі тірі. Аты-жөні, қайсысының қандай қызмет істегені, өз көзімен көрген, куә болған іс-әрекетінің барлығын жіпке тізгендей жіліктейді.
Азғыр полигонынан азап шеккен, айықпас дертке шалдыққан немесе өз ажалынан бұрын дүниеден озған күнәсіз жандардың жан азабын суреттейтін, баяндайтын кітап беттерін тебіренбей оқу мүмкін емес. Автордың ең басты олжасы да, еңбектің биік бағасы да осы тұстары деп есептеймін. «Азғыр алапатын», «полигон трагедиясын» тереңірек білгісі келетін оқырман үшін ол кітаптың баға жетпес құндылығын тағы да еске салғым келеді.
Осындай жабық тақырыпты ұзақ жыл бойында зерттеп, ерінбей, жалықпай мыңдаған дерек тауып, соларды бір кітап ішінде сөйлеткен профессор Өтеғали Шеденов ағамызға оқырман алғысы шексіз. Еңбекке сыймай қалған қаншама деректер, оқиғалар ізі әлі де тұтас бір томдыққа сұранып тұрғанын да айтып қалды автор. Ұлт тағдырын баяндайтын ол кітап та жарық көріп, қалың қазақ оқырманының қолына тисе, игілік болар еді.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
әл-Фарби атындағы
ҚазҰУ-дің профессоры,
филология ғылымының докторы
578 рет
көрсетілді0
пікір