• Ақпарат
  • 28 Қараша, 2024

Дәулет ЕРМЕКҰЛЫ, заңгер: Мемлекеттік тілдің қолданылуы міндеттелуге тиіс

Егемендік алғаннан бастапқы онжылдықта биліктің мақсаты экономиканы көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға байланысты болғандықтан, тіл мәселесі шетте қалып кетті. Үкімет тілге қатысты қателігін кеш түсінді деп ойлаймын, оған дәлел 2000 жылға дейін жоспарланған №767 Қазақ КСР Министрліктер кабинетінің 06.12.1991 жылғы республикалық координациялық кеңеспен мемлекеттің қазақ тілін дамыту бағдарламасы туралы қаулысы (тіпті қазақ тіліндегі аудармасы жоқ) тек 31.03.2010 жылғы №265 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен заңды күшін тоқтатты.

2010 жылдан бастап бүгінге дейін Үкімет қазақ тілін дамыту және оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарламаларды іске асырды. Бұл бағдарламалар белгілі бір деңгейде оң нәтиже беріп келеді. Мысалы, қазір мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген. Сонымен қатар балаларға арналған «Балапан» телеарнасы ашылды және Голливуд өнімдері қазақ тіліне аударылып көрсетіліп жатыр.
Дегенмен, менің пайымымша, қазақ тілінің дамуына серпін беретін латын әліпбиіне көшу бастамасы кейінгі жылдары қарқынын бәсеңдетті. Бұл әсіресе тілге қатысты соңғы екі Үкімет қаулысынан анық байқалады.
Мысалы, 2020–2025 жылдарға арналған Тіл саясатын іске асыру мемлекеттік бағдарламасында міндет ретінде латын графикалық әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту, салалық терминдер жүйесін жетілдіру, ономастикалық кеңістікті реттеу және стандарттау көзделген еді. Алайда 16 қазан 2023 жылғы №914 қаулымен бекітілген 2023–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы тіл сая­сатын дамыту тұжырымдамасында «латын» сөзін мүлде кездестірмейміз. Бұл латын әліпбиіне көшу бағытының нақты жалғасуына қатысты белгісіздікді туындатып отыр.
Кириллица немесе латын әліпбиін қолдансақ та, ең бастысы, ана тілінде сөйлеп, жазғанымыз абзал. Қолданыссыз тілдің дамуын елестету мүмкін емес.
Заңгер ретінде әртүрлі өңірде сот процестеріне қатыса отырып, қазақ тілінің қолданылу үрдісінің төмен деңгейін байқаймын. Әсіресе Қазақстанның солтүстік өңірлерінде бұл көрсеткіш өте төмен. Жақында Семей қаласының сотына азаматтық талап-арызды қазақ тілінде жазғанымда, сот хатшысының маған өзге тілде сұрақ қоюы көңілге қаяу түсірді. Оның үстіне хатшылардың көбі соттан тыс уақытта қазақ тілін қолдана бермейтіні де байқалады. Әрине, бұл олардың жеке құқығы, алайда ресми мекемелерде мемлекеттік тілдің қолданылуы міндеттелуге тиіс.
Сот ісін жүргізу тілі қағидаты бо­йынша, қазақ тілінде арыздансаңыз, сот істі сол тілде қарауға міндетті. Сонымен қатар ісіңізді қараушы орган қазақ тілінде қызмет көрсетуге немесе аудармашы қамтамасыз етуге тиіс. Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы №13 нормативтік қаулысында нақты көрсетілген.
Алайда сотқа арыз жазу кезінде адам көбінесе құжаттарды орыс тілінде тапсыруды жөн көреді. Себебі қазақ тілінде келісімшарт жасалмағандықтан, оны аудару қосымша шығынды қажет етеді. Бұл да қазақ тілінің аясын шектейтін себептердің бірі.
Тағы бір басты мәселе – отбасыдағы тіл саясаты. Кейбір ата-ана үйде орысша сөйлесіп, балаларын орыстілді мектепке береді. Мектепте орысша оқыған бала әдетте жоғары білімді де сол тілде алады. Сөйтіп, қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде қалып қояды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкес, заң мен сот алдында барлық адам тең және кез келген адамды тілге немесе басқа белгілеріне байланысты кемсітуге болмайды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 75-бабына сәйкес, лауазымды адамның тілді білмеуі себепті жеке және заңды тұлғалардың өтінішін қабылдаудан бас тартқаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Қазақ тілін дамытуға өзіміз мүдделі болуымыз керек. Бұл ретте Жапонияның тәжірибесін үлгі етіп алуға болады. Жапон мектептерінде балалар бастауыш сыныпта тек жапон тілін және бірнеше негізгі пәнді оқиды. Олар балаларын ұлттық тілге ерекше мән бергізе отыра, патриоттыққа тәрбиелейді. 
Қорытындылай келе, Шерхан Мұртазаның сөзін еске салғым келеді: «Өзімізді өзіміз сыйламасақ, бұл тіл кімге керек? Басқалар оны қажет қыла ма? Осыны ойладың ба? Намыс қайда?» 

 

1080 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы