- Ақпарат
- 28 Қараша, 2024
ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ ОЗБЫРЛЫҚ
Буллинг – агрессия немесе күш көрсету арқылы біреуді қорлау, кемсіту, қорқыту, қоқан-лоқы жасау, үстемдік көрсету. Ол физикалық күш қолдану немесе сөз арқылы қорлау түрінде де жасалады. Әдетте буллинг әлсіз, өзін қорғай алмайтын адамға бағытталады, себебі дәрменсізге үстемдік ету оңайырақ. Әсіресе мектеп оқушылары арасында әлімжеттік пен буллинг аса өзекті мәселелердің қатарында тұр. Психологиялық тұрғыдан осал, әлсіз баланы өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу, денесіне қандай да бір зақым келтіру сынды өлімге әкеліп соғатын аса қорқынышты әрекеттер әлімжеттіктен басталады. Буллингіге көбіне қандай балалар ұшырайды? Отбасы тәрбиесі, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы буллинг мәселесінде қандай рөл атқарады? Балаға тұлға ретінде қарамаудың салдары қандай? Осындай сауалды көтерген дөңгелек үстелге мектеп психологін, әлеуметтанушыны, мектептегі оқу және тәрбие ісі жөніндегі маманды арнайы шақырдық.
Бала өзін бақылауды үйренсе
– Ең алдымен, терминге анықтама беріп алсақ, буллинг сөзі қандай мағына береді? Мұндай ұғым қай уақыттан бері қолданылып келеді?
Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ, әлеуметтанушы:
– Жастардың әлеуметтік көңіл күйі, құндылық бағдары тақырыбында Қазақстан бойынша көлемді зерттеулер жүргізіп жүрмін. Буллинг (ағыл.: «bully» – мазақтау, қорқыту) – қасақана жасалатын қысым көрсету, агрессиялық мінез-құлық. Ол жүйелі сипатқа ие болып, әлеуметтік билік пен физикалық күш теңсіздігіне негізделеді. 1993 жылы норвегиялық психолог Д.Ольвеус «Мектептегі буллинг: біз не білеміз және не істей аламыз?» атты кітабында әлімжеттікке классикалық анықтама берді. Оның айтуынша, буллинг – балалар мен жасөспірімдер арасындағы жүйелі түрде қайталанатын, қасақана жасалатын агрессияға толы әрекеттер, бұл әлеуметтік билік немесе физикалық күш теңсіздігіне сүйенеді. Осы анықтама буллингінің негізгі белгілерін қамтиды: қасақаналық, жүйелілік және агрессиялық сипат, сондай-ақ «күшті» мен «әлсіздің» қайшылығына негізделгенін көрсетеді. Бұл белгілер буллингіні қазіргі коммуникациялық ортаның ерекше феномені ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Мектептегі зорлық-зомбылыққа буллинг, әлімжеттік, озбырлықты жатқызуға болады. Ондай мінез-құлық туралы алғашқы жазбалар ХХ ғасырдың басында пайда болды. Мысалы, 1905 жылы К.Дьюкстің зерттеуі жарық көрген. Алайда буллинг мәселесі бойынша жүйелі зерттеулер Скандинавия елдерінен бастау алады. Бұл бағытта Д.Ольвеус, Е.Роланд, П.П. Хайнеманн және А.Пикас сияқты ғалымдар еңбек етті. Кейінірек бұл мәселе Британия зерттеушілерінің назарын аудартты, олардың ішінде Д.А. Лейн, В.Т. Ортон, Е.Мунте және Д.П. Татумды атап өтуге болады.
Біздің елде, өкінішке қарай, буллинг, әлімжеттік, озбырлық ұзақ уақыт бойы жеке зерттелмеген проблема ретінде қалып келді. Ресейде бұл тақырыпқа қатысты алғашқы зерттеу сипатындағы мақалалар тек 2006 жылы жариялана бастады. Танымал ғалым И.Конның айтуынша, мұндай жағдайдың себебі тек әлеуметтік-экономикалық мәселелерде емес, сонымен қатар зорлық-зомбылық пен әділетсіздікке, төзімге де байланысты. Қоғам ретінде біз өзіміздің де, өзгелердің де қадір-қасиетін сыйлауға дағдыланбағанбыз. Біз үшін бала – өзіндік құндылыққа ие тұлға емес, белгісіз бір бүтіннің бөлшегі ғана.
Буллинг – мектептің ғана емес, жалпы қоғамның мәдениеті мен қарым-қатынасындағы маңызды мәселе. Оны шешу үшін жүйелі зерттеулер мен кешенді шаралар қажет.
Бұл мәселе мектеп қабырғасындағы оқушылар контексінде қалай көрініс табады? Отбасылық жағдай әсер ете ме? Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан және әлеуметтік жағдайы жоғары отбасыдан шыққан баланың іс-әрекеті қандай? Толық және толық емес отбасыдан шыққан баланың мінез-құлқы қандай болады? Баланың тәрбиесіне, әлеуметтік жағдайына қарап, оның әлімжеттікке белгілі бір дәрежеде ұшырауы туралы кесіп-пішіп еш нәрсе айта алмаймыз. Ғылымда себеп пен негіз бардай, бұл тұста мектептегі әлімжеттіктің себебі өте көп. Әлімжеттіктің көп шығатын себебі – баланың толық емес отбасыдан шығуы, әке-шешенің тәрбиесі, мүгедектігінің бар болуы, ерекше жандардан болуы, туабітті психологиялық ауытқуы, денсаулық жағдайы т.б.
Отбасының, мектептің өзіндік бекіткен нормасы, ережелері мен қағидаттары бар. Жалпы, қоғам өзі бекіткен құндылықтар мен нормалар аясында өмір сүреді. Соның негізінде мәдениет қалыптасады. Бала осы жалпыға ортақ өмір сүру тәсілінен, нормадан қай кезде ауытқиды? Әлеуметтануда мұны «девиантты мінез-құлық» дейді және девиацияға байланысты теориялармен түсіндіруге болады. Соның ішінде «әлеуметтік бақылау» деген ұғым бар. Әлеуметтік бақылау өз-өзін іштей бақылау, бейресми және ресми бақылау деп аталатын 3 формада жүзеге асады.
Әлеуметтік бақылау туралы ғылымда «мектептегі шпаргалка пайдаланудан адам өлтіруге дейінгі бүкіл қылмыс, яғни нормаға жатпайтын әрекеттің барлығы адамның өзін іштей және бейресми бақылаудың дұрыс жүзеге асырылмауынан болады» деген анықтама береді. Өзін-өзі іштей бақылау қалай жүзеге асырылады? Ол әр адамның бойына жиған әдебі, тәрбиесі, құндылықтарына тікелей байланысты. Мысалы, дөңгелек үстелде отырып, есінеу, ұйықтап отыру, жалпайып отыру т.с.с. ерсі қылық. Ал бейресми бақылау қалай жүзеге асырылады? Ата-анасы, бауырлары мен жақындары, достары, қоршаған ортасы болмаса мұғалімі ісінің жөнді-жөнсіз тұсын айтып, түзеп, реттеп, бір тезге салып отырады. Ресми бақылау, аты айтып тұрғандай, тәртіп органдары арқылы жүзеге асырылады. Ғалымдардың айтуынша, осы әлеуметтік бақылаулардың ішінде, өз-өзін іштей бақылау мен бейресми бақылау өзінің функциясын дұрыс атқармағанда міндетті түрде диссонанс, тұрақсыздық пайда болады.
Оқушы неге қатыгез?
– Буллингінің балалар психологиясына теріс әсерін қалай сипаттауға болады? Алдыңызға мектепте сыныптасынан не бір мектеп оқушысынан қандай да бір жәбір көргенін айтқан білім алушы болды ма? Мәселені қалай шештіңіздер? Ол баланың қазіргі жағдайы қандай?
Әлия СҮЛЕЙМЕН, педагог-психолог:
– Қазір жасөспірімдер арасында әлімжеттіктің кең өріс алып жатқаны бәрімізге белгілі. Өзі қатарлас баладан әлімжеттік көріп жүрген баланың сабаққа деген қызығушылығы төмендеп, мектепке баруға ниеті де болмайды. Тәжірибемде мұндай жағдайлар, әрине, кездесті. Жәбірленуші оқушының психолог маманға жүгініп, мәселені айтуға шешім жасағанының өзі үлкен қадам. Бұл мәселенің әлімжеттікке жататынын не жатпайтынын ажыратып алу маңызды. Біріншіден, әке-шеше баласының қатыгез болып бара жатқанына өздерінің де қатысы барын түсінуі қажет. Екіншіден, дер кезінде психологиялық көмек көрсетілмесе, келешекте оның зардабын бала да, ата-ана да тартуы мүмкін. Ата-ана бала өмірінің қиын кезеңінде қамқорлық танытып, оның жанын ауыртып жүрген ойға дер кезінде көңіл бөлгені жөн.
– Қандай бала әлімжеттікке жиі ұшырайды? Сабақ барысында не одан тыс оқушылардан алынатын психологиялық тестілеуде қазіргі балалардың бойынан қандай үрдісті, өзгерістерді байқадыңыздар?
Әлия СҮЛЕЙМЕН:
– Әлімжеттікке көбіне өзіне деген сенімі, өзіндік бағасы төмен жасөспірім жиі ұшырайды. Сондықтан бұл жерде, ең бастысы, ата-ананың балаға деген қолдауы аса маңызды рөл атқарады .
Денсаулық сақтау министрлігі баланың буллингіге ұшырағанын көрсететін белгілерін атап көрсеткен еді. Оның ішінде: зейін қою проблемалары, депрессия, көңіл күйінің болмауы, ашуланшақтық, сенімсіздік сезімі, сезімталдықтың жоғарылауы, асқазанның ауыруы, шаршау, тәбеттің болмауы, әлеуметтік байланыстардың жоқтығы, қорқыныш белгілері болуы мүмкін, кеуде тұсындағы қысым, терлеу, арқасының, желкесінің, бұлшықеттерінің ауыруы, ұйқының бұзылуы сияқты белгілер бар.
Қазір мектептегі психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жұмыстары бойынша жасөспірім арасындағы әлімжеттіктің алдын алу мақсатында кешенді жобалар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, мектепте «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтымен бірлесе, «ДосболLIKE» атты бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның мақсаты – жасөспірім арасындағы озбырлықтың алдын алу. Ұйымшыл болуға, өзара қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған әртүрлі тапсырма беру арқылы, оқушыларға буллингінің дұрыс емесін түсіндіріп жүрміз. Дегенмен қазір мектептегі психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жұмыстарын автоматтандыру жүйесі бойынша «Жанұя» платформасы арқылы Д.Ольвеус, Л.Г. Федоренко сауалдамалары алынып, нәтижесін салыстырмалы түрде қарағанда, әлімжеттікке ұшыраған балалардың аз екенін байқадық. Сауалдама бойынша әлімжеттік көрген оқушылармен жеке сөйлесіп, мәселені оңтайлы шешуге тырысамыз.
Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ:
– Білім беру жүйесінде әлімжеттік мәселесін зерделеу бірқатар маңызды факторға негізделген. Біріншіден, балалардың коммуникативтік дағдыларының төмендігі. Қазіргі балалардың өзара қарым-қатынас орнату және жанжалды бейбіт шешу қабілеті жеткілікті деңгейде дамымаған. Екіншіден, білім беру жүйесінде бәсекелестік пен лидерлікке басымдық берілуі. Көптеген білім беру бағдарламасы оқушылар арасындағы серіктестік, өзара түсіністік пен бейбіт қарым-қатынасты дамытуға жеткілікті назар аудармайды. Үшіншіден, балалар арасындағы әлеуметтік теңсіздіктің ушығуы. Материалдық жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар мен ауқатты отбасыдан шыққан балалар арасындағы теңсіздік қарым-қатынастың шиеленісуіне себеп болып жатыр. Төртіншіден, мұғалім беделінің төмендеуі. Бұрын мұғалім оқушылар арасындағы агрессияны тежеуші негізгі фактордың бірі болған, алайда қазір бұл рөл әлсіреп кетті. Бесіншіден, балалардың психикалық денсаулығының нашарлауы. Бұл жағдай кей кездері ашушаңдық, импульсивке толы әрекет пен қиындыққа деген төзімсіздік түрінде көрініс береді.
Осы факторлардың бәрі буллингінің тек жекетұлғалық емес, сонымен қатар әлеуметтік мәселе екенін көрсетеді. Сондықтан бұл құбылысты шешу кешенді тәсілді, оның ішінде білім беру жүйесіндегі, қоғамдағы және отбасы ішіндегі қарым-қатынасты дамытуды, нығайтуды талап етеді.
Әлеуметтік желілерден қарап отырамыз, кіп-кішкентай балалар тірі жанға да, жануарларға да адам көрсе шошырлық әрекет жасап жатады. Аузынан ана сүті кетпеген кіп-кішкентай баладан осындай тасжүректік қайдан шығады, қайдан шығуы мүмкін деген ой келеді.
Кешегі Талғар оқиғасында жазықсыз көз жұмған Шерзатты, мектеп оқушыларының өз-өзін суицидке итермелеу мәселелерінің түбін тарқатып айтсақ, бір проблеманы көре аламыз. Баланың бойындағы әлеуметтік нормалар мен ережелерге сәйкес келмейтін девиантты мінез-құлықтың пайда болуында тікелей ата-анасының ықпалы бар. Балаға оны дүниеге әкелген ата-ана тікелей жауапты. Д.Майерстің зерттеулерін де ортаға салып отырайын. Ғалымның зерттеуінше, дамыған елдердегі отбасылардың 98%-ында теледидар бар, ал 66%-ында екі немесе одан да көп теледидар бар. Зерттеу барысында ата-ана балаларының не көріп отырғанын білмейтіні анықталған. «Балаларыңыз қандай телебағдарламаларды көреді?» деген сұраққа ата-ана мен бала екі түрлі жауап берген. Осылайша, ата-ана балалардың неге ашушаң болып бара жатқанын түсінбейді және олардың мінез-құлқын түзете алмайды. Ал бұл агрессияның себептері, негізінен, түрлі телешоу мен фильмнен туындайды.
Ғылымда редукционизм деген ұғым бар. Редукционизм (лат.: қайта оралу) – біртектес құбылыстың сапалық деңгейін басқа құбылысқа телитін әдістеменің бір түрі. Редукционизм деп отырғанымыз, адамға тірі жан иесі ретінде қарамау. Баланың ішкі жан қалауымен айналыспай, балаға болашақта асырайтын, ақша табатын машина ретінде қарау ата-анада белең алып барады. Ешкім баласын жаман болсын демейді, бірақ баласының «жаман» болып өсіп шығуы үшін бүкіл жағдайын жасағанын өзі де білмеуі мүмкін. Қарапайым өмірден мысал айталық, ата-ана баласымен қарым-қатынас орнатпайды, дастарқан басында рухани құндылықтар турасында сөз қозғамайды. Баласының киімі бүтін, қарны тоқ болғанын ғана мақсат ететін ата-ана түбінде опық жейді. Қатты айтсам, ата-аналар ренжімесін, қазіргі заманда өмір сүретін ата-ана баласын тек қаржыландырумен айналысады. Егер баланың бойынан бір кері қасиеттерді, оғаш әрекеттерді байқаса, оны баласы білім алатын мектеп ордасына не қосымша үйірмелерге келіп, жауапкершілікті сол кісілерге ысырып, шағым жасайды, арыз жазады т.б. Редукционизмнің мәселесі де осында. Редукционизм пайда болуынының айқын бір көрінісі – құрал мен құндылықтардың аражігін ажырата алмауда жатыр. Біз балаларға құндылықтарды емес, құралдарды берумен айналысып келеміз. Құрал деп отырғанымыз не нәрсе? Баламыздың мектепте жақсы, үздік оқып, белгілі бір жетістіктерге жетіп, ҰБТ-дан 140 балл алып, мемлекеттік грантқа түссе, математика мен физика сынды рационалды ғылымды игерсе, полиглот болса деген ата-ананың өзіндік қалауынан, қоғамның таңып берген клишелерінен туындайды. Мұның бәрі – құрал. Баласының жан қалауына, қабілет-қарымына, ішкі жан дүниесіне, сырлы әлеміне үңілмеген ата-ана баланың өміріне үлкен ойран жасайды. Көп ата-ана осы құралдардың игерілуіне көңіл бөліп жатыр десек болады. Неге? Себебі қазіргі қоғамның талабы – сол. «Өзіңді ойла», «заманың түлкі болса, тазы боп шал», «осы құралдарды меңгерсең, адам боласың» деген ілеспе ұғымдардан туындайды.
Жалпы, адам баласына махаббат, мейірім, ізгілік деген қасиет керек. Өз басыңның қамын ғана емес, өзгенің де амандығын һәм берекетін ойлау, әлдекімге жанашырлық таныту, алдыңда тұрған адамның маңызды екенін ұғындыратын құндылықтарды баланың бойына ертеден сіңірген жөн. Ал біз сол құндылықтарды дәріптеуіміз әрі насихаттауымыз керек. Ата-ананың осындай қарапайым дүниелердің өзін білмегенінен бе, әлде біле тұра қоғамның талабы сондай екен деп ойлағанынан ба – баласына тек құрал берумен ғана шектелуде.
Мектептегі әлімжеттік тақырыбының мәнін онтологиялық, экзистенциалды тұрғыдан кеңінен ашуға болады. Осы мәселенің негізін, кредосын онтологиялық, экзистенциалдық қырынан талдап бермейінше, мәселенің бір парасын бұтақтап, кесіп отыра алмаймыз. Оны тамырынан анықтап, тарқатып, түсіндіріп айтып, қолға алмаса, бұл өзекті мәселе көбейгеннің үстіне көбейе береді.
Буллингіге қарсы тұру – қоғамның әр мүшесінің міндеті
– Бала тәрбиесі, отбасы құндылықтарына байланысты бірнеше іс-шараның бас-қасында жүрген мамансыз. Әңгімемізді қазақ халқының дүниетанымындағы рухани құндылықтар турасында өрбітсек. Баланың бойына осы бір құндылықтарды сіңіруде қандай қателік жіберіп жатырмыз? Жасөспірімдердің бойындағы алауыздықтың себебі не?
Фарида ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, №200 мектеп-гимназиясының директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:
– Әлімжеттік, яғни буллинг – тек мектеп қабырғасында ғана емес, жалпы қоғамның әртүрлі деңгейінде көрініс табатын күрделі мәселе. Ол басшылық тарапынан, педагогтердің өзара қарым-қатынасында, ата-ананың балаларға деген көзқарасында немесе балалардың өзара байланысында байқалуы мүмкін. Кейде адам өзінің әлімжеттік жасағанын да байқамайды. Бұл мәселенің тамыры тереңде жатыр, сондықтан оны тек сыртқы құбылыс ретінде қарастыру жеткіліксіз.
Мектеп қабырғасында жұмыс істейтін маман ретінде балалардың эмоционалдық жағдайын бақылау басты міндетіміздің бірі. Таңертең сабақ басталар алдында балалардың көңіл күйіне, бет-әлпетіне зер саламыз. Үйінен жадырап келген бала бізге қуаныш сыйласа, көңіл күйі төмендеген оқушыға бірден назар аударамыз. Сабаққа кешігіп келген бір баланың бетінде саусақ ізінің болғаны есімде. Онымен жеке сөйлесіп, мән-жайды анықтадық. Осындай жағдайлар ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың жеткіліксіздігін көрсетеді. Мектепте балаларға рухани құндылықтарды түсіндіру, олардың ішкі жан дүниесіне үңілу мақсатында түрлі іс-шаралар өткіземіз. Баланың мектепте 6 сағат уақыт өткізуі – оның тұлғалық қалыптасуындағы маңызды кезең. Дегенмен мектептен тыс уақытта ата-ананың балаға қамқорлығы мен сүйіспеншілігі үлкен рөл атқарады.
Қазіргі баланың көпшілігі материалдық жағдайды рухани құндылықтардан жоғары қояды. Кейде баладан неге ренжігенін сұрағанда, ата-анасы оған жалпы әлемде «бедел» саналатын «iPhone» алып бермегенін, сол үшін күрсініп отырғанын, көңіл күйінің жоқ екенін айтып жатады. Мұндай жағдайда балаға дұрыс құндылықтарды сіңірудің жетпегенін байқаймыз. Ата-ананың балаға деген қамқорлығы көбінесе материалдық қамтамасыз етумен шектеліп қалды. Ал рухани тәрбие – адамды адам ететін негізгі қағидаттардың бірі.
Мұғалімге жиі айтатынымыз: «Баланың жүрегіне жол табыңыз, оның жан дүниесіне үңіліңіз». Бұл қағидат ата-анаға да қатысты. Әр ата-ана баласына жанашырлықпен, махаббатпен қарап, оның тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етуі керек. Баланың өз өміріне деген жауапкершілікті сезінуін үйрету – ата-ананың басты міндеттерінің бірі.
Мектепте «Аталар форумы», «Әжелер форумы», «Әкелер мен аналар форумы» сияқты іс-шараларды өткізіп отырамыз. Бұл іс-шаралардың мақсаты – отбасылық тәрбиенің маңызын насихаттау. Әжесі мен атасының қолында өскен баланың бойында мейірім мен тәрбие көп болады. Қазіргі қоғамда бұл үлгі, өкінішке қарай, сирек кездеседі.
Тоқырау жылдары ата-ана бала тәрбиесіне емес, күнкөріс қамына көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болды. Сол кезеңнің балалары тәрбиелік назардан тыс қалып, өмірдің қиындығын ерте сезінді. Бүгінде олардың кейбірі агрессияға толы адамға, ата-анаға айналғанын байқаймыз. Бұл тарихтан сабақ алып, бүгінгі ұрпаққа дұрыс тәрбие беруіміз қажет екенін көрсетеді. Әр ата-ана баласының жеке тұлға екенін түсініп, оған өз қажеттіліктерін орындауға көмектесуі қажет. Мектеп пен отбасы бірлесе отырып, баланы тек білімді ғана емес, рухани бай, саналы азамат етіп тәрбиелеуі керек. Бұл – қоғамның әр мүшесінің ортақ міндеті.
– Мектептің тәрбие ісіне арналған бағдарламасындағы әлімжеттіктің алдын алу қалай жүзеге асады?
Жансая СӘДУАҚАСҚЫЗЫ, Бостандық ауданы, №81 мектеп-гимназия, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Оқушыларды буллингіден қорғау – бұл мектеп әкімшілігінің, мұғалімдердің, ата-аналардың және оқушылардың бірлесіп жұмыс істеуін талап ететін кешенді және аса маңызды міндет. Әлімжеттік немесе буллингінің құрбаны болған бала оны уақытылы жеткізіп, көмек сұраған жағдайда, мәселені тез арада шешуге мүмкіндік туады. Мұндай оқиғаларда барлық тараппен жұмыс істеп, мәселенің түп тамырын анықтау және оны болдырмау үшін тиісті шаралар қолданамыз.
Мектебімізде тәрбиенің негізгі бағыттарын қамтитын «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама арқылы ай сайын әртүрлі құндылықтарды дәріптейтін іс-шаралар өткіземіз. Мысалы: қыркүйек – «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік» айы, қазан – «Тәуелсіздік және отаншылдық» айы, қараша – «Әділдік және жауапкершілік» айы, желтоқсан – «Бірлік және ынтымақтастық» айы, қаңтар – «Заң және тәртіп» айы, ақпан – «Жасампаздық және жаңашылдық» айы.
Бұл іс-шаралар тек жоғарыда айтылған құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, оқушылардың өз ойын еркін жеткізуіне, өзін тұлға ретінде тануына мүмкіндік береді. Әр сыныпта өткізілетін тәрбие сағаттарында балалар бір тақырып аясында пікір алмасып, ұсынысын айтып үйренеді. Бұл олардың қарым-қатынас дағдысын дамытып, бір-біріне түсіністікпен қарауға баулиды.
Әр оқушының психологиялық-физиологиялық ерекшелігіне назар аудару – басты міндетіміз. Әсіресе 9-сыныпқа дейінгі оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты олардың эмоциялық тұрақтылығын бақылау маңызды. Мұғалімдер, психологтер, әлеуметтік педагогтер және ювеналды полиция қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынас жасап, оқушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерді анықтау және алдын алу шараларын ұйымдастырамыз.
Мектепте оқушылар арасындағы кикілжіңді болдырмау үшін жүйелі шаралар қабылданады. Буллинг немесе түсініспеушілік туындаған жағдайда мынадай іс-қимыл алгоритмі орындалады:
1. Оқиғаның қай уақытта, қай жерде болғанын анықтау.
2. Сынып жетекшісі оқиға туралы хабардар болып, жәбірленушінің ата-анасына хабарласу.
3. Қатысушы оқушылардан түсініктеме алу.
4. Екі тараптың қателіктерін теңдей қарастырып, бейбіт келісімге шақыру.
5. Қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсету.
6. Әр тараптың құқығы мен міндетін түсіндіріп, дұрыс шешім қабылдау.
Буллинг көбінесе түсініспеушіліктен және дұрыс қарым-қатынас орнатпаудың туындайды. Мұның алдын алу үшін мектептің тәрбие жүйесін дұрыс құрып, балаға қолдау көрсету қажет. Оқушыны таңертең күтіп алу, оның сабаққа кешігуінің себебін анықтау, әр пән мұғалімінің оқушыға деген назарын күшейту – тәрбие ісінің маңызды бөлігі.
Буллингіге қарсы тұру – тек мектеп әкімшілігінің ғана емес, қоғамның әр мүшесінің ортақ жауапкершілігі. Әр оқушы өзін құрметті әрі қауіпсіз ортада сезінуге тиіс. Мектепте де, үйде де балаға жанашырлық танытып, олардың ішкі әлемін түсінуге тырысу – болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі басты міндет. Тәрбиенің қайнар көзін ата-анадан, отбасының рухани байлығынан іздеуіміз қажет. Тек осылай ғана үйлесімді, саналы және адамгершілігі мол ұрпақ өсіре аламыз.
Отбасы – баланың рухани негізін қалайтын орын
Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ:
– Әлеуметтану ғылымында әлімжеттік, девиациялық мінез-құлық, девиация сынды құбылыстарды түсіндіретін түрлі теориялар бар. Олардың қатарында «конфликт теориясы», «символдық интеракционизм», «дифференциалды ассоциация», «қорқыту-үркіту», «аттану», «тартыну теориялары» жиі қолданылады. Бұл теориялар әр жағдайды өз призмасынан қарастырып, оны өзінше түсіндіруге тырысады.
Мысалы, «дифференциалды ассоциация теориясын» алып қарайық: «сынықтан басқасының бәрі жұғады» дегендей, адам девиацияға ұшыраған ортада өмір сүрсе, сол ортаның мінез-құлық үлгілерін өз бойына да сіңіреді. Ал «символдық интеракционизм теориясы» күнделікті қарым-қатынас барысында қауіпті не пайдалы деген символды қабылдау арқылы түсіндіріледі. Қазіргі кезде қоғамда әлімжеттік көрсету қалыпты құбылысқа айналып кетуі мүмкін. Мысалы, кей адам адал жолмен жетістікке жеткеннен гөрі, қысқа әрі қиянатқа толы жолмен мақсатқа жетуді дұрыс көреді. Оның себебі – қоғамда осындай мінез-құлыққа ауыр жаза тағайындалмайтынына сенімнің болуы.
Қоғамда зорлық-зомбылық, қиянат жасау, әлсізге күш көрсету арқылы «тек мықтылар ғана өмір сүреді» деген қате ұғым белең алса, мұндай қарым-қатынасты көріп өскен бала оны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Аттану теориясына сәйкес, балаға бір нәрсені қайталап айтсаңыз, ол оған сеніп, солай әрекет ете бастайды.
Ата-бабаларымыздан қалған рухани мұра – баталар, жыр-дастандар, қиссалар – бала тәрбиесінде маңызды құндылықтың қайнары. Бірақ қазір бұл мұралардың мәні дұрыс дәріптелмей жатыр. Қазіргі жастар үшін бұл құндылықтар ескінің сарқыншағы сияқты көрінуі мүмкін. Шындығында, адамның ар-ұятын оятып, ішкі жан дүниесін байытатын қадам – осы.
Шәкәрім Құдайбердіұлының:
Затшылдық көзiн байлады,
Адастырып айдады.
Жан билемей, тән билеп,
Ақылдың соры қайнады... – деген өлең жолдарынан алынған ғибратқа толы сөздері бар.
Адам бойында рухани құндылықтар жетпесе, ол қоғамда қиянат жасау, зорлық көрсету секілді теріс әрекеттерге бейім болады. Сондықтан мектеп те, отбасы да бала тәрбиесінде рухани құндылықтарға үздіксіз баса мән беріп отырғаны жөн.
Фарида Тоқтасынқызы айтып өткендей, ата-әжесінің тәрбиесін көрген баланың болмысы бөлек болады. Ондай баланың бойында мейірімділік, ізеттілік, қайырымдылық секілді «толық адам» қасиеттері ерте қалыптасады. Себебі ата-әже баланың санасына рухани құндылықтарды ертегілер мен дастандар арқылы сіңіреді. Ал қазір бала тек рационалды білім алып, рухани тәрбиеден кенде қалып жатыр.
Мектеп – баланы белгілі бір саланың маманы етіп тәрбиелейтін құрал, ал отбасы – баланың рухани негізін қалайтын орын. Баланың көкірегі ояу, жаны таза болу үшін ата-ана оның бойына адамгершілік, мейірім, қайырымдылық, ізеттілік, кең пейілдік сияқты қасиеттерді ерте жастан сіңіруі керек. Мектеп осы құндылықтарды насихаттап, дамытуды жалғастырады.
Әлімжеттік мәселесін шешуде, ең алдымен, адамның ішкі дүниесін байыту керек. Ар-ұятты оятатын құндылықтар дәріптелмеген қоғамда әділетсіздік белең алады. Сондықтан ата-ана мен мектептің бірлескен тәрбиесі арқылы баланың рухани және адамгершілік тұрғысынан жетілуін қамтамасыз етуіміз қажет. Себебі адамның кәсіби жетістігі емес, адамгершілігі маңызды.
– Ата-ана мен мұғалімдерге балалар арасындағы әлімжеттіктің алдын алу үшін қандай психологиялық кеңес ұсынар едіңіз?
Әлия СҮЛЕЙМЕН:
– Ата-ана мен бала арасында, ең бастысы, сенім орнауы керек. Ата-ана баланы қолдап, бала ата-анасының қолдауын сезіне білуі керек. Қандай жағдайда да, ата-анасынан еш нәрсе жасырмауды үйретуге бейімдеу қажет. Кейбір бала отбасыдағы қатал талаптан ата-анасынан қорқып, шындықты айтпайды. Мұғалім күнделікті сабақ барысында әр баланың көңіл күйіне назар аударып, беймазалық байқаса, міндетті түрде баланың өзімен жеке сөйлесіп немесе сынып жетекшісіне, психологке хабарлауы керек.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Бағдат Сұлтанқызы
1469 рет
көрсетілді0
пікір