• Ақпарат
  • 28 Қараша, 2024

Cөз суретінің шебері

Биыл Тобық Жармағамбетовтің туғанына 90 жыл. Осы мерекелік датаға орай, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап  ғылыми кітапханада өткен «Жарқамыстан шыққан жазушы» әдеби кешіне зиялы қауым өкілдері мен студент-жастар қатысты. Олардың арасында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақтөбе» телеарнасының ардагері Жақсылық Айжанов, қаламгердің шәкірті Жеңіс Қазиев, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, өнер зерттеушісі Нұрлыбек Қалауов және туысы Болат Жармағамбетов бар. Олар жазушы Тобық туралы естеліктер айтып ­ақтарылды. 


Кітапханадағы әдеби кеште Жеңіс Қазиев: «Өткен күндер әлі де көз алдымыздан кетпейді. Туған мекеніміздегі Жарқамыс орта мектебінде еңбек етіп жүрген мұғалімдер қатары 1957 жылы жас мамандармен толықты. Солардың бірегейі – Тобық аға. Ол барлық оқушы-балаға бір туған бауырындай қамқор болып, мейірімін төгетін. Сондай-ақ балаларды кейде жинап алып, әдебиетке деген құштарлығын, ой-өрісін, жалпы ізденісін бір тексеріп қоятын. «Әй, осы сендер «Сая» деген сөзді қалай түсінесіңдер?» – деді бірде ойыннан шыға қоймаған өңкей бозбалаларға. Біз бәріміз «Көлеңке ғой... Көлеңке», – деп шулап қоя бердік. «Дұрыс, алайда оның мағынасы тереңде. Бұл – суықта жауратпайтын, ыстықта терлетпейтін ерекше құбылыс», – деп одан әрі қарай мағынасын аша әңгімелеп берді. Адамның, әсіресе жас балалардың ой-өрісін дамытатын сауал мен тиянақты әрі терең жауапты жиі естіп жүрдік. Таным көкжиегі кең Тобық аға не бары 39 жасында өмірден озды. Туындылары енді-енді таныла бастағанда да мінезінен бөтендік байқалмайтын қарапайым еді. Тіпті оның шығармаларын қай уақытта жазып үлгеретінін де білмейміз. Ал оқырман көзімен қарасақ, туындыларының ішінде өзің жүргендей әсерде қаласың, – деп, жазушы шығармаларының оқырман жүрегінен орын алғанын және мәңгілікке тұрақтайтынын айтты.
Қаламгер қауым арасында және жалпы қазақ әдебиетінде Тобық Жармағамбетов шығармалары бір төбе, орны ерекше. Кітапхана қызметкерлерінің де негізгі міндет-миссиясы – ойлы оқырманға қаламгердің шығармаларын кеңінен насихаттау.

Сұлушаш ХАКИМОВА,
С.Бәйішев атындағы 
облыстық әмбебап ғылыми 
кітапханасының директоры

896 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы