• Ақпарат
  • 28 Қараша, 2024

Хан апа

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ,

«Ana tili»

Тағдырын азаматқа ғана емес, Алашқа арнаған қаншама қазақ қызы бар?! Оның бірі – ақын, бірі – жазушы, ендігісі – ұстаз, тағы бірі – дәрігер. Қай-қайсысын алып қарасаң да, ішкі әлемінде қазаққа қызмет етсем, ұлтыма үлгі болсам деген мінез жатыр. Жырының қуаты кеудеңді қарып, бір ысып, бір суытатыны содан. Сол сияқ­ты Ханбибі Есенқарақызының поэзиясы мен прозасы өзінше сөйлейді, үндеседі. Өлеңі өзі сияқты кең, жанашыр әрі керім. 

 

Өлең құндағындағы өмір

Расымен, Ханбибі ақын – Өлең дейтін байдың қызы. Өмірін өлең әлдиледі. Сол әлди үні жолына жарық түсіріп, бойын жылытты. Сыры төгілмеді де сөгілмеді. Жыр-сәбидің құндағын шешкісі келген күнде де қауқары жоқ-ты. Өйткені тұрмысқа жұтылғанда, жығылғанда да өлең демеді. Орнынан тұрғызды, халық ықыласына бөледі. Жырдың ақын үшін құнын Бибі апаның мына бір шумағы дәлелдеп тұрғандай:
Бой алдырып, берілген соң тұрмысқа,
Ақын үшін жатпай ма үлкен қылмысқа.
Кешірер ме, жазылуға тиісті –
Жазылмаған бір кітабым бір қыста!
Иә, оның өлең әлемінде өзіндік болмысы бар. Қалам қуаты көрсеткендей, Анна да емес, Марина да емес. Аруана болмысы да даламен үндес. Содан ба, Фариза мен Ақұштапта кездес­пейтін жыр күшін ақынның өлеңінен оқисыз. Өр, биік, астарында ойы, өзіндік көзқарасы бар жыр. Ақындық мені алыстан менмұндалап тұрады. Даласына, қазағына, бабасына деген құрметі өз алдына бөлек дүние. Өмірде жеткені мен жетпегені, көргені мен түйгені өлең болып өріледі. Айта алмай, жаза алмай қалса, кешірім сұрайтыны да жасырын емес: 
Беу, далам, қызыңмын, еркемін, 
Құлпырам гүлің боп төсіңде. 
Елжірей саған сыр шертемін,
Үндемей қалсам, сен, кешірме. 
Ақын туралы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек: «...Бүкіл өлеңін алып қарасаңыз, арбасып жатқан, бірін-бірі ала алмай, алағай да бұлағай, аласапыран тұстардың барлығын жүрегінен өткізіп, соның ішінде арпалысып өзі де жүретін, сондай құдіретті, қарулы, қайратты, жігерлі, намысты ақын», – дейді. Сірә, ақын шығармашылығына осынша дәл анықтама бергені кемде-кем. Ханбибі Есенқарақызы өзі де сұқбатының бірінде: «Өлең қайғысы мен мұңы, қуанышы мен шаттығы алма-кезек алмасып отыратын өмірден туады. Мен ақындықты осылай бағалаймын», – деген екен. Ал өзі турасындағы өлең жолына назар аударайықшы: 
Қызы едім мен бір байдың «өлең» деген,
Өлеңнің тектілігін дәлелдеген.
Жасауым тоқсан тоғыз болса-дағы,
Жарытып қалыңмалы төленбеген.
 
Заманға ұзатылдым қылтыңы көп,
Әйтеуір, өзгерер-ау бір күні деп…
Ұрмай-ақ, көп білместің түрткенінен,
Жанымның жарасы көп, тыртығы көп…
 
Қиқулы, жандайшапты озды дүбір,
Қытықты құймышақтай, қозды дүбір.
Өрлігің елпең қағып қалталыға,
Ерлігің еленбеуден тозды ғұмыр.
Оқи отыра, ақ пен қара арбасқан өмірде ішкі тіректің маңызды екенін түсінесің. Ақынның ішкі тірегі – өлең. Сондықтан бар мен жоққа, ыза мен кекке, кекесінге мән бермейтіні белгілі. Дәл өзі айтқандай: «Аяқтан шалушыларға мән бермей, алға қарай жүре беру керек. Етегіңе жабысқан шөп-шалам өзі түседі. Ең негізгісі, салқын ақыл, нұрлы ой, жігерлі қайрат және жүрегіңде иманың болуы керек. Сол барлығынан аршып, тазалап шығады деп ойлаймын».
Мына бір жырындағыдай: 
Тас жүректен махаббат күттім,
Тас мейірден шапағат күттім.
Жанбады!
Көзімнің жасын сықтым.

Алақаннан жылылық күттім,
Адамдардан ұлылық күттім.
Алдады!
Көзімнің жасын сықтым.

Тұлғалардан ірілік күттім,
Өлген ем. Тіріліп күттім.
Болмады!
Көзімнің жасын сықтым! 
Осынша терең өлең жазуға іштегі жараның көлемі әсер ететіндей. Ал жараның қашан, қалай, қайда түскені ақын жанына мәлім. Тек ақын шабытына, қаламына қозғаушы күш болатыны – эмоция. Есенқарақызының поэзиясы да өмір жолына ұқсайды. Қайда жылататынын, қай тұста демейтінін болжап білмейсің. Бірақ дәл ұрымтал тұстан келеді. Тасытады, тебірентеді, жылатады. Артынша көзіңнің жасын сүртіп, дем береді. Рухты қозғап, айдарыңнан жел есетіні бар. «Құм мінезін» танығандай, ақын мінезін де осы жерде түсінесің. Бұл туралы өзінің де айтқаны бар. 
«Әке-шешеміз өбектеп, ешбіріміздің бетімізден шөпілдетіп сүйіп, шектен тыс еркелетіп, «соқыр махаббатын» танытпапты. Жақсы көргенін көзінен танитынбыз. Әсіресе мен отбасыда баланың үлкені болған соң ба «арнайы махаббатқа» ие бола алмай, кейінгі алтауын әке-шешеммен қосыла тәрбиелеген сияқтымын. Жалпы, өмірімде ешкімге еркелеп көрмеппін. Отбасыдағы қаталдық өмір жолымда да көп кездес­ті. Оның да мінезге әсер етуі мүмкін», – деген екен Хан апа. 
Ал мына жыр жолдары жоғарыдағы сөзімізді қуаттағандай болады: 
Жігері жоқ жігітке – жүректі боп көріну,
Тірегі жоқ жігітке – білекті боп көріну, 
Араққұмар жігітке – ішпейтіндей көріну,
Балаққұмар жігітке – түспейтіндей көріну,
Қауқары жоқ жігітке – тақымды боп көріну,
Айтары жоқ жігітке – ақылды боп көріну…
Көріну де көріну – тірідей қақ бөліну!
Иә, бұл – екіжүзді болмыстан жерінген, мұндай типтегі адамды бірден танитын адамның ішкі толқынысы. Қоғамның дертін, мұңын айна қатесіз суреттейтін адамның ойы. Оны өзі де өлеңге қосқан-ды:
Мен ақынмын, әйелмін әлемді ойлар, 
Қоғам дертін сімірген кесемде іркіп. 
Бай таяғы түк емес, төбемде ойнар: 
Қоғам дерті жіберді есеңгіртіп. 
Есенқарақызының осы принципіне сүйсінетін, жырын сүйетін Фариза ақын: «Қазақ жыры кіріспесі Бұхар жыраудан басталатын үлкен бір том болса, Ханбибі ақынның шығармашылығы сол алтын әріпті томның айшықты бір беті деуге әбден болады», – деген екен. Әбіш Кекілбай болса Ханбибі ақынның лирикасы тебірентетінін жеткізген. Белгілі сыншы Бақыт Сарбалаұлы да: «Ханбибі Есенқарақызы – әлдеқашан қазақ әдебиетіндегі өз орнын ойып алып, жеке өз әлемін түзген ақын», – деп бағасын берген. 
Ақын жаны баладай екенін сан мәрте жырлаған апамыз поэзияға қоса, прозаны да, эссе жанрында да қалам тербеді. Елі үшін, құндылық үшін барынша жұмыс істеді. Қай шақта да ақты ақ, қараны қара деуден жасқанбады. Осы принципі оны биіктетіп тұр. 

Ұлтқа қызмет ету мінезден

Қасиетін мойныма ілген тұмардың,
Қасіретін туған елдің ұғармын.
Өз ұлты үшін құрбандыққа бас тіккен,
Сәкендерден әулие емес шығармын, – деген Ханбибі Есенқарақызы ақын емес, алдымен,  азамат. Ұлтын сүйген, қайтсем қазаққа қызмет етемін деген тұлға. Халқы алдындағы перзенттік парызын орындаған қайраткер. Әйтпегенде ақын апамыз «Ақ жол» атты көптомдығын жариялауға жанын салмас еді. Бұл – тарихи кітап. Апамыздың айтуынша, кітаптағы деректерден ізденуші ғалымдар кандидаттық, докторлық диссертация қорғап жүр. 
Оның азаматтық болмысы туралы жазушы Дулат Исабеков: «Ханбибі – ақын, Ханбибі – батыр, Ханбибі – журналист, Ханбибі – тарихшы. Мен үшін кітап деген екіге бөлінеді. Біреуі – баспадан шығатын кітап, екіншісі – перзент сияқты дүниеге келетін кітап. Ханбибінің кітаптарын оқып, келіп отырсыздар, нашар өлең жоқ. Өйткені ішінде әбден қайнаған, піскен, қорытылған, айтпауға болмайтын ойларды қағазға түсірген. Перзент сияқты дүниеге келетін кітап деген – осы. Кейбір күшеншек ақындар бар: «елім, жерім» деп уайым қылады, бірақ шын уайым емес. Ішінде баласы жоқ әйелдің толғатқаны сияқты. Ал Ханбибі шын қайғырады, шын айта біледі. Өлең дегеннің өзі қиын. Бүгінгі заман – өлеңнің емес, драматургияның, прозаның, эссенің заманы. Ал бірақ Евтушенконың сөзіне қарағанда, Ресей мен Қазақстан поэзиясыз өмір сүре алмайды. Өйткені жастайынан құлаққа сіңіріп, ойға түйіп, қайтадан өлең етіп шығаратын халық. Өйткені біздің жырымыз ұшан-теңіз. Ханбибінің өлеңі түгіл, қанатты сөздерінің өзі көп нәрсені айтады. Біз әдебиет, болашақ, ел жайлы көп сырласамыз. «Ақын батыр болмаса, несі ақын?», «Менің мінезім – менің қаруым» – екінің бірінің ойына келмейтін тіркестер. Бұл ақын жүрегі арқылы өтеді. «Ақын азаматтығымен ыстық», «Шындықты не ақын айтады, не ажалы жеткен адам айтады», «Ұлтты танытатын шын ақынның өлеңі», – деген екен. 
Иә, ақын «Ақ жол» туралы Алаш жа­йында тегіннен тегін толғанған жоқ. Сұқбатының бірінде осыдан біраз жыл бұрын ғалымдардан 1920–1922 жылдары «Шолпан» деген әдеби-саяси журналдың сегіз-ақ нөмірі шығып, кейін жабылып қалғанын естіген. Сосын, Өзбекстанның архивіне барып, тауып алып келіп, оны араб төте жазуынан кириллицаға аударып, сол форматпен кітап етіп шығарған. Бұл журнал «Жұлдыз» журналының ізбасары іспетті болған. Осы сапардан кәдесіз қайтпай, Өзбекстаннан «Ақ жол» газетінің 5–6 нөмірін тауып, олжалы қайтқан. Кейін іздестіру жұмысын күшейткен. Басылымның 1920–1926 жылдары аралығында 613 нөмірі шыққан. Өзбекстан, Мәскеу, Орынбор, Санкт-Петербург пен Алматы архивін, кітап палатасын, мемлекеттік музей мен архивті, орталық кітапхана мен тіл академиясының архивтерінен іздеу салып қолына түсірген. Бар қазынаны жинап-теріп, «Ақ жол» газеті туралы 25 том етіп кітап шығарған. Осы азаматтық парызын орындаған соң зейнетке шыққан. Көптомдық турасында: «Алаш құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізуді өзіме парыз санадым. Бір адам атқаратын жұмысты артығымен жасадым деп ойлаймын», – деген екен. 
Толықтыра айтсақ, Ханбибі Есенқарақызы аталған көптомдықты құрастыруға 12 жылын арнаған. Ташкент, Шымкент, Алматы, Мәскеу, Қызылорда, Орынбор бағытында талай сабылған. Газеттің барлық санын табу оңайға соқпаған. Өзбек қаламгерлері мен мәдениет қызметкерлерімен келіссөз арқылы Әлішер Науаи атындағы Ұлттық кітапханаға бас сұққан. Өзінің айтуынша, 1918 жылы, «Қазақ» газеті жабылған соң, Ташкентте шыға бастаған басылымның архивте сақталған нұсқалары әбден ескірген, 100 жылда әріптері өшіп кеткен. Сол басылымдардың 60%-ын­­ Мәскеуден алдырған. Әрі осы аралықта Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры болған. Көптомдықты саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында басып шығарған. 
Ақын апамыз сұқбатында «Сол жерден 1922–1923 жылдары жарық көрген «Шолпан» журналының 8 санын таптым. Ғалым Тұрсынбек Кәкішевке көрсетіп, кітап қылып шығару туралы кеңестім. Араб қарпімен басылған журналдың түпнұсқасын (форматын, дизайнын) сақтай отырып, мәдениет министрлігінің, «Алаш» партиясы, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының қолдауымен кітап қылып шығардық. М.Қойгелді, Б.Аяған, С.Аққұлұлы, А.Перуашев секілді азаматтар қолдау көрсетті» деп айтқан. 
Осылайша, оның ұзақ жылдар бойы ғылыми-ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметтермен де белсенді айналысып жүрген еңбегі еш кетпеді. Алаш арыстарының мұрасын жаңғырту жолында бірталай еңбек етті. Ұлт алдындағы азаматтық позициясына адал болды. Содан да болар, журналистің «саналы ғұмырыңызда қазақ үшін жасаған, ең үлкен олжаңыз қайсы» деген сұрағына ойланбастан, 25 томдық «Ақ жол» кітабы деп жауап берген екен. 

Сырға толы жазба

Ханбибі Есенқарақызы поэзиямен қатар, повесть, әңгіме, эссе жазады. Төгілтіп, кейіпкер келбетін ашып, көсіле қалам тербейтіні бар. Жазушы ретінде кейіпкердің ішкі жан дүниесін, адамдық болмысын оқырман алдына айқара ашады. Мұны өзі де сан мәрте айтты. 
«Ара-тұра өлең жазып қоямын. Бірақ, негізінен, прозаға бет бұрған сияқтымын. Менің өзімнің оңтайыма келетін дүние эссе жанры екен. Философиялық эсселер жазып жүрмін. Ол жерде кейіпкеріңнің бейнесін жасап, өзіңнің де ойыңды қосып өруге болады. Қасым Қайсенов туралы эссемді халық жылы қабылдады. Әзілхан Нұршайықов, Сафуан Шаймерденов, Фариза Оңғарсынова туралы жаздым. Ал Бау­кең туралы ертеректе жазғанмын. Оқырманның берген бағасына қарағанда, жазғандарым сәтті шыққан сияқты. Қазір соңғы бір ғасырда қазақ әйелінің бастан кешкен азабы туралы жазып жатырмын. Жалпы, қазақ көп нәрсені бастан кешірді. Оның ішінде қазақ әйелінің көрмегені жоқ», – деген екен сұқбатының бірінде. Қасым Қайсенов: «Қарағым, Ханбибі, мені мұнда бір үлкен күш алып келді... Адам есейген кезде алды-артын ойлап, айналасын түгендеп қоюы керек. Оңтүстікті ойласам,  алдымен, өзіңді ойлаймын. Оның себебі бар. Қазақта қолына қалам ұстаған... ақын қыздар көп емес. Сенің жағдайың қандай екен, жазуына кедергі жоқ па, отбасы аман ба екен деп ойланып жүремін... ...Мемлекетіміз әлі жас. Өсіп-өркендеу жолында тәжірибе жетпей жатыр. Қателіктер де бар, соны жою үшін ақылыммен болсын, тәжірибеммен болсын, жазу-сызуыммен болсын, болысамын. Мен өз өкіметімді қолдауға бет бұрған адаммын. Маған керегі – елімнің тәуелсіздігі мен амандығы. Кемшіліктеріне төземін, себебі менде басқа Отан жоқ!»
2018 жылы 10 томдығының бірін эссе жанрына арнап, бірсыпырасын оқырманға ұсынды.  Осы кітаптың төртінші томында Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов Ә.Нұршайықов, Ә.Кекілбаев, С.Шаймерденов, Ф.Оңғарсынова, Ресейдің Кемеров облысының губернаторы болған А.Төлеев, әйгілі өзбек қаламгері Саид Ахмад, қара дауыл атанған Қ.Сарыбаев, халық ақыны Ә.Қалыбекова туралы эссесі жинақталған. 
Сыншы Әлия Бөпежанова: «Өмір бойы оқу-жазумен, сараптамашылықпен айналысатын адамның да оқырмандық приоритеттері болатыны бар. Барлық жанрдағы шығармаларды талғамай оқитыныма қарамастан, мен үшін эсселер мен сұқбаттар жинақтарының жөні бөлек. «Жанр мешіт бола алмайды» дегенді кезінде Асқар Сүлейменов айтқан. Жалпы алғанда, ақын-жазушылардың ішінде естелік-эссе немесе эссе жазбағаны кемде-кем. Әдебиет теоретиктері жазушылардың естелік-эсселерін ерекше метажанрлық жүйе деп тануды ұсынады. Эссе – салааралық және, шынтуайтына келгенде, күрделі жанр. Поэзия образдық ойлау жүйесі болса, эссе жанрында мағыналық-құрылымдық жүйені жасаушы автордың өз тұлғасы. Демек, бұл орайда автордың өз тұлғалық деңгейіне байланысты көп жайт – дүниетанымы, ой ауқымы мен қуаты, тағы бір дара қасиет болып саналуға тиіс – заманауилығы айқындала түседі. Ханбибі ақынның рухты, шынайы да шамшыл поэзиясы мен айтары мол прозасын бір кісідей білетіндіктен, оның «Эсселер» жинағын қызыға оқып шығуымның бір себебі де осы еді», – деген екен Х.Есенқарақызы туралы талдау материалында. 
Әуелде Фариза Оңғарсынова Хан ақынның проза жанрына ойысқанын қабылдай алмаған. Оқиға былайша өрбіген. Бірде Ханбибі ақын Оңғарсыноваға «Махаббатым мәңгілік» кітабына қоса, «Шындыққа қарай жүздім мен» эссесін апарған. Сонда ақын апасы: «Прозаға поэзияда қуаты сарқылғандар ғана барады. Мұныңды қолдамаймын», – деген екен. Әрине, бұл сөз авторға әсер етпей қоймасы анық. Ұнатпаса да, іштей тынып қала берген. Кейін өзі туралы эссені оқыған Фариза Оңғарсынова оң бағасын беріп, өзі туралы шынайы жазылған туынды екенін айтыпты. Сіңлісіне хабарласып, осы шығарманы өзі «жуып» беретінін де қосқан екен. Осылайша, Ханбибі Есенқарақызы проза жанрына тереңдей түседі. 
Жалпы, Сарыағаш ауданында туған. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін 1972 жылы сырттай тамамдайды. Институтта оқып жүріп, Макаренко атындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. 1968–1972 жылдары Сарыағаш аудандық «Қызыл ту», «Красное знамя» газетінде әдеби қызметкер атанған. Яғни прозаға төселуіне журналистиканың қыр-сырын меңгергені, редакциядағы қым-қуыт тіршілік те әсер еткен. Кейінне, 1973 –1980 жылдары, облыстық халық шығармашылығы орталығында бас маман болып қызмет атқарған. 1987 жылы облыстық «Қайырымдылық және денсаулық қорын», 1989 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарған. Қай жерде жұмыс істесе де, халық қамын, жағдайын бірінші орынға қойып, әділдікті ту еткен. Өлеңде де, өмірде де ардың жүгін арқалауды парыз деп санаған. Қысқа қайырғанда, оның өлеңі мен өмірі осы жыр шумағында-ақ суреттелгендей: 
Өлең таққа мінбеді,
Өлең Орден тақпады!
Өмірде осы күрделі –
Сүйді мені! Сақтады!

657 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы