- Ақпарат
- 28 Қараша, 2024
Серіктестіктің жаңа көкжиегі
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейде шығатын «Известия» газетіне мақаласы жарияланды. Мемлекет басшысы аталған мақаласында «Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы – берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі екенін айта келіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы тығыз астасып жатқан тарихи және мәдени байланыстарға, сондай-ақ қос халықтың болашағына қатысты ортақ жауапкершілікке негізделгенін» сөз етеді.
Бұл мақала Ресей президентінің Қазақстанға сапары қарсаңында жарияланып отырғанын айта кетейік. Расында да бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, екі ел тату көршілік пен сан салалы ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ынтымақтастыққа ортақ мүдде, өзара сыйластық, ең жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалог арқау болып отыр. Соңғы бір жылдың өзінде екі елдің басшысы толыққанды форматта төрт келіссөз жүргізген.
– Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика саласындағы ықпалдастығы тұрақты түрде дамып келеді. Бұған екі елдің үкіметтері мен бизнес өкілдерінің күш-жігерін жұмылдырғанының арқасында қол жеткіздік.
Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы соңғы бір жылдың ішінде құрылды. Біздің ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары екені осыдан-ақ айқын көрінеді.
Екіжақты инвестиция көлемі де ұлғая түсті. 2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды. Екі ел бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырып, инвесторларды қолдауға қажетті барлық жағдайды жасап отыр.
Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Осыған дейін жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылды. Қазір де болашағы зор 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы маңызды жобалардың ішінен Қазақстанда 3 жылу электр орталығының құрылысы басталғанын және Екібастұз ГРЭС-ін жаңғырту жұмыстарын атап өтуге болады. Бұл қатарда еліміздің бірқатар аймағын газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ оңтүстік және шығыс бағытқа тасымалданатын Ресей энергетика ресурстарының көлемін арттыруға қатысты ауқымды бастамалар да бар, – деді өз мақаласында Қ.Тоқаев.
Астана мен Мәскеу Еуразия экономикалық одағы аясында табысты жұмыс істеп жатыр. Қазір бұл құрылым Еуразия кеңістігіндегі экономикалық ықпалдастықтың маңызды тетігіне айналды және халықаралық деңгейде абырой-беделге ие болды. Биыл Еуразия экономикалық одағын құру туралы шартқа 10 жыл толды.
Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанда басталған мемлекеттік сапары қазақ-орыс қатынасының тарихындағы аса маңызды оқиға болмақ. Жоғары мемлекетаралық мәртебесі бар бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің мән-маңызы айрықша екенін көрсетеді.
– Астанада өтетін кездесуде Ресей президентімен бірге сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты ауқымды мәселелерді талқылаймыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық барысын пысықтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қазір, өкінішке қарай, қатты ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты пікір алмасамыз.
Біз, Қазақстан халқы, елдерімізді әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара қосып тұрғанын әрдайым есте ұстаймыз. Оны мәңгі достық пен нағыз тату көршіліктің шекарасы деп санаймыз. Екі жақтың шекара маңындағы аудандарында 32 миллионға жуық адам тұрады. Бұл да айрықша маңызды. Екі елдің аймақтары біздің мемлекетаралық қатынастарымызды нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан мемлекет басшыларының Өңіраралық ынтымақтастықтың ХХ форумына бірге қатысуы осы сапар барысындағы маңызды шара болмақ. Алдағы сапар инвестиция және сауда саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға зор серпін беріп, қос халықтың игілігіне арналған бірлескен жобаларды бастауға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Қазақстан басшысы.
Биыл Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өтті. Ондағы ең негізгі оқиға ретінде «Абай» операсының Үлкен театрда қойылғанын айтуға болады. Сондай-ақ Ресейдің басты музейлері – Третьяков галереясында және Эрмитажда Қазақстанның көрмесі ашылады.
Қазақстан командасы Ресейдің Қазан қаласында өткен «Болашақ ойындарына» қатысты. Ал Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ресей спортшылары өнер көрсетті. Бұл – мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты жаңа форматта өрбіту маңызды екенінің белгісі.
Қазақстан басшысы еліміздің оңтүстік аймақтарында Ресей мектептері ашылатынын айтты. Сол сияқты бізбен іргелес жатқан Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады.
Қазір Ресейдің оқу орындарында Қазақстаннан барған 60 мыңға жуық студент білім алып жүр. Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын, ал Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігі ашылады. Елімізде 3 500-ден астам мектеп Пушкин тілінде білім береді, телеарналар мен радиостанциялар хабар таратады, газеттер мен журналдар шығады. Барлық дерлік өңірде көрерменнің көзайымы болып жүрген орыс драма театры бар.
Қазақстан мен Ресей көп полярлы әлем, бейбіт диалог, барлық мемлекеттің егемендігін құрметтеу сынды идеяларды дәріптеп, халықаралық аренада өзара табысты қарым-қатынас жасап отыр.
Екі елдің жаһандық және аймақтық деңгейдегі көптеген мәселеге қатысты ұстанымы үндес. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және басқа да интеграциялық бірлестіктер аясындағы тығыз ықпалдастық – соның айқын дәлелі.
Биыл шілде айында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Онда «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік» туралы декларация қабылданды. Бұл құжат ұйымның Еуразияда жаңа, біртұтас және бөлінбес қауіпсіздік архитектурасын құруға ықпал ете алатынын айғақтайды.
Қазан айында Мәскеу қаласында ТМД-ға мүше елдердің мемлекет басшылары кеңесі отырысының өткізілуі биылғы маңызды оқиғаның бірі болды. Басқосуда тараптар өзара тиімді әрі жан-жақты ықпалдастықты дамытуға мүдделі екенін атап көрсетті.
– Биыл Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етіп отыр. Астанада өтетін алдағы саммит аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайта түсетін басты оқиға болмақ. Еліміз ұжымдық қауіпсіздікті бейбіт жолмен қамтамасыз ету және ұйымға мүше-мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау жолында күш біріктіруді барынша қолдап отыр, – деді Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев.
916 рет
көрсетілді0
пікір