- Ақпарат
- 28 Қараша, 2024
Киелі мекен, кең дала
Қытайдағы Қазақстан туризм жылының жабылуына байланысты Димаш Құдайбергеннің «Киелі мекенім» атты жаңа бейнебаяны таныстырылды. Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының жабылуына арналған форумға қатысушылар KazakhTourism ҰК АҚ мен отандық танымал әнші арасындағы бірлескен жобаның жұмысына алғашқылардың бірі болып куә болды. Туған ел туралы патриоттық композиция Қазақстанның бай табиғаты мен мәдениетін кең аудиторияға танытты.
Расында да, Димаштың «Киелі мекенім» жаңа бейнебаяны Қазақстанның көрікті жерлеріне назар аударады. Көрермен туристік орындарға визуалды саяхат жасай алады. Оның ішінде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан музей-қорығы, Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы тәрізді бірегей орындар бар. Бейнебаянда Бурабай, Катонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатау ұлттық парктерінің кадрлары да ұсынылған.
– Біз Димашқа елімізді шетелде дәріптеуге қосып жүрген үлесі үшін алғыс білдіреміз. Ол туризмнің алғашқы елшісі болып, шетелдік аудиторияны Қазақстанға келуге шақырады. Миллиондаған тыңдаушы Димаштың шығармашылығы арқылы біздің елмен кеңінен танысады. Жаңа бейнебаян – Қазақстанның әдемі табиғаты мен бай мәдениетінің алуантүрлілігін көрсетуге деген ортақ ұмтылысымыздың нәтижесі. Біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі Димаштың жанкүйерлері бірегей локациялардан шабыт алатынына сенімдіміз, – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов.
Рас, қазір Қазақстанда туризм саласының әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Осы аптада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдаған Президент оған бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Президент тапсырмасына сәйкес, Алматы тау кластерін, Маңғыстау және Бурабай курорты аймақтарында жағажай туризмін дамыту жөнінде кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Шетелдік саяхатшыларға түрлі мүмкіндік ұсынатын Neo Nomad Visa жобасы іске қосылды.
Ал, ақиқатында, Қазақстанға жылына қанша турист келеді? 2023 жылы Қазақстанға 1 миллион 84,8 мың шетелдік турист келді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 156,8 мың адамға көп. Нақты айтсақ, 2022 жылы 928 мың шетелдік республикаға саяхаттап қайтты.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, 2024 жылдың қаңтар-маусым аралығында елімізге 566,5 мың шетелдік турист саяхаттаған. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 50,7 мың адамға көп. Десек те, Қазақстанға қай елден саяхатшылар көп келеді? 2024 жылдың алғашқы 6 айында елімізге ең көп саяхаттағандар ресейліктер болып шыққан. Былтырғы қаңтар-маусым аралығында Қазақстанға 186,1 мың ресейлік келген. Ал биыл да туристердің саны артты. Шекаралық қызмет саласының дерегіне сенсек, Қытайдан келетін саяхаттаушылардың саны 50 пайызға артқан. Нақты санға шақсақ, Қазақстанға 10 айдың ішінде 550 мың қытайлық келген. Ал 2023 жылы бұл 367 мың шамасында болған. Бұл, әрине, Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылының нәтижелі атқарылуына байланысты болып отыр.
Әрине, бұл жерде елімізді туризм әлеуетін арттыру үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Біріншіден, біздің елді мекендердің арасы қашық, мұның өзі сервистің қымбаттауына әкеліп соғып отыр. Жолдың сапасында да түйткілді мәселелер жоқ емес. Мұның бәрі – болашақты шешілетін жайт.
Дәл қазір Kazakh Tourism ұлттық компаниясы «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауын жариялады. Басты мақсат – туризмді тұрақты дамыту, мәдени мұра мен дәстүрлерді сақтау және Қазақстандағы ауылдық жерлердің экономикалық өсуіне жәрдемдесу.
Ал Қазақстанда көрікті жерлер жетерлік. Тек ниет, ықылас керек. Сондай-ақ жақында Өзбекстан – Қазақстан, Қазақстан – Өзбекстан арасында туристік пойыз жолға шықты.
– Бұл жоба Мемлекет басшысының туризмді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Жобаны дамытуға Көлік министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласы мен Түркістан облысының әкімдіктері, сондай-ақ «Өзбекстан темір жолдары» компаниясы серіктес ретінде үлес қосты, – деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директорының орынбасары Мұхит Тұрсынбаев.
Туристер Түркістанда бір күн, Ташкентте екі күн өткізеді. Бағдарлама барысында олар осы қалалардың көрікті жерлерін, әсем табиғат аймақтарын және қасиетті орындарын аралайды. Барлық экскурсия кәсіби гидтердің сүйемелдеуімен өтеді. Ал маршрут бойындағы қозғалыс туристік автобустар арқылы ұйымдастырылады.
Айта кетейік, пойыз құрамына Қазақстанда шығарылған, бұрын басқа бағыттарда қолданылмаған 5 жаңа вагон қосылған. Қызмет көрсету тобына пойыз бастығы, сегіз жолсерік және бір электромеханик кіреді. Пойыздың сырты мемлекеттік тудың бейнесімен безендірілсе, ішкі бөлімі ұлттық өрнектермен әшекейленген алтын түсті төсек-орындармен жабдықталған. Вагон-мейрамхана дәстүрлі стильде безендіріліп, ұлттық және еуропалық тағамдарды қамтитын мәзірді ұсынып отыр. Демек, бұл жоба Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы туристік байланысты жақсарта түседі деген сөз.
Еркін ҚАЛДАН
905 рет
көрсетілді0
пікір