• Ақпарат
  • 28 Қараша, 2024

АЛПАМСА ЖОШЫ, АЛЫП ҰЛЫС

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»

Алтын Орда атауын орыс ғалымдары енгізгені белгілі. Бірақ көшпелілердің Жошы негізін салған, кезінде атағы дүркіреген мемлекетінің ресми атауы – Ұлық ұлыс болған деседі. Ұлыс түрік-моңғолға ортақ сөз деуге әбден негіз бар. Моңғолдар қазір де мемлекет дегенді «улс» деп атайды. Улстың ірі ру, орда деген де мағынасы болыпты. «Бабырнамада», Әлішер Науаидің парсы тілінде жазылған өлеңдерінде ұлыс «халық» деген мағынада қолданылған (Р.Сыздықова). Бірден мұны айтып жатқанымыз, Шыңғыс қаған 1224 жылы Ертіс бойындағы Бұқашошығанда болған ұлы жиында Жошыға сол Ертістен Қап тауына, одан Бұлғарға, Еділдің құйғанына дейінгі ұлан-асыр Дешті Қыпшақ даласын иелікке берді. Сондықтан кейіннен Жошының екінші ұлы Батый (кей еңбектерде Бату) Шығыс Еуропаны қосып жаулаған ұлы мемлекетті, біздіңше, Жошы ұлысы (яғни Жошы мемлекеті) атаған орынды.   

 

Әңгімені әріден бастасақ, Шыңғыс ханның ата-бабасы: Боржығын тайпасынан, Бөрте Чинө – Боданчар – Хотол хан – Барданбатыр – Есугей болып жіктеледі. Шыңғыс ханның туған жылын тіпті көзі тірісінде де ешкім батып айта алмағанға ұқсайды. Зерттеушілер төрт түрлі болжам айтқан екен. 1154, 1155, 1162, 1167 жылдар. Ақыр соңында ғалымдар әйгілі «Юан әулетінің тарихын» негізге алып, 1162 жылға тоқтаған. Шыңғыс хан 1206 жылы Біріккен Моңғол мемлекетінің тағына отырғанда 45 жаста болса, 1227 жылы (қызғылт доңыз жылы) 66 жасында дүниеден озған. Әкесі Есугей өлгенде не бары тоғыз жастағы бала Темүжінді кедейшілік, ағайындарынан көрген қорлық-зорлық ерте есейткені мәлім. Алайда меркіттер барымталап алып кеткен әйелін, кеткен кегін қайтарысқан, анттасқан досы Жамұқа да, тіпті керейдің ханы Тұғырыл да Темүжін болашақта жарты әлемді жау­лаған қаған боларын болжай алмағаны анық. 1179 жылы Жошы туғанда Темүжін он сегіз жастағы жігіт.     
 «Құпия шежіреге» үңілсек, Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөртеден төрт ұл, бес қыз туған. Олар: әйгілі Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле және Алқа бике, Алалтун бике, Сэцэйхэн бике, Тэмулэн бике, Қожин бике. 
Жошы туралы зерттеушілердің дені оның есімі моңғолдар бүгін де қолданатын «зочин» сөзінен шыққан деседі. Қазір де олар қонақ дегенді зочин деп айтады. Яғни Жошы – қонақ бала дегені. Оның неге қонақ атанғанын көзіқарақты оқырман біледі. Дегенмен белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлының пайымдауынша, ол үзілді-кесілді пікір емес. «Түрік-моңғолдық мирас бойынша Темүжін тұңғышына ұлы әкесі Барданбатырмен бірге туысқан інісі батыр Жошының атын қоюы әбден ықтимал. Өйткені Хотол ханның ұлдары Әділхан, Жошыхан, Нэкүн тәйші үшеуі Хамаг моңғолдың ел басына Есугей батыр лайық деп, оған жолын берген белгілі адамдар болған…» «Жаңа туған сәбиге әйгілі ата-бабасының атын қою жалғаса береді. Мысалы, Боданшар әулетінде Құбылай екеу, Төле екеу, Мөңке-Темір, Күйік атын екіден, үштен кездестіреміз…» «Боданшар әулетінің тарихи шежіре салтына мән беріп қарасаңыз, ең бір апай төс алып адамдарының алдына «Жошы» атауын жалғап айтатын салт болған. Мысалы, құнан өгіздің етін жеке бір өзі жейтін Хасарды кейде Хавт-Хасар, кейде Жошы-Хасар десе, Жошы-Дармала, Жошы-Қойылдар да осал адамдар емес. Біздің сөз етіп отырған Жошы хан да алпамса денелі, алып адам болған. «Жошы» ұғымы «апай төс», «алып» мағынасын береді. Өйткені моңғол тілінде ұсталардың төс темірін «дөші», кеудені «чежі» дейді. Түрік, славян, моңғолдардың ортасында (яғни Ертіс жағасында) тұрғандықтан, Жошының түрікше айтылымы Плано Карпиниге «tosi», «tusi», «tussu can» деп естілетін болған» (З.Қинаятұлы). 
Бала Жошыны әкесі көрген сайын «Сен кімсің?» деп сұрайтын көрінеді, сонда анасы Бөртенің ұқтыруы бойынша: «Мен бойымда боржығындық қаным бар, Бөрте Чинө ұрпағы Темүжінұлы Жошымын»  деп жауап қататын көрінеді. Жошы көшпелілердің салтымен алғаш 1202 жылы «Далан нөмөрге» деген жерде татарлармен болған соғысқа қатысқан. Сонда Шыңғыс хан бойы қазақ арбадан асқандардың барлығының басын алып жатқанда, татарлардың бір бөлігін тірі жіберіп, өзіндік мінез көрсеткен екен. Содан ба, әлде басқа себебі болды ма – 1207 жылы Орман еліне қол бастап аттанғанға дейін түрлі жортуыл-шабуылға қатысқаны жөнінде дерек жоқ көрінеді. Жалпы, зерттеушілердің санауы бойынша, Жошы қол бастап, ұзын саны тоқсан қамал бұзған, екі жүз қаланы басып алған үлкен әскери әдіскер тұлға (Б.Сайшаал, «Шыңғыс шежіресі»). 
Жошының Орман еліне аттануы қолбасшы ретіндегі тұңғыш қадамы, бірақ қанша әскері болғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. 1206 жылы Біріккен Моңғол мемлекеті құрылғанын еске алсақ, бұл жеке мемлекет ретінде ірге кеңейтуге шыққан алғашқы талпыныс. Оны, әрине, Шыңғыс хан атанған билеушінің тұңғыш ұлы басқарып шыққан. Екіншіден, тарихшылардың көрсетуінше, қазіргі Моңғолия мен Ресейдің шектесіп жатқан Таулы Алтайдан шығысқа қарай Хөвскөлден сонау Байкөлге дейінгі кілең бір шың-құзды, орман-тоғайлы, жолы аса қиын өлкелерді мекенденген тайпаларды бағындыру талабы қойылады. Жасы жиырма сегізге енді шыққан Жошының мұндай ауыр міндетті орындауы оңай болмасын білді ме – іске анасы араласып, атақты жалайыр қолбасшы Мухулайдың інісі Бұқаны әскербасы ретінде қосып береді. Бұқа осы хан әулетіне күйеу әрі өте білікті сардар атанған кезі. Осы тұста бір айта кететін жайт,  Д.Гонгор, Д.Банзаров секілді моңғол ғалымдарының дәлелдеуінше, бізге белгілі ойрат сөзі моңғолдың «ойн ард», яғни орман елі тіркесінен шықса керек. Сол секілді қазіргі Ресейдегі қалмақтар Еділ бойына ХVI ғасырда барғаны мәлім. Моңғолдың «халимаг» сөзін қазақшаласақ ауған, ауып кеткендер ұғымын береді. 

 

(Басы 1-бетте)

Орман халқы атанғандардың құрамында көптеген тайпаның болғанын көреміз. Қазір өзін алтайлық атайтын ойраттар біз білетін төрт бөліктен құралған. Олар: өлет, торғауыт, хошут, чорс. Бұлардан басқа буряттар, қырғыздар, түметтер, усуньдар, қапқанастар, қанқостар секілді түрік-моңғолтекті тайпалар бар. 
Жошы өзі о бастан қанқұмар болмағаны татарлармен соғыста байқалғанын айттық. Сол ниетіне қарай ма, әлде іргесінде үлкен мемлекет бой көтергенін көріп отырғандықтан, қарсы шыққанды құп көрмеді ме – орман еліндегі негізгі тайпалар ойрат пен қырғыз билеушілері Жошының алдынан шығып қарсы алып, бодандыққа бой ұрады. Жолайы өзге де ұсақ тайпалар қарсылықсыз бағынады. Осы еңбегін бағалаған Шыңғыс хан орман елін Жошының иелігіне береді. Бас ие Жошы болғанымен, тау-тастың ортасындағы елді басқаруды Хоршы ноян мен Хутуга бекке міндеттейді. 
Қызық болғанда, араға жеті жыл салып, бейбіт жағдайда Моңғол мемлекетінің қоластына өткен орман елінде көтеріліс бұрқ ете қалады. Оны түметтер бастайды. Түметтерге  қарсы қырғыз­дарды болысуға шақырғанда, олар да моңғол елшілеріне енді бағынбайтынын айтады. Қырғыздарды өзге тайпалар қолдайды. Хоршы ноян мен Хутуга бекті қолға түсірген түметтер, көтерілісті басуға жіберген атақты сардардың бірі Борохулды өлтіреді (Борохул – тегі басқа болса да Шыңғыс қағанның анасы Өэлүн тәрбиелеп өсірген төрт баланың бірі). Болмағасын Шыңғыс хан Дөрбей есімді әскербасын жібереді. Ол айлаға көшіп, түметтердің қапысын тауып басып алады. Ал қырғыздарға Жошы жасағымен барып, тіленгіт, қапқанас, ор-усуньдармен қосып, екінші қайта бас көтерместей етіп бағындырып қайтады. Біз білетін Енисей қырғыздары туралы Бартольдтің жазғандары да осыған саяды.
Жошы әкесінің соғыс саясатының жетегінде болды. Бір тұрғыдан, Шыңғыс ханның жолы болғыш билеуші деуге болады. Атақ-даңқынан қорықты ма, жоқ, жан-жағын тез біріктіріп, қарсы шыққандарын тоз-тоз қылған әскери қимылдарына тәнті болды ма – қарлұқтың ханы Арсалан, одан көріп ұйғырдың тайпабасы Идиқұты Шыңғыс ханға өз еркімен қосылды. Дегенмен Шыңғыс ханның басты мақсаты ата жауы шүршіттерді бағындыру еді. Шүршіт деген қазіргі ханзу (қытай) ұлты емес, мәнжу деуге негіз бар. Тарихшылардың жазуынша, шүршіттер Кидан (ляо) мен қытайдың Сун елін басып алып, Алтын мемлекетін құрған. «Ляо» темір деген сөз болса керек. Шүршіттер темірді тат басады, алтын мәңгілік жарқырап тұрады деп құрған мемлекетін Алтын атапты деседі. Шүршіттер мемлекет құрғасын көрші түрік-моңғол тайпаларын біріне-бірін айдап салып, соның кесірінен Шыңғыс ханның атасы Әмбағай хан татарлардың қолында өлген. Әмбағай хан өлерінде: «Бес саусағыңның тырнағы таусылып, он саусағыңнан хал кеткенше, менің жауда кеткен кегімді қайтарыңдар!» – депті. Сондықтан Алтын мемлекетін Шыңғыс хан ата жау деп көрген. Оған қоса Шыңғыс қаған таңғұттарды төртінші мәрте шабуға аттанған жолда қайтыс болғаны мәлім. Си Ся немесе таңғұттар еліне былайша күн бермеуінің де өзіндік себебі болыпты. Таңғұттар күшейсе, Алтын елімен бірлесіп, Моңғол мемлекетіне шабуыл жасауы әбден мүмкін деп көрген. Сондықтан оған жол бермеудің әрі таңғұттардың қамал бұзатын қару жасайтын шеберлерін иемденудің қамын жасапты. Сөйтіп, мұқият дайындықтан кейін, Моңғол тарихында жазылғандай, 1211 жылы Хэрлен өзені бойынан Алтын елін жаулауға аттанады. 
Бұл соғыста Жошы Жебе ноянмен бірге әскердің ең үлкен бөлігінің бірін басқарады. Ол «Цзинь билігіндегі ақ қамалдың батысындағы бекіністерді шабуға аттанады» (В.Я. Владимирцов). Жолдағы қамалдарды бағындырған соң Алтын елінің астанасы Жундуге (Бейжіңге) бағыт алады. Орталыққа барар жолдағы ең берік бекініс Жюй Юц деп аталады екен. Ол портты да талқандайды. Шыңғыс хан өзі басқарған қол да орасан шабуылдар жасайды. Кейінгі жылдарда түріктекті халық еді, делініп жүрген қарақытайлар моңғолдар жағына шығады. Си Ся, яғни таңғұттар Алтын мемлекетімен жасасқан шарттарынан бас тартады. Сөйтіп, Алтын билеушілері айналасындағы жақтастарынан айырылып, тұйыққа тіреледі. Осы сәтті қалт жібермеген қаған әскерін үшке бөледі. Бірін өзі, екіншісін інісі Хасар, үшінші бөлігін Жошы, Шағатай, Үгедей үшеуі басқарады. Тарихшы К.Д. Оссонның мәліметінше, «Шыңғыс ханның үш ұлы Шаньсидегі қытайдың ақ қамалына дейінгі алты аймағын басып алады». Мұнымен тоқтамайды, Жошы бастаған қалың қол Сиан бекіністерін алып, Хуан­хэге (Сары өзенге) дейін барады. Одан Хасармен бірге теңіз бойындағы елді шабады. Шыңғыс хан бұл сапар Алтын елінің астанасы Жундуді қоршап алып, шарт қояды, ел басшылығының тарту-таралғысы ұнаса, кері қайтатынын мәлімдейді. Әрине, мұндай орасан апаттан құтылудың оңай жолы сый-сияпат жасау, Алтын елінің басшылары қағанды барынша разы қылуға тырысады. Әскер кері қайтқанымен, жаудың еңсесін көтертпеу мақсатында 1215 жылы тағы да адам қанын судай ағызып, моңғол әскері Жундуді (Бейжіңді) ақыры басып алады.
Меркіттер де Шыңғыс хан үшін ата жау еді. Ең қызығы, оларға қайта бас көтерместей қылып төрт мәрте (1179, 1190, 1204, 1205) соққы берсе де, тайпабасы Тоқтыбектің тұқымдары әйтеуір бір жерден бой көрсетіп, қарсылық танытуын қоймайды. Себебі шетінен жүрек жұтқан батыр болса керек. Бұл жолы олар наймандармен байланыс жасап, Орман еліндегі наразылық отын үрлегені анықталады. Шыңғыс хан меркіттерге қарсы темірден бітеу арба жасатып, Жошы, Сүбедей бастаған жасақты жібереді. «Моңғолдың құпия шежіресінде» көрсетілгендей, 1217 жылы Кентаудан аттанған Жошы, Сүбедей қолы қазіргі Ырғыз өзені бойында жаумен бетпе-бет келеді. Меркіт жағының басшы-қосшылары соғыста өліп, осы бір аса жауынгер тайпаның тірі қалған бөліктері әртүрлі халықтардың ішіне бытырап, сіңісіп кеткен деседі. Бұл жолы қазақ даласында Жошы әскері күтпеген жерден Хорезмшахтың әскерімен бетпе-бет келіп қалады. Бір күнге созылған шайқастан кейін, діттеген жауы бұл емес болғасын моңғол әскері түнделетіп шегініп кетеді. Мұхаммед шах та айдалада байқаусыз кездесіп қалып қақтығысқан беймәлім жаудың соңынан түскісі келмейді. Дегенмен арада екі жыл  өтер-өтпесте Хорезм елін үлкен соғыс күтіп тұр еді. Бұл соның бастамасы ғана болатын.
Шыңғыс қағанның Орталық Азия­ға жорығы оқырманға түрлі әдеби шығармалар, көркем фильмдер, телесериалдар арқылы жақсы таныс. Дегенмен мына жайға назар аударған жөн. Қағанның айлакерлігі оның дүниенің төртбұрышынан хабар алып отыруына да байланысты. Әрине, ақылды билеушілер маңына білімді-білікті адамды көп жинайтыны бұрыннан бар үрдіс. Жалпақ Еуразияны аяғынан тік тұрғызып тітіреткен қаһарлы билеуші әсіресе ел кезген саудагерлер мен жиһанкездерді қатты пайдаланған. Солар арқылы болашақта жаулайтын елдерді зерттеген. Шыңғыс хан да басқадан бұрын Батыс пен Шығысты жалғап жатқан сауда жолына қызыққан деседі. Өйткені Жібек жолын өз бақылауына алса, одан түсетін пайда шаш етектен болған деседі. Сондықтан қағанның Орталық Азияға шабуылын зерттеушілердің көбі, елшілердің басын алған Қайыр ханның әрекеті онсыз да болуға тиіс соғысты тездетіп жіберді деп көреді. Ерте ме, кеш пе – Хорезм мемлекетіне шабуыл жасамай қоймас еді деседі. 
Алтын еліне жасаған алапат соғыстан көп дүниеге қанық болған әмірші, Азияның келесі бір бүйірінде гүлденіп дамып жатқан елді бағындыру оңай болмасын білді. Бұл жолы да Тәңіріге неше күн жалбарынып медет тілеген. Бір шеті Корей түбегінен Ертіске дейінгі ұлан-­асыр аумақты алып жатқан елінің игі жақсыларын жинап, құрылтай шақырған. Құрылтайда шыққан шешімді Си Сядан (таңғұттардан) басқа жақтастары түгел қолдайды. 
Шыңғыс хан өзінің әскери тактикасына салып, алдын ала Жошы, Сүбедей және Жебе жасақтарын жіберіп, Хорезм билеушілерін састырады. Олар кенеттен шыға келіп әр тұстан шабуыл жасаса керек. Мұхаммед шах содан да асығыс шешім қабылдаған сыңайлы. Алтай тауын асқасын Шыңғыс хан бастаған жиырма түмен әскер Хорезм еліне тез дендеп енеді. Мұхаммед шахтың әскері одан екі есе көп, қырық түмен болған деп жазады тарихшылар. Моңғол әскері бірден Отырарды қоршауға алғаны белгілі. Шағатай мен Үгедейді сонда қалдырып, қаған өзі кенже ұлы Төлемен Хорезмнің бас қалалары Үргеніш пен Самарқантты бетке алады. Ал Жошыға Сырдарияның батысындағы қалаларды жаулау тапсырылады. Оссонның, өзге де зерттеушілердің мәлімдеуінше, Ходжентті қоршауға алғанда Жошының жетпіс мың қолы болыпты. Сығанақ қаласына келгенде бейбіт жолмен берілуін талап етіп жіберген елшісін қалалықтар өлтіріп тастағандықтан, соғысуға тура келеді. Кей тарихшылар Жошы Сығанақ қаласының халқын түгел қырды деп жазыпты. Оны жоққа шығаратындар да бар, себебі Жошы өлтірілген елшінің ұлын қалаға басшы етіп таға­йындап кетеді. Соғыс болған соң өлім-жітім болуы сөзсіз, бірақ халқын түгел қырмағаны анық. Мұнан кейін Өзкентті, Ашнасты бағындырады. Женд қаласына барғанда оның билеушісі Құтылық хан қаладан қашып шығады. Басшысыз қалған халық бейбіт бітімге шақырып барған Жошының өкілінің айт­қанына көнбейді. Әрине, соғыс ашып, басып кіруге тура келеді. Янгикентті де орасан шығынсыз алады. Мұнан соң Самарқанды қоршаған негізгі әскерге келіп қосылады. Тарихи шығармаларда жазылғандай, Самарқанды Шыңғыс қаған оңай ала алмасын біліп, Жундуді (Бейжіңді) талқандағандағы тәжірибесіне сүйенеді. Не секілді жарғыш, атқыш құралдарды пайдаланып, басып кіреді. 
Мұхаммед сұлтанның да осал тұсын Шыңғыс хан зерттеп біліп алады. Ел әскеріндегі мамлюк-түріктер Мұхаммед шахты жақтаса, қаңлы-қыпшақ әскерилері оның шешесі Төркін хатунды қолдайтын, берекесіз екі тараптың өзара қырқысы да моңғол жағының пайдасына қолғабыс жасайды. Хорезмнің келесі астанасы Үргенішті бағындыру Жошы, Шағатай, Үгедей үшеуіне тапсырылады. Дәл осы тұсқа келгенде Жошының тегіне байланысты қырқыс шегіне жеткендей болады. Ағайынды үшеу қаланы қалай жаулап алу мәселесіне келісе алмайды. Шағатай Әмударияны қалаға бұрып, су астында қалдыруды, отты жебемен атқылап өртеуді ұсынады. Оған Жошы келіспейді. Қоршау ұзаққа созыла бергесін, Жошы әкесіне жаушы жібереді. Бұл шайқасқа кім бас болуы керек екенін сұратады. Қаған «Үгедей басшы болсын!» деген бұйрық түсіреді. Дәл осыған келгенде Жошының әкесінен де біржола көңілі қалған секілді. Себебі Жошы Шағатайдан төрт, Үгедейден жеті, кенже інісі Төледен тіпті он төрт жас үлкен. Олардан қол бастаған тәжірибесі де анағұрлым мол болғаны анық. Зерттеушілер осыдан кейін Жошы денсаулығын сылтауратып, әкесінің Хорезмді жеңген тойына, оны қойып, өзіне қаған әкесі сонша жерді иелікке атаған Бұқашошығандағы ұлы жиынға да бармаған (ең жақын адамдарын жіберген) деседі. 
Бұл араздықтың сыры тым арыда еді. Тумай жатып тағдыры талқыға түсетін адам болады, қанша үлкен биліктің иесі дегенмен, Жошы да солардың санатында болатын. Жошының тағдырын күрделендірген оқиға Темүжін-Шыңғыс ханнан да әрі, оның әкесі Есугейден басталғаны мәлім. Кей тарихшылар жазғандай, қоңырат тайпасының саны көп, үлкен іргелі ел дәрежесіне жеткеніне байланысты ма, жоқ, басқа себебі бар ма – боржығын әулетінде қоңырат қыздарына үйленгендер аз болмаған. Меркіттің тайпабасы Их Чилэтудің уағдаласқан қалыңдығы, қоңырат (Олхунуд) қызы Өэлүнді Есугей жолдан олжалап, тартып алып кетеді. Ол, әрине, Шыңғыс ханның шешесі Өэлүн болатын. Бұл сахарада күндіз-түні жортқан бөрі тектес тайпалардың қым-қуыт өмірінде қайталанып тұратын жағдай болса керек. Арада он сегіз жыл өткенде сол кекті ұмытпаған меркіттер тұтқиылдан шабуыл жасап, Темүжіннен Бөртені тартып әкетіп, Их Чилэтудің інісі Чилгэр палуанға қосады. Кейбір зерттеу­ші Бөрте қолды болғанда аяғы ауыр еді десе, кейбірі Темүжін өкіл әкесі Тұғырыл хан мен Жамұқа досымен бірлескен күшпен меркітті шауып, Бөртені азат еткенде, арада аттай бір жыл өтіп кеткен деседі. Көшпелілер мұндай жағдайға селқос қарамайды. Туған сәби кімнің баласы екені маңызды.  
Сөйтіп, атасынан басталған осы қайшылық Жошының өміріне әсер етеді. Шыңғыс ханның бес мәрте шауып, өз кезінде ықпалы еш тайпадан кем болмаған меркітті жер бетінен бір жола құртуға талпынғаны, тек Жошының ғана емес, отбасы арқылы құрған мемлекетінің де болашағына әсер ететінін сезгеннен болатын. Мысалы, Шағатай мен Жошы секілді, олардың ұрпақтары да бір-бірімен араз болғанын көреміз. Жошы мен Төле екеуі ағалы-інілідей жақсы қарым-қатынас жасаған. Тікелей Батыйдың қолдауымен Төленің ұлы Мөңке қаған тағына көтерілген. Төленің тағы бір ұлы Хүлэг (Құлағу) Алтын Ордамен жиі хат-хабар алысып тұрған. 
Жошының әкесіне де қайырылмай кетуіне себепші болған жағдай 1219 жылы Хорезмге аттанар тұста болыпты. Үлкен соғысқа аттанар алдында «жаман айтпай, жақсы жоқ», билеушінің, тақтың болашағы сөз болады. «Қаған алда-жалда көз жұмса, кім тақ мұрагері болады?» деген сауал ортаға тасталады. Шыңғыс хан «сен не айтасың» деген сауалды Жошыға қояды. Әрине, қаған Жошыға жол сенікі демейді. Шағатай бірден сөзді бөліп, Жошыны «меркіттің шатасы» атайды. Алқалы топтың алдында мұндай ауыр сөз есту оңай емес. Үгедей тақ мұрагері болсын дегенді де Шағатай айтады. Оны қаған бірден қолдайды. Мұның барлығы мемлекетке еңбегі сіңген, қырықтың қыр­қасына шыққан, білікті қолбасшы дәрежесіне көтерілген Жошыға әділетсіздік болып көрінгені анық. 
Түрлі мәліметтерді оқысаңыз, Жошы расында алып денелі, өте қуатты, білікті азамат болғанға ұқсайды. Кейбір зерттеу­шілер одан әкесі де сескенген деп жазады. Лев Гумилев бастаған ғалымдар Жошыны тікелей өз әкесі өлтіртті деген байлам жасайды. Әрине, іштен шыққан жау жаман, Шағатай оған ылғи қарсы келіп отырған. Өзінің иелігіндегі ел-жермен орталыққа тәуелсіз билік құрғысы келген де болар (В.Г. Тизенгаузен). Әйтеуір, шектес жатқан Шағатай ұлысынан, яғни Шағатайдың өзінен Қарақорымға Жошы туралы ылғи алаңдатарлық, жайсыз хабарлар келіп тұрса керек. Оған Үргеніш оқиғасынан кейін Жошының әкесімен жүздеспей кеткен өкпе-ренішін қосыңыз. Кейбір деректерде Қарақорымға жеткен Жошыға қатысты айыптауларға қаған ашуланып, әскер жіберіп, артынан өзі де аттанбақ болыпты деседі. Дәл осы әңгіме айтылып жатқанда Жошы қайтыс болғаны жөнінде хабар келеді. 
Жошы хан кесенесін бірінші болып зерттеген ғалым Әлкей Марғұлан. Академиктің өзінің жазғанын сөзбе-сөз келтірейік: «Кесененің жанында сәндік қапталған күйдірілген кірпіштен жасалған саны 20-ға жететін елеулі ғимараттардың қалдықтары жатыр. Осы жерде, Кеңгір өзенінің сол жағасында, кесенеден алыс емес әлі зерттелмеген төбе бар. Мүмкін, ол Сарайлының немесе Жошы хан ордасының қираған қалдықтары шығар…» «Жошы ханның кесенесі бізбен 1946 жылы зерттелді… Моланың ішінен бір қолының сүйектері жоқ, орта жастағы ер адамның жақсы сақталған қаңқасы табылды. Бұл дерек Жошы ханның бір қолы болмаған деген аңызға сай келеді. Моланың солтүстік-батыс бөлігінде жоғарғы жақ бөлігі жоқ бас сүйек табылды. Ұзындығы 1,90 м екінші молада біріншіге параллель әйел жерленген. Жошы ханның әйелдерінің бірі. 1929 жылы Атбасардың тұрғындары «ханның қазынасын тауып алу мақсатында» екі моланы қазғаны белгілі. Осының нәтижесінде жерлеу мүкәммалы өзінің алғашқы кейпін жоғалтқан, ал Жошы ханның әйелінің бас сүйегі оның моласына ауысып кеткен». 
Әлкей Марғұланның мәліметі расында «Жошыны аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірген» деген аңызды шындыққа айналдырады. Оның өліміне Шағатайды кінәлайтындар да бар. Біреу­дің қолымен өлтірілсе де, оқиға аңға шыққанда болғанға ұқсайды. 
Қош, сонымен қорыта айтсақ, біз өмір жолын көктей шолып шыққан Шыңғыс қағанның ұлы Жошы хан құрған мемлекеттің құрылғанына биыл 800 жыл толды. Жошы хан тағында ұзақ отыра алмаса да, ол мемлекеттің негізін салып кетті. Оның ісін үлкен ұлы Орда ежен (мұндағы ежен – «эзэн», яғни «хан ие» деген мағына беретін моңғол сөзі) және Батый секілді қаһарман ұлдары жалғастырды. Бұл ретте батыл түрде айтуға тұратын бір мәселе, Шыңғыс қаған Жошыға иелікке берген аумақ – бүгінгі Қазақстан Республикасының территориясы деуге толық негіз бар. Қазақстан Республикасы – Жошы ұлысының тікелей мұрагері. Содан да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ұлысының 800 жылдығына үлкен маңыз беріп келеді. Биыл 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Жошы ұлысын дәріптеудің маңызына тоқталды. Тарихи жәдігер, туристік нысан ретінде Жошы кесенесі жөнделді. Президент Моңғолияға сапары кезінде де Жошы хан құрған мемлекеттің 800 жылдығы қарсаңындағы шараларды атап өтті. Жақында Қазақстан мен Түркияда Жошы хан туралы фильм түсірілмек. Өзге де іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мұның барлығы ежелден мемлекеттік дәстүрі бар Дербес ел ретіндегі идеологияны күшейте түс­пек.
 

1489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №49

12 Желтоқсан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы